Литературные теории в поэтическом мире джона китса


БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ҚАЛДЫРҒАН ҚҰНДЫ МҰРАЛАРЫ



бет66/77
Дата15.12.2022
өлшемі1,4 Mb.
#57447
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   77
Байланысты:
СТАТЬИ ВСЕ

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫНЫҢ ҚАЛДЫРҒАН ҚҰНДЫ МҰРАЛАРЫ

Ибрагимова М. М. Қазақ тілі мен әдебиеті БББ магистранты


Ғылыми жетекшісі: PhD Мынбаева А. П.
ОАИУ
Резюме. В данной статье рассматривается ценное наследие, оставленное Бауржаном Момышулы.
Summary. This article examines the valuable heritage left by Baurzhan Momyshuly

Бауыржан Момышұлы, сөз жоқ, батырлығына қаламгерлігі сай тарихи тұлға. Әрине, көзсіз батыр емес, алды-артын ақылмен, оймен барлай білген бірегей берен. Бірақ Баукең айтыпты дегенді көп естігенімізбен, «Офицер жазбалары», «Ұшқан ұя», «Москва үшін шайқас» және сексенінші жылдары жариялана бастаған «Қанмен жазылған кітабымен» таныс оқырмандар батырдың мұрағатында бұлардан басқа да осыншама мол қазына қалғанын естіп, қуанып отыр.


