ҚОЛӨНЕР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ІЗГІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУ
Искакова Г.М. Қазақ тілі мен әдебиеті БББ магистранты
Ғылыми жетекшісі: PhD Мынбаева А. П.
ОАИУ
Резюме. В данной статье рассматривается воспитание школьников в добродетели через ремесла.
Summary. This article discusses the education of students in virtue through crafts
Қазақстан Республикасының егемендік статусын алуы, ұлттық мәдениеттің қайта өркендеуі негізінде мемлекеттік білім беру мен тәрбие саласына, жалпы педагогикалық жүйені түбегейлі өзгертуге мүмкіндік берді. Мәселен, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «білім беру бағдарламасын меңгеру үшін қазақ халқының, сонымен бірге республиканың басқа да халықтарының тарихын, мәдениетін, салттары мен дәстүрлерін оқып үйрену үшін жағдай жасау» керектігі көрсетілді [1], ал Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін орта мектептерінің тұжырымдамасында «оқушыларды өз халқының мәдениетіне тереңнен жан-жақты жұмылдыру, туған тілі мен әдебиеті, тарихы мен өнеріне, халықтық дәстүрлеріне сыйластықпен қарауға үйрету» міндеттерінің шешілуі талап етілді.
Осыған байланысты қазіргі білім беру мен тәрбие процесінің негізгі мақсаты дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, еңбекқор, бойында ізгі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу. Бұл мақсатты іске асыру үшін Қазақстан Республикасы Білім министрлігі тарапынан: « ғылыми мағлұматтарды қолдана отырып, қазақ ұлтының төл мәдениеті, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпы арқылы жас жеткіншектердің ұлттық сана-сезімін, имандылық қадір-қасиетін қалыптастыру: ұлттық мәдениет пен өнер негізінде жан-жақты эстетикалық тәрбие беру, сұлулыққа, тазалыққа үйрету; адамзат қоғамында бұрын-соңды жасалған мәдени мұраны жүйелі меңгеруге, жалпы әлемдік рухани құнды игіліктерді бағалай білуге тәрбиелеу» міндеттері қойылған.
Бұл міндеттерді шешу барысында Республикада оқу және тәрбие жүйесін жаңа сапаға көтеру, сол арқылы қазақтың дәстүрлі көркем медениетінің барлық мүмкіндіктерін сарқа жаңа тәрбие жүйесіне қызмет етуге жұмылдыру мәселесі қолға алынуда. Мұндай мақсатқа жету үшін, алдымен, білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың тиімді әдіс-тәсілдері мен оқу құралдарын заман талабына сай жетілдіру қызметін жүзеге асыруды қажет етеді.
Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениеті бар. Қазақ халқының да ғасырлар бойы қалыптасқан өзінің тәжірибесі, білімі, көркемдік пен сұлулыққа көзқарасы, рухани өмір байлығы боп табылатын бай тарихи археологиялық, этнографиялық, әдебиет және көркемөнер мұралары бар. Бұлар халықтың тарихи өмірімен, әдет-ғұрыптарымен тығыз байланыста өмір сүрген. Қазақ халқының көшпелі тұрмыс-өмір салтында ұрпаққа көркемдік саласынан тәлім-тәрбие беру оның күнделікті өмірдің тыныс-тіршілігімен байланысты болған. Соның ішінде фольклордың, қолданбалы өнердің, халықтың музыканың, айтыс, терме өнерінің маңызы ерекше болған.
Қазақ халқы жаратылысынан өнерге өте бай, әрі оған бейім болған. Сондықтан ол өзінің сүйініші мен күйінішін жыр жолдары, ән-күй саздары арқылы шебер жеткізе білген. Өзінің көшпелі өміріне ыңғайлы етіп тұрмыстық заттарын әшекейлеуде, олады көркемдік тұрғыдан ыңғайлы етіп жасауда ісмер болған. Эстетикалық талғам деңгейі жоғары болған. Күнделікті еңбек қызметінде қолданбалы, қолөнерін дамытып отырған.
Киім киісінде, жүріс-тұрысында, қонақ күтісінде, сый-сияпатында толып жатқан эстетика элементтері өз ұрпағын педагогика ғылымынсыз-ақ әдемілік пен әсемдікке баулуда тәрбие берудің тиісті құралына айналған. Сондықтан да қазақ халқында «өнер көзі - халықта», «Шебердің қолы ортақ» деген ақыл сөзі жоғарыда айтқандарымызға дәлел болмақ.
Бастауыш сынып оқушыларындағы басты қажеттілік – оқушы болу. Ол сыртқы пішіні мен, оқуда озат болу ниетімен, оқушының мінез – құлқымен, «мектеп оқушысын» алдымен мұғалімнің, содан соң құрбыларының тануымен, сыныптағылармен бірге болуға талаптанумен айқындалады.
Оқушының ізгілік бейнесі осы міндетті өтудің көрінісі. Бұл жаста баланың бойында өзін оқушы сезіну, жақсы үлгеруші, қолынан бәрі келетін «екінші» немесе «үшінші» оқушысымын деген мақтаныш сезімі билейді.
Жеке басының ізгілік дамуының мүмкіндіктері: Оқудағы таңдаулар – бұл сапалы білімді, оқу қызметін түсінуді дамыту, қарым-қатынасқа, бірлескен оқу қызметіне саналы түрде бірінші кезең ретінде қарау, қол жеткен табысты нығайту.
«Ізгілік» ұғымы адамдар арасында қалыптасатын қарым-қатынас, олардың іс-қимылдары мен қылықтарын сипаттауда қолданылады.
«Мораль» ұғымы ең алдымен, қоғамның адам мінез-құлқына қоятын талаптарымен, яғни адамдардың бір-біріне болған, қоғамға деген қатынасы мен борыштарын анықтайтын мінез-құлық нормалары мен ережелерімен бейнеленеді. Ізгілік жүйе ретінде келесі бөліктерден тұрады, олар өзіндік ішкі байланыста, өзіндік сипатқа ие және өзінің даму механизмі болады. Олар: ізгілік сана, қатынастар, іс-әрекет, қадағалау механизмі (құндылықтар, идеалдар, нормалар, принциптер және т.б.). Атап айтқанда, ізгілік іс- әрекет пен ізгілік қатынастар моральдың объективті жағын анықтайтын болса, ізгілік сана -өзіндік - субъективтік жағын бейнелейді.
Айта кететін жайт, тек теориялық абстакцияда ғана ізгілік жүйесінің бөліктерін жеке қарастыру мүмкін, ал шын мәнінде олар өзара байланыста жүреді.
Ізгілік қатынастар әлеуметтік қатынастардың арнайы бір түрі болып, адамдар іс-әрекеті (құлықтық) барысында пайда болады.
Қоғамда орнығатын ізгілік қатынастарының жүйесі объективті деп саналады. Ізгілік қатынастарды мазмұнына қарай, түрлеріне қарай, адамдардың әлеуметтік байланысы тәсілдеріне қарай жіктеу жасалынады.
Қой жүнінің сан түрлі сорттарымен тайталаста жылулығы жағынан тез түсетін, ал мықтылығы жағынан басым тұратын түйе жүні мен ешкінің түбіті. Әрі эсем, эрі сапалы да, мыкты бұйым шығу үшін алғашкы шикізат жүннің сапасы ерекше орын алады. «Сапалы бұйым шығуы үшін жүн өңдеуде кандай процестерге қай кезден бастап көңіл бөлген жөн? Тоқымашылардың айтуынша, жүн біркелкі, шебер иірілуі керек. Жүн таза қарқылып, рет-ретімен дұрыс сұрыпталуы керек. Қой кырқатын жердің талапқа сай болып, жүнге қоқым араласпауы, қой терісінің қырқындысы болмауы, маусымдық қыркым дер кезінде өткізілуі тиіс. Қоңды малдың жүні уақытында біркелкі көтеріліп, кырқуға ыңғайлы келеді. Арық малдың жүні керісінше, сабалақтанып өскен жүндері жетілмей жабағы көтерілмей калады. Жүн сапасы алдымен малдың күтіміне байланысты. Малдың күтімі талапка сай болмаса, одан сапалы өнім күту мүмкін емес», - [5,123].
Киім тоқып, бұйым жасаудан бөлек, сапасы нашарлау жүндерге қылшык, шуда, жылқының қылын араластырып, әр түрлі мақсатқа арналған жуанды-жіңішкелі арқан мен жіп, ноқта жасауға, т.б. күнделікті тұрмыста пайдаланылатын ұсақ бұйымдарды есіп және өріп жасауға болады. Қазіргі таңда жүннен көптеген әсем бұйымдарды жасауға мүмкіндік зор. Мәселен, оюланған сөмкелер, үй іші аяқкиімдер, сақина, алқалар, қуыршақтар, т.б. Жүнді бояу үшін қазанның қақпағын жауып бірқалыпты қайната отырып, оған жүнді мөлшерлеп салып, оны ағаш қалақпен бастырып отырған дұрыс (жүн салмастан бұрын бір литр суға бір шай қасық көлемінде сірке суы кұйылады) .
Қазақ халқының саласында ши өңдеу, оған жүн орап, өрнектеп безендіру, түр салып тоқу ісі де ғасырлар бойы атадан балаға мирас қалып жатқан ұлттық өнері болып табылады. Ши бұйымының жалпы сырт көрінісіне қарай: ақ ши, ораулы ши, шым ши деп үш топқа бөлінеді. Мұндай ши түрлері қазақ арасында әрқайсысы өз орнымен әр түрлі мақсатқа пайдаланылады. Мысалы, қабығынан тазартылған ақ шиді көбінесе, ірімшік, т.б. жаю үшін, сондай-ақ сүзгіш шыпта жасау, үйдің төбесін біртегіс сылауға ыңғайлы болу үшін қолданылатын болса, ұзына бойы түсті жүнмен немесе жібекпен оралған шым ши киіз үйдің сәнді жиһазының бірі болып есептеледі. Ал өн бойы тұтас оралмай әр жерінен аралатып оралатын шиді орама ши немесе ораулы ши деп атайды.
Демек, киіз үйдің керегесін орай тұтуға көбінесе жоғарыдағы айтылған шидің соңғы екі түрі: шым ши мен орама ши пайдаланылады. Шым шиді кейде «жез ши» деп те атайды. Шым ши тоқу - қазақтың қолөнер саласындағы ұлттық өнерінің ерекше бір түрі. Өрнектеп шым ши тоқуда болсын, халықтың қолөнерінің қайсыбір саласында болмасын, қазақ әйелдерінің шеберлік, көркемдік талғамы өзінің табиғи шынайылығымен көз тартады. «Шым ши тоқуда, негізінен, оюдың композициялық құрылысының маңызы ерекше. Бұл саладағы қазақ шеберлерінің қолданып жүрген қазіргі барлық ою түрлерін композициялық жағынан: толық жекелеген және тұтас ою, бір беткей ұзындық ою (компоненттері бойлай да, көлденең де тепе-теңдіктегі ұзындық ою) болып бөлінеді. Шым ши тоқу өнерінде кездесетін қазақ оюларының ішіндегі жоғарыдағы аталған жекелеген және тұтас ою формасын «Шаршы ою» деп те атайды», - [3,65].
Оған белгілі геометриялық фигурадағы төрт бұрышты, дөңгелек, үшбұрышты, тағы басқа көп бұрышты оюларды жатқызуға болады. Олар шым шидің бетін тұтас сәндеуге қолданылады. Мұндай оюлардың қайталанып келіп отыратын күрделі композициялы қиын түрлері сәуле, шахмат, ұзындық оюларды ашық жерге түсіргенде сол мотивтегі бөлшектермен оюланып, жиектеледі. Бұл сияқты шым ши бетін әшекейлейтін қазақ, қырғыз оюларының негізі – кейбір геометриялық мотивтегі элементтер мен өсімдік және зооморфтық, тағы басқа оюлардан құралған ба, деген ой келеді. Шым ши тоқуда геометриялық ою элементтері ромбы, төрт бұрыш, шаршыдағы жұлдыз, үш бұрыш, көп бұрышты немесе сүйірлі бұрыштанып келген крест тәрізді болып келеді.
Бұдан геометриялық ою элементтері шым ши тоқу өнеріне ғана сақталған екен деген ой тумау керек. Мұндай оюлар ерте заманнан керамика, үй құрылысында және күнделікті үй мүліктерінде алаша, кілем, киіз өрнектеу салаларында жақсы сақталған. Алайда геометриялық оюдың шыққан тегі анықталады деп үзілді-кесілді айту қиын. Дегенмен, мұндай оюлардың түрі алғаш рет еңбек құралдарын бейнелеу, кейінгі бақташылық дәуірде үй жануарлары мен жабайы аңдарды белгілі жерге дағдыландыру орандарын суреттейтін бізге келіп ромбы, көп бұрышқа ұқсас қолдан тоқылған кескін үйлесімімен шықты деп шамалауға болады. Осыдан біз халық қолөнер шеберлерінің ұзақ жылдар бойы көшпелі тұрмыс жағдайына сәйкес жасаған заттары негізгі кәсібіне орайлас өрістегенін байқаймыз.
Өрнектеп ши тоқу өнерін де қазақ шеберлері қолданған. Олардың ши бетіне салған түрлері жүзтеру деп аталады. Әр қайсысы шаршыға тең алты шаршыдан кейін, оның екі жағынан шыбық ши, одан кейін, алақан ши жалғасады. Алақан шиге түр салынбайды. Көшіп-қонағанда түр салынған жағы түтіліп, тез тозып қалмау үшін, алақан ши шым шидің екі жағынан салынады. Кереге сыртынан бір босағадан екінші босағаға дейін, шиді айналдыра тұтуды - ши ұстау деп атайды. Ұсталған шидің екі шетіндегі керегеге байланатын жіпті шибау дейді. «Халық шеберлері табиғаттың байлығын өздерінің күнделікті тұрмысында қажетке жаратуға өте ұста болғанын ертеден-ақ білеміз.
Сұрыпталған шиді әрбір иненің тұрқы жеткенше өткізіп қоюды тізу дейді, ал шиге өрнек саларда оны алдын ала өлшеп алып, жіп оралатын жерін белгілеуді сызу деп атайды. Оны көбінесе пышақпен, қарындашпен, сондай-ақ отпен де күйдіріп белгілейді. Сызылған белгі бойынша инеге өткізілген шиге түрлі түсті жүннен орап үлгі салып шығуды түр салу деп атайды. Оралған шиді, салынған белгісіне қарай, өрнек бойынша ши сабақтарын дұрыс орналастырудың да шеберлер тізу деп атаған. Қолөнер саласының басқа да түрлері сияқты шым ши тоқытып, үйретілетін арнаулы орын бұрыңғы кезде болмаған. Тек ұрпақтан-ұрпаққа дәстүр бойынша қалып отырған.
Ағашқа ою салу өнерi, әсiресе, солтүстiк аудандардан бастап, бүкiл Қазақстан аумағына кеңiнен таралған. Қазақтардың ағашты өңдеп, пайдалануы ең алдымен, оның көшпендi өмiр салтының қажетiн өтеуге байланысты болған. Киiз үйдiң сүйегi мен есiгі, босағасы, керегесi ағаштан жасалған. Киiз үйдiң сүйегiне әдетте ою салынбаған, ал есiк пен жиналмалы босағаларға ою ойылып, олар түрлi бояулармен әшекейленiп отырған. Кейде, әсiресе, салтанатты ордалардың ағаштары сүйекпен, алтын, күмiс, мыс-жезбен оюлап безендiрiлген. Көшпендi өмiр салтына қарамастан қазақтардың ағаштан жасалған үй жиһазы болған, мысалы төсек, сандық, адалбақан, кебеже және т.б.
Ағаш сандықтың да, мысалы, азық-түлiк, киiм-кешек, төсек-орын салатын түр-түрi болған. Сондай-ақ, теңдер мен көрпе-жастық, кiлемдер мен текемет-сырмақтарды жинайтын жүкаяқтар болған. Қазақ оюшылары оюдың түрлi тәсiлдерiн меңгерген, тесiп ою, бедерлеп ою, жанап қырлап ою, жалпақ ою, т.с.с.
Кейде олар оюдың негiзгi жүйелерiн қосымша өңдеп отырған. Орта Азия халықтарынан, әсiресе, қырғыздардан ерекшелiгi, қазақтар ою үстiне металл жапсырып, не сүйек салып безендiрген. Металл жапсырмаларын көбiне сандықтар, кебеже мен қобдишаларға, қымыз құятын тегенелер мен тостаған, әшекейлi ожауларға, киiм iлетiн адалбақан, не ат әбзелдерiн iлетiн iлгешектерге қолданған. «Ал ою үстiн сүйекпен өрнектеу төсек пен есiк, жүкаяқтарға, кейде ағаш ердiң алдыңғы жағына орналастырған. Сүйекшiлер қажеттi оюды алдымен сүйектен кесiп, содан соң оны құрастырып, безендiрiлетiн бұйымның үстiне түймебас күмiс шегемен жапсыратын болған. Ағаштың ою салынатын бетi алдын-ала арнайы өңдеуден өтедi, оған салынған оюдың өзi кiрiгiп жапсырылатын металл кесiндiсiнiң қалыңдығына қарай ұңғыланады. Соның нәтижесiнде ою үстiне жапсырылған металл мен ағаштың бетi бедерсiз, бiркелкi жазық болып келедi
Пайдаланылған әдебиеттер
Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). 1-Т. – Алматы, 2010.
.Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. – Алматы, 1995. - 240 б.
Оразбаев Н.А. Қазақ халқының сәндік ою-өрнек өнері. – Алматы, 2007.
Тәжімұратов Ә. Шебердің қолы ортақ. - Алматы, 1997.
Ысқаққызы Ә. Сырмақ өнері. - Алматы. 2007.
Қасқабасов С.А. Қазақ өнерінің тарихы. - Алматы, 2008.
Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы, 2005.
УДК: 9,93;930.1
Достарыңызбен бөлісу: |