Орхон ескерткіштері туған дәуір, ондағы тарихи шындық
Тарихтан жиі ұшырасатын Скиф (Сақ), Үйсін, Қаңғы (Қаңлы), Дулат, Оғыз, Қыпшақ — бәрі де Сібірді, Қазақстанды, Орта Азияны, Орта-Төменгі Еділді, Каспий жағалауларын сонау ерте замандардан- ақ мекендеген түрк-моңғол руларының әр кездегі ру-ұлыстық, түрлі бірлестік аттары еді.
Заманымыздың V ғасырынан бастап бұл өңірлерде әлгі аталған
бірлестік-мемлекеттердің негізінде түрк халқы қоғамдасып, соның негізінде Түрк қағанаты орнады. Бүгінде түрк халықтары деп аталатын қазіргі әзербайжан, түркмен, қырғыз, қазақ, өзбек, қарақалпақ, башқұрт, татар, алтай, хақас, ұйғыр, чуваш, ойрат, тува халықтары осы Түрк кағанатына топтасқан ру-тайпалар негізінде қалыптасқан.
Түрк халқын әдетте хан басқарған. Ханның Ордасы болған. Ордада ханмен бірге әр уақытта ақылшы жырау тұрған. Ханнан кейінгі басшыны
— жабғы (бас уәзір), ханның өз мұрагерін — тегін деп атаған. Ал дулаттар (дулу) билеген Батыс Қағанатында ханнан кейінгі дәреже жора деп аталған.
Әскери демократияға негізделген түрк коғамында халық: бек (ақсүйек),қара будун (бұқара),құл, күң деп жіктелген.
Күші жағынан да, мекені жағынан да заманының іргелі мемлекеті болған Түрк қағанатының тарихы V ғасырда Хундардан қашып шығып, Алтай тауының түстігіне қоныс тепкен Ашындардан басталады.
Тарихи деректерге қарағанда, Ашындар көшіп келген Алтай тауын ол кезде өздерін түркпіз деп есептеген қаңлылар, қыпшақтар, телістер, қырғыздар, байырқылар, басмалдар, құрықандар, отыз татарлар, ізгілдер, едіздер, қарлұқтар, кеңгерестер, дулаттар, үйсіндер, сол сияқты бертінде түрк халықтарының негізін кұрған басқа да көптеген дала тайпалары мекендеген.
ғасырдан бастап осы аталған рулардың бәріне түсінікті, ортақ түрк тілі қалыптаса бастайды.
Бүкіл Сібірді, қазіргі Қазақстан мен Орта Азияны түгел жайлаған
«ұзын найзалы, жарау атты» түрктер үш ғасыр (VI—VII—VIII ғ.ғ.) бойы кең далада адам айтқысыз алапат, жойқын соғыстарды басынан кешкен.
Түрк халықтарының бірлесуін тарихшылар Бумын қаған үстемдік еткен 545 жылдан санайды.
Бумын — саясатқа мықты, айлакер адам болса керек. 551 жылы өзімен көршілес жужандарды талқандап, көшпелілердің арасында даңқы асқан ол Елханы деген атқа ие болады. Бумын қайтыс болған соң, таққа бірінен кейін бірі қатарынан оның үш ұлы отырады. Солардың ішінен тарихта Муганханның есімі ерекше аталады. Ол өзімен көршілес жужандарды, татабыларды, қидандарды түгел бағындырды.
Түрктердің жойқын соғыстарының біразы Бумын ханның інісі Естеми (Есті-ми, ақылды деген мағынада) ханның атымен сабақтасады. Ол — Бумынның тірісінде-ақ қол басқарып көзге түскен, ханның жабғысы (уәзірі) болған адам. Естеми Батыс жорықтарын басқарған. 555 жылы Шаш (Ташкент) қаласын, Жейхун (Амудария), Інжу (Сырдария) өзендерін қаратып, Арал теңізіне дейін жеткен. Осымен Естеми жорығы тәмамдалады.
ғасырдың 80 жылдары хан тұқымдарының арасында дау-
жанжал өршіп, соның салдарынан Түрк қағанаты Батыс және Шығыс қағанаты болып екіге бөлінеді. Жетісу өңіріндегі, Шу бойындағы, Еділдің төменгі, Ертіс, Есіл өзендерінің жоғарғы сағасындағы өзара жауласып, әбден титықтаған түрк рулары Батыс қағанаттың құрамына енеді.
Батыс қағанаттың құрамына енген рулардың ішіндегі ең бастылары Дулу (дулаттар) одағы мен Шу, Талас, Ыстықкөл маңындағы нушебилер (үйсіндер) еді. Дулаттар мен нушебилердің әрқайсысы дербес бес рудан тұрса керек. Батыс қағанатын кейде «он ру» немесе «он оқ»20 халқы деп атайтыны да сондықтан.
604 жылы Батыс қағанат құлайды. 635 жылы дулаттың бес руы, нушебидің бес руы бөлініп, өз араларынан бек сайлап, биліктің белгісі ретінде оларға оқ береді. «Он оқ түрк» деген сөз содан қалған. Дулаттар мен нушебилердің шекарасы ретінде Шу өзені белгіленеді.
Қолдарына билік тимеген қарлық, яғма, қыпшақ, басмал тәрізді ру басылары жаңа тәртіпке көне қоймайды да, өршіген наразылық ақыры Шұбар Төліс басқарған он оқ ордасына қарсы көтеріліске ұласады. Шұбар Төліс хан төңірегіндегі достарымен қашып, Ферғанаға жетіп, 639 жылы дүние салады. Ал жауласқан екі жақ бітім жасап, Іле өзенінің екі бетін бекініс етеді.
Іле өзенінен бастап Сібір тайгасына дейінгі аралықты жайлаған батыс түрк руларының басына 641 жылы Үкі шад таққа отырады. Олардың құрамына Жоңғариядағы басмалдар, Алтайдағы қыпшақтар, Минусинск ойпатындағы қырғыздар, Енисей, Тарбағатайдағы басқа да көптеген тайпалар енеді.
Үкі шад Жетісудың оңтүстігінде дулаттармен жойқын соғыс жасайды. Бірақ дулаттардан жеңілген ол қашып Байшынху (ертеректе Исфиджаб, бертінде Сайрам аталған қала, Шымкенттің шығысында) каласына жасырынады. Бұл жерден қол жинап, қайта шабуыл жасайды. Бірақ жауынгерлікпен атағы шыққан дулаттар батыс ашын руларының бірінен шыққан Халлығты (лақап аты, оның шын аты тарихта сақталмаған) хан көтеріп, Үкі шадтың қолын қайта талқандайды. Сөйтіп, Халлығ соғыстан әбден шағылған, қалжыраған он оқ халқына көп жылдар бойы олардың аңсаған бейбітшілігін қамтамасыз етеді. Дулаттарға—«Чур» (Шора), нушебилерге — «иегін» атағын беріп, өзіне және өзінің сарбаздарына арнап Мыңбұлақ (қазіргі Жамбыл қаласының маңында) алқабында қамал салдырады. Өзінің ұлына «Багадүр жабғы» деген дәреже тағып, оны өзінен соңғы Батыс қағанаттың әміршісі етіп сайлайды.
20 Қазақ арасында халықтың құрамын білдіретін буын, бау, сан деген сөздер де кездеседі. Мәселен, «Тоқсан баулы қыпшақ», «Он санды оймауыт, тоғыз санды торғауыт» дейді. Мұның өзі бір ғана қыпшақтың тоқсан тараудан, оймауыттың—он, торғауыттың — тоғыз тармақтан тұратындығын білдіреді.
656 жылдың қақаған қысын пайдаланып, Қытай империясы Батыс қағанатқа төтеннен шабуыл жасайды. Тұтқиылдан лап берген есепсіз күшке төтеп бере алмаған нушебилер, дулаттар бірінен соң бірі жеңіліп, олардың басшысы Халлығ қалған қолымен Іле өзеніне шегінеді. Сөйтіп, он оқ халқынан бүтіндей қол үзген ол шегінгеннен шегініп, ақыры Шу өзенінде тізе бүгеді.
Бірақ Халлығ соңына баласын ертіп, аздаған атты әскерімен жауды адастырып, оңтүстікке қашып кетеді. Шаш (Ташкент) қаласына жақындағанда әбден титықтап, болдырған аттары төрт аяқтап табандап тұрып алыпты. Шаш қаласының тарханы бұларды ұстап, қол-аяғын байлап, қуғыншылардың қолына берген екен. Сөйтіп, Халлығ 659 жылы зындан түбінде азап шегіп, жалғыздықтың тақсыретінен дүние салады.
Ал, көп жылдар өктемдік еткен қытайлар 692 жылға дейін дулаттар мен нушебилердің 60—70 мыңдаған кісісін қырып тынады. Осыдан бастап Түрк қағанаты күйреді деп есептеледі.
Әбден қорлық көрген түрктер VII ғасырдың аяғында Қытай империясына қарсы көтеріліске шығады. Әдепкіде біраз табысқа жеткенмен, Қытайдан жаңа күш келіп, Қарақұмға шегінген көтерілісшілер ақырында, аштыққа ұрынады.
Бірақ түрк халқы бұл жолы жеңілгенмен, тойтарыс алдық деп босқа қарап отырмаған. Бір жылдан соң Гудулу (Құтлығ) басқарған түрк халқының жаңа толқыны қайта өршиді. Құтлығ — әскери білімі бар, айла-тәсілге жетік кісі болса керек. Ол тоз-тоз болған түрк халқын қайта жиып, дана Тоныкөкті соңына ертіп, 683 жылы Қытай басқыншыларынан түрк жерін азат етеді. Осы әрекеті үшін халық Құтлығты Елтеріс (елді теруші, жинаушы мағынасында) хан деп атап кетеді.
Түрк халқын құрап іргелі ел еткен Елтеріс 693 жылы дүние салады. Соңында әлі де балағатқа жетпеген, әжетке жарай қоймаған екі ұлы қалады. Сондықтан да таққа оның інісі-Мочур (Қапаған) отырады.
Қапаған тым арманшыл, қиялшыл, қатал кісі болыпты. Ол бір кезде даңқы жайылған Түрк қағанатындай мемлекет орнатуды арман етеді. Оның тым әсіре қаталдығы халық наразылығын күшейтіп, ақыры Қапаған 716 жылы көтерілісшілердің қолынан қаза табады.
Бұл жағдай Елтеріс ханның буыны бекіп, бұғанасы қатайған заңды екі мұрагері — Білге мен Күлтегінді таққа әкеледі.
Кішісі — Күлтегін өте ер болған. Қарлұқтармен арада болған соғыста (711—715) даңқы жайылған жас батыр бұрыннан келе жатқан ата дәстүрін бұзбай, «Білге хан» деген ат беріп, таққа өзінің ағасын отырғызады. Ал, Білге хан болса, інісі Күлтегінді әскер басы етіп сайлайды. Басқаша айтқанда, бұл шын мәніндегі Қағанат иесі деген сөз еді.
Билікті түгел қолдарына алған Елтеріс (Құтлығ) Қағанның үйелмелі- сүйелмелі екі ұлы (Білге мен Күлтегін) саясатты әуелі ағасы Қапағанмен
сыбайлас болған ақсақалдарды жоюдан бастайды. Бұрын-соңды соғысқа араласып жүрген кәрі тарландардан Елтерістің тұсында да көрегендігімен көзге түскен, Қапағанға да кеңесші болған Тоныкөкті ғана ақылшы етіп қалдырып, оған Баға Тархан (мемлекеттік кеңесші) атағын береді. Қарт данышпан бұл кезде 70 жаста еді. Көп кешікпей айлакер Тоныкөк өз қызын Білге Қағанға қосады. Сөйтіп, осы үшеуінің тұсында түрк халқының даңