«КИТАБ МУҚАДДИМА» ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ КІРМЕ СӨЗДЕР
Ботбаева А.О.- Қазақ тілі мен әдебиеті БББ магистранты
Ғылыми жетекшісі: PhD Мынбаева А. П.
ОАИУ
Резюме: В этой статье рассматривается введение к книге Мукаддима.
Summary: This article examines the introduction to the book of the MuqaddimA.
Әлемдегі кез келген тілдің сөздік құрамы, өздерінің ежелден келе жатқан төл сөздерінен және басқа халықтардың тілдерінен енген кірме сөздерден тұратындығы белгілі жәйт. Халықтардың тарихи, экономикалық және мәдени байланыстары, өмірдің түрлі саласындағы құбылыстар тілдің сөздік қорына ықпал етіп, түрлі оқиғаларға байланысты сөздерді куә етіп қалдырып отырады. Сол секілді халқымыздың басынан кешірген сан қилы тарихи фокторлардың тілімізге тигізген әсері де әр түрлі болған. Түркі тіліне араб элементтерінің енуіне түркілердің ислам дінін қабылдауы едәуір әсер еткендігі сөзсіз.
Ислам дінінің түркі топырағына жетуі VIII ғасырда басталғанымен оның кең етек жаюы X ғасырда Қараханиттер мемлекетінің тұсында болды. Бұл дәуірде Таяу және Орта Шығыс халықтарының мәдени өмірінде араб тілі халықаралық тіл қызметін атқарған болатын. Яғни, бір кездері Батыс Европа халықтарына латын тілі қандай қызмет атқарса, шығыс халықтары үшін де араб тілі сондай болды. Ал парсы сөздері түркі тайпаларының тіліне араб сөздерінен әлдеқайда ертеректе ене бастағанын тарихи деректер көрсетеді. Б.з.д. VI-IV ғасырларда Қазақстан территориясын мекен еткен сақ тайпаларының солтүстік тобы түркі тілдерінде сөйлесе, оңтүстік тобы көршілес тайпалармен иран тілі арқылы қарым-қатынас жасаған. Мәдениеті мен өнері дамудың біршама жоғары сатысына жеткен сақ тайпалары Персиямен тығыз қарым-қатынаста болған.
Сондай-ақ VII-VIII ғасырларда Зеревшан, Қашқадария ойпатын мекендеген соғды тайпалары да түркі тайпаларымен қоян-қолтық араласып тұрған. М. Қашқари да Шығыс Түркістанның оңтүстігі мен Талас, Шу ойпаттарын мекен еткен соғдылардың екі тілде сөйлейтіндігін атап көрсеткен. Сонымен қатар Тараз бен Аққаланың (Сайрам) тұрғындары секілді Баласағұн қаласының тұрғындары да соғды және түркі тілдерінде сөйлейтіндігін айтады [5,45].
Демек бұл тарихи деректер парсы сөздерінің түркі тілдеріне ене бастауы араб сөздерінен бұрын болғандығын растайды. Сондай-ақ түркі тілдеріндегі парсы тілінен енген сөздердің дені діни ұғымнан гөрі егін, су шаруашылығына, сауда-саттыққа, құрылыс істеріне, тұрмыстық салт-санаға, әдебиет пен өнерге байланысты. Тіптен ғалымдар парсы тілдерінде едәуір мөлшерде араб элементтерінің бар екендігін және оларды өз бойына әбден сіңіріп төл сөздеріне айналдырып жібергендігін, ал ол сөздердің түркі тілдеріне парсы тілі арқылы енгендігін де айтады.
Тілдік құбылыстардың бүгінгі жайын білу үшін, оның өткен күйін білу шарт. Тіліміздегі араб және парсы элемменттерінің сырлы тұстарын айқындауда орта ғасыр жазба ескерткіштері таптырмайтын құнды дерек көзі екендігі даусыз. Қолжазбаның негізгі мазмұны ислам дінінің шарттары мен иман негіздері болғандықтан да араб сөздерінің едәуір мөлшерде болуы заңды құбылыс. Қолжазба тіліндегі араб сөздеріне лингвистикалық түсініктеме бере отырып оларды өз ішінде бірнеше мағыналық топтарға топтасыруға болады:
Кісі есімдері: ‘Абдуллаһعَبدواللَه - жалқы есім; ‘Абдуллаһдан عَبدواللَهدَن «хабар вирилди ‘Абдуллаһдан Омароғлы (2б, 6)» (Хабар берілді Омарұлы Абдуллаһтан). Абдуллаһ ибн Омар. Ғалым сахаба. Фыкықшы және хадисші. Пайғамбарымыздың (с.ғ.у) екінші сахабасы Омар бин Хаттабтың ұлы. Сөздің өзі арабша ‘абд (құл) және иләһ (тәңір) сөздерінің бірігуінен қалыптасқан. Яғни «Тәңірдің құлы» деген лексикалық мағына береді. Түркі тілдерінің барлығына дерлік енген сөз. Қазақ тілінің артикуляциялық базасына жат болып саналатын арабшадағы «ع» және «ه» дыбыстары кейде түсіріліп, ал кейде орнын басқа дыбыстар ауыстыратын болғандықтан, тілімізде осы сөздің Абдулла, Әбділдә, Әбділдә, Ғабдулла, Қабдолла, Қабдылла т.б сияқты бірнеше аллофондары кездеседі.
‘Иса عِيسىَ – Жалқы есім; ‘Исайа عِيسَ يَه «дахы ‘Исайа виргән савабы (36б, 2)» (және Исаға берген сауапты). Төрт үлкен пайғамбардың бірі. Яхуди (еврей) халқына жіберілген пайғамбар. Оған уаһи арқылы інжіл кітабы түсірілген. Бұл есім мұсылман түркі халықтарының барлығында кездеседі. ҚБ: ‘Иса (Иисус, ДТС; 213); ГТ, КФ: ‘Иса; Кітаби тіліміз бен діни туындыларда Ғайса формасында да ұшырасады. Арабша кірме сөздердегі ғ//ø заңдылығы жөнінде жоғарыда баяндалды.
‘Али - عَلِى - Али. «хабар вирилди ‘Алидән Абиталибоғлы 32 а. 1» (Хабар берілді Әбутәліпұлы Алиден). Али бин Абутәліп. Пайғамбарымыз Мухаммәдтің (ғ.с.) немере інісі, күйәу баласы, сенімді серігі және төртінші халифасы. Али- «биік, сұңғақ» деген мағына береді. Кісі есімі ретінде қазіргі түркі тілдерінің барлығында дерлік кездеседі. Қазақ тілінде жоғарыда атап өткен заңдылықтар негізінде Али, Әлі, Ғали деген фонетикалық варианттары кездеседі. Сондай-ақ Әлібек, Әліби, Сапарәлі, Тұрдәлі, Шералы, Серғали секілді көптеген күрделі кісі есімдері құрамынан да көреміз.
Әби Бәкир اَبِىبَكر- Жалқы есім. «бу дәлил бирлә хабар вирилди Әби Бәкр сыддықдан (32а, 3)» (бұл дәлелмен хабар берілді Әбу Бәкір сыддықтан). Мұхаммед (ғ.с) пайғамбарға тұңғыш иман келтірген, исламды тұңғыш қабылдаған ер кісі. Ең жақын досы және бірінші халифасы. Есімнің өзі «Бәкірдің (тайлақтың) әкесі» деген лексикалық мағына береді. Түркі тілдерінің барлығында кісі есімі ретінде кездеседі. Тілімізде «Әубәкір, Әбубәкір» деген есімдер жиі ұшырасады.
Жаман қасиеттер, сипаттар, ұғымдар мен сезімдерге байланысты сөздер: хасәд حَسَدَّن- қызғаншақтық; хасәдден حَسَدَّن «икинжи арытғай йүрәгини кирдән хасәдден 37б. 2» (екінші жүрегін арындырсын кірден және қызғаншақтықтан). ГТ, КФ: хасед; Түркі тілдерінің қарлұқ және оғыз тобына кіретін тілдерде жиі қолданылады. Ал қыпшақ тобындағы тілдерде кездесе бермейді. түрік: хасет; азер.: хәсәд; өзб.: хәсәд; ұйғ: хәсәд [6,48].
бүһтан بُهتَن - жала, қаралау; буһтандан بُهتَندَن «арытғай дилини йаландан ғайбатдан йахшылығы кизләр йаманлығы сөйләр буһтандан (37б, 4)» (тазартсын тілін жалғаннан, ғайбаттан, жақсылықты жасырып, жамандықты айтатын жаладан). Қазіргі қыпшақ тілдерінде кездесе бермейтін бұл лексема қыпшақ жазба ескерткіштерінде сирек те болса ұшырасады. ГИ: бүһтан; КФ: бүһтан; КФТ: бүһтан; Қазіргі түрік тілінде ғана көнерген сөз ретінде сирек қолданылады.
ғайбет غَيبت- ғайбат, бірінің артынан жамандау. ғайбетден غَيبتدَن «арытғай дилини йаландан ғайбетден (37б, 3)» (тіліңді арындыр жалғаннан, ғайбаттан). Түркі тілдеріне араб тілінен енген сөздер арасында кең тараған сөздердің бірі. Ескерткіштер мен қазіргі түркі тілдерінде ғайбет//ғыйбет//ғайбат//ғәйбәт// гийбәт// гыбат формаларында ұшырасады. ГТ: ғайбет, ғыйбет; КФ: ғыйбет; қаз.: ғайбат; баш.: ғәйбәт; тат.: ғайбәт; түрік: гыйбет; азер.: гийбәт; түркм.: гыбат; өзб.:ғыйбәт; ұйғ.: ғәйвәт; ес. осм.: гайбет, гыйбет [7,289].
Қазақ тілінде ғайбат ең кең тараған түрі. Сонымен қатар қайбат, айбат деген варианттары да қолданылады. Лексикалық мағыналарында айырмашылық жоқ. Бір сөздің ғ//қ//ø заңдылығы бойынша қалыптасқан фонетикалық варианттары. Мысалы,
Өтірік емес, қайбат емес, несі бар бұ да жаңалық
(Ғ.Мұстафин)
Дегенмен қазақ тілінде осы сөздің сөз басында ғ//ø заңдылығы арқылы қалыптасқан ғасыр, асыр деген екі фонетикалық варианты кездеседі. ғасыр - сөзі «жүзжылдық, дәуір» деген мағынаны берсе, асыр формасы намаздыгер намазының уақытын білдіреді. Мысалы: Асыр уақыты – бесін уақытының шыққан сәтінен бастап, күннің батуына дейінгі мезгіл.
дәйим دَايم- дәйім, ұдайы, үздіксіз; «дахы олды дәйим ануң үстинә баржа ‘өмриндә (42б, 2)» (және үздіксіз болды оның үстіне барша өмірінде «бар өмірнде оны үздіксіз атқарды»). Түркі тілдеріне белгілі лексема. Ескертккіштер тілінде дайим//дайима тұлғалары кездеседі. БВ, ГИ, ИМ, КФ, КФТ, МГ: дайим; ГТ: дайима; қаз.: дайым, дәйім; баш.: даими; тат.: даими; түрік: даим, даима; азер.: даима; өзб.: даим, даима; ұйғ.: дайм, дайма.
Қазақ тілінде дайым, дәйімдеген аллофондарын кездестіреміз. Мысалы:
Бауырында Оқжетпестің бір шоқ қайың, Жүреді келіп сонда сері дайым
(І. Жансүгіров)
Дәйім уақытынан кеш қалып... Өмір бойы ғафыл болып отырғаның
(Абай)
Сондай-ақ әрдәйім деген күрделі үстеу құрамында да кездеседі.
мағриб مَغرِب- 1. күнбатыс 2. күн батқан уақыт; 3. ақшам намазы уақыты; «шул уақт мағриб олғанда (13б, 6)» (сол кезде күн батқанда). Бірсыпыра түркі тілдерінде қолданылады. Түрік, азербайжан, өзбек және ұйғыр тілдеріндегі «күнбатыс» мағнасындағы «ғарб (гәрб)» сөзі осы сөздің негізгі түбірі болып табылады. Қазіргі сөйлеу тіліміз бен әдеби нормада қолданылмаса да, кітаби лексикада мағриб, мағриф, мағрұп, мағұрып, мағырып, мағріб секілді бірнеше фонетикалық вариантта жиі ұшырасады.
Машриқтан мағрип қашса, желіп-жортып, Ғазизім Баймұхаммед еске түссең
(М. Сералин)
Қайта айналып, қаннаттарын жайғанда «Мағырып» пен «Машырыққа» жеткендей (Ғ. Мүсірепов)
Достарыңызбен бөлісу: |