Құлыяс Табыл. Таңдамалы. Үш томдық / Т. Құлыяс. – Астана: Фолиант, 2015. ӘОж 821. 512. 122 Кбж 84 (5Қаз)



Pdf көрінісі
бет10/24
Дата04.02.2017
өлшемі1,88 Mb.
#3366
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   24
ҰЛЫЛЫҚТАН ҰЛАҒАТ ҚАЛҒАН

Тарих деректері бойынша, Құлынды өңіріне қазақ-

тардың табаны тиіп мекендей бастағаны 1542 жылы Ан-

тония Виданың Обь өзенінің картасынан көрініс тапқан. 

Демек, Алтай өңірінде халық тірлік еткені белгілі ғой. 

Ауыр-жеңіл өмір болған. Өткенін ойлап, ертеңін болжай-

тындардан сөз қалған.

Байтақ дала – ырысым,

Жұртымның өлең-жырысың.

«Құлынды», – десем әр кезде,

Ашылып кетер тынысым.

Замандар өтті әр кезең,

Саясаттың құлысың.

Пендені бірақ жарылқар,

Аллаһтың берген сыйысың.

Алтайдан соққан самалға,

Кеудемді керіп тұрысым.

Әркелкі Адам, әркелкі,

Жамандық ойлау құрысын! –

деп қаракөз қыздар ән салды ма екен? Өмір бастауы әріде 

деп ой салды ма екен? Жалпы Құлынды аймағы ХVІІІ ға-

сырдан бастап қағазға түсіріліп зерттеле бастайды. Вида 

картасында Каспий теңізі, Еділ, Жайық өзендері көрініс 

тапқаны және бар. Рейн қаласында туып өскен жиһан-

кез суретші Видадан кейін, неміс географы Себестьян 

Мюнстер өзінің «Космография» шығармасында Вида-

ның сызбаларын пайдаланса, негізгі деректерді Ресей-

ден Польшаға кеткен Иван Васильевичтен алғандығы 

анық делінеді. Шығармаларда түрлі ұқсастық болса да, 

Обь өзенін зерттеу «Московии» картасын толықтыруда 



176

австралиялық маман Сигизмунд Герберштейн Ресейге 

екі дүркін келіп, 1546 жылы картаға түсіргенде төменгі 

Обь өзені Ресей мемлекетіне өтеді. Ал жоғарғы Обь өзенін 

мекендеушісі күңгірт көрініс береді. Жазбасында: «Обь 

өзені басын Қытай көлінен алатынға ұқсайды, жағасында 

қара нәсілді, қысық көз адамдарды көрдім. Ертіс қорғаны 

бар, оған таяу Қытай көлі... Көл маңындағы адамдардың 

сатымға дайындаған тауарлары көп, асыл тастар бар, 

түрлі металл бұйымдарын сатуға шығарады екен», – 

деп жазылған. Ал орыс ғалымы М.П. Алексеев Обь өзені 

бойындағы қорған маңында сауда шаруасымен айналы-

сып толып жүрген адам қара қытайлықтар, моңғолдар, 

индустар, бұхарлықтар, жалпы бұл өңірге азиялықтар 

көптеп орналасқанын айтады (В. Кордт. 1906 г. Кар-

та Х1Хв.) Қытай көлінің оңтүстігінен үлкен өзен Орта 

Азияға ағып жатады, оны «зиг» (Сырдария) деп атаған. 

1562 жылы толықтырып жасаған Дженкинсон картасын-

да көрсетіліп, Арал теңізіне де орын берілген. Ал 1683 

жылы Джиакомо Кантелли жасаған картада Ертіс өзені 

Сібірге қарай бұрылысында Обь, оның жағасында қала 

көрініп, Обьтың жоғарғы бас алуында «Изсеро злоте» көл 

атауы Алтын (золотое  озеро) пайда болса, Зайсан (аудар-

масында – Бизилбаш) көрініс тапқан. Қара қытай, индус, 

моңғол дегендердің арасында алтайлықтар ма, қазақтар 

ма, Таулы Алтайдың Катунь өзені бойындағы Чепаль 

ауданында алтайлықтар және маялықтар тұрады екен. 

Олар Алтайды жер кіндігі деп дәлелдесе, біз Байқоңырды 

атамзаманғы атауы бойынша «Жер кіндігі» деуіміздің ара 

қатысы жақындай түсуіне ұқсайды. Әлем ғалымдарының 

ой-пікірі, түрлі тұжырымдарына тоқтай келіп, сенатор, 

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов 

мақаласында: «Ғалым И.Ф. Никоновтың пікірінше, түр-

кі тектес халықтардың жақындығын лингвистика-

лық дәйектерге кезінде «Азия – Берингия – Америка» ат-

ты монографияда арнайы тоқталып, жеткілікті материал 

берген болатынбыз. Олардың басты-бастысын айтқанда 

байырғы америкалық «үндістердің» азиялық, археология-

лық, палеонтологиялық, генетикалық, лингвистикалық 

және басқа ғылымдар тұрғысынан жан-жақты сарап-


177

талды. Кезінде Христофор Колумб ашса да, атауы ұлы 

жиһангердің өзіне бұйырмай, жаңа әлем немесе Амери-

ка атанып кеткен алып құрлықтардың сыры шындықтан 

мүлде аулақ жатқан еуроцентристік көзқарастан аршы-

лып, оларды мекендеген түбі түркі халықтар орнықтырған 

ұлы өркениеттің тарих пирамидасынан алатын заңды оры-

ны ең соңғы ғылыми деректермен түйінделді. Ең басты-

сы, о баста, бағзы замандарда да, Алтайдан басталған ұлы 

көштің тек Батысты ғана нысанаға алмай, кезінде Қиыр 

Шығыстағы екі алып құрылысты жалғастырып жатқан, 

кейін су астында қалған жермойнақты басып өтіп, жаңа 

әлемге де алғашқылардың бірі болып ат ізін салғаны 

бұлтартпайтын ғылыми айғақтармен дәлелденді», – де-

генді автор мысалдап өтеді (Е.Қ. 22 мамыр, 2010ж.).

Сонымен, Алтай өлкесін ертеден мекендеген Құлынды 

өңірінде жиырма мыңнан астам қазақтардың тарихи 

деректері ХVIII ғасырдан бастап зерттелген екен ( Ф.Р. 



1. Оп. 1. Д. 100. Л. 2,5). Әуелде Павлодар облысы бойын-

ша 15 қазақ Ертіс бойын мекендеп, көшіп-қонып 

жүреді. Табиғаттың ұңғыл-шұңғылын байқап, қонысқа 

лайқаттысын таңдап ұлтанды жерге қоныстанады. Үме са-

лып, асарлап баспана көтереді. Үр жаңа үйлерде ойын-то-

йын жарастырып тірлік еткен 1 089 қазақтың жанұясында 

3539 ер адам деп есептеліп, 1907 жылдың 5 тамызында 

орыс империясының жарлығымен Сібір өңірі бойынша 

Ресейдің құрамына өтеді (проект №06-01-00504). Еу-

разия құрлығының тең жарымын уысында ұстап басып 

алған, отарлықтың шынжырымен бекіткен адам санын 

анықтап, бас көтере қалса қаншалық күш керектігін ал-

дынала білу емес пе? Сөйтіп, 1909 жылғы есепте Құлынды 

өңірінің адам саны 100 мыңға дейін өседі. Оларға жан ба-

сына шақтап жер бөліп иеленуді қатаң бақылайды. Халық 

аз-кем бөлінген меншікті делінген жеріне егін егіп, мал 

өсіріп, тарықпай тұрсаң өмір әдемі деп, ақырында Кеңес 

үкіметін орнатуға қатысады. Жұрт жаңа қоғам қайырлы 

болады деп сенеді. «Тұтас кедейлер боламыз, үстемдік 

қысым болмайды, езгіден құтылдық, көзіміз ашылды», – 

деп қол-аяғын еркін жазғандай болады. Даңқымыз аспан-

дар деген есек дәмемен ілгері тілекті меншіктеп 1937 жылы 

12-0203


178

28 қыркүйекте аудан аталады. Ауданға 62 елді мекен 

қарайды, шекарасы белгіленеді, кәсібі егіншілік және мал 

шаруашылығы екен. Сібір өңіріндегі табысты аудандардың 

қатарына бірден ілігіп, бірден орташадан ойып орын 

алып ел елденіп, шаруа жөнделе бастайды. Жұрттың қас-

қабағы ашылып, қуанышымыз ұзағынан болғай деп тілек 

тілеп жүргенде 1930 жылдың 2 наурызындағы Сталиннің 

«Табыстан бас айналу» деген мақаласы дүбір туғызбай 

тұрмайды. Саясаттың қатаңдығы байқалады. Асыра сілтеп 

жіберді деп бәкенеден пәле өргізетіндей кемшіліктер 

мен кедергілер сын мен өзара сын арқылы заңдылық та-

разысын тартыла бастайды. Тірліктері де, шаруа ша-

масы да қарайлас Ключевск ауданы таратылып, атқару 

комитетінің бастығы сотқа тартылады (Ф.Р. 443. 0п.1. Д. 

60. Л. 196). Осы тұста Құлынды ауданы «Сақтықта қорлық 

жоқ» деп асыра сілтеуден қарадай қалтыраса да, аман 

қалады. Байлар ызғындай малын ауылдастарының бас-

басына бөліп бергесін бе, болар-болмас өкпе-наз сақтап, 

қызыл жағаға сыбыр жеткізу сап тыйылған-ды. Аштықта 

аздаған жүдеушілікті де ауылда болса ауызға тиедімен 

өткізді. Босқын қайыршыларға да қайырым, азыққа то-

йындыру болған. Бірәлі деген арып-ашыққан босқынның 

бірі осы ауылда біраз болыпты. Ақынжанды, домбырашы 

екен. Бір аяқ ас алдына келгенде алдымен домбырадан 

«Аштық» күйін төгілдіріп отырып:



Үкіметтің құлқы неге тарылды,

Кім тыңдайды мына менің зарымды?

Бір үзім нан жүрек жалғар болмады,

Жинап алды құмыққандар барымды.

Құмай құйын көз көрсетпей барады,

Тәркілеуші құмардан шығып қарады.

Ойда, қырда қырылғандар жетерлік,

Өліктердің шыға қоймас санағы.

Жайлау қалды малсыз жұтап қаңырап,

Голощекин саясаты сандырақ.

Тарихта ұмытылмай қалса екен,

Аштық қырғыны жайлы ән бірақ, –

179

деп бір аяқ көжені қолына ұстай бере булықпа жөтелмен 

жанын қинады. Әркімнің бұйымтайын сұрап, мейманын 

жылы қабылдап, құрметпен шығарып салатын қазақи 

қалыпты халықтың өткенінде талай оқиғалар қалды. 

Тыныштық аспанында орыстардан қалыспай жастары 

жоғары оқу орындарынан білім алды, мектептерде қазақ 

ұлтының салт-дәстүрі, өнері ұлағатты тәрбиесі бір пән 

есебінде оқытылды. «Бұл қалай?» – деушілерге: «Лениннің 

«Әр ұлт өз тілінде оқып, өз тілімен сөйлеп, мемлекеттік 

жұмысты атқарсын!» дегеніне қарсы емес шығарсың?» – 

деп айтып ықтыра салады.

– Бай, кулак жоқ па?

– Біз – бірыңғай кедей халықпыз. Бұзаулы сиыр, 

қозылы қойдан артық дәулет керек емес, – деп шығарып 

салады. Милиция келсе қазанда бір жілікті бүлкілдетіп, 

табақ тартып бүйірін шығарып, асқа тойындырады... 

Қызара бөрткесін: «Соседний район... Там кулак жад-

ный...» – деп әр түрлі әңгімемен сайрайды. Расында, 

көршідегі көзі жерге түспей жүрген күшті кулактар 

Е.Е. Балки, Я.Е. Сидеренко, М. Разгон астық дайындау 

майданына қарсы әрекеті үшін мал-мүлкі тәркіленіп, 

сотталған. Кулактардың бас-басында 3-тен үйі, шошқасы, 

ірі қарасы, қойы, егін шаруасына 5-тен құл ұстаған. 

Бірақ, құлдарын асқа тойындырып, әдемі киіндіріп, мұң-

мұқтажын өтейді екен. Жанұясының да ішіп-жемі мол, 

киім-кешегі жеткілікті көрінеді. Сол Ключевск ауданында 

8 510 шаруаның 917 кулак тізіміне ілінген, орта шаруала-

ры да тәркіленген (Ф.П. 38-06. Д. 44. Л. 29). Ал Құлынды 

өңірінде де бай да, орта шаруа да болған шығар. Бірақ олар 

ақсақалдар ақылымен артық мал-мүлікті тәркілеу дүбірі 

басталысымен ағайын-туысына бөліп бергенге ұқсайды. 

Үкімет өз халқын мұнша қыса бермес... Іштен шыққанды 

жау көріп шайқасып жақсылық таппайды ғой. Мұндайда 

сақтанбаса, жазықтының отына жазықсыз күйіп кетеді. 

Шаңырақ шайқалмағай. Бір тайпа ел едік, тілігіміздің 

бірлігінен айырмасын деген... Көрші-қолаңның шай-суы 

ортақтықтан жаңылмасын... Шала бүлінбей, сабыр сақтап 

қазақи қалыпты қанға сіңіре білген. Шарасыздықтан 

да шаршамай өтіп ұрпағын аман өсірді. Жесірі қаңғып, 



180

жетімі жылаған жоқ. Көптің ақылы елдің амандығына 

қорған болды.

Саясаттың түтек бораны жоғарыдағы көрші ауданның 

парткабинетін басқарушы Т.Ф. Суслова, екінші хатшы 

С.М. Розенблом, үшінші хатшы Р.Я. Андрен (Суслованың 

ері), Серебропольский МТС-нің директоры Ленков барлығы 

16 адам партия қатарынан шығып оның сегізі «халық 

жауы»деп атанып және 30 адам «Отанға жат пиғылды эле-

мент» делініп қатаң жазаланса, арада біраз уақыт өтісі-

мен 88 адам №58 статьямен атылатыны атылып, түрмеге 

сыйғаны қамалады. Оны азсынсаң, 1938 жылы 441 адам 

қылмысқа тартылып, әр түрлі жазаны мойынға іліп шы-

ғады. Заң бұғалығы бұғананы сындырғанының нақты 

себебін жұрт түсінбесе де, үнсіз қалады (Ф. 484. Оп. 4. Д. 

Л. 13.). Ал Құлынды ауданының 18-ші ауылында ежелден 

қоныстанған 3 308 немістердің біразы тұтқындалды. Ал 

Алтай өлкесі бойынша туып өскен, жерін жерлеп, суын 

сулаған немістердің 21 пайызы атылып кеткен (Жертвы 



политических репрессий в Алтайском крае. – Т.4. ст.13)

Міне, Сталиннің табыстан бас айналуының масқаралағы 

өз халқын қырып-жоюға ұласқанының бұлтартпас дерегі. 

Саясат былғанышы «Бүгінгі тірлік ертең бар ма, жоқ 

па? Үштік ата ма, екілік, бестік ата ма, өліміз бе, тіріміз 

бе?» – деген мәлімсіз үрейге толы боп жатқан. Бұл үрейден 

Құлындыны жайлаған халық кенде болды дейсіз бе? Бөле-

жара қаскөйлік ой ойламаса да, бір ауыл, бір бауыр боп 

той тойласа да, Алтай өлкесінің бір бөлшегі атанса да, 

көштен қалмаса да, үреймен естен тана қоймаған. «Бөрі 

жоқ деме, бөрік астында» деп сақтана білуді ұмытпаған 

болар. Бықпырт тигендей бүліну кездесіп, алақұйын етсе 

де қарапайым халық төзе білді. Сыр шашпады. Тарихын 

сақтаудан жаңылған жоқ.

* * *

Барнауылдың өлкелік кітапханасының кітап қоры 



3 миллион дана боп есептелсе, С.Н. Южаковтың редак-

циясымен шыққан «Большая энциклопедияда» Барна-

уыл қаласының деректері молынан қамтылған. Дәлірек 


181

айтқанда өсу, өрлеуін де дәріптей білген. Барнауыл Томск 

губерниясына қараған тұста Ресейдің өндіріс маманы Акин-

фия Демидов алтын-күміс өндіретін зауытын 1745 жы-

лы ашып, Пимен Старцев өңір картасын, оның қазба 

байлықтарын көрсетсе, Сібір губернаторы М.П. Гагарин 

үлкен демеушілік көрсетіп қаржыландыра білген. Кар-

таны сөйлеткенде Оңтүстік Сібір орыс қорғаны аталады. 

Красноярск-Кузнецк, Бийскіге майор Лихарев шекара 

қорғандарын орнатып Ресей игілігін заңдандырады. Одан 

кейін Өскемен, төменгі Ертіс, Тары, Алтай, Құлынды, 

Ямышевская, Железинская, Омбы, Таулы Алтай шека-

ралары белгіленіп 1725 жылы жоңғардың оңтүстігін, қа-

зақ елінің батысын шекаралық белгілермен бекітеді. Қара 

дүрсін жұмыс емес, ғасырларға кететін Ресейдің отарлық 

езгіні заңдандыруының тапқырлық амалы еді. Одан 

кейін Алтайдың зауыттары орыс империясын ХVIII ға-

сырда алтын-күміс қорымен байытып жатқандығынан 

шекаралық қызмет нық, қауіпсіз болуын қажет еткен. 

Алтын-күміс өндіруде талантты ғалымдар А. Порошин, 

Г. Качки, В. Чулков, купецтер Пуртов, Сухов, Морозов, 

Кұлмаметовтер екпінді түрде қызмет атқарған. Олардың 

есімі тарихта алтын әріптермен жазылып, бүгінгі Барна-

уыл қаласында көшелер сол ұлы тұлғалар есімімен аталады.

Негізінен Сібір тарихы әріден бастау алса, 1701 жылы 

толық картасы жасалып, ғалымдардың талқысынан өтеді. 

1717 жылы Телту князы татар Манза Байдонов Барнауыл 

қаласын игеруге қатысады. Ал 1730 жылы Демидов алтын-

күміс өндіретін зауыттың іргетасын қалап, жұмысын 

жүргізуге Алтай өңірінен 200 шаруаны жұмысқа тар-

тып, 1735 жылы Екетеринбургтен 500 адам, Иркутскіден 

А. Бутреев, В. Попов басқарған 300 адам зауытты шұғыл 

көтеруге еңбек сіңіреді. Сөйтіп, 1750 жылы зауыттың 

17 пеші іске қосылып 694 пұт күміс, 55 пұт алтын өндіріп, 

таза пайда 586 248 рубль 45 копеекке айналады. Табыс 

молайғасын газет-журналдар жарқырап шығып, 1859 жы-

лы Г.Н. Потанин «Русская слава» журналына өндіріс ор-

нының болашағы ғасырларға кеткенін мақтанышпен жа-

зады. Мұнда шығыстанушы В.В. Радлов 1837-1918 жыл-

дары түрік тілі тәсілін үйретумен тірлік етеді. Бұл түрік 



182

тектес халықтың мол болғанын айтса керек. Ал 1874 жылы 

Санкт-Петербургке 109 302 пұт күміс жөнелтіледі. Сондай-

ақ, Колыв-Воскресенский зауыты 20-40 пұт алтын өндіріп, 

«Ең бақытты зауыт атанса», бұл Санкт-Петербургте әуелі 

Тау-кен училищесін, одан кейін Тау-кен кадет корпусын 

ашуға мүмкіндік береді. Күміс өндіру зауытында кара-

ванды басқаратын И.И. Ползуновтың іскерлігін бағалап, 

Ломоносов инженер-капитан шенін береді. Өнертапқыш, 

жаңашыл Ползунов кен қорыту машинасын жаңартып, 

оны «от машина» атандырады. Өлкетанушы ғалым 

Н.С. Гуляев: «Тірі Ползунов – Ресейдегі емес, Алтайдағы 

өлмейтін есім», – деп бағалайды.

1905 жылғы қаңтардағы халық санағында қалада 

33 600 адам болса, оның ері –16 600, әйелі 17 000 болыпты. 

Осыншама халық үшін А.А. Ершов «Алтайская жизнь» 

газетін шығарады. Бұл кезде қалада адамдардың дені 

өндіріс орындарында жұмыс істеп, тұрмыс тірліктері биік-

ке көтеріледі. Қай жерде табыс бар, байлық бар, сол жерге 

халық құлақтанып, ағыл-тегіл келіп жатады. 1911 жы-

лы қала халқы 52 075-ке жетіп, оларға 5 кітапхана, 5 бас-

пахана, 5 театр, 4 аурухана, 6 дәріхана, 4 банк, 9 өндіріс 

мамандарын дайындайтын училище қызмет етеді. Капи-

талистік заңдылық бойынша бәрі жекеменшік, қожала-

ры – атақты көпестер, өндіріс алпауыттары. Олардың 

ұрпағы, туыс-туғандары кулак болмағанда қайтеді? Хал-

қын киіндіріп, ішіндіретін де сол кулактар, алпауыттар. 

Қоғамның жай-жапсары 1919 жылы өзгеріп, басқаша 

дамуға әрекет басталады. Қалаға батыс губернияларынан 

қуғын-сүргінмен жазықтысы бар, жазықсыз қосақ арасын-

да босқа жазықсыз кеткені бар 27 232 адам қоныстанады. 

Оларға дайын тұрған үй-жай жоқ, дайын тұрған азық-

түлік жоқ. Жайғасқаны жайғасып, айқасқаны айқасып, 

өндіріс орындарына қара жұмысқа кіріседі. Әрі айтып, 

бері айтқанда Алтай өңірі өндіріс орындарының тари-

хымен мақтана алады. Ұлылықтардан ұлағатты тәртіп-

тәрбие білімдарлық жұғысты болып, небір қиын кезде 

де төзімділігімен танылады. Әлемнің біраз ғалымдары-

ның қолтаңбалары, еңбектері де осында жанып-сөніп, әр-

түрлі өмірді бастан өткергені байқалады. А.В. Беэр швед 



183

ғалымы, 37 жыл алтын өндірісінде қызмет еткен (СПб, 



1908. с.12-13). Михаил Федорович Розен – швед генералы, 

инженер-геолог, Балтық, Белого, Баренцева, Каспий, Арал 

теңіздерін зерттеуші әлемге танымал ғалым. Бір өкінерлік 

жайы, Киров өлімінен кейін «Отанға сенімсіз адам» деп 

ОГПУ-НКВД 1924 жылы әкесімен екеуін тұтқындайды. 

1942 жылы Алтай өлкесіне жер аударады. Осы өңірде «Ве-

селый» руднигін ашып, алтын кенінің жаңа көзін табады. 

1953 жылы ғалым ақталып, қуанышы қойнына сыймай 

бүкіл ақпарат құралдарына: «Алтай табиғаты ерекше, 

мұндай байлығы мол, табиғаты ғаламат өңір жер шарын-

да сирек, мұнда ғылыммен шұғылдануға мол мүмкіндік 

бар», – деп жазады. Ұлы ғалым 1989 жылы дүниеден өткен.

* * *

«Мұндай таза табиғат еш жерде жоқ», – дегенді естігенде 



Қымыр келді де:

– Алтайлық көршілеріміз саф алтындай өңірдің тұнба, 

жанға жайлы, жұпар ауасын ешкімге айтып дабыра 

қылмай, рынокта бүкіл өндіріс орыны жұмыс жасап, азық-

түлігін, киім-кешегін өздері жеткілікті өндіріп жарқырап 

жарастықпен өмір сүруі де бөлекше әңгіме екен, – деп еді. 

Жолсапарласы жазушы Қайырлы жұмсақ күлкісін жа-

риялап:


– Біздің Катонқарағайда болмаған екенсіз, ауасының 

өзі тойындырады, жасыңды ұзартады. Өз басым аштық 

заманында да аштан өлгендер көп болды дегенді естіген 

жоқпын. Табиғаттың құдіретті жасауы осы өңірде, 

Жаратқан Ием мырзалық жасап бере салған. Орманы, 

өзені, көлі – таусылмас қазына, ала білгенге, еңбек ете 

білгенге құнарлы азық, – деді.

Қымыр тірліктегі ішер асын жөнімен табуды тайғанақ 

кез, сұрапыл тұста, басында билігі болмағасын бармағын 

тістеп өл десе өліп, тіріл десе тіріліп, үстемдіктің дүлей 

күшіне шыдамай, жел айдаған қаңбақтай сүйектері ай-

далада шашылып қалды. Сталиннің темірдей тәртібімен 

кімді тентіретпеді, зар-нала ұрпақтан-ұрпаққа жалға-

сып, жүректерінде шемен шер боп жазылмастай орнап, 



184

өзінің халқын қырып салған Сталинді ақтаймын деп же-

лігетіндерге лағынет деп ауылдағы ақынжанды ағаның:

Темір тәртіп қатты ғой,

Көзімнен қан ақты ғой.

Сұм-сұрқия еліріп,

Не пәлені тапты ғой.

Сталин берген бұйрық бар,

Тергеусіз-ақ атты ғой,

Талай асыл ойлылар,

Жер жастанып жатты ғой.

Аспаннан түскен жасынды,

Тасқа соқтым басымды.

Толарсақтан қан кешкен,

Маңдайға жазды ғасырды, –

деп топалаң тигендей өткен ғасырдың жаншошырлық 

оқиғаларына топырақ шашып, енді қайтып еске алмауға 

бекінді. Өйткені, Барнауылда зобалаң жылдардың кінәлі, 

кінәсіз жауапталған адамдардың ісін түрлі сүзгіден өткізіп 

том-том кітап етіп мұрағатқа орналастырып тыныштық 

тауыпты. Көрші заңгерлердің бұл қызметінен үлгі алып, 

Сталиндік замандағы Қызыл империяның қалың терро-

рында жазықсыз жазаланғандардың ақ-қарасын анықтап, 

кітап етіп шығарса, әкесінің, анасының, туыс-туғанының 

өткен қоғамдағы тірлігінің себебін түсініп, торыққан 

көңіліне тоят табар еді... Талай ұлыларымыздың қара 

сандықта құпия қалған өмірдерегінен, түрлі еңбегінен 

ұлағат алуға жол ашылар еді...



«КІМ ӨЗІ? АТЫЛСЫН!»

– Теріскейден соққан өкпек желіндей саясат дірдек 

қақтырып күшейіп барады? Заңдылық па? – деді қария. 

Шоқша сақалын тарамыстанған саусағымен сипады. 

Қарияның сөзіне жиналғандардан ешкім үн қатқан жоқ.

– Өкпек жел ештеңе емес, көз аштырмас қара дауыл 

ғой, – деп тағы бірі күңк етті. Белсенділер теріс қарап 


185

ұнатпағандық танытты. Тетігі ауызындағы жыртық көй-

лекті, тері шалбар киген ақ сақалды қария жүресінен оты-

рып жер шұқыды да:

– Қазақ халқын асырап отырған байларды құрттық. 

Ортаға жинаған малды «үкіметтің ет майданына ке-

рек» деп қан сасытып сойып салдық. Мал құрығасын тас 

кемірсін бе, аштан өлді қалың жұрт. «Кіші қазанмен» 

отырықшылыққа отырғызып, шаруасын жаңартып, 

жағдайларын бірқалыпты тегістеймін деген Голощекин-

ге тегеурін болмай түбімізге жетті. Қазақтар Мырзажан 

деп әндетіп жүрген Мирзоян не дейді?.. Айтпақшы, әлгі 

Троцкий кулактар мен байларды тәркілеуге қарсы болды 

дегенді естіп едік. Алматыға да келіп кетіпті ғой. Мейлі... 

Ендігі таянышымыз – үкімет. Тастай түйініп, саясатқа 

сүйініп, жағдайсыз қиқулаған белсендіге күйініп, іштен 

тынып еңбек етіп жатырмыз. Салық көп... Еңсені езіп ба-

рады. Айшығымыз ауды, төлей алмасақ дейді жау ғып. 

«Тұяқ салығы, түтін салығы, ауыз-мұрын салығы» деп 

қырып барады. Кезек дүние... Жұмыс істеген жүдеулер де 

түбінде теңелер... Жыртық тақия киген, сойдақ тіс, бәкене 

бойлы қаба сақалды әндетеді: «Апыр-ай, мына аптаптың 

қатаңын-ай, түрмеде шыриып жатамын-ай. Туған жер 

сағынғанда есім шығып, көз жастың теңізіне батамын-ай. 

Жаусың деп жалалайтын ағайын жүр. Отарлық езгіден за-

пыс болған жұрт зар-мұңын айта алмайды. Сатқындық, 

дым білместің шатағын-ай», – деп есі ауған адамдай сақ-

сақ күледі. Шамасы, түрмеде отырып келгенге ұқсайды. 

Ақылы ауысқан деп ақтаған болар.

Жә, күтпеген сөздерге белсенділердің бірі де жауап 

берген жоқ. Таршылықты біліп тұр, көріп тұр, көзі жетіп 

тұр. Есқараев аштық жылдарында бес жүз мыңдай әке-

шешесі өліп, жетім қалған балаларды панасыздар үйіне 

орналастыруға, олардың бағым-күтімін қадағалауды жол 

сапармен қайда барса да есінен шығарған жоқ. «Жерде 

жетім налыса, көкте періште қайғырады» деген бабалар 

сөзін жүрегінде түйген. Жұрт көзі көреген деп білген. 

Халықтың ауыр тұрмысын көріп жүйкесі құрып жүр-

ген-ді.


186

Қазақстанның заң жөніндегі тұңғыш халық комисса-

ры және прокуроры болғасын барған жерінде заңдылықты 

қатаң талап етеді. Билік басындағы белсенділердің қате-

сін көрсе кешіре қоймайды. Неше түрлі кесір бар, жөнсіз 

бірін-бірі қаралау бар. Анық-қанығына жетіп, тәртіпке 

шақырады. Ал қателіктің себебі белсендіге байланысты 

болмаса, үкімет алдына мәселе қойып шұғыл көмектесудің 

амалын айтады. Кеңес үкіметінің болашағы үшін күн-түн 

қатып еңбек етеді. Сосын да халық алдында беделі өсті. 

Жастардың дарынды жетекшісі Ғани Мұратбаевпен пана-

сыз балалардың жағдайын көргенде, олардың күлкісіне 

ештеңе теңгермей:

– Болашақтың нағыз мықтылары осылар болады әлі! – 

дейді екен.

– Дегенмен, жетімкөкірек бақытты болса... Жеген нан-

ның ауырлығын сезініп өссе, әдепті ұрпақ ер жеткенде 

әділдік жолдан таймас, – деп Ғани толғанбады деймісің. 

Ондайда Сүлеймен ой қозғап:

– Жоқшылық, жетімсіздік кезеңі де өтер. Бірақ шын-

дықты тарих кешең айтар-ау... Анасын ойлайтын бала-

лар... «Совет әйелдерінің намысына тиіп, адамшылығын 

қорлағандарды қатаң жауапқа тарту қажет», – деген 

ЦКП бесінші съезінде сөз бар. Ал анасының аштан өлуіне 

себепкерді аяп қаламыз ба? Талай жағдай құпия, оны 

дер кезінде ашып айтуға болмайды. Жоғарыдан түсіп 

жататын тапсырманың өзі бас көтертпейді, – деді ме 

екен. Қоғамның жегі құртындай әлсіз адамдарға килігіп 

қастандық ойлаушыға, жемқор, алаяқ, ұры, тонаушыға 

қаталдық мінезі де болған. Адамды адам аштықта сойып 

жеді, қызын бір табақ етке сатты. Оны білмейді деймісің. 

Қоғамдық қылмысқа кешірім жоқ. Жұрт оны қатал дейді, 

оны өзі де сезеді. Біреуді біреудің заңсыз басынуына, 

әлсізді зәбірлеуге жол бермеу – кісілік борышы.

Ал өзім деген адамына өзегін үзетіндей жаны жылы, 

қабағы ашық, жүрегі жұмсақ екенін көбісі байқап біле 

бермесе керек. Кісілігі молдығын классик жазушы Сәбит 

Мұқанов «Өмір мектебі» кітабында: «Есқараев мені өз 

пәтеріне жатқызды, бірақ маған алданар уақыты жоқ, үнемі 

күзет шабуылда жүреді», – деп жазғаны оның ой-санасы 



187

жоғары, жүрегі кең екенін, Кеңес үкіметіне беріле жұмыс 

жасап, болашағына сенімді болғанын дәлелдесе керек. 

Тарымшылық кезде тарыққанға қара шаңырағы пана бол-

ды, бір үзім нанды бөліп жеді. Оның қызмет істеген кезеңі 

тартысқа толы, керісу, дауласу, сенім мен күмән арпалы-

сы, тырнақ астынан кір іздеудің сүреңдігі. Таласа қалса 

бірін-бірі түтіп жердей ашыну бар, талап ету, үміт етудің 

жолы – қым-қиғаш, дүдәмал тірлік. Әркім әр түрлі демені 

меңзеп орынсыз даурығу, біреудің адасуы, екіншісінің 

жалалап қаралап, есесі кеткеннен кек қайтарғандай бо-

лып қалатын қатаң кезі. Қоңыр төбел тірліктің өзі жайсыз 

күйде. Бір сапарда Жамбыл қаласындағы жетім балалар 

үйіне бөлінген азықты, қаржыны қымқырып базарға са-

тып жас ұрпақты аштыққа ұрындырған оқиғасы бар-тын. 

Тексерілді, өзі басы-қасында жүріп бақылады. Кінәлі 

жазаланды. Бұл біреуге ұнаса, кейбірі ішін басып, қатал 

кетті-ау деп қалмай ма? Қоғамда азық-түлік тақыл-тұқыл 

боп тұрғанда ұрлық қылмысы, жетімдердің қақын жеуі, 

обал-сауапты білмеудің одан өткен масқаралығы болар 

ма? Оны кім ақтап алады? Кінәлі өз отына өзі күйеді. 

Қазақстанда 480 022 жетім балаларды ұлтымыздың бас-

шылық орнындағылар қорғай білді. Қаншасын үйлеріне 

алып, бағып-қақты. Есқараев замандастарының осын-

дай қайырымдылығы болмаса ұлт болашағы тығырыққа 

тірелер еді. Бірде Сібір өлкелік Прокурорынан телефон 

шалып: «Ата-анасы өлген, бағусыз жетім қалып, далада 

қаңғып жүрген қазақ балалары өлкемізде көбейіп кетті. 

Өлке басшысы Эйхоның тапсырмасымен оларға бюжеттен 

қосымша ақша қаралып, екі қазақша жетім балалар үйін 

аштық. Төрт-бес мыңдай қазақ балаларын үкімет үйлеріне 

орналастырдық. Ең ауыры, темір жол вокзалдарында 20 

мыңдай қайыр сұрап босып жүргендер түрлі жұқпалы 

ауру таратуда. Ашыққан халықты бақылауға алуды біл-

мей отырсыңдар ма?» – дегенін бір жиында Голощекинге 

айтқанынан не шықты?

– Қазақтар «Кіші Қазанды» түсінбей көшіп-қонып 

жүретін ескі дағдысымен босуы, революцияны мойын-

дағысы келмейтінін Сталинге түсіндіргенмін. Партияның 

жаулары ұққысы келмей отырғанын да айтқанмын, – деп 



188

бетбақтырмады емес пе? Аштық қырғынына талайлар үн 

тастап, жария етсе де Голощекиннің ішкі қаскөйлік ойы, 

арам пиғылы, зәлімдігі қазақ жерін қазақтардан тазарту-

ды көздегенге ұқсайды. Өйткені, 1920 жылдан бастап қазақ 

даласын мекендегендердің кім екенін, олардың өмірдерегі 

қақында «қара тақта», «қызыл тақта» аталып тазала-

уы тоқтаусыз жүргізілген еді. Ал байларды тәркілеуден 

түскен талай алтын-күміс, ұлттық қымбат мұраларды 

Голощекин Ресейге, туыс-туғандарына жіберіп жатпа-

ды деймісің. Оған себеп тәркілеуде алынған мүліктердің 

актілерін ешбір мұрағат-мұражайдан таппайсың. Жер 

жұтып кеткен жоқ, Ресей асты.

 ОГПУ дейсің бе, НКВД дейсің бе, жалпы үштіктің құпия 

есептері, түрлі дерек, дәйек, хабарламалары облыстар, ау-

дандар бойынша жинақталып, Мәскеуге, ЦК және ЦИК-

ке хабарланып халыққа танымал басшылардың атқарған 

ісі, қателіктері болса айрықша көрсетіліп бақылауға 

алынғанын Есқараев біледі. Өзіне де қауіп барлығын 

сезеді. Тірлік тарылса алдау-арбау күшейіп, еріксіз елірме 

қауіп-қатерді төндіруде. Әйелін, балаларын аман сақтау 

мақсатында құпия есіктен шығып қашып шығуын ой-

ластырып қойған. Өйткені, жаламен жазаланғандарға 

да талай рет араша түскендігі баршылық. Мысалы, қо-

ғам қайраткерлерін әбден сүзгіден өткізіп басшылық 

жұмысқа бекітеді, көп ұзамай «жаусың» деп атып тастай-

ды. Түсініксіз. Шындық түйіні шешілмейді. Бәрі асығыс, 

адамды жазалау үстірт қаралады. Байқа дер еді, ондай 

ақылды кім тыңдайды? Тап беріп ұстайды, үкімі дайын. 

Мәскеудің әскери сотының бұйрығына дауа таппайды. 

Жөнді-жөнсіз деп айтуға да құқылы емес. Үкім Мәскеуден 

дайындалып келіп оқылады, жазасы кесіледі. Өйткені, 

Берия кімді қалай жазалаудың тізімін жасайды, Сталин 

кейде оны қарайды. Рұқсатын береді. Лимит Одақ бойын-

ша әр республикаға жіберіледі, олар облыс-аудандарға 

аса құпия деген белгімен табыс етіледі. Мысалы, Барна-

уылда 30 прокурордың бірден жазалануының себебі бар. 

Кейбір милиция жазықсыз, тіпті көшеде жүрген адам-

дарды ұстайды. Шап беріп тергеуге әкеледі. Немесе үш-

төрт адам ас ішіп сөйлесіп отырса жанына жетіп барып: 



189

«Үкімет саясатын жамандап отырсыңдар», – деп жала 

жабады екен. Түрмеге салады, ұрып-соғып мойындатады 

екен. Бұл дұрыс емес деп прокурорлар қарсылық білдірсе, 

үштік өре түрегеліп Мәскеуге хабарламай ма? Қазақстан-

да да үштіктің тәсілі көрші Барнауылға ұқсас. Одақ бо-

йынша солай. Кейде үштік емес, екілік құжат толтырып 

қылмысты делінгенді жазалай бастайды. Заңсыздық бе-

лең алса, прокурорлар жөнсіздікті айтпай тұра ма? Осы-

дан Кеңес Одағындағы барлық прокурорларды тазарту 

қаулысы қабылданып, жазалай бастаудың науқаны жүріп 

кетеді. Оны Есқараев Мәскеу хабарламасынан алдын-ала 

оқып, танысқан-ды. Міне, сол сықылды қаулыларға бай-

ланысты ма, әлде басқадай сұрқиялықпен бе, алғыр ойлы, 

талантты заңгер, ірі қоғам қайраткерлерінің бірі Сүлеймен 

Есқараев 1937 жылы тамыз айында кешкі мезгілде қара 

машина мінген қарулы топпен тұтқындалады. Үш баласы 

мен әйелі қашып кетеді. Мараты әкесінің мойынын қысып 

жібермейді, баланың қолын жаналғыштар да жаза алмай-

ды. «Әке менікі, әкеммен бірге өлемін!» – деген Мараттың 

егіле жылаған көз жасын аяп, ескеру сезімі Берияның 

дайындығынан өткен баскесерлерде болмайды. Қандай 

қорқынышты. Өмірін заңдылыққа бағыш еткендегі көр-

ген рахаты осы ма? Тергеуші едірейіп: «Жау екенсің!» – 

дейді. 

– Мен кінәсізбін.



– Қоғамға қауіптісің.

– Марксизм-ленинизм ілімін меңгеріп, заңдылықты 

қоғамда атқарғаным үшін бе? Заң ғылымына бағалы пікір, 

ұсыныс айтқаным теріс болғаны ма?

– Троцкий сөзін насихат еткен ауыл адамына қатаң жаза 

қолданбағансың. Демек, оның саяси көзқарасын жақтап, 

төңкеріс жасауға жоспар құрып, Ораз Жандосов, Сәкен 

Сейфуллин және басқаларымен байланыста болғансыз. 

Оларды қорғадың, қылмыстарын жасырып бүгіп қалғың 

келді, әрекетің қоғамға қауіпті, – демеді деймісің.

– Былшылды айтпаңдар. Менің мақсатым, өмірлік 

қасиетім – принципиалдық, партиялық, лениндік идея. 

Ленин өзін атқан адамды емес, оны ұйымдастырғандарды 

табыңдар, жазықсыз ешкім жазаланбасын деген жоқ 

па? Заңдылықты сақтауға Ленинше күрескер болуым 


190

жақпай ма? – деп қанша айтса да ерекше үштік ескере 

қоймас. Бағыныштыны кім тыңдайды? Сүлеймен басы 

аман қалмайтынын түсініп, төрт баласының тағдырын 

ойлап жүрегі қан жылады. Түрменің күзетшісі Ма-

ратты шығарып жібере ала ма? Түн атасына шошып, 

ұйқы көрмеген баланы қазақша ем-доммен елге барса 

сауықтырып алар ма екен? Сүлеймен түрмеде қарап жат-

пай Сталинге де хат жазар еді, оны кім табыстар дейсің. 

Үлкен қызы Әлия он жаста, Мариям тәтесі екеуі жалынып 

жүріп НКВД-ның рұқсатымен сәл уақытқа кездескен де 

еді. Қан иісі шыққан, ауасы тыныс тарылтатын күңгірт 

бөлмеде өң-түс жоқ, алау-далау, беті көк ала, көзінің алды 

ісік, жақ сүйегі шодырайып, өлімші күйдегі Сүлеймен: 

«Мариям, балалар өзіңе аманат. Тірлік оңайға соқпас. 

Өсек-аяң, жаланың қасіретін тарттым. Білімсіздік... Бір 

езу... Тапсырыс. Сірә, аяғы жақын шығар. Қызым, өмірде 

адалдыққа да жаза болады екен. Жанымдағылардың жала-

сы күйдіріп барады. Әкең өлгенімше ақ жолдан таймас деп 

еді. Жазығым адал қызмет ету еді, заңдылықты қорғауды 

талап ететінмін. Небір сорақылықты көзім көрді. «Жа-

пон шпионын ұстау керек» деген Мәскеудің тапсырма-

сына бола, вокзалда қайыр сұрап жүрген өлермен шалды 

ұстап әкеліп төпелеп, зәбірлеп жатса жөнсіздікті тоқтат 

демей тұра алмадым ғой. Тіпті баламмен бірге атпақ бол-

ды ма? Қайран Маратым-ай!» – деп жүрегі егілсе де сы-

бырмен сөйлейді. Жан-жағында жендеттер бағып тұр. 

Қоғамның түрін-ай, сотын, прокурорын осылай қорласа... 

Осындайға ұқсас талай қылмыстар, жазасызды жазалы 

етуге жыртқыштық күш көрсетуге қарсылық білдірмеді 

деймісің. Тергеу, тексеруде туралық болмаса, миға қон-

байтын заңсыздықты талайға ұғындырса да ұғынушы аз 

еді, оны да мына әйелі мен қызына айта алмайды. Кез-

десу кезінде ешкімге де қағаз-қалам берілмейді, жақын 

отырғызылмайды. Әр сөздері есепте, бақылауда. Уақыт та 

санаулы. Тірі өлім. Тәртіп темірдей. Сүлейменнің айтары 

көп еді, бәрі ішінде кеткен. Халықтың мұңын шындық ай-

дынына шығарып шерін тарқата алмады. Көп білетіндерді 

жоғарыдағы қылмыскерлер куә етіп қалдыра алмай-

тынын өзінің басына түскен зұлымдықтан іші сезеді. 



191

Еңсесі түсіп өкінеді. Амалы жоқ. Билік Мәскеуде... 

Әділдікті аңсады, Мәскеу әділ болмаса, басқасы далбаса. 

Десе де Лениннің айтқанын Троцкий, Вышинский, Ста-

лин тыңдады ма? Ұзақ жыл түрмеде отырған соқыр Ка-

плана Ленинді атты деп жариялады, бірден атты, сүйегі 

жойылды. Дәлел, дерек қалмады. Оны Есқараев нақты 

білмесе де: «Лениннің қастандық жасауға жұмсағандарды 

табыңдар! Мені атқан адамды емес, қаруды кім берді, кім 

жұмсады, терроршы топты анықтаңдар? Соны тауып ба-

рып қылмысты істі қозғаңдар!» – дегенін Есқараев есінен 

шығармайтын еді. Көсем өтінішін тыңдамағанға күмәні 

жоқ деймісің. Мемлекеттік террор басталды... Қоғамды та-

залауды Сталин қолға алысымен үрей баса-көктеп қалың 

елге еніп кеткен-ді. Бас прокурордың түрмеге түсерін ал-

дын-ала хабардар еттік, енді түрлі оқиғаларға маңыз беріп 

шегініс жасалық.

* * *


Қандайда пәле-жаланың мән-маңызын анықтап, ең ал-

дымен оқиғаның себептерін көріп-білмей тұрып жазалай 

беруге қарсы-тын. Адам – қоғамның теңдесі жоқ байлығы 

екенінен айырылып қаламыз. Өртке салатын өсек бар, 

біреуге пәле жабыстырса кегі қайтып, рахаттанатындай 

«жатып атар» бар. Ондайға нанып қылмысты іс қозғау 

масқаралық, сорақылық деп талай айтты. Ал Ақтөбе об-

лысы Қобда ауданының дүкеншісі жасанды ақша жасау-

мен айналысқан. Қылмыс үстінде ұсталып, прокурорлық 

рұқсат беріп, өзі бірге қатысып үйіне тінту жүргізгенде жа-

санды ақша жасайтын құралы табылды. Бұлтартпайтын 

мемлекеттік маңызы бар қылмыс ашылып айыпты жа-

засын алды. Тәжірибелі заңгер: «Бәрін осылай тексеріп 

пайымдап, аңғарымпаздықпен іс атқару керек», – деп 

әріптесіне ақыл айтқан да шығар. Кейбіріне Сүлеймен:

– Жапон шпионы дейсің, Қазақстанда бір жапон адамы 

жоқ, ұсталған қазағың жапонша түгілі орысша екі сөздің 

басын қоса алмайды. Картадан Жапонияның қайда екенін 

де білмейді, ауылда жүріп, облыс орталығын да көрмепті. 

Қылмысты істі бұлайша жүргізу келер ұрпақ алдында 



192

күлкіге, мазаққа қалу деп ойламайсыздар ма? – демеді 

деймісің. Ондайда үштік қарап қалмай:

– Шпион дегенің бейшара тәрізденіп, пұшайман 

күйге түсіп, Кеңес үкіметіне зұлымдығын білдірмей ая-

ғын мысықша басып жүрмей ме? Ретсіз ешкімді де тұт-

қындамаймыз, – деп ақталып қалар еді.

Өзіне қатал талап қоя білетін Есқараев өзгелерге де 

қатаң талап қойды. Заңдылықты бұлжытпай сақтауды 

талап етіп жүруі, әріптестеріне де, Мәскеуге де ұнамады. 

Оны өзі де сезді. Іштей ойқанып зиялы, алғыр ойлы, 

қоғам жұмысын алға сүйрейтін оқымыстылардың жап-

пай жазалануына қарсы пікірде болмады деймісің. Мұн-

дай сүргіннің аяғы немен тынар екен, жақсылық бола 

қоймас деп ойын түйіп жүретін еді. «Бекерден-бекер 

пәле жапқаннан Тәңірім безер», – деуші еді. «Қап, бәлем 

сазайыңды тарттырамын» деп кіжініп жүрген, әншейінде 

дос, жолдаспыз деп ақылдасатын әріптесі Мәскеуге түрлі-

түрлі пәлені қарша боратып, қанды шеңгелге ұстатып 

бергенін Есқараев түрменің тар қуысында аңғарды. Бірақ 

амалы қанша?

Сонымен 1938 жылдың наурыз айында газетте Қазақ-

станның таңдаулы, ойлы, елім дейтін 19 қоғам қайрат-

керінің аты-жөні жазылып, оған қоса, жексұрын, сұмы-

райлар, нағыз жауыздар деп қаралағандарының бірі 

С. Есқараев еді. Артында ботадай боздап төрт баласы Әлия, 

Марат, Мариэтта, Ерігі қалды. Үй мүлкі тәркіленіп, бала-

ларды жетімдер үйіне тапсырып, әйелі Марияны «халық 

жауының әйелі» деп 8 жыл үкіммен Ақмоладағы әйелдер 

лагеріне жіберді. Осылай түйіндеуге де болар еді. Жоқ, 

шегініс жасап қоғамдық зауалды барынша түсіндіре 

кетелік. Алшаң басатын қаскөй жоқ деп қалмаңыз? 

«Күндестің оты да күндес» деген сөз қалған. Бақ талас, тақ 

талас бар. Саясатты жамылып аласұру бар... Үрей басым, 

тірі қалу қайғы. Әркімнің адамынан айырылған мұңы 

жетерлік. Бүгін бар адам, ертең жоқ. Тастай батып, сеңдей 

ағып жатыр. Жау деген үкімді тағып жатыр. Жанымызда 

жүрген сұрқиялар өз пайдасын тауып жатыр. Сүлеймен 

жүрегі жырлайды:


193

Мені жоқтап заңгерлер жыламайды.

Қабірімді: «Қайда?» – деп сұрамайды.

Бір шұңқырда шашылған сүйегімді,

Қайтадан Адам етіп құрамайды.

Ұрпағым іздеу салар өлгенінше,

Ісімді айтып жүрер білгенінше.

Көсем де құлап түсер қазған орға,

Зұлымдық жағы талмас үргенінше.

Адалдық айнымайтын амалымнан,

Ажал келді өсекшіл жаманынан.

Кезеңнің құрған торы заңсыз болса,

Құтылу бола қоймас зауалынан.

Бұзу жоқ үштік құрған қамалды да,

Саясаттың мың түрлі амалы бар.

Қолына жазатайым түсе қалсаң,

Қан құйлы ататұғын адамы бар, –

деп ақырғы демін алғандай күрсінді. Ақыретін де бұ-

йыртпаған зұлымдықты айыптады. Байлық талас, бақ 

таластың қасіретін әлі талайлар көрер деп күбірледі.

 

* * *


Демек, пайдаға деміккендер:

– Осындағы тәуір үйлердің бірі генпрокурордың үйіне 

мен кіремін. Үй-мүліктерін иеленемін! – деп жанталасқан 

санасыз да бар-тын. Оған дәлел жетерлік. Қоғам қайратке-

рін құрттық, ендігі билік өзімде деуші де табылғаны анық-

тын. Өзі жұтынып жүргендерді де байқайтын. Дәреже, 

даңқ – у. Оның дәмін татқан мансапқор жойқын күшке 

айналып маңындағыны жойып тынады. Ешқашан да ісім 

жолсыз демейді. Бұл – мемлекеттік қылмыстың жасырын 

түрі, ең қауіптісі.

«Көңіл тарлығы – қорлық, одан күтіп жүргейсің 

зорлық», – деп Есқараевты аттырғаны, қорлағаны аз-

дай заңгерлер бірін-бірі ұстауы үшін немесе басқа да 

қылмыстық іс қозғау мақсатында небір қылмысты сая-

саттандыру үшін Республиканың барлық жерінде 

НКВД-ның іс қағаздарында түрлі шаруашылықтар мен 

13-0203


194

кәсіпорындарда арнайы жиналыс өткізіліп оған қаты-

сушылардың қолын қойдырып: «Халық жауы, мемлекет-

ке қауіп төндіруші есқараевшыларға аяушылық болма-

сын! Біз Сталинмен біргеміз!» – деген жиын қаулылары 

мұрағат, мұражай құжаттарында жетерлік. Күлкің келеді. 

Өкінесің, күйіктің күлкісі. Өйткені, бір қолын балға баты-

рып, бір қолын қанға батырудың жалмауыз қимылы.

Ақтөбе мұрағатының тәжірибелі қызметкері Қалила: 

«Қуғын-сүргіннің сұрапылдығы соншалық, әйелдерді 

жауапқа тартса серебряковашыл деген пәлелу қаулыла-

ры бар. Сонда ол әйел балаларын өсіріп отырған неме-

се шаруа, сауатсыз, кімді танып-біліпті? Соған қарамай 

ойсыздықпен: «Отанына опасыз», – деп қаулы қабылдай-

ды. «Сейфуллиншіл, есқараевшыл, троцкийшілдер, кө-

семіміз Сталинге қастандық ойлаушылар, Кеңес үкіметін 

құлатуды көздегендер, оларға қатаң жаза қолданылсын» 

деген сөздер жазып, саяси мән берген болады, – деді сөзін 

жалғап, – Троцкийшіл-зиновьевшіл, белсенді қайраткер-

лер саяси кәззаптар, саяси екіжүзділер болып шықты», – 

деген емес пе БК(б)П тарихында сұрапыл жылдардың 

кейбір мәліметтерінде. Ал бір-екі жылдық үкіммен айып-

ты болғандардың іс құжаттары сақтала бермеген де болар. 

Егер ондай аз мерзімді жазаланғандарды есептесе тым 

көбейіп кетуі де мүмкін.

Көптеген қылмыстық іс құжаттары Есқараевтың қо-

лынан өтті. Жазалы делінгендердің бірде-бірі кінәні Ста-

линге жаппайды. «Бұл сұрапылды Сталин білмейді, білсе 

өз халқын қырып-жойып қорлатпас еді, Сталин жасасын!» 

деушілер мыңдап, миллиондап саналған шығар», – деп 

Есқараев талай толғанды. Кейде өзімсініп шындығын ай-

тушылар: «Көсемнің жанындағы сұрқиялардың көксеге-

ні халықты зар қақтырып, бар байлығын тартып алып 

өз мүддесіне пайдаланудың иттігі тәрізді. Қастандық, 

зұлымдық жасап саясатқа қара күйе жағудың жасырын 

қимылы. Кейбіреу біреуге кектенсе немесе қыжағы бол-

са жаламен қылмыскер атандырып, пәлелеп бағындырып 

табындыруға мәздіктің иттік тірлігі. Райком хатшысы-

ның столының үстінде тұрған көсем бейнесін асығып 

отырып, газет-қағаздарды аударыстырып отырып жерге 



195

түсіріп алады. Соны көріп тұрған екінші хатшы, бөлім 

бастығы үштікке арызданып: «Көсем бейнесін лақтырып 

қорлады», – депті. Содан бірінші хатшы сотталды да 

кетті. «Бұл не қыжақ? Орынтаққа таласу емес пе?» – 

деушіні де естіп, мұңын шаққанына да байқап жауап 

беретін еді. Есқараевтың ел арасында түрлі қылмыстарды 

тексерістерде көріп-білетіні – арыз, арыздарды оқығанда 

байқайтыны – жұртта күдік басым. Әбігер, үрей бар. 

Қанды өктемдік байқалады. Мазасыздықтың басқа төнген 

қатерінің негізгі сырын білуі де баршылық еді... Қариялар 

қойдың жасындай жасым қалды деп толғанады. Қысқа 

айтса да нұсқалы сөз айтады. Тұрмысы күйсіз болса да ой-

лары өткірлер де бар. Оралды аралап жүргенде бір қария:



Қонақ үйге алдымен ас келеді,

Сыйлысына арналған бас келеді.

Қорадағы малымды тартып алған,

Мәскеуден кім жіберді таскенені, –

дей келіп, – інім, үкіметтің жоғын жоқтаушы, қоғам мүл-

кін көздің қарашығындай сақтаушы екенсің. Халықтың 

мал-мүлкін кім қорғайды? «Алаш» партиясының мүшелері 

малдан айырылса халық өледі деп еді, жаусың деп түрмеге 

әкетті, – дегенде Есқараев жұрттың малынан айырылып 

іргеге тақалғанын көзімен көріп білсе де, сөзден тосылып 

қалып та жүрді. Қария Голощекинді меңзеп отыр. Оның 

жеке билігіне Сүлейменнің сөзі өтпейді...

Жазықсыз жазаланғандар бар, оларды Есқараев жақсы 

біледі. Амалсыз. Мұңын шаққанына да байқап жауап 

беретін еді...

* * *

Әрі айтып, бері айтқанда қуғын-сүргінді ойлап 



тапқандарда, қаныпезерлікпен ататынын атып, түрмеге 

қамайтынын қамап жатқандар да Сталинге халықты 

қарсы қойғысы келген зәлімдер деп жұрт түсінгені анық. 

Оны Есқараев ұққан. Бірақ, үнсіз. Ішкі сырды ашып 

айтпайды. Ауыздан шыққан сөзді бағушы көп, аңдушы 


196

жетерлік. Өзінше өлшеп-пішіп кейде жанын азаптайды. 

Әділдіктің, жақсылықтың әлсіздігі ме? Солай сезінеді. 

Орынтағына, тұрмыс-тірлігіне қолым жетсе дейтіндер 

де табылады. Алайда қылмысты деп ұсталған Одаққа 

белгілі ірі қоғам қайраткерлерінің қызметін, атақ-даңқын 

әлденеше ой елегінен өткізіп, «іскер, адал басшы» деп 

ұйғарым алысымен «халық жауы» дей салу қандай 

қисынға келеді? Есқараев қалай ойласа да, шындығы – 

жұмбақ. Сол жұмбақты тарих кешең айтқанын көріңіз. 

«Репрессияға ұшыраған адамдардың 398 тізіміне ең қатал 

жаза қолдануға рұқсат етіп, Сталиннің жеке өзі қол қойған 

екен. Ал бұл тізімдердің әрқайсысында жүздеген фами-

лия болған», – деп ғалым Х. Маданов жазады («Лениншіл 



жас», 23 қараша, 1988 жыл). Қара сандықтағы мұндай 

құпия деректі кезінде ешкім білмейді, оны Есқараев түгілі 

Сталиннің жанындағылар түсінді деймісің. «Қылмыстық 

іс хатталды, шұғыл шара алынды. Бұл қалай?» – деуге 

ешкімнің қақы жоқ. Мемлекеттік машина билігіне қарсы 

тұру қайда? Ләм деспей ығына жығылып тынады. Ойлы 

пікір айтылмайды.

Есқараевтың білетіні, кейбір қылмыстық іс құжат-

тарының қолынан өтетін деректері көрсеткендей, зобалаң 

жылдарда Қазақ еліндегі екі жүзден астам аудан болса, 

кейбір ауданның басшылары түгел қылмыскер атанып, 

басшылық таратылып кетсе, басты кінә жоспардың орын-

далмауы делінсе, Республикада наркомдық орынтаққа 

отырғандар Мәскеудің талай кадрды іріктеу сүзгісінен 

өтіп, республикада бекіп социализм орнатуға ерекше еңбек 

етіп жатқан қайраткерлер деп бағаланған. Кенет олардың 

қылмыскер атанғанына қайран қалмай-ақ қойыңыз. 

Өмірдеректі бағдарлауда әркімнің жасы, денсаулығы, ма-

мандығы есепке алынып, қылмыс көтерілген кезде ататы-

нын атып, қалғанын Одақтың өндіріс орындарында тегін 

жұмысқа қосады. Олар күндіз-түні жұмыс істеп, талай за-

уыт-фабрикаларды тік тұрғызады. Сондықтан Қазақстанда 

да ауылдан бастап республика басшылығында ақыл-ой ай-

татын, жөн сөйлеп қызметті адал атқаратын, коммунистік 

саясатты мойындаған, жұртты жаңа істерге жұмылдыра 

білетін бірде-бір азаматтарды қалдырмай түрлі жаламен 



197

түрмеге жинап жатқанына деректер Есқараевтың қолынан 

өткен. Тәлкекке түскен тағдырларды ойлау оңай болған 

жоқ. Кейде заңсыздық дей алмай, тілі байланғандай үнсіз 

қалады. Сондай сәттерде Сәбит Дөнентаевтың: «Бұл за-

ман байқағанға күштінікі, азулы, тырнақты мен тістіні-

кі», – дегені көкірегінде сайрап кетеді. Азу өткір талға-

май жұтады, тырнақ улы жер қаптырады, тіс қылыштай 

қиып түседі. Қайсарлығы, алғыр ойлылығы кектендіреді. 

Бірақ дүлей күшке қарсы тұрар дәрмен жоқ. Мәскеуден 

тәртіп боп жеткен, әскери сот шұғыл орындап кеткенін 

білсе де ұқпайтыны бар-тын. Халыққа кім жау? Сұраққа 

жауап таба алмайды. Бәлкім қоғамның қылмысын жасы-

ру ма? Түсініксіз. Парасаттының өкініші көп қашанда. 

Заман осы, шаш ал десе бас алған. Бас сауғалап жүнжіп 

жүрген бар адам...

* * *

Голощекиннің «Кіші Қазан» даурықпасының қыр-



сығынан аштан қырылған қазақтардың санын кейбір 

ғалымдар 1 млн 750 мың десе, екіншілері 2 млн 200 

мың деп айтып жүр. Бәлкім 4 миллион болар, сол за-

манмен салыстырсақ адам санағында нақты дерек жоқ. 

Қазақ балаларының санын, малының санын дәл айтпай-

ды. Бұл – бір. Екіншіден, санақшылардың жаяу-жалпы 

жүріп, үй-үйді, ауыл-елді аралайтын көлігі жоқ. Жол 

қатынасы қиын, барар жеріне бара алмаған санақшы 

жобамен қағазға сүйкей салады. Сондықтан 1922 жылы 

басталған 1932 жылы жалғасқан аштық қырғынында 

кемінде 4-4,5 млн қазақ өлгені шындыққа келер еді. 

Бұған бірден-бір кінәлі Голощекин екені анық. 1923 

жылдың тамыз айынан Қазақстанды басқаруды қолға 

алғанда Қазақ АССР-інің V съезінің мәліметтерінде 

дәнді дақылдар 92 миллион пұт, мал басы 1922 жыл-

мен салыстырғанда екі есе өсеге өсіп, тауар айналымы 

4 есеге артқаны айтылса, халық неге аштан қырылады? 

Демек, бар жиған-тергенді үкіметке өткізіп жіберген. 

Түркістаннан Орынборға азық іздеп босқандардың жол-

шыбай қырылуы, Ақмола, Көкшетау, Қарағанды, жал-



198

пы солтүстік аймақтан Сібір өлкесіне босқандар жол-

жөнекей аштан өліп қалуына деректер жетерлік. Бұл не? 

Себеп неде? Қазақстанды қазақтардан тазартудың құпия 

тетігі, айла-амалы ма? Барлық қылмысын Голощекин 

Кіші  Қазан қозғалысына сыйғызып өзін даралап көрсе-

тіп, ақталғысы келді. Оған Сталиннен қолдау тапты. Екі 

сөзінің бірінде: «Көсеммен сөйлескен едім, менің саяса-

тымды қолдады», – деумен алдына ешкімді шығармауға 

тырысты. Оған дәлел қазақтың ірі ғалымдарының бірі 

Манаш Қозыбаевтың «Голощекиннің саяси портреті» 

(Нәубет. – Алматы: Жалын, 1990., 74-б.) шығармасында: 

«Ауылда Қазан болған жоқ, тап тартысы байқалмайды, 

кедейлер комитеті де, кулактардың мал-мүлкін ортаға 

салу да болған емес, тіпті ауылда коммунистер атымен 

жоқ», – деп жар салды. Беті шімірікпей өтірікті соқты, 

дауырықты. Сөзін Мәскеуге тыңдатты, қолдау тапты. 

«Өтірік айтқан өрге құлаш сермейді» деп, республикадағы 

31 910 коммунист барлығын есінен шығарды. Әдейі сөйт-

ті. Негізгі мақсаты қырғын жолындағы айланы байқат

пай, қылмысты жасырып негіздеу еді. Сталинге жазған 

хаты бәрінен де сорақы-тын. «Қазақтар босып жүретін 

халық екен. Табиғаты – тағылық. Таза киім киюді, үй са-

лып, оған терезе қондыруды, от жағатын мұржа орнату-

ды да білмейді. Топ-топ болып, табақ-табақ етті қолымен 

жейді, қасық ұстамайды. Аяқ-табақтары кір, лас, оны 

жумайды. Бұл ауылда жүргізілетін үлкен саясат болып та-

былады, қиындығы көп екен (VI Всеказахстанская кон-

ференция ВКП(б), стенографический отчет Кзыл-Орда, 

15-23 ноябрь, 1927 г. стр. 94).

Мұны естігенде Есқараевтың және басқа да ұлттың бас-

шы азаматтарының жаны қаншалық күйзелмеді дейсің. 

«Аузыңды жап, өтірік айтпа!» – деушіге Сталинмен пі-

кірлескенмін деп қайта-қайта жекіре айтуы жұрттың 

үрейін алуы еді. Оның тарихи деректер түбінде шындығын 

айтатынын қаперіне алмағаны қылмыскердің қылмысы-

на айызы қанатыны ма екен? Сақталған құжаттар кімнің 

кім екенін айтады. Міне, Манаш Қозыбаев Сталиннің 

Голощекинге берген жауабын сөзбе-сөз келтіреді: «Това-

рищ Голощекин, я думаю, что политика, намеченая в на-


199

стоящей записке, являевся в основном единственно вер-

ной. И.Сталин».

Міне, осыдан артық Голощекин мен Сталиннің ті-

келей ұйғарымымен Қазақстандағы аштық қырғыны 

талайлардың шаңырағын ортасына түсіргеніне дәлел ке-

рек емес. Көптеген тұқым жойылып кетті. Әуелі қазақтың 

малын тартып алды, сосын жанын шығару қиын еместігін 

білді. 1929 жылғы тәркілеуде 40 миллион бас малдың 

1933 жылы 4 милионы ғана қалса, малмен тірлік ет-

кен қазақтар қырылмай қайтеді? «Ет тапсыру майда-

ны» деп жариялап малды жинап алып, сойып пойызбен 

Мәскеуге уақытын-да жөнелте алмай, шіріп-бүлінген 

ет тау-тау боп үйіліп, Жезқазған өңірінде мұнай өнімін 

құйып өртегенде бір жыл бойы жанып жатыпты. Бұл 

жалғыз Жезқазған өңірінде емес, талай темір жол стан-

циялары маңында шіріген етті өртеу болды деседі. Мәскеу 

және басқа қалалар ет таситын вагондарды уақтылы бере 

алмауының қылмысын темір жол басшыларынан көріп, 

талай жазықсыздар сотталып, кейбірі атылып кеткенді-

гін Есқараев жақсы білетін еді. Білсе де Мәскеудің әскери 

көшпелі сотына ештеңе айта алмайды.

Табындыру мен бағындырудың қылмысы қалыңдығын 

Есқараев зерттеді, ой елегінен өткізді. Голощекин астық 

тапсыру майданында жоспарды орындады, ет тапсыру-

ды орындады, белсенділер маймаң қығып оның сөзін екі 

етпеді, күш көрсетті, қару кезенді. «Қайдан тапсаң, одан 

тап. Қаптың түбін қақ», «Социализмде сотқа тартылмаған 

адам болмайды» деген ұран қандай жан шошырлық еді?! 

Бұл қырылуды, дүлей күштің заңсыздығы қалың қайғы 

екенін жиындарда ел басшылары ашып айтып дабыл қақты. 

Бірде Есқараев Жамбыл қаласын аралады. Көшелерде 

аштан қырылып жатқан халықты көзімен көрді. Өлілерді 

жинап жүрген комсомол жастармен сөйлескенде күн 

сайынғы осындай қайғыны баян етті. Жаны күйзеліп 

Сталиннің: «Совет өкіметі өндірістік қатынастардың 

өндіргіш күштер сипатына міндетті сәйкестігінің эко-

номикалық заңына сүйенеді», – десе, «Басты байлық Адам, 

өндіргіш күш осылай қырылып жатса, мұның аяғы неге 

душар етеді?» – деп Есқараев толғанбады деймісің. Жиын-



200

дарда дерек-дәйектеп айтпады деймісің. Кеудемсоқ Голо-

щекин қан кешіп отырғанына неге алаңсыз? Бір жиында 

Егіншілік наркомының қызметкері, азамат соғысының 

жауынгері З. Төреғожин: «Жолдастар, жол сапарлар-

да бәрің де көріп жүрсіңдер, түрлі мәліметтерден біліп 

жүрсіңдер, аштық қырып жатыр. Бұл не қылған кесел? 

Құлақ керең, көзіміз соқыр ма? Одақ неге көмектеспей-

ді? Халық басына төнген аштықпен күрестің амалы 

қайда? Мәскеуге хабар тимей отыр. Неменеге именеміз, 

шындықты одақтық басшыларға жеткізбес болар ма?» – 

деп айтқанына Голощекин дауылдатып:

– Бәрі өтірік, коммунистік саясатқа жала жабу, Ста-

линнің ісіне қарсылық, аштық жоқ. Өлсе өлгендер пеше-

несіне жазылған ажалы болар. Мына Төреғожин нағыз 

оппортунист, өзінің айналасына топ құрып социализмге 

қастық ойлауда екен! – дегенінде үштік стенографиялық 

есепті сақтай білді. Есқараев пікірін іште тұншықтырды. 

Голощекиннің сол конференцияда, – Маған диктаторсыз 

деулерің жөнсіз. Сталин Қазақстанды жеке-дара биле деп 

ерік берді. Оны біліп қойыңдар... Сондай-ақ, Зиновьевтің: 

«Қазақстан Голощекиннің жеке билік құруы үшін басы-

байлы берілді» дегенін білсеңдер, маған қарсы пікірлі кез-

келген топтың күлі көкке ұшады. Оны естеріңде ұстаң-

дар! – деді.

Троцкий мен Зиновьев Алматыда ең таңдаулы сана-

торийде жатып, мотоциклдерімен шарқ ұрып жүргенін 

Есқараев біледі. Бұлардың жүріс-тұрысын бақылау жө-

нінде Мәскеуден хабар түскен жоқ. Соңында қандай зіл 

бар. «Жер аударылды десе де бір құпия есеп жоқ па?» 

деп Есқараев кейде ойлап қалатын еді. Енді Зиновьевтің 

биік мінбеде Голощекинге беріп тұрған бағасы, есімін 

дардитып көрсетуі әлгіндей. Сонда қалай, жеке биледі, 

ұлт болашағын жойды, қырды, тоз-тоз етіп тынды. 

Иесіз далаға басқа жақтан халықты көшіріп әкеле ме? 

Зұлымдығы құпия. «Капитализм қансорғыштарының түр-

лі зәбірінен құтылып, енді социализм теңсіздерді теңей-

ді, еркіндігіміздің жолы кеңейді, тарықпай өмір сүреміз, 

еңбегіміз қаналмайды, байлығымыз тоналмайды» деген 

халықтар сенімі қайда? Саясаттың ажал майданы інге 



201

тығып, бір тарының қауызына сыйғызып жан сауғалатып, 

қайғы бұлтын төндіріп тұр. Есқараев қоғамның кірісі 

кәрлі, сәтсіздігі көп зәрлі екенін ұғып жүр. Сөйтсе де бәрі 

уақытша деп өзін-өзі ақтайды... Өлім тоқтаса деп күпті 

көкірек тоқтамға келеді. Шегініс жасалық ендеше?

* * *

Мақаш Тәтімовтің дерегінде: «1937 жылы да халық 



санағы болған еді. Сталин ол санақтың нәтижесін дұрыс 

емес дегенді сылтау етіп, оны мүлдем жойып жіберуге 

тікелей нұсқау берген. Өйткені, санақ қорытындысы 

коллективтендіру нәубеті мен репрессия қасіретінен 

бүкіл еліміз бойынша 10 миллион адамнан айырылып 

қалғаны көрінген. Мәселен украиндардың – 14 пайызы, 

қазақтардың 50 пайызы кеміп кеткенін санақ нәтижесінен 

көруге болады», – десе, мұндай қалың қайғыны көзімен 

көріп, жан дүниесі қопарылған Есқараев қоғамдағы 

өрескелдікке жеңіл қарамай, мінбелерден талай айтқан 

да болар. Қоғам өзгерісінде тұнық лайланып, бақа-шаян, 

неше түрлі жыртқыш, аждаһаның қаскөйлігі оңғарылып, 

қылмыс түрі көбейетінін Сүлеймен біліп, келешекке 

сеніммен қараса да күдік-күмәні көп. Іштен тынады. 

Иілетін жерде иілмей, заңсыз деп түйілетіні және бар. 

Өйткені, «Новосібір, Омбы станцияларында қазақтар 

аштан көп өліп жатыр», – деген сөзді айтушылардың өзі 

жауапқа тартылып жатқан масқарасына шыдар ма? Бірақ, 

бұл сұмдықты Сталиннің кеңесімен СССР НКВД-сының 

айрықша кеңесі әй-шайға қарамай жазалап жатқанына 

Есқараев пікір айтуға, араша түсуге құқы жоқ. Сібір 

өлкелік прокурорының босқындар мен қазақ балаларының 

аштыққа ұрынғанын телефон шалып өтініш еткенін айтса 

да, Мәскеу тәртібі тыңдамайды. СССР-дың Бас прокуро-

ры Вышинскийдің тергеу амалындағы: «Шындығыңды 

айтпасаң өлесің, із-түзсіз жоғаласың. Ит өлімінде өлгеніңе 

актілей салынады. Ешкім іздеп таппайды. Ақтауға жат-

пайды... Контрұйымды кім басқарды? Мақсаты үкіметті 

құлату ма? Мүшелері кімдер? Бәрін мөлдіретіп ай-

тып берсең, бәлкім тірі қаларсың. Өмір қымбат, жарық 



202

күннің несін айтасың? Өз басыңның амандығын ойла», – 

дейтініндей қорқынышты тергеулер. Қисынсызды қиыс-

тырып, жаусың деуге түрлі сөйлемді сыйыстырудың ама-

лын айрықша қимыл көрсетушілер табады, бет қаратар 

емес. Осылай ойлап Есқараев тебіренбеді деймісің. Сталин-

нен бастап, Ежов, Берияның қолдауымен құрылған СССР 

НКВД-сының айырықша кеңесі дейсің бе, әскери соты 

болсын, олардың құпия жұмысының көбін Есқараев біле 

де бермейді. Дереу қимыл, зіркіл, зәбір-жапа. Одан зәуде 

бір құтылып амандығын сақтау мүмкін де емес...

* * *


Сүлеймен Есқараев кейде оңаша ойда қалғанда Сәбит 

Мұқановтың әңгімесіндегі сөзді есіне алады: «Тас жау-

са таңдайдан, мұз жауса маңдайдан» деген, шындық 

жолы тым ауыр. Оны жастық жігер жеңетін болар», – 

деді. Қалай жеңеді? Тірлікте пенденің бірді-бірге ай-

дап салып шағыстыруы бар, опасыздық бар. Әлек салу 

бар. Жаңа қоғамның тасқынында жаншылу бар. Жөнін 

білмей жаны шығуы және бар. Құтырынған бүлік бар, 

ерегес бар, текетірес бар. Бәрі-бәрінің себеп-салдарын 

біліп, жамандықтан бойыңды аулақ сала біл демеді 

деймісің. Жазушы зерттелген ұлылардың ойынан хабар 

береді. Жымысқы жыртқыштан сақтандырады. Сәбит-

пен пікір ортақтастығы болды. «Адасқандар» романының 

кейіпкерлері Бүркіт пен Бәтес махаббаты, ағайындардың 

туыстық жақындығы болуынан қарсылығы, тартыстың 

шиеленісіп кісі өліміне дейін баруының себептері, қо-

ғамдағы түрлі түсінбеушілік, бәрі-бәрі де заңгерлердің 

қылмыстық істі тергеу амалдары бойынша жазылған шы-

ғармада Сүлейменнің де ой-пікірі, дерек-дәйек жағдай-

лары болған да шығар. Замандастары сықылды Есқараев 

та әдебиетті қадірлегені кәдіксіз. «Бесік жырынан» бастап 

сөз өнерінің киесін бағалаған кезең ғой. Бірде Сәбитпен 

әңгіме үстінде:

– Қазақ әдебиеті, ауыз әдебиетін жер-жерден жинап 

алуға «Соцалистік Қазақстан» газеті арқылы үн тастағаның 

құптарлық екен. Оған үлес қосамыз, жүрген жерімізден 



203

халықтың қолында нендей шығарма бар сұрастырып 

жүреміз, – деп Сүлеймен қуана айтпады деймісің. – 1934 

жылғы Қазақстан Жазушылар одағының бірінші съезі 

қарсаңында талай жазушылардың шығармалары жарық 

көретініне сенемін. Аштықты көрдік. Сананың аштығы 

бәрінен де ауыр екен, отарлық езгі алдымен сананы жан-

шыды, – деп Есқараев сөзін үзіп ойға берілді ме екен. 

Онысы 1922 жылғы аштықта Төтенше комиссия дерегінде 

Қазақстанда 417 500 адам аштыққа ұрынды десе, солардың 

бәрі дерлік өліп қалғаны күмәнсіз. Мемлекет көмек 

бере алмаған, әскерилердің қоршауына келіп ас сұрап 

үздіккендерді атып өлтіріп, оқ тимегендерін қуды, ұрды 

зәбірледі деген қылмысты оқиғаны да Сүлеймен білмеді 

деймісің. Сібір өлкесіне ашыққандардың ағыл-тегіл ба-

руы, Кемерова қаласының өзіне он бес мыңдай аштар бар-

са, жолшыбай өлгендерінің санын дәл айту қиын. Әлсіздер 

аштықты тілеп алып па? Мал-мүлкін, азығын тартып 

алды. Кезенген мылтық, дүлей күшке қарсы тұратын кім 

бар? «Ұлы Ұрымға, қызы Қырымға кетті» деген астарлы 

сөз босқындық, үрейлі халықтың үрерге иті де қалмай 

азық іздеп азып-тозуын ұқтырмай ма? Әлемде артта қалған 

ел екені де түсінікті. Көсемнің соған мазасы кетуі де жөн. 

Қалың халықта қысасы кеткендей лаңдатуға себеп қайсы? 

Сталин: «Азық-түлік өнімдерін керексіну, өнеркәсіпке 

шикізатты керексіну өсіп отыр», – деп амалсыздықты 

да білдірген-ді. Осындай ауыр мезгілде кері тарту үгіті, 

жаулық ойлау ниеті, қастандық, не түрлі зымияндық 

та бой көтерді. Расында, мұныңыз – қоғамдық қылмыс. 

Оның зілкөтерем салмағы халықтың мойнына түседі. 

«Былай жүрсең арба сынады, олай жүрсең өгіз өледі» 

деген сөз қалған. Жан сақтау қиындайды, керкіл, жан-

жал, топтасып барды тонау, бүлдіру сықылды қастандық 

ес тандырады. Қорқау қасқырлар болар ма, қорқытып 

үрейлендіру белең алады. Тонаушы кердеңдейді, тоналған 

әлсіз ербеңдейді. Реңі қашқандарда рақымдық білінбейді. 

Сырт көзге күлкілі тірлік. Күйіктің күлкісі, өкінудің 

белгісі. Жойымпаз бірін-бірі мадақтап, кәдімігі батырлар-

дай шіренеді, түбі тесік шелектің даңғыры дерсің.

«Сүрінген жығылғанға күледі, жығылған құрынғанға 

күледі, жұғысқан тұрысқанға күледі, тұрысқан бет жыр-


204

тысып ұрысқанға күледі» деп қазақ өлер жеріне дейін 

күліп барып жатқаны аздай, саяси түрленудің түрткісі де 

басталмай ма? 1935 жылы Ленинград, Мәскеу және басқа 

қалаларда «таптық жағынан жат» элементтерді жер ауда-

рып, қуғын-сүргіннің науқаны жаппай басталып кетеді. 

Айналасы екі-үш жылда 5-7 миллиондай адам қуғын-

сүргіннің құрбандықтары болды. Осыншама адамдардың 

1 миллиондайы партия мүшелері болған екен. Ал олардың 

80 пайызы революцияға дейін партияға өткен алғыр ком-

мунистер және басым көпшілігі Кеңес үкіметі кезінде 

қызметі жоғарлатылған партиялық-мемлекеттік және 

шаруашылық белсенділері, әскербасылар, зиялылар өкіл-

дері-тін. 1937-1938 жылдары тұтқындалғандардың 1 мил-

лиондайы ату жазасына кесілді... Жалпы зорлықпен 

көшірілген мұсылмандар саны – 3 миллион адам. Жер 

аудару науқаны кезінде 1 миллиондай балалар, әйелдер, 

қарттар мен науқастар қайтыс болған. Бұл не? Байтақ 

кеңістік, жер аумағы адам иланғысыз өлікке толы. Сөйте 

тұра өрлеп келеміз, серпілдік деп кергиміз. Сана сарғайды, 

барынан айырылып жер соғып қалған қазаққа мал қайғы, 

ұмытамыз ба мұң-шерді. Қалың халық үрейлі, майдан 

үдеп барады. Кеңестің кеңшілік заңында кепілдік қайда? 

Желпінгенді үстемдік жерге тығып жатыр. «Қазық қылып 

қағамын, құдіреті жетеді қызыл жағаның» деп қалшылдау 

бар.


Жалпы алғанда, сталиншілдік құрбандығына ұшы-

рағандардың ұзын саны – 40 миллион адам («Трагическая 



статистика», АИФ, №5, 1989 г.). Сталиннің ақырғы 

демі шыққанша зұлымдық тоқтаған жоқ. Асқа тойыну 

жоқ, өмірден баз кешіп жойылу оңай болған ауыр кезеңді 

тарихтан білгенде төбе шашың тік тұрады. Адалдықты 

айтуға ауызды аштырмаған үрейлі мезгіл. Құзғын құстар 

адам өлігіне тойынып, кенелді. Семіріп, «қанатын қағуға 

ерінді». Ақылды қариялар:

– Жанықпа, аяғыңды аңдап бас, аяғыңның астында 

адамның өлігі жатыр, – деп кейде сақтандырады. Жа-

ңарған қоғамның жаңғырығы оны тыңдатар ма? Дала-

дан аптап ыстықта адам қанының күйген иісі шығады. 

Қырғын дерегі жерге сіңіп, ауаға тарап бара жатыр. Осы-



205

ны білсеңіз, мұқым жұрттың зары құлағыңызға келген-

дей болса дұрыстықты айтып:

– Сталинді әділетті еді деп ақтап көр.

– Саясатының әдісқойлығына түсініп көр, ұйып тың-

дап көр.


– Әрине, аяқтан шалғыштар, жатып атқыштар әлде-

ніп, көкіректері желденіп тіршілікті әлем-тапырақ еткені 

қылмыскер қоғамға жағып тұрды. Сұрқиялар кемеліне 

келіп, аларын алып, барар жеріне барып, мылтық кезеп то-

нап олжасын алып тұрды. Иә, жоғарыдағыдай деректерді 

Сүлеймен Есқараев жақсы білді. «Әу» дегенді жау дегізе-

тін қисынсыз тұтқындалғандарды босатып жіберуге де 

күш салды. Әулеттіні тонап, дүние-мүлкін жөнсіз, заңсыз 

талап алу деректеріне де жол бермеді. Бірақ, көптеген 

құжаттар әскери бөлім, ерекше бөлім, әскери сот арқылы: 

«Лимитті орындаймыз!» – деп жазықсызды қылмысты 

атандырып әшкерелеп жатты. Орал губерниясындағы 

әлділер әлсіздерді сойып жеудің жыртқыштық қылмысын 

тексеруге де қатысты. Адамның етін базарда сиырдың еті 

деп сатылған дерегін анықтады. Каннибализм сұмдығы 

аштықтың зардабы еді. Мал құлағы саңырау, пенде басына 

түскен қыл бұрау. Қоғам неше түрлі қылмысқа кезікті, 

кәніккен қылмыскер бұғып жүрді. Әлсіз тұсты ұғып 

жүрді. Кісі етін жеген сұмдық жұмыр жерде болған ба? 

Болған, бағзы заманда... Кеңес үкіметінде адамды со-

йып жеген жыртқыш болды дегенге нанбассыз. Кәне, 

мына деректі оқыңыз? Жиркенішті, ә?! Солай болған...

«...Ата мен ана балаларын жеді, балалар атасы мен ана-

сын жеді, үй иелері қонақтарын жеді...» (С.М. Соловьев. 



История России. - Т. 2. -740-742 б.)

Сәбит айтқандай, Есқараев уақытпен санаспай күн-

түн қатып жолсапарларда жүріп, жаңа қоғамның түрлі 

қылмысымен күресті. Партиялық саясатты насихатта-

ды. Қылмысты делінетін істі қолмен қойғандай, көзбен 

көргендей, бұлтартпайтын деректермен дайындаудағы 

өзінің тәжірибесін заңгерлерге үйретуден жалыққан жоқ. 

Талай қанды оқиғаларға күйінді, көңілі жүдеп, бармағын 

тістеп, үнсіз өлі түске ұрынып жүрді. Онысы қоғам-

нан болған, шалағай басшы шатастырған жөнсіздікті 

байқағыштығы еді.


206

Бірде СССР Бас прокуроры Вышинскийге 9-15 жас 

аралығындағы балаларды қырманнан бір уыс бидай 

ұрлағаны үшін қылмысты деп Қарағандыдағы бала-

лар колоннасында жазасын өтетіп жатқаны, болашақ 

ұрпақты түрмемен тәрбиелудің зияны көп сықылды. 

Жасөспірімдер адамды адам сойып жегенді, неше түрлі 

қанішер, зұлымдықты естиді, көреді. Содан қаны қараяды, 

бұл олардың өміріне зиян дегенді де айтпады деймісің. 

Өйткені, осы колоннадан сотталғандардың ішінде пио-

нерлер бар көрінеді. Қамай береміз бе деп Қазақстан 

басшыларына, прокуратураға хаттар жазылғанын айт-

ты. Және ондағы бес барактың әрбірінде 100 баладан 

орналасқан, жағдай мәз емес. «Нан, бидай, келдек ұрлады 

деген ұсақ қылмысқа үкім кесу жасөспірімдерді қорлау, 

тым ауыр жаза емес пе?» – деп Есқараев араша кешірім 

сұрамады деймісің. Жас баланың мамалап жылғанын 

көріп жүрегінің қатты ауырғаны еді. Ойын үзді. 

Шыдаңыз, оқиға кейін жалғасады. Кәмілдікке жету үшін 

қылмыстық істі қарап көріңіз. Ақиқатқа қоғам жеткізе 

ме, адам жеткізе ме? Жылап-еңірегеннің кінәсі ауыр ма, 

жеңіл ме? Көптеген тергеуші көзіне қарады деймісің. 

Заңға жүгіну алдамын арыңа байланысты. Ал осы ба-

лаларды соттатып жүргендер – өз туыстары. Алауыздық, 

бір-біріне кектенудің қалың қырсығы. Өсек былығын 

түсінді ме, Қазақстанның басшы қайраткері Л.И. Мирзоян: 

«Қазақтар-ау, бір-біріңнің тірі жүргеніңді көпсініп, елге 

сыйлы, халыққа қадірлі ардақты азаматтарыңды, ойлы, 

ұлағатты даналарыңды жөнсіз қаралап құрта салуды 

қашан қоясыңдар?!» – дегенін Есқараев өз құлағымен 

естіген-ді. Жұрт аузында «Мырзажан» деген сөз осындай-

дан қалды ма екен? Тоқтап қал, «Бал тамған тілден у да 

тамады» деген қазақи қағида, өнегелі ой бар.

Сөйткен Мирзоян Қазақ елін басқару билігі өзінің 

қолында тұрғанда Сүлеймен Есқараевты қорғай ала ма? 

«Есқараевты жау десеңдер, мен де жау болғаным», – деп 

жоғарғы мінбеден көптің алдында айта ала ма? Мемлекет 

басқарған адамға батылдық, шешімділік, ақ пен қараны 

айырғыштық қажет-ақ. Бірақ, «Мәскеудің тапсырма-

сына төтеп беру қайда?» – дейсің де тынасың. Көсемге 



207

табынудың үрейі ешкімді батырсындырмайды. Үстемдік 

алдында жым боласың. Есқараевтың жазалану оқиғасын 

білетін Ғабиттің төмендегі сөзін оқып көріңіз («Нәубет», 



165-166 б).

– Сүлеймен Есқараев бұрын республика прокуроры 

болған. Қызылорда-Қазалы жігіті. 1937 жылы Қазақ 

ССР Совнаркомы председателінің орынбасары еді. Қа-

зақстан Компартиясының сол жылғы бірінші съезінде 

оны халық жауларымен байланысты деп айыптап жат-

ты. Тұтқындағылардың жауаптары оқылды. С. Есқараев: 

«Мұны тексеріңдер, бұл өтірік, жала. Комиссия құрыңдар, 

комиссияны Л. Мирзоян, не О. Исаев жолдастардың бі-

реуі басқарсын», – деп тұрып алды. Орталық партия 

комитетінің екінші секретары Садық Нұрпейісов бас-

қарған комиссия құрылды (Демек, Мәскеудің лимитін 

орындаудың амалы, алдын-ала дайындалып, ақталуға 

жатпайды деп ұйымдастырудың тәсілі. – Т. Қ.).  Мен ор-

талық комитеттің бөлім меңгерушісімін. Мені де комис-

сия құрамына қосты. Сүлейменді қасымызға алып, оны 

тұтқындағылармен беттестіргелі, мойындаттырғалы 

НКВД-ға бардық. Сүлейменді бізден бөліп, сөйлескен да-

уыстары естілмейтіндей бір қара көлеңке, бірақ шамы 

жанып тұрған бөлмеге алып барды («Біз сөздерін естиік 

немесе стенографияға жаздыр, жұртқа шындықты жа-

риялаймыз», – деп Нұрпейісов айтпаған-ау. – Т. Қ). Көріп 

тұрмыз, арғы жақтан біреуді әкелді. Сүлейменмен тіл-

дестірді. Біріне-бірі бірдеме дейді (Бәлкім, Есқараев: 

«Менің орынтағым, үй-жайым керек болып қаралап, жала 

жауып тұрсың ба?» – деді. – Т. Қ). «Сен мені танисың ба? 

Білесің бе?» «Иә, танимын, білемін», – дейтіндей. Біз 

екеуінің сөзін естігеміз жоқ. Сүлейменді қасындағылар 

арғы ішке алып кетті. Бір кезде оны беттестірген шені бар 

милиция бізге келіп: «Ұйымда бар екенін Есқараев мо-

йындады, ол тұтқынға алынды», – деді (Еріксіздік, үрей, 

комиссия  мүшелері беттестіргендегі сөзін естімесе, ал-

дын-ала келісіп Есқараевты құртудың айласы емей, неме-

не? Комиссияны басқарған Нұрпейісов: «Біз екеуінің сөзін 

неге естімедік?» – деп айтпаса, бұл – жазықсызды жазалы 

етудің құпиясы. – Т. Қ.).



208

«Қалайша жау болады? 19 мемлекет қайраткерінің 

өмірдерегін өзім қайта-қайта оқып сүзгіден өткізіп, 

сұрастырып едім. Бұл мүмкін емес», – деп биік мінбеден 

Мирзоян да аузын ашпайды. Өзінің жаны тәтті. Кім жа-

нын далаға тастай алмай жүр дейсің. Сталин уақыты кел-

генде өзін де «халық жауы» деп аттыра салатынын сезбеді 

ме екен? Араларынан қыл өтпейтіндей, пікірі жарасқан, 

қызғыштай қорғап: «Іскер талант иесі, ақылды мемле-

кет басқарушысы Қазақстанды тазартып жатыр», – деп 

құдіреттей көрген Голощекинді 1941 жылы «халық жауы» 

деп аттырғанда Сталин кімді аяйды дейсің. Қоғамның 

өз кадры, өз адамдарының бес тиындық құны жоқ деп 

осыдан-ақ түсіне бер. Тоталитарлық басқыншылық тәрті-

бі солай. Табынғаннан жаның қалса табынып көр!

* * *


Сонымен, жоғарыда шет-жағасын айтқан қара ма-

шина Есқараевтың да үйінің астан-кестенін шығарып 

тінтіп жатты. Суық түстілер сазарып, күні кеше «Сіздің 

ақылыңызға, іскерлігіңізге борыштымыз» дейтіндер ақ 

мылтық борандай түтігіп:

– Әйелің, балаларың қайда? – дейді.

– Еліне кеткен шығар. Жоғалтқандарың – мен, алда-

рыңда тұрмын. Қару-жарақты тапсырдым...

– Мына баланы...

Осы кезде Марат әкесінің мойнынан қолын тарақтап 

жібермегенін милициялар да босата алмады. Әрі-бері 

жұлқылап еді, Есқараев ызаланып:

– Тиіспе балаға, өздеріңде де бала бар шығар. Оларғада 

бір зауал боларын ойла. Өмір – дөңгелек ойыншық... 

Дүбірмен айнала береді... Баламмен өлсек бірге өлеміз, 

балалар лагеріне жіберетін қылмысы жоқ. Ұждан сатыл-

майды, өлімге де бас ұрмайды, қорқау болатын қорқақтар 

ғана.


Сөйтіп, Есқараевты қан иісі шыққан тас камераға 

салды. Әйтеуір, атылатындардың камерасы емес. Тер-

геушілері Богданов па, Бабкин бе, әлде Бектеміров пе, 

кім болса да, олар тұтқын бұрынғы генпрокуроры Есқа-



209

раев екенін біледі. Концлагерьге талай келіп, қатал тәр-

тібінен қалтырап тісін қайрап жүргені болса, ыза-кекпен 

аяушылық етпейді. Ойланды: «Өмір преферанс ойыны 

емес, бірде ұтып, бірде ұтылатын. Түрме кісі екеніңмен 

есептесе бермейді», – дегендей болып еді. Бір мили-

ция ұлына бір стақан су әкеліп берді. Марат ерні кезеріп 

шөлдесе де, әкесінің жүзіне қарап рұқсат сұрағандай бол-

ды. Кісі көзіне қарап жалтақтап, үрейлене бастау түрменің 

қуықтай тар бөлмесінде басталғандай сезінген Сүлеймен:

– Іше ғой, ұлым. Сендер бақытты боласыңдар. Еңсеңді 

ешкімге бастырма. Әкелеріңнің адал қызметін сонда ба-

ғалай аласыңдар, – деді. Су ішіп алғасын Марат:

– Әке, «жаусың, жаулық ұйым» дейді. Нендей жаулық 

істедің?

– Өмірде өтірік, жала жабу кімнің жанын жемейді? 

Мен адалдықты, шындықты талап еттім. Дұшпанға, сұм-

сұрқияға ол ұнамайды. Оның үстіне менің орынтағым, үй-

мүлкім, бүкіл жиған-тергенімді тартып алуы керек. Мен 

адалмын, ұлым.

– Түсіндім, әке. Тәуекел, өлсек бірге өлеміз.

– Жоқ, өлмейміз... Сен анаңа, бауырларыңа қосыла-

сың. Олар Әжібек нағашыңның үйінде. Сосын мені қорғап 

алып шығасыңдар.

– Түрме жаман ғой, темір есік, сасық бөлме.

– Адал адамды қаралау одан да жаман. Шындықты 

ұқпайтын, заңды түсінбейтін зұлымдықпен кәніккен қа-

ныпезер, тасжүректер бір күні осындай зәбірді көреді. 

Дүниеге неге келдім, обал-сауапты білмей арам өлдім деп 

өкінеді. Аңғарымпаз бол, пайымдылықты жүрегіңде сақта. 

Жанымда дұшпан күліп жүріп бір күні жаулық ойлайты-

нын білсем де, ақыл-ойыма салып дер кезінде тиянақтай 

алмаған екенмін. Есуастың қолынан не келеді деп қате 

түсініппін, – деді Сүлеймен ұлының бетінен құшырлана 

сүйіп. – Ауылда туысқандар бар, нағашыларың Әжібек, 

Нәкеш бар. Келіп сені әкетсе, анаңа айтасың, Сталинге 

тездетіп хат жазсын! Сосын менің кінәсіз екенімді ақтап 

шығарады...

Қайткенде де Маратын құтқарып, қорғауды ойлады. 

Бала түнде өксіп шошиды, сол минуттарда болаттай берік

14-0203


210

қайсар болса да Сүлейменнің көзіне жас келеді. Құшағын 

жазбай жатқан ұлын сүйген сайын буыны босайды. Осы 

кезде камераға қайыстай қара, бұжыр бетті тергеуші келіп:

– Біз «халық жауы» екеніңді білсек те жақсылық жа-

сап карсетке қамамай мына бөлмені бергенімізді ұмытпас-

сың. Құтырынған жаулар карсетте аласұрып жатыр, ажа-

лы жақын тынышталады ғой, – деп қыбыжықтап келіп 

кетті. Сүлеймен тіл қатқан жоқ. Ұлымен құшақтасқан 

күйі ажал уақытын күтіп отырды. Әлгінің сөзі жүрегін ал-

маспен тілгендей болса да дәрменсіз.

Содан келесі күндер өтіп, түннің бейуағында ұлына 

су, нан әкеліп беріп, қайырымдылық танытқан түрме 

күзетшісі Сүлейменді оятып:

– Елден Нәкеш деген нағашысы едім, баланы әкетемін 

деп келіп тұр, – деді. Сүлеймен оған:

– Осындай жақсылық жасағың келетін өзің кімсің? – 

деді.


– Сізге қарыздар адаммын. Менің есімім – Танай, інім 

бар Жанай есімді. Соны ана жылы «Жапон шпионы» деп 

ұстағанда, «Орыс тілін де білмейді, сауатсыз, мал бағып 

жүрген адам шпион бола ма?» – деп босаттырып жіберіп-

сіз, – деді.

– Жұмысыңа кесел келмей ме?

– Оған саспаңыз, қорғаушым бар. Балаңызды оятыңыз, 

тез шығарып жіберейін, – деді. Әкесі мен баласы ұзақ 

сүйісті.

– Әке, сағынам тез кел... Анама айтып Сталинге хат 

жаздырамын, – деген Марат әкесінің құшағында соңғы рет 

болғанын, соңғы рет әкенің сүйгенін қайдан білсін. Нәкеш 

нағашысы түйе жүнінен тоқылған шекпенге Маратты 

орап, арқасына таңып алып құстай ұшып, мұңлы-зарлы 

даланың таса-тасасымен, күн-түн жаяулап жүріп ұлды 

анасына, бауырларына қосты. Көзінің сорасын сүрткен 

Нәкештің әкесі Мараттың бетінен сүйіп: «Қайыры жоқ за-

маннан қорқам, кісілігі жоқ адамнан қорқам, мүсәпірсіген 

пасық наданнан қорқам, сатқындықпен пайда табатын жа-

маннан қорқам, қан ішкен сайын мейірі қанатын зұлым 

бар, мейір-шапағатты ұмытқалы тұрған ұл-қызың бар, жа-

зылмайтын шемен шерім бар, келмеске кеткен дана ерім 



211

бар, мына менің де қазулы тұрған көрім бар, – деп күбір-

леп күңіренді. Зарлы жыры көмейден төгілді:

Жүректі қайғы қозғайды,

Боз дала желмен боздайды.

Бозарған үміт алыстап,

Жамандықтан жазбайды.

Зұлымдық толы айналам,

Жақсылық неге озбайды?

Көгімде құзғын құстар жүр,

Жүрегім көріп мұздайды.

Баянды бақыт тұрмайды,

О да тірлік заңы ма?

Қайғыма ешкім қыңбайды.

Қоғам неге тарылды,

Зұлымдар жүр қағынды, –

деп Сүлейменнің суретін төсіне басты. Күн санап, жыл са-

нап, жол қарап теңселіп жүрді қария.

Сүлейменді жоқтауы еді. Лаңдатып жатқан ауыр ке-

зеңнің себебін білмесе де жаны күйзелуі еді. Ақыл ай-

тар, көш бастар кімім қалды деп өкінуі еді. Пенденің бір-

біріне жауығып қырын қараған қасиетсіздігіне күйінуі 

еді. Дұшпаны жаза бастырды, 19 қоғам қайраткерлерімен 

бірге аты-жөні жазылып, атылғанын айтып 1938 жылдың 

наурыз айындағы газетте хабар жарияланды...

«Генпрокурордың еңселі үйіне қолым жетті», – деп үй-

мүлкін олжалағандар той тойлады ма, кім білсін? Әйтеуір, 

үштік дамылсыз ізге түсіп, әйелі Марияны: «Халық 

жауының әйелі», орның түрмеде тұр», – деп 8 жылға үкім 

кесіп Ақмоладағы әйелдер лагеріне жібергенін жоғарыда 

айттық. Онысының құпия есебі үй-мүлкін дауламасын 

деуі ме? Әрине, солай. Тірі куәні қалдыруға болмайды. 

Мария адамын жоғалтып, еріне құт болмаған дүние-

мүлікті, үйді қайтсін? Қалған өміріндегі тілегі төрт бала-

сын аман өсіру еді... Тасжүректер оны да қимай балаларын 

тірідей жетім етіп қорлауы бұрын-соңды әлемде болмаған 

зұлымдық шығар... Лагерьде күніне 40 бау қамыс орып 

жазаланып тарығып жүрсе де, күніне төрт-бес тұтқын 


212

әйел өліп жататынын көрсе де, балаларына қосылуға үміт 

үзбей, «Сталиннің суретін кілемге тоқып салып, хат жазып 

Мәскеуге жіберсек кешірім етер» деудің далбаса екенін 

қайдан білсін? Әйелдер сәл босаса жанын жалдап кілем де 

тоқыпты... Кілем де, хат та Сталинге жетер ме? Түрменің 

басшыларына олжа болады. Талай жазықсыздың зары-

ғып өткен қайғылы күндерін ойлаудың өзінен жаның 

шошиды. Залымдықтың біте қайнасқан зардабы тарих 

бетінен өшпек емес...

Әйтеуір, сталиндік қым-қуыт кезеңде Берияның бол-

сын, Ежовтың болсын, Вишинскийдің болсын, халық 

басына төндірген зұлымдығын тарих кешіре алмас. Ұлт 

ұлылары, қоғамдық қайраткерлер түп-түгел атылып 

кетуі Мәскеудің тарих алдындағы қылмысын жасыруы 

жолындағы айла-амалы тәрізді. Тірі куә қалдырмаудың 

құпиялы жағдайы... Сөйтіп, Сүлеймен Есқараевтың қыл-

мысы жоқтығы анықталып, ақталды... Бірақ жазықсыз 

атылғаны, балалары мен немерелеріне әке, ата болар ма? 

Қайғысы көкіректен кетер ме?..

 * * *

Шегініс жасап, өткенге өкінгенде, бүгінгі тәуелсіздік 



арқасында кеткеніміз келіп, тарихымыздың беттері 

түгенделіп жатыр. Қазақ елінің Бас прокуратурасы 

Есқараев атындағы жүлде ұйымдастырып, ең үздік 

заңгерге Есқараев бейнесі бейнеленген төсбелгісімен 

марапаттап тұрса, артық болмас еді. Ескерткіш орна-

тып, көшелерге есімін беріп, мұрағат-мұражайлардан 

орын берсе үстемдікке езілгендерді қорғаған ерлік іс 

жоғалмас еді. Сүлейменнің әке-шешесі аштан қырылған 

жетім балаларға тигізген жәрдемі, қамқорлық жасаған 

үлкен адамгершілігі, адал заңгерлігі ұмытылмақ емес. 

Ал Мәскеуге тайсалмай айтарын айтқан, заңдылық 

жөніндегі құнды пікірлері терең зерттеуді қажет етеді. 

Мәскеуде Берияның: «Кім өзі? Атылсын!» – деуі аса та-

лантты, ұлтшыл, білікті заңгер, қоғам қайраткері, ірі 

тұлғалардың бірі екенінен құты қашып сескенуі деуге де 

болады... Бериялық қан кешуде кәніккен әккі топ, ананы 



213

жесір, балаларды жетім етудің ауыр қайғысын ойлаған 

жоқ. Жылап-еңіреген халықты тасжүрек елер ме? Әкесін 

сағынып зарыққан балалар қайғысы... «Жетімдерге жа-

саған жақсылығымыз ғасырларға кетеді, еңбегіміздің 

ұйытқысы, мәйегі – ұрпақтың есінде қалуымыз», – деуші 

еді Ғани Мұратбаев. «Арып-ашып жүздеген шақырым 

жол жүріп тарыққаның да қиындықтарға жолыққаның да 

қоғамның жақсылығына атқарған қызметің де, еркіндік, 

тәуелсіздігімізбен ақталады», – дейтін Сәбит Мұқанов. 

«Өмірде бәрі ұмытылады, тірлік алақанға қонған шаң 

тәрізді жел соқса ұшып кететін. Адам – жел айдаған 

қаңбақ, қай жерде тоқтап тынарын білмейді. Сөйте тұра 

пенде бірін-бірі күндейді, өш-қастық, кек жинап жүрегін 

күпті етеді. Кім болса да жаны бар, өмір сүргісі келетіндер 

үрейден қорқады. Жасып есінен айырылады. Өзінің қара 

басын діттеп сатқандыққа барады, қылмыс жасайды. 

Соның көбі білімсіз надандықтан өрбиді. Ел аралап жүріп 

халық қазынасы билер сөзін, жырларды жинап едім. 

Сәбиттің қолына тапсыра алмадым... Мария жеткізер. – 

Есқараев үкім қағазын қолын ұстап санаулы минуттарды 

күтті... – Заман келер, қоғам өзгерер сонда жанымда оты-

рып көзіме қайта-қайта назарын салған, беттестіруге апа-

ра жатқанда да жаныма жылулық бергендей болған Ғабит 

Мүсірепов, қос қарашығым да әділдіктің маздаған шуағын 

түбінде жазар, халқыма жеткізер... Ай, қайдам... Адам 

саясатпен ықтай береді... Пенде басына шындық айтатын 

билік тиер деймісің?

Қазір мені де атады... Атылғандар соңғы сөзіңіз десе: 

«Сталин жасасын, мына жауыздар көсем абыройына кір 

келтіріп тұр!» – дегенін талай естіген-ді. Ал қазір өзі има-

нын үйіріп Аллаһтан тілегі өз иманын өзіне бұйыртуды 

ғана тілейді. Ар-намысым адал, оң иығымда періште, 

сол иығымда періште. Қыршын өмір. Е, ажал адамды 

зұлымдықтан құтқарар... Жамандықтарды көп көрдім, 

әбден мезі болдым... шаршадым. Қатыгездік, мейірімсіздік 

бәрібір таусылмас. Одан ажал пендеге бұйырғаны... Әттең, 

кісі қолынан жазықсыз өлуің ғана өкінішті... Қазір атады. 

Дәм таусылды. Дабыра жұрт не десе, о десін. Өлі денеге 

бәрібір. Соңғы тілегім – ұрпағымның амандығы».



214



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   24




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет