М.Ж. КӨПЕЕВТІҢ 155 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛАДЫ Сөзден жеңілген Шорман Қарауыл жаққа қарап:
-Әй, момынның баласы-ай! Жүйірікпен ел
еруде тезек тасып, көшкенде арба сүйретіп, арқасын
жауыр, құйрығын шолақ қылып ұстайсыңдар-ау!-
дейді. Біраз бөгеліп отырып Тәбітай:
-Бәйгеден өзі келетін жүйрікті баптап не
қыласың!-депті сонда.
Далаға шыққан соң Қарауылдың кісілері:
-Тәбеке-ай, соңғы сөзге жауапты тым бөгеліп
бердіңіз-ау!-депті.
-Ол менің кедейлігімді айтып отыр. Мен
арсыздықтан жауап бердім. Сендердің кигізген
киімдерің мен мінгізген аттарыңды айтайын ба? –
депті Тәбітай оларға.
Қаһарлы Жанақ (Шорманды атуы) Сілеті деген өзеннің бойында «Соқсаңсоқ»
шатының тұсында Жаңабатыр бидің баласы
«қаһарлы» Жанақтың моласы бар. Бұл кісінің
басына-тұсындағы –Керей, Қанжығалы ауырған
малын түнетеді: жазылып, тыйылып кетеді. Бұл
кісіні заманындағы жақсылар: «Доғал оқ»-дейді
екен. Оның мәнісі не десеңіз: «Аттым!»-десе, адам
да болса, мал да болса, мұрттай ұшады екен.
Бұл кісінің заманында Өлеңті бойында Ажы
деген қыстауға Күлік: Жаңабатыр табы мен Бейбіт
деген ел даулы болыпты. Сонда ара қарындас
екеуімізге бірдей сөйлейді деп, Топай –Торайдың
Торайын шығарған екен билікке. Бұл Торай түбі
Жаңабатырға бір атасы жақын екен. Бейбіттен
пара алып, даулы-талас жерді Бейбіттің пайдасына
кетіріпті. «Бітімге барғандар не билік қылып қайтар
екен?»-деп, қаһарлы Жанақ Ажының биігінің
басына шығып, жолын тосып тұр екен. Бітімнен
қайтқан Торай бұл кісіге соқпай, қырындап өтіп
жүре берді дейді. Қасындағыларға айтты дейді:
-Торай қу маған неге жолықпай кетіп барады?-
дегенде, қасындағылар айтыпты:
-Оны құдай ұрды, Бейбіттен пара алып, жерді
соған жіберді,-депті.
-Ол баламды аттым! Ертең түсте өледі,
жаназасына бармаймын!-депті. Айтқанындай,
ертең түсте: «Торай өлді!»-деп, жаназаға
шақырыпты. Жанақ бармапты. Торайдың моласы
сол Ажы түбінде.
Бір бұл емес, әркімдерге сондай қылған жері
көп. Шоң би мен Боштай араз болғанда, Шоң би
Жанаққа:
-Маған қастық қылды, Боштайды ат!-депті.
-Боштайдың оққағары бар екен, бір баласын
аттым,-депті.
Баласы мұрттай ұшыпты. Шоң өлген соң,
Боштайдың әкесі Тұрсынбай батыр:
-Итемгенді дуанбасы сайлаймын,-депті.
Боштай:
-Шорманды сайлаймын,-депті.
Әкелі-балалы екеуі екі жаққа тартып,
ақырында Боштайдың дегені болып, Шорман би
дуанбасылыққа сайланыпты. Тұрсынбай қаһарлы
Жанаққа келіп:
-«Сен Құлболдыға қас қылғаныңды атамын»-
деуші едің. Сол сөзің рас болса, Құлболдыға қас
болып, Боштай Шорманды дуанбасы қылды.
Атқыш болсаң, Шорман мен Боштайды атшы!-
депті.
-Боштайжанның өзінің де өмірі қысқа. Оның
жаласы менен болмасын. Шорманды аттым,-депті.
Баянаулада сайланып, ел жайлаудағы кезі
екен. Ерейменнің ар жағында аулына бара Шорман
өліпті. Жасы қырық тоғызда екен.
Шорман би сау кезінде айтады екен:
-Елуге жетпей өлген кісінің не арманы бар
екен?-деп.
Онда замандастары айтады екен:
-Көп жасаған жаман болса, ақсақалдар
ақсақалды: «Сары тісті бол!»-деп неге бата
қылады?-дейді екен. Онда Шорман би айтады екен:
-Ақсақалды «Сары тісті бол»,-деген сөзінің
аузын ұрайын! Елуге жетпей, қыршын жас
өлгеннің қойнындағы қатыны күйінеді, халқы
күйінеді, оның өлгеніне қара жер сүйінеді. Елуден
асқан соң өлгеніне қатыны да күйінбейді, халқы
да күйінбейді, оған қара жер де сүйінбейді. Жер
қуанып қойнын ашпаған неменің өлісі не, тірісі не,
оның өлген-өлмегені бәрі бір бас-бас-дағы,-дейді.
Сол өзінің айтқанындай болыпты. Қазақта
бір мақал бар: «Мешкей асқа тоймайды, жаман
жасқа тоймайды»,-деп. Аса жақсының өмірі
қысқа болады. Боштай отыз жеті жасында өліпті.
«Үзеңгісіне у жағыпты Баянаулының қазақ-
орысы»-деген сөз бар.