Шорманға бір бәйбішінің сын айтуы Есіл бойында Қарақозған: Қарабай, Шорман,-
он шақты кісі өрдегі Қуандыққа жолаушы болып
барыпты. Жаздың күні ыстық шілде, әуе жерге
түскен ыстық күн екен. Бір ақбоз үйдің сыртында
тұра қалып сөйлес қылыпты. Кісі шықпапты. Сонан
соң өздері кіріп барса, үйдің ішінде екі кісінің
құшағы жеткісіз бір бәйбіше қатын отыр дейді.
Екі жылқының терісінен қылған бір саба қымызға
лық толып тұр дейді. Онан басқа қыбырлаған жан
жоқ. Бәйбіше бұлардың шаңырқап, сусап келгенін
көріп, орнынан әрең зорға қозғалып барып, сабаны
пісуге мұршасы келе алмай, аяғымен толқып
қозғады дейді.
-Балалар, біреуің келіп, шараны аузына тоса
беріңдер!-деп.
Сонда бұлар мырс етіп күліп жіберді дейді.
Бәйбіше бір көлді бір көлге қотарғандай, сабаның
аузын қисайтып құлатып, шараны лүпілдетіп
аузынан асыра құйып:
-Ал, балалар, іштеріңе сыйғанша орталарыңа
алып, іше бер,-деп, шаршап-уф!-деп, отыра кетті
дейді.
Бұлар қымызды ішіп, кенеліп, маңдайлары
шып-шып терлесіп, мәз-мейрам болып, өздеріне-
өзі келген соң, бәйбіше баяулап қоңырлап, ақырын
ғана сұрады дейді:
-«Жылағанды сұрама, күлгенді сұра»-деп
еді. Балалар, мана мен қымыз құйып жатқанда, не
себепті күлдіңдер?-дейді.
Онда олар айтты:
-Сіздің сабаны аяғыңызбен толқығаныңызға
күлдік,-дейді.
-Оның несіне күлдіңдер?-дейді.
-Біздің жақта қарияларымыз ұрсып тастаушы
еді: «Ақты аяғыңмен теппе, ырымға жаман болады»-
деп. «Бұл жақта ондайды ырым қылмайды-ау!»-
деп, бұрын өзіміздің жақта көрмеген нәрсеміз
болған соң, бізге ерсі көрініп, соған күлдік,-дейді.
Онда бәйбіше айтты:
-Балалар, бұрынғының мақалын естіген жоқ
екенсіңдер: «Барында батып іш, жоғында сатып іш.
Құдай беріп қойған күнінде шалқаңнан жатып іш».
Дүние, шіркін, кетер болса, өпкеніңмен келмейді.
Бір беттеп келер болса, тепкеніңмен кетпейді.
«Кедейлер ырым етер, ырымы қырын кетер»,-
деген. Ырымшыл болсаңдар, елдерің кедей ел екен
ғой!-депті.
Бұлар дәнеме айта алмай, ұялып қалыпты.