Бауыржан Момышұлы – әдеби және әскери өнерде артына қайталанбас ұланғайыр ұлттық рухани мұра қалдырған бірегей қаламгер. Оның қазақ және орыс тілінде жазылған төрт томға жуық шығармалары бүгінде қалың оқырманның игілігіне айналуда. Сондықтан, мен айтып, жазып жүрген 30 томдыққа енетін тың туындылары қайдан және қандай деректер көзінен құралмақ деген сұрағың көкейге қонады [1,6].
Баукеңнің жаңадан шыққалы отырған көптомдығы негізінен ҚР Орталық архивінде, Мәскеудегі арнайы әскери архивте, облыстық, қалалық архивтерде және ұлы Бақытжан Момышұлының үйінде сақталып келе жатқан, бұрын еш жерде жарияланбаған қолжазбаларынан тұрады. Бұған қоса жеке адамдардың қолында және өзімнің архивімде тұрған санқилы жазба деректер де бар. Бұлардың барлығы батырдың тікелей өз қолымен жазылған.
Бұл Бауыржан Момышұлының 1928 және 1982 жылдар аралығында хатқа түсірген дүниелері. Яғни, батыр өмірінің 54 жылын қамтиды.
Батыр Баукеңнің 1910 жылдың 24 желтоқсанында дүниеге келгенін ескерсек, сонда қолына 18 жасында қалам алып, ой қаузай бастаған екен. Рас, Бауыржан Момышұлының жазушылық таланты ерте оянған. Оның «Менің әкімдік карьерім – мансабым ауылдық милиционерден басталды. Бірақ әдебиеттегі жолымды сол кездің өзінде іздей бастадым. Ол заманда біздерде қазақтың сауатты жігіттерін, жаңа өмірді орнатушыларды саусақпен санауға да болатын. Жай жағдайдың ауанына лайық біздердің ағартушы да, баспагер де, әрі жазушы, әрі редактор да болуымыз керек.
Бірақ әрқайсысымыз өзімізге әуелден тәңірі тағайындаған істі іздедік», деп, өзінің маңдайына әскери өмірдің қиындығы мен қызығы бұйырғанын еске алып, тебіренетіні бар. Мысалы, Баукеңнің тырнақалды тұңғыш очеркі 1928 жылы Жуалы ауданының (ол кезде Жуалы, Түлкібас, Сайрам ауданы бір) «Социалистік мал шаруашылығы» деген газетінде «Тау сағыз бен көк сағыз» деген атпен жарияланды. Осы очеркінің өзінде-ақ Баукеңнің қалам сілтесі, сөз саптауы жұп-жұмыр келіп, келешектегі жазушының табиғи болмысы елес беріп тұрады. Бірде інілік ізетпен: «Бауке, баспасөзде тұңғыш жарияланған шығармаңыз қандай еді?» деп сұрағанымда [2,97], «уақыт талабына үн қосып жазған шығармасымағым осы очерк болатын” деп айтқан екен.
«Тау сағыз бен көк сағыз» дегеннің мағынасы. Бұрын елде резіңке деген бұйым тапшы болған. Сол кезде біздің жақтың басшылары еңбекшілерге бір арнайы шөп өсіртіп, содан резіңке айыратын. Небір замандар өтті ғой қазақтың басынан. Бірақ Баукең бір жағынан Кеңес өкіметінің саясатының ықпалы бар, екінші жағынан әскери қызметтің темірдей тәртібі бар, кезінде орыс тілінде өндіре жазған.
Иә, бүгінде аса құнды рухани мұраға айналып отырған Баукең жазбаларының басым бөлігі орыс тілінде жазылуымен ерекшеленеді. Бірақ бұдан ол кісіні тек қана орысша ойлайды екен деген ой туындамауы керек. Айтарының бәрі, сайып келгенде, Алаш пен ұлттың мүддесі, халық рухының еркіндігіне келіп тіреледі. Көркем шығарма болсын, тарихи-деректі дүние болсын, қазақ және орыс тілінде еркін жаза білетін жазушы ол кезде некен саяқ болса, соның бірі Баукең еді.
Мысалы, күнделіктер, естеліктер, әлбетте, хат-хабар сияқты эпистолярлық жанрдың да берер азығы мол деген сияқты. Мысалы, Ресей оқырмандары бір ғана Пушкиннің жазған хаттары мен алған хаттарының өзінен оның өмірі мен шығармашылығына байланысты қаншама құнды деректерге қанығады. Біздің бұрынғы-соңғы белгілі ақын-жазушыларымыз эпистолярлық жанрға онша мән бермеген. Әуезов те, қос Ғабең де, кейінгілерден Мұқағали да ұшырасады. Ал мәдениеті биік, ісіне ұсынықты елдің зиялылары эпистолярлық жанрды ұсақ-түйек демейді. Баукеңнің жарияланбаған қолжазбаларын тақырыбы жағынан жүйеге түсіріп, жанры жағынан жіктегенде көптомдықта күнделіктері, естеліктері, замандастары мен ресми орындарға жазған хаттары, өлеңдері, шежіре-әңгімелері, көптеген шашпа пікірлері мен әскери-ғылыми теориялық туындылары хронологиялық жүйемен сұрыпталып берілді.
Бүгінде Баукең туралы архив деректері түгелге жуық жинақталды десек те болады. Баукеңнің қара шаңырағында қалған архивіне келіні Зейнеп Ахметова аса ыждағатпен мән беріп, рет-ретімен жүйелеп бізге дер кезінде жеткізіп берді. Бұл біздің жұмысымызға көп жеңілдік туғызды. Қолбайлау болып тұрған нәрсе бар ма деген сауалыңа келсек, ол әскери архивтегі “Өте құпия” деген таңба басылған Баукеңнің қолжазбалары. Мәскеулік архивариустардың бюрократтық әрекеттері мен самарқаулығы игі іске аздап тұсау болып тұр. Бұл істі орнынан жылжыту үшін тек қана жергілікті атқарушы билік емес, сондай-ақ ел Үкіметі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің де көмегі керек сияқты.
Архив материалдары негізінде Бауыржан Момышұлының таңдамалы шығармаларының 27 томының алғашқы нұсқасы даяр тұр. Оның қандайлық қиын жолдармен жүзеге асып жатқанын басына түскен пенделер ғана сезініп, бағалай алмақ. Бауыржан Момышұлының өзінің майдандағы қанды көйлек досы Д.Снегинмен өз қолжазбаларының келешек тағдыры туралы әңгімесінде: «Мен саған күллі қағаздарымды қалдырамын. Кейбіреулерінде табу (тыйым) белгісі; бастыруға болмайды. Бірақ мен тиісті кезінде білдіремін – тіпті, ол дүниеден де – «сәті келді, бәрін де жарияла, тіпті «ұмыт» деп әмір еткен нәрселерімнің өзін де жарияла деймін», депті. Міне, Бауыржан Момышұлының сол аманатын тәуелсіздіктің арқасында еліміздің жас буын, жаңа толқынына ұсынатын кез жеткен сияқты [3,18].
Бауыржан Момышұлы әділет жолында һәм шындық үшін өзін де, өзгені де аяған емес. Ащы да болса шындық артық деген жолды ұстанды. Бауыржан Момышұлы сынына, ой-пікіріне түсіне білген адам оны ақылға салып, қабылдай да біледі деп ойлаймын. Ал ойлана білген әрбір жас Баукең сөзінен рух еркіндігін сезініп, санасындағы бодандық сезімнен құтылып, жандүниесі байып, ой-санасы еркіндікке құлаш ұрып, биікке қанат қағары сөзсіз. Баукеңнің ащы сынға толы өміршең ой-пікірлерінің өзі осындай тәрбиелік тереңдігінде жатыр.
Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналасып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Жазушылық талант тез ұшталды. Ол шығармаларын қазақ, орыс тілінде жазып, қазақ әдебиетіндегі әскери проза жанрының негізін қалады. Жазушының өзекті тақырыбы – Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің тұлғасын жан­жақты суреттеп сомдауға арналған. Осы шығармашылық мақсаттың айғағы ретінде жазушы қаламынан туған «Куба әсерлері» (1969), «Жонарқа» жинағы, екі томдық шығармалар жинағы (1969), «Ұшқан ұя» (1974), «Соғыс психологиясы», «Қанмен жазылған кітап» (1990, 1991) т.б. туындыларын айтуға болады. «Ұшқан ұя» кітабы үшін жазушы 1976 жылы Мемлекеттік сыйлық лауреаты атанды. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өмірінде көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқушының іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады.
Оқушы жұртшылығымызға ұсынып отырған «Офицердің күнделігі» атты шағын кітаптың авторы - Совет Армиясының гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы майдандарында көрсеткен ерліктері бүкіл совет халқына мәлім. А.Бектің «Арпалыс» атты романын, М.Ғабдуллиннің «Менің майдандас достарым» атты очерктерін, генерал Панфилов атындағы даңқты гвардия дивизиясы туралы жазылған жүздеген әнгіме, мақала, очерктерді оқыған әрбір совет азаматына полковник Б.Момышұлының басынан өткен уақыйғаларды мақала тілімен баяндау орынсыз сияқты болып көрінетіні де рас.
Бірақ, оқушыларымызға бұрын көркем шығармалардың геройы ретінде таныс Бауыржанды, бұл жолы көркем шығарманың авторы ретінде таныстыру үшін, оның өмірбаяны туралы қысқа мәлімет бере кетуді орынды көрдік [4,9].
Ал, Баукең сол соғыс жылдарының өзінді-ақ: «Кеңесарыдан оның көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды», - деп айдай әлемге жар салды. Франциядан арнайы Баукеңді іздеп қонаққа келген француз әйеліне Баукең қылышынан қан тамған уақыттың өзінде Мағжанның бір өлеңін жатқа айтып берген. Жанындағылардың айтқанына көнбей, өзім жауап берем деп бой бермеген. Ал француз әйелі болса Баукеңе Мағжанның өлеңдерімен таныс екенін, оның францияда кітабы шыққанын айтқанда Бауыржан «Мағжан ұлы ақын» деп жауап берген.

Пайдаланылған әдебиеттер


1. Момышұлы Б. «Ұяда не көрсең». – Алматы, 1988.
2. Момышұлы Б. Шығармалар жинағы. 1-2 Т. – Алматы, 2001.
3. Мырзахметұлы М. «Аңызға аты айналған». – Тараз, 2000.
4. Мамытбек Қ. «Баукең айтқан әңгімелер». «Жұлдыз» журналы. № 12. – Алматы, 2002.

ӘОЖ 821О-512




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   62   63   64   65   66   67   68   69   ...   77




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет