Ұлы Дала Алтын Орда кезеңінде (хііі-хү ғғ.) Мақсаты



бет2/3
Дата22.10.2022
өлшемі91 Kb.
#44808
1   2   3
Байланысты:
Ұлы Дала Алтын Орда кезеңінде

1. Ақ Орда мемлекеті
2. Әбілқайыр хандығы. Көшпелі өзбектер мемлекеті.
3. Ноғай Ордасы.
4. Моғолстан мемлекеті
XIV-XV ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан халқы моңғол шапқыншылығының ауыр зардаптарынан бірте-бірте арыла бастады. Бүліншілікке ұшырған шаруашылықты, қираған қалаларды қалпына келтіруге бағытталған шаралар жемісін беріп, феодал-байлардың экономикалық және әлеуметтік жағдайлары біраз жақсарды. Сонымен бірге бұл тұста моңғолдардың қол астында болып келген көптеген ұлыстар мен елдер дербес тәуелсіз мемлекеттер қатарына шықты. Осындай тәуелсіздікке ие болып Қазақстан жерінде алғашқы рет жергілікті этникалық негізде пайда болған ірі мемлекет-Ақ Орда хандығы. Оның шекарасы батыста Жайық өзенінен шығыста Ертіске, солтүстікте Батыс-Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Ақ Орданың негізгі халқы ерте заманнан осында мекендеген түркі қыпшақ тайпалары, сондай-ақ, Алтайдан мұнда қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, керейттер, үйсіндер, қарлұқтар және басқаларыАқ-Орданың негізін қалаған Шыңғыстың немересі Жошы ханның үлкен ұлы Орда Ежен. Ақ Орда алғаш құрылған кезде Алтын Ордаға тәуелді иелік болып есептелді, ал іс жүзінде өз алдына тәуелсіз саясат жүргізіп отырды. Ол кезде Алтын Орданың астанасы Еділ бойындағы Сарай қаласы еді.
Ал Ақ Орданы билеген Орда Еженнің ордасы алғашында Ертіс алқабында Алакөл маңында, яғни әкесі Жошы ханның алғашқы қоныстарында болды. Ақ Орда хандарының кестесі оларды болған уақытына қарай мынадай ретпен тізеді. Орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасы-Бұқа, Мүбарак, Шымтай, Орысхан, Қойыршақ, Барақ, т.б…
Ақ Орданың кемеліне келіп, толысқан шағы XIV ғ. екінші жартысы. 1361 жылы Ақ Орданың билеушісі болған Орыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағына отыруға күш салды. Сөйтіп, 1374-1375 жылдары Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хажы-Тарханды (Астраханды) қоршауға алды. Қама бұлғаларының жерін бағындырды. Бірақ Орыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, 1376 жылы ол Еділ бойынан кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. 1377 жылы Орыс хан қайтыс болып, Ақ Орда иелігі оның баласы Темір Мәлікке көшкенді. Бірақ осы кезде Маңғыстау Үстіртінің билеушісі-Жошы әулеті Түй Хожаның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды, сөйтіп 1379 жылы өзін Ақ Орданың ханы деп жариялады. Ақ Орданың көптеген әмірлерінің қолдауына ие болған ол 1380 жылы Сарайды, Хажы-Тарханды, Қырымды және Мамай ордасын басып алды. Тоқтамыстың бұл табысы орыс жеріне басып кірген Алтын Орда ханы Мамайдың 1380 жылы Куликово даласында орыс әскерлерінен жеңілуі нәтижесінде мүмкін болды. Тоқтамыс мұнымен тоқтаған жоқ, осыдан кейін ол Әмір Темірдің қамқор-қамтуынан босануға тырысады. Бірақ 1388, 1391 және 1395 жж. Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш жорығынан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қиратылады. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан XIV ғасырдың аяғы мен XV ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсіреп қалады.Темірден жеңілген Тоқтамыс Сібірге қашып кетті. Оны 1406 жылы Сібір ханы Шәдібек өлтірді. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан Х1Vғ. аяғы –ХV ғ. бас кезінде Ақ Орда да әлсірейді. Ол Әмір Темірдің боданына айналды.
1423-1424 жылдары Орыс ханның немересі Барақ өзінің бақталастарын жеңіп шығып, Ақ Ордада хандықты өз қолына алды. Дегенмен, Ақ Орданың басты қаласы Сығанақ, сондай-ақ, Сырдың орта ағысындағы жерлер Темір әулетінің қолында еді. 1425-1426 жылдары Барақ Ақсақ Темірдің немересі Ұлықбекке қарсы жорыққа аттанып, Сығанақты және Сырдария бойындағы басқа да қалаларды босатты. Жорықта жүріп Барақ қаза тапқаннан кейін Шығыс Дешті-Қыпшақтың билігі Шайбан әулетіне көшті. Барақ өлген соң олар Ақ Орда жерінің елеулі бөлігін жаулап алды. Сөйтіп, 1227 жылы Жошы өліп, оның ұлысы екіге жіктелгенде жарыққа шыққан Ақ Орда хандығы екі ғасыр өмір сүрді.
Феодалдық бытыраңқылықтың күшеюі XV ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақстанның Солтүстік-Батыс және Орталық аймағында Ноғай Ордасы мен Әбілхайыр хандығының пайда болуына әкелді. Қазақстанның орталық , батыс және солтүстік-батыс бетінде бірнеше тәуелсіз феодалдық иеліктер құрылып, олардың арасында билік үшін күрес толассыз жүріп жатты. Осындай жағдайда Жошы әулетіндегі Шайбанның ұрпағы Дәулет-Шайх-оғлының баласы Әбілхайыр саяси өмір сахнасына шықты. Орталық және Солтүстік Қазақстан тайпаларын билеп отырған топтардың қолдауымен ол 1428 жылы Тура өңірінде (Батыс Сібір) хан болып жарияланды. Оның хандығының құрамына қыпшақ,қият, маңғыт, шынбай, найман, қарлұқ, үйсін, қоңырат, қаңлы, тағы басқа сол сияқты тайпалар енді. Бұлар тілі, шаруашылығы, мәдениеті және тұрмысы жағынан туыстас тайпалар. Сондықтан олар «өзбек» деген атпен саяси жағынан бірге аталған.
Шығыс Дешті Қыпшақтың феодалдық бытыраңқы жерлерін біріктірген “көшпелі өзбектер мемлекетінің” яғни Әбілхайыр хандығының Қазақстан тарихында елеулі орны бар. Оның иелігі Ноғай ордасының шығыс бетін, батыста Жайыққа, шығыста Балқашқа дейінгі, оңтүстікте Арал теңізі мен Сырдарияның төменгі ағысына, солтүстікте Тобыл мен Ертістің орта ағысына дейінгі жерлерді қамтыды.
Әбілхайыр басқарған 40 жылдай уақыт ішінде (1428-1468 жж) елдің саяси жағдайында тұрақтылық пен тыныштық болмады. Оның қолынан билікті алу үшін күрескен әр түрлі топтармен күрес жүргізуге тура келді. Жошы әулетінің оның ішінде Ибакхан, Береке-сұлтан, Орыс ханның ұрпақтары Жәнібек пен Керей тағы басқалары Әбілхайырға үнемі қарсы шығып отырды. Сондықтан Шығыс Дешті Қыпшақтың аумағы саяси жағынан бытыраңқы болып қала берді. Бұған Әбілхайыр ханның тоқтаусыз жүргізген соғыстары мен жорықтарының да үлкен әсері тиді. Әбілхайыр да хандық билікті өз қолына алған соң, басқа хандар сияқты, елдегі үстем тап өкілдерінің талабына сай қызмет етуге әрекет жасады. Осы мақсатта ол басқа елдерге жорық жасау, жаңа елдерді басып алу, соғыс барысында қолға байлық түсіру, оны ақсүйек-феодал арасында бөліске салу ісімен айналысты.
Әбілхайыр хан өзінің жаулаушылық әрекетін ХV ғасырдың 30 жылдарынан бастайды. Ең әуелі ол Тобыл бойында Шайбани ұрпағы Махмұд Қожа ханды талқандайды. Жошы балаларының бірі Тоқы-Темірдің тұқымдары Махмұд ханмен Ахмед ханның иелігіндегі Арал, Сырдария жерлері үшін Екіретүпте болған шайқаста жеңіске жетіп, Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанға жол ашады. Әбілхайыр Алтын Орданың әлсіреуін пайдаланып, Еділ бойындағы көптеген жерлерді басып алады. Өзінің орталығын Турадан Орда-Базарға көшіреді. 1430 жылы аз уақыт Хорезмді басып алып, Үргеніш қаласын тонайды.
1446 жылы Әбілхайыр өзіне қарсы болып жүрген күшті шонжарлардың бірі-Мұстафа ханның әскерлерін талқандайды. Сол жылы Әбілхайыр хан Сырдария өзені мен Қартау баурайындағы Созақ, Сығанақ, Аққорған, Үзкент қалаларын басып алып, Сығанақты өз хандығының астанасына айналдырды. Сырдария бойындағы қалаларды Әбілхайырдың бағындыруының үлкен саяси-экономикалық маңызы болды. Өйткені кәсіпшілік пен сауда орталықтары болып саналатын Сырдария қалалары Әбілхайыр хандығын нығайтуға айтарлықтай ықпал ететіні сөзсіз еді. Қалалар көшпелі өзбек хандығының әмірлері мен сұлтандарына берілді. Созақ өзіне қарасты барлық жерлерімен Бақтияр сұлтанның, кейін оның баласы Әлеке сұлтанның иелігіне көшті, Үзген – маңғыт Уақас бидің қол астына берілді. Ал Отырар, Ясы, Сайрам мен Сауран Темір әулетінің қарамағында қалды.
Әбілхайырдың Сыр бойындағы қалаларды басып алуы ағайындас Шайбани ұлысы мен Ақ Орда ұлысы ру-тайпаларының арасындағы қырғи-қабақ қатынастарды одан әрі шиеленістіре түсті. Себебі бұл қалалар мен оның төңірегіндегі алқаптарды қарату Барақ ханның тұқымдары Керей мен Жәнібек сұлтандардың және оларға тәуелді, Сырдария мен Қаратау өңірінде көшіп-қонып жүрген қазақ руларының мүдделеріне қайшы келді. Бұл олардың арасындағы күрестің қайта жанданып, қазақ сұлтандары мен оларға қарасты рулар мен тайпалардың Моғолстан жеріне көшіп кетуіне әкеліп соқтырды.
ХV ғасырдың 50-жж. Әбілхайыр Мәуеренахрдағы Темір ұрпақтарының ішкі тартысына араласып, Самарқанд пен Бұқараға талау-тонау жорықтарын жасайды.
1456-1457 жылдары ойраттармен болған шайқастарда жеңіліске ұшыраған Әбілхайыр елдің бірлігін қамтамасыз ете алмады. Оған наразы Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған оның қол астындағы көшпелі бір бөлігі Моғолстанға қоныс аударып, Шу мен Қозыбас (Талас) өзендерінің бойына барып орнықты. Осыдан кейін көп ұзамай 1468 жылы Әбілхайыр хан көп жорықтарының бірінде қайтыс болды да, “Көшпелі өзбектер мемлекеті” ыдырап кетті.
Алтын Орда ыдырап, Ақ Орданың әлсіреуі нәтижесінде Қазақстанда бой көтерген мемлекеттік құрылымдардың бірі – Ноғай Ордасы еді. Ноғай Ордасы XIII ғасырдың екінші жартысында бөлектене бастады. Бұл жағдай Әмір Едіге тұсында XIV ғасырда жалғасып, оның баласы Нұр ад-дының (1426-1440) кезінде аяқталды. Ноғай Ордасындағы басты тайпа маңғыттар болды. Х111 ғ. екінші жартысында маңғыттар Алтын Орданың уақытша басшысы түмен басы Ноғай иелігінің құрамына кіреді. Осыдан барып «Ноғай Ордасы» ұғымы пайда болған.
Ноғай Ордасы Еділ мен Жайық арасындағы созылып жатқан жалпақ дала мен құмды, таулы жерлерді мекендеді. Оның халқы солтүстік батыста Қазанға, оңтүстік батыста Арал, Атырау өңірлерінің солтүстігіне, тіпті Маңғыстау мен Хорезмге дейінгі жерлерді көше қонып жүріп мекендеді. Сыр бойындағы қалалар мен қамалдардың да бірқатары осы Ноғай Ордасына қарады. Оның орталығы-Жайықтың төменгі сағасындағы Сарайшық қаласы.
Ноғай Ордасының негізін қалаған Едіге 1396-1411 жылдар аралығында Алтын Ордада бүкіл билікті өз қолынан шығармай, оны өзі тағайындаған хандар арқылы басқарып келді. “Беклер бегі” ұлы әмір атанған Едіге көрші ұлыстардың өміріне де ықпал етіп отырған.
Едіге түрік тектес халықтардың тарихи зердесінде өшпес із қалдырды. Ол 1399 жылы Литва-Польша әскері мен Тевтон ордені рыцарьларының біріккен жасақтарына күйрете соққы беріп, 1408 жылы орыс әскерлерін талқандап, Мәскеуге дейінгі жеңісті жорықпен жүріп өтті. Оның есімі тарихи шежіре-жылнамалардың бәрінде де үлкен құрметпен аталады.
Едіге Тоқтамыспен де егесіп соғысқан. Алтын Ордадағы феодалдық өзара қырқыс кезінде Ноғай ұлысын нығайтуға тырысқан жаулары Едігені 1419 жылы өлтіреді. Едіге өлгеннен кейін де Ноғай Ордасында бүкіл саяси билік пен экономикалық жағдай шын мәнінде оның ұрпағы – маңғыт әмірлерінің қолында болды. Мұнда Алтын Ордадан бөлектенген бірқатар иеліктерде Шыңғыс әулетінен хан көтеру Едіге ұрпағының келісімінсіз қабылданбайтын дәстүр қалыптасты.
Ноғай ордасы негізінен Маңғыттардан тұрды. Сонымен қатар оның құрамында Қоңырат, Найман, Арғын, Қаңлы, Қыпшақ, Кенгерес, Қарлұқ, Алаша, Тама және басқа ру тайпалары кірді. Олардың басшылары арасында билік пен жер үшін толассыз тартыстар жүріп жатты. Өйткені Ноғай Ордасы да Алтын Ордадан кейін құрылған басқа бірлестіктер сияқты біртұтас этникалық құрылым емес, көбінесе саяси құрылым ретінде ұйымдасқан хандық еді.
Қазақстан жеріндегі басқа да көшпелі мемлекеттер сияқты, Ноғай Ордасының шекарасы тұрақты болмай, сыртқы жағдайларға байланысты өзгеріп отырды. ХV ғасырдың екінші жартысында ноғайлар Жайықтың сол жағалауынан өтіп, «Көшпелі өзбектердің» өріс-қонысын ала бастайды. Бұл кезде Сырдария қалалары мен Орта Азияға шапқыншылық жасаудан қолы тимеген Әбілхайыр хан ноғайларға қарсылық көрсете алмады. Нәтижесінде ноғайлардың солтүстік-шығыстағы өріс-қоныстары Батыс Сібірге дейін жеткен, ал оңтүстік шығыста олар кейде Сырдария бойында,Арал теңізі жағасында көшіп жүрген. Ноғай ру-тайпаларының билеушілері Уақас би, Мұса мырза, Жаңбыршы мырза және басқалары Әбілхайыр ханға Сырдария бойындағы қалаларды жаулап алуға көмектескен. Кейбір кезде ноғайлар қазақ хандығымен соғысса, енді бірде татуласып, олармен одақ құрып отырған.
XIV-ХV ғасырларда Ноғай Ордасында ерте феодалдық қатынастар қалыптасқан. Әлеуметтік бай-феодалдық топтардың қатарында хандар мен мырзалар, сұлтандар мен билер, бектер болды. Олар Орда құрамындағы ұлыстарды, ру-тайпаларды басқарды. Барлық байлық, экономикалық маңызды мәселелер далалық ноғай ақсүйектерінің қолдарына жинақталды. Мұндағы жер-су, жайылым жерлер сөз жүзінде рулық қауымдастықтың меншігі болып есептелгенімен, шын мәнінде қоныстар, мал өрістері, аң аулайтын жерлер бай топтардың иелігінде болды.
ХV1 ғасырда Ноғай Ордасы өздерінің солтүстіктегі көршісі Орыс мемлекетімен сауда-экономикалық қатынастар және саяси байланыстар орнатады. Мұның өзі Ноғай Ордасы тарихын Еділ бойы мен Сібірдегі, сондай-ақ Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі басқа да көрші мемлекеттер тарихымен тығыз байланыстырып қарауда үлкен маңызы бар. Ноғайлар тарихы, әсіресе көшпелі өзбектер мен қазақтар тарихына ерекше жақын келеді. Өйткені Ембі мен Сырдария арасында көшіп жүрген ноғайлар қазақтармен ұдайы араласып-құраласып байланысып жатқан. Ноғай Ордасы мен Қазақ хандығы халықтарының жақын туыстығы туралы Ш.Уәлиханов өзінің шығармаларында әдейі атап көрсеткен. Ол алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібек тұсында достық қатынаста өмір сүрген ноғайлар мен қазақтарды «екі туысқан орда» деп атаған.
Ноғай Ордасында сұлтандар мен ақсүйек-феодалдардың арасында хандық билік үшін талас-тартыс тоқтамай үнемі жүріп жатты.
Осы алауыздық оның да түбіне жетті. XV ғасырдың бірінші жартысында Ноғай Ордасы ыдырап, оның орнына Қазан, Қырым, Астрахань хандықтары құрылды. Оның Қазақстан жеріндегі бір бөлігі қазақтардың Кіші жүзінің құрамына кірді.
XIV ғасырдың ортасында ыдыраған Шыңғысхан империясының жерінде тағы бір хандық-Моғолстан мемлекеті орнады. Ол Шағатай әулеті иеліктерінің шығыс бөлігінде қалыптасты. Бұл мемлекеттің негізін қалаған монғол әмірлерінің бірінің баласы Тоғылық-Темір хан (1348-1362 жж.) еді. Ол Шығыс Түркістаннан бастап Жетісу өңірінен Оңтүстік Сібірге дейінгі көлемі зор, таулы-тасты, өзенді-көлді, ашық далалы, орман-тоғайлы жерлерді мекендеген түркі тектес тайпалардың басын қосты. «Моғолстан» тарихи термині «монғол» атауынан шыққан. «Моңғол» есімі Орта Азия мен Қазақстанда түрік және парсы тілдеріндегі тарихи туындылардың бірінде «моғол» деп айтылып жазылатын болған.
XIV-XV ғасырларда Моғолстан құрамына Түркістан, Оңтүстік-Шығыс Қазақстан және Орта Азияның кейбір аймақтары кірді. Моғолстан орта ғасырлық авторладың деректерінде көрсетілгендей, өзінің құрылу кезеңіне қарай “Моғол” атты этникалық саяси біртұтастыққа бірігудің ұзақ араласу және сіңісу процесінен өтті. Ол жергілікті түрік және түріктелген моңғол тайпаларының мемлекеттік-саяси бірлестігі еді. Оған кіретін тайпалар: (дулаттар), қаңлылар (бекшіктер), керейттер (керейлер), арғындар (арғинут), баириндер, арлаттар, барластар, булғашылар және басқалары. Кейбір тайпалардың, мәселен, үйсіндердің аты аталмағанымен, олардың да осы бірлестікте болғанына ешбір күмән жоқ.
Сонымен XV ғасырдың орта шенінде Жетісу, Қырғыз жерлерін қамтып жатқан Моғолстан мемлекетінің құрылуы, Дешті Қыпшақтарды біріктірген Ақ Орданың пайда болуымен қатар жүзеге асқан Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға болғаны даусыз. Моғолстан ордасының орныққан орталығы-Алмалық қаласы.
Бұрынғы Шағатай ұлысының жерлеріне толық билік жүргізуді көксеген Тоғылық-Темір Мәуеренахр өлкесін Шыңғыс әулеті Денішмендінің атынан билеп отырған Қазағанның көзін құртуды, сол арқылы бұл өңірді Моғолстанға қосып алуды ойлады. Сөйтіп ол 1358 жылы астыртын кісі жіберіп Қазаған әмірді өлтірді. Бір жыл өткеннен кейін үлкен соғыстардың бірінде Қазағанның мұрагері, оның ұлы Абдолла да қаза тапты. Осыдан кейін Мәуәренахр бірнеше тәуелсіз облыстарға бөлініп кетті. Бұл жағдайды пайдаланып қалуды көздеген Тоғылық-Темір оларды бағындыруға кірісті. Бұл кезде Орта Азияның болашақ әміршісі Ақсақ Темір өзінің шағын шоғырымен Кеш қаласының әміріне қызмет етіп жүрген болатын. Тоғылық Кешті алып, оның әмірі Хожа-Барлас жөнді қарсылық көрсете алмай қашқанда Темір оған ілеспеді. Ол Тоғылық әмірге қызметке кіріп, Шахрисяб түменінің қолбасшысы болып тағайындалды. Мұның өзі оған барлас тайпасына көсем құқығын берді. Бұл тұста ол 25 жаста еді.
1361 жылы Мәуеренахрға екінші рет шабуылға аттанып, оны бағындырған Тоғылық әмір оған билеуші етіп баласы Ілияс-қожаны қалдырды. Бұл жолы ол Темірді Кеш қаласының бастығы етіп тағайындады. 1362 жылы Тоғылық-Темір қаза тауып, Моғолстанда билік Ілияс-қожаға көшкенде, Мәуеренахрға билеуші болып Қазағанның немересі Хұсайын тағайындалды. Осы тұста қарындасына үйленіп Хұсайынмен туыс болған Темір онымен бірге Моғолстанға қарсы шығып, Мәуеренахрды өздерінің қол астына біріктіруге кірісті. Мұндағы тынымсыз шайқастардың бірінде оның екі саусағы кесіліп бір аяғы жаншылды. Аяғы өмір бойы сырқырап ауырып, ақсақ болып қалған соң ол содан бастап Темирлан (дұрысы Темирленг, «ленг» парсыша-ақсақ) Ақсақ Темір атанды.
Ақсақ Темір мен Хұсайын Моғолстан әскерлерін талқандап, Мәуренахрдағы жергілікті әмірлерді тізе бүктірді. Енді Хұсайын мен Ақсақ Темір арасында билік үшін күрес күшейіп арты ашық шайқасқа айналды. Осы шайқастардың бірінде Темір Балқы қаласында Хұсайынды өлтіріп, Мәуеренахрға ие болды. Хұсайынның жақтастарын құртып, жақындарын жоғары мәртебеге ие етіп ол өз билігін нығайтты. Темір билік биігіне өрлегенде мұсылман дініне сүйенді. Ол діндар емес еді. Дін тиым салған талай күнәларға белшесінен бата жүріп көптеген мешіттер, діни оқу орындарын салдырды. Түркістанда Қожа Ахмет Иассауидың мазарын салдырған да соның өзі.
Ақсақ Темір басқан ізінен қан сорғалатып көп елдерді жаулап алды. Мәуеренахрдан өзінің қанды жорығын бастаған ол әмірші болған 35 жыл ішінде (1370-1405 жж.) Моғолстанды, Хорезмді, Персияны, Әзірбайжанды, Гератты, Грузияны, Арменияны, Ақ Орданы, Ауғанстанды, Үндістанды, Египетті, Бағдатты, Сирияны, Кіші Азияны жаулап алып, табан астына салды. Мыңдаған адамдарды қырып, талай мың адамды құл қылып, қалаларын ойрандады, бақдәулетін шашты.
Әмір Темір түркі тектес халықтардың, оның ішінде қазақтардың тағдырына зор кеселін тигізді. Алтын Орданың құлауына себепші болды. Қазақстанның оңтүстігінде гүлденіп тұрған Отырар, Сайрам, Асы, Сауран, Еділ бойындағы Сарай Берке, Астрахань сияқты қалаларын қиратты. Ақ Орданың быт-шытын шығарып оның ханы Тоқтамыстың түбіне жетті.
XIV ғасырдың аяғына қарай Азия мен Еуропа құрылығының едәуір бөлігін жаулап алған Әмір Темір құрған орасан зор мемлекет, ол өлгеннен кейін бытырап тарап кетті. Оның басты себебі Әмір Темір ұрпақтарының билікке таласып қырқысуы еді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет