Логопедиялық топқа қабылданған балаларды тәрбиешінің тексеру тәртібі: 1. Қарапайым математикалық түсініктерінің дамуы. Баланың мынандай біліктері тексеріледі:
- 5-10 аралығында санауы;
- заттарды негізгі белгілері бойынша салыстыру;
- берілген санға сай заттарды іріктеу;
- заттарды мөлшері бойынша салыстыру (үлкен- кішкентай, жалпақ – жіңішке, ұзын-қысқа т.б.);
- геометриялық пішіндерді ажырату;
- кеңістікте бағдарлау.
2. Бейнелеу, мүсіндеу, жапсыру. Баланың мынандай біліктері тексеріледі:
- қарындашты дұрыс ұстауы;
- тік және көлденең сызықтарды сызуы;
- дөңгелек пен сопақшаны салу;
- үлгіге сүйеніп және сүйенбей, ермексаздан (балшықтан) пішіндерді мүсіндеп жасау (шар, шұжық, тоқаш);
- қайшыны дұрыс ұстау;
- қағазды тігінен және көлденеңінен (тік және толқынды сызықпен) кесу;
- дөңгелек, сопақшаны кесу.
3. Үлгіге сүйеніп және сүйенбей құрастыру. Баланың мынандай біліктері тексеріледі:
- бөлшектерден тұтас затты құрастыру (суреттер, кубиктер);
-сіріңкенің шырпыларынан немесе таяқшалардан пішіндер құрастыру.
4. Моторлы дамуы. Баланың мынандай біліктері тексеріледі:
- оң/сол аяғымен кезек-кезек алдыға-артқа жылжып секіру, заттардан аттап секіру;
-допты лақтырып, қағып алу, еденге соғу;
- гимнастикалық сатыға өрмелеп шығу/ түсу;
- басқа қимылдарды (бір аяқпен тұру, тақтай бойымен жүру т.б.) орындағанда тепе-тендік сақтау.
5. Өзіне өзі қызмет көрсету және тұрмыстық еңбек. Баланың мынандай біліктері тексеріледі:
- түймелерін тағу, шешу; аяқ киімнің замогын ашып жабу,бауын байлау, шешу;
- қолдарын дұрыс жуу, сабынмен орамалды дұрыс пайдалану, тістерін тазалау;
- қасық, шанышқыны, майлықты дұрыс пайдалану;
- дастархан жаю, төсек жинау, ойыншықтарды жинау.
2. Ойын біліктері мен дағдылары:
-қимылды, дидактикалық, сюжетті-рөлді және басқа ойындарға қатысуы;
- ойын ережелерін, кезектілігін және ойын әрекеттерінің кезектілігі мен өзара байланысын бағытталған түрде ұстану.
Тексеру барысында алынған мағлұматтарды тәрбиеші бағдарламада төменгі немесе жоғары топқа қойылатын талаптарымен салыстырады. Осы кезеңнен бастап тәрбиешінің жұмысы логопедтің жұмысымен тығыз байланыста болады. Тәрбиеші логопедиялық тексеру нәтижелерімен танысып, сөйлеу картасы, медициналық құжаттарда жазылған ақпараттармен, логопедиялық қорытындылармен танысады. Логопедпен тәрбиеші арасындағы жұмыстың дұрыс, анық жүргізілуі түзету педагогикалық жұмыстың жоғары тиімділігінің кепілі. Жоғарыда айтылғаннан, логопедиялық топтағы жұмысты сипаттайтын, тәрбиешінің әрекеттерінің маңызды компоненттерін белгілеуге болады. Тәрбиешінің міндеттеріне ең алдымен, балалар ұжымында жағымды жағдай орнату, балалардың өз мүмкіндіктеріне сенімін бекіту, бұзылған сөйлеу тілінің бұзылған мүмкіндіктеріне байланысты кері әсерлерді болдырмау, сабақтарға қызығушылықтарын арттыру болып табылады. Тәрбиеші бала тәртібіндегі әр түрлі негативті жағдайларды шешуге, аса қозғыштығын уақытында байқап, мұқият болуы керек. Жұмыста баланың шаршағыштығының, енжарлығының үстемдігіне себепші факторларды ескеру қажет.