М. Алайдар Ғылыми жетекші: Р. Жақсылықбаева Тақырып



бет5/6
Дата25.04.2023
өлшемі49,41 Kb.
#86767
1   2   3   4   5   6
«Түйенің етін жеме». Қазақтар екіқабат әйелге түйенің етін жеуге тыйым салған. Ондағы мақсат – жүктілік мерзімінің 10-12 айға созылып кетуінен сақтандыру. Жүктілік мерзімінің ұзаруы іштегі баланың әлсіз, ауру болып туылуына алып келеді. Әрі уақыт өткен сайын бала үлкейіп, анасының өмірге алып келуі де қиындай түседі. Қазіргі таңда, осы ырымға байланысты түрлі қарама-қайшы пікірлер туындап жатыр. Этнограф Бағдат Мүптеқызы: «Жалпы түйе өзінің төлін он екі ай көтеріп жүретінін барлығы білетін шығар. Осыдан да жүктілік кезінде түйенің етін жеуге болмайды деген ұғым қалыптасқан. Босанар мерзімі өтіп бара жатқан келіншектен «түйенің етін жеп алғансың ба?» деп сұраған. Бұл ырымның қазақтарда бары рас. Шынында да түйе етін жеген келіншектің жүктілік мерзімі ұзарады», – дейді. Дәрігер гинеколог Роза Мәдібекқызы пациенттерінің арасында түйе етін жеп, жүктілік мерзімі ұзарған әйелдер жиі ұшырасады екен. Оның айтуынша, «Түйе 12 айда туатыны белгілі, оның еті мен сүтін ішсе адамдар да солай ұзақ көтерген жағдайлар кезінде талай болған. Сондықтан мен жүкті келіншектерге түйе етін жемеуге кеңес беремін. Расында да ол жүктілік мерзімін ұзартады. Маған қаралып жүрген жүкті келіншектердің көбі осыдан жүріп қалып жатады. Бұл рас. Әсіресе, Созақ ауданының келіншектері. Онда түйе шаруашылығы жақсы дамығандықтан болар». Мамандардың пікірлеріне қарап ата-бабамыздың тектен-текке ырым етпегенін аңғаруға болады. Әрине, бұл тыйым әлі ғылыми түрде зерттелмеген. Соған қарамастан, жүктілік мерзімі ұзарған әйелдердің сөздерін дәйек ете аламыз. Мәселен, қызылордалық Күләш есімді келіншек NUR.KZ сайтының тілшісіне берген сұқбатында, аяғы ауыр кезінде түйенің сүтіне жерік болып, үлкендердің тыйым салғанына қарамастан «итжерігін» басу үшін шұбат ішеді. Соның салдарынан жүктілік мерзімі 11 айға созылыпты. Қазақ бұндай жағдайдың да алдын алып, келіншекті түйеден аттататын болған. Бұл да бір ырым. Кейіпкеріміз Күләш та енесінің айтуымен осы ырымды орындаған. Бұдан байқайтынымыз, қазақ халқы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ерте кезден-ақ білген.
Жас босанған анаға бала емізу кезінде «жалаң бас емізбе» деп тыйым салады. Оның мәнісін «Салт – дәстүр сөйлейді» кітабында Санжар Керімбай «қазақ ырымында шайтан әйелдің шаштағы кірін бөпе еметін сүтке араластырып жібереді, осыдан баланың жаны кірленіп, бойына жамандық ұялап, есейгенде мәңгүрт, безбен, тілазар болады деп сенген» деп түсіндіреді. Жалпы айтқанда қазақ келінінің орамал тағуының да текке емес екенін аңғаруға болады. Сонымен қатар жаңа босанған анаға байланысты тағы бір ырым 40 күнге дейін қолын суық суға салмаған. Бұл тыйымның мәнін Ахметжан Қайбарұлы «Қазақ ырымдары» деген кітабында тарқатып айтқан. Ғалымның айтуы бойынша, босанған әйел қолын салқын заттарға тигізсе жаңа туған нәресте суық жүректі, тасбауыр болып өседі деп ырымдаған екен. Үлкен кісілер қонақта болған үйінен келінім дәметіп қалады деп өздерімен бірге сарқыт ала келетін болған.
Қазақ бауыр еті баласынан ештеңе аяған емес. Баланың кіндігі түскеннен кейін ұланасыр қылып бесіктой жасайды. Біздің мақсат той туралы емес, қазіргі таңда көпшілік біле бермейтін бесікке қатысты ырым-тыйымды сөз ету. Бала кезден құлағымызға сіңген тыйымның бірі «бос бесікті тербетпе». Тыйым айтылған соң әлбетте оның салдары да қатар айтылады. Сол секілді бұл тыйымның мәні бос бесікке шайтан баласын салып қояды екен, ал оны тербету шайтанның баласын тербеткенмен бірдей. Бесікке қатысты тағы бір ырым сәбиді бөлер алдын бесікті отпен не болмаса адыраспанмен аластау. Олай жасамаса іште жасырынып жатқан шайтан баланы ішінен нұқи берген соң, баланың іші ауырып, мазасы қашады. Ал, ол шайтан қайдан кіреді десеңіз бесіктің жабуын жаппай тастап кеткеннен кіреді. Осы себепті «бос бесікті жабусыз қалдырма» деп тыйып тастаған.
Ендігі кезекте көпшілік қауымның мән бермей қате жасап жүрген әрекетіне тоқталсақ. Зейнеп Ахметова «Күретамыр» кітабында қазіргі телеарналардан көрсетіліп жүрген салт-дәстүрлерді насихаттайтын жобалардың өзінде қате кетіп жатқанын айтады. Ол қандай қате десеңіз, эфир барысындағы бесік те, жабдықтары да аппақ. Бауыржан Момышұлының келінінің айтуы бойынша қазақта бесікке ақ жабу жаман ырым. Өйткені ақ жабуды қайтыс болған адамға жауып, ақ кебінге орап жерлейді. Бесікті аппақ етіп жабдықтау «әлди, әлди, ақ бөпем, ақ бесікке жат бөпем» деген бесік жырын тура мағынасында түсінуден пайда болған сияқты. Зейнеп Ахметова бұл жерде тура мағынасында емес, киелілігін, пәктігін айтып тұр деп түсіндіреді. Бұдан бөлек, бесікке қатысты тағы бір тыйым қазақ ешқашан бесіктен аттамаған, аяқ тигізбеген. Бесікті қирату «ұрпағың өспесін» деген ниеттегі қас дұшпанның әрекеті болып саналған.
Бесіктегі сәби өсіп, оң мен солын тани бастағанда жасы үлкен кісілер баланың құлағына ырым-тыйымды құя бастайды. Осы уақыттан бастап бойына сіңіреді. Мәселен, «табалдырыққа тұрма», «босағаны керме», «нанды баспа», «тұзды төкпе», «үлкеннің алдын кеспе», т.б. Тек осы секілді ырымдарды жеткіншектерге түсіндіргенде тек жаман болады деп айтып қана қоя салмай, жасасаң не болатынын да түсіндірген абзал. Бұндай ырымның қайдан шыққанын, тәрбиелік мәнін де түсіндірер болсақ артық етпейді. Сонда балалардың қызығушылығы артып, өзгелерге де айта жүреді әрі ұмытпай тыйымдарды есінде ұстайды. Жоғарыда аталып өткен ырымдардың шығу тарихына үңілсек.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет