Литература Республикалық педагогикалық-әдістемелік журнал Республиканский педагогико-методический журнал



Pdf көрінісі
бет11/69
Дата30.01.2023
өлшемі1,32 Mb.
#63706
түріЛитература
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   69
Байланысты:
Казақ тіді 5-6- 2022 Дұрыс 1000

№5-6/2022
Қазақ тілі және әдебиеті. Русский язык и литература
9
1928 жылы Ленинград Университетін бітірген 
Мұхтар Әуезов Ташкентке келіп, орман техникумын-
да әдебиеттен сабақ береді. 1929 жылы Орта Азия 
мемлекеттік университеті түркология кафедрасына 
аспирантураға түсіп, онда 1930 жылдың октябріне дейін 
болады.
Отызыншы жылдар – М. Әуезовтің түрлі жанрда 
еңбек еткен тұсы. Бұл кезде ол ғылыми-зерттеушілік 
жұмысын оқытушылықпен берік ұштастырады, орта 
және жоғары оқу орындарының студенттеріне ар-
нап оқулықтар жазуға, хрестоматиялар құрастыруға 
қатысты. Ауыз әдебиетін зерттеуді Мұхтар Әуезов 
шығармашылық мақсатта да жүргізген. 1934 жылы 
жазылған «Айман-Шолпан», одан біраз кейінірек туған 
«Қарақыпшақ Қобыланды», «Бекет» пьесалары – осын-
дай игілікті істердің нәтижесі. Абайдың әдеби мұрасын 
ұзақ тексеру «Абай» пьесасын жазуға әкелді. Мұның өзі 
жазушының әрқашан ғылыми және көркем творчество-
ны қатар алып жүргенін, бұл күрделі шығарма жасаудың 
белгілі бір шартына айналғанын көрсетеді.
М. Әуезовтің отызыншы жылдардағы шығарма-
шылығынан қазіргі заман тақырыбына жазылған 
еңбектері елеулі орын алады. Колхозды ауылдың 
жағдайын аралап көру, сана мен салттағы өзгерістердің 
сырына көз жіберу жазушыны жаңа ауыл өмірінен 
шығармалар жасауға шабыттандырды. «Білекке білек», 
«Үш күн» (1934), «Іздер», «Шатқалаң» (1935), «Бүркітші» 
(1937) атты әңгімелері сондай туындылар.
40-50 жылдар жазушының таланты жан-жақты 
кемелденіп, ең үздік шығармаларын берген кезі. 
М. Әуезовтің бұл мезгілдегі басты табысы – төрт 
кітаптан тұратын «Абай жолы» (1942-1956) роман-эпо-
пеясы. Сонымен қатар суреткер қаламынан осы кезеңде 
көптеген очерктер, әңгімелер, повестер туды. 
Елуінші жылдардың соңғы тұсында М. Әуезов осы 
заман тақырыбына бірнеше роман жазуды көздеп
үлкен жоспар жасайды. Осы мақсатпен ол қазіргі 
Оңтүстік Қазақстан облысының Алғабас, Созақ, 
Түркістан, Мақтаарал аудандарын аралап, халықтың 
тұрмыс-тіршілігімен, мәдениет жағдайымен танысты, 
малшылар, мақташылар өмірінен бірнеше очерктер жа-
риялады. Өкінішке қарай, суреткер өзінің алдына қойған 
ұлы ниетін толық жүзеге асырып үлгермеді, төрт кітапқа 
мөлшерленген романның бірінші бөлімін ғана жазып 
қалдырды, ол шығарма «Өскен өркен» деген атпен жа-
зушы қайтыс болғаннан кейін ғана басылып шықты.
М. Әуезов 1932-1934 жылдарда Қазақ мемлекеттік 
педагогикалық институтында, 1934 жылдан өмірінің 
соңына дейін С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік 
университетінде (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ 
Ұлттық университеті) қазақ әдебиетінен лекция оқыды. 
1951-1953 жылдарда М. Ломоносов атындағы Москва 
мемлекеттік университеті КСРО халықтары әдебиеті 
кафедрасының прфессоры болды.
Жазушыға «Абай» романы үшін КСРО мемлекеттік 
сыйлығы, ал төрт кітаптан тұратын «Абай жолы» ро-
ман-эпопеясы үшін Лениндік сыйлық берілді. Ол Қазақ 
ССР Ғылым академиясының толық мүшесі болды 
(1946). Ғылымды дамытудағы көп жылдық еңбегі үшін 
ол «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген қайраткері» деген 
құрметті атақты иеленді. 
М. Әуезов көптеген қоғамдық қызмет атқарды. Ол 
екі рет Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты (1955, 
1959) болып сайланды. Совет Одағының Бейбітшілік 
қорғау комитетінің мүшесі ретінде ол халықаралық 
конференцияларға қатысып, өзінің жалынды, шын-
шыл сөзімен жер жүзінде баянды бейбітшілік орнату, 
әлемдегі прогресшіл күштердің ынтымағын арттыру 
үшін ат салысты.
Бүкіл саналы өмірі мен дарын қуатын, қайрат жігерін 
туған халқына, ұлы Отанына қызмет етуге арнаған, өзі 
өмір сүрген кезеңдегі социалистік реализм әдебиетін 
асыл шығармаларымен байытқан аса көрнекті жазу-
шы, ғалым қоғам қайраткері М. Әуезов артына өшпес 
мұра қалдырды. Ол 1961 жылы 27 маусым күні Москва 
қаласында қайтыс болды.
Заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиеті 
мен мәдениетінің ХХ ғасырдағы биік шыңы – ұлы 
Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұлан-
ғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де 
әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным түсінігі 
болатыны сөзсіз. Егемен ел жағдайында ұлы жазу-
шы мұрасына деген ілтипатымыз да осындай бір 
ұмтылыстың көрінісі болмақ. Ғасырлар бойы көшпелі 
тіршілікті бастан кешіріп, ХІХ ғасырдың бел ортасында 
жол айырығына келген қазақ өмірінің барлық әрі мен 
нәрін, сыны мен сырын, соры мен бағын теңдессіз та-
рихи тұлға Абай тағдыры арқылы әрі көркем, әрі түпсіз 
ой көзімен ашып берген суреткер туралы талай-талай 
ізденістер жалғаса бермек. Олай болатыны М. Әуезов 
шығармашылығы ғасырлық өлшемдердің аясына 
әлдеқашан-ақ именбей енгеніне күн өткен сайын көзіміз 
жетіп келеді.
Ұлы жазушы, ғалым, қоғам қайраткері М. Әуезовтің 
көркем мұрасы біздің төл әдебиетіміздің ғана емес, 
бүкіл адамзат мәдениетінің де бағалы жетістігі екені та-
рихи шындық. Оның шығармашылық қарымы ауқымды 
да бай. Романшы, драматург, әдебиетші, ғалым, ау-
дармашы – бұл ұлы қаламгер дарынның толық емес 
тізімі. Оның Абай туралы жазған эпопеясы мен асқан 
шеберлікпен жазылған шағын әңгімелері, повестері ХХ 
ғасырдағы қазақ әдебиетінің және әлем әдебиетінің ал-
тын қорына мәңгілік енді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Біздің Мұхтар. Естеліктер жинағы. – А., 1997
2. Бердібай Р. Мұхтар шыңы. – А.: Ғылым, 1997
3. Досжанов Д. Мұхтар жолы. – А., 1987




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет