Сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі деп ешқандай жұрнақсыз-ақ, ешқандай сөз тіркеуінсіз-ақ жаңа сөз жасауды айтамыз. Сөздің дыбыстық формасында ешқандай да өзгеріс болмайды, алайда оның мағыналық көрсетілімінде өзгерістер пайда болады да, бұл өзгеріс өз кезегінде кең қолданысқа ие болады. Мұндай жағдайда сөзжасамның қайнар көзі – тілімізде бұрыннан қолданылып келе жатқан жалпыхалықтық сөздердің мағынасында болатын әртүрлі өзгерістер жаңа сөз жасаудың лексикалық-семантикалық тәсілінің негізін қалайды. Мысалы: құн, буын, таңба, көрме, түбір, дыбыс т.б. сөздердің ғылымның түрлі саласында термин сөз қызметіндегі мәні мен мазмұны олардың тілдегі жай сөз ретіндегі мағынасынан өзгеше.
Бұл тәсіл терминжасам құбылысында жиі кездеседі. Ғылыми еңбектерді терминжасамның бұл тәсілін әртүрлі атап жүр. Мәселен, түрколог ғалым К.Мұсабаев терминжасамның бұл өнімді тәсілін халықтық лексиканың терминденуі деп атаса, Ө.Айтбаев бұл тәсілді мәністік тәсіл, Ш.Құрманбайұлы оны терминдеу деп атайды.
Лексика-семантикалық тәсіл арқылы, зат есімге заттану арқылы көшкен сөздер өте көп: бүлдірген, ағарған, қорған,қамал, айтыс, қоршау, ақ, асар, жетісі, екпін, тіл т.б. Лексика-семантикалык тәсіл арқылы тілде ғылымның әр саласында терминдер көп жасалған: сөз, буын, мағына, есім, шылау, Үстеу (тіл білімі), қүн, нарық (экономика), теңеу, суреттеу, өлең, әңгіме (әдебиет), қимыл, қозғалыс (физика), үш бұрыш, көбейту, қосу, алу (математика) т.б. Лексика-семантикалык тәсіл арқылы сөздің жаңа мағынаға көшуіне байланысты сөз бір сөз табынан екінші сөз табына ауысады, оны ғылымда конверсия деп атайды.
Лексика-семантикалық тәсілде сөз мағынасының өзгеруіне байланысты ол үнемі бір сөз табынан екінші сөз табына ауыса бермейді. Сондықтан лексика-семантикалық тәсілдің іштей айырмасы бар:1) сөздің жаңа мағына алуына байланысты басқа сөз табына көшуі, 2) сөз жаңа мағына алса да, сөз табын өзгертпей, өз сөз табының құрамында қалуы.Сөздің жаңа мағына алуына байланысты басқа сөз табына көшуі. Ешбір тілдік бірліктің көмегінсіз, сөз дыбыстық құрамын сақтай отырып, мағынасы өзгеріп, басқа сөз табына көшеді. Мысалы, қорған, айтыс, жарыс, бірге, біреу, басқа, өзге т.б. Бұл сөздердің дәл осы тұлғада, осы құрамда тілде баска мағыналары бар және ол мағыналары алғашқы негізгі мағынаға жатады. Олар: 1) қорған, айтыс, жарыс-етістік, қимыл, бірге, біреу-сан есім, сандық ұғым, басқа-сын есім.
жеті (апта) сөзінің заттық мағынасы алғаш жеті күн мағынасында қолданылып, күн сөзінің қолданыста түсіп қалып, ықшамдалуынан оның заттық мағынасы жеті сөзіне көшкен, сонда жеті сөзінің заттануына күн сөзінің қолданыстан шығуы себеп болған. Үші, жетісі, қырқы, жүзі, тоқсан (оқу мезгілі) сөздері де осы ретте заттанған. Бір, біреу сөздерінің есімдікке көшуі, бірге, басқа, өзге, кетеген, қашаған сөздерінің сын есімге көшуі, бірден, етпетінен, босқа, текке, зорға, бекерге, әреңге, алға, артта, әзірге, күніге, кейде, артта, алда, баяғыда, қапыда, қапелімде, әуелден, ежелден, шетінен, лажсыздан, төтеден, шынымен, жайымен, түйдегімен т.б. осы сияқты сөздер үстеуге көшуі көнеру арқылы жүзеге асады. Бұл сөздер тілде осы тұлғада, осы қосымшалармен қолданылып жүріп, бірте-бірте басқа мағынаға ие болып, жаңа мағынасына карай сөз табын өзгерткен, бұл үрдісте сөйлем (контекст) үлкен қызмет аткарған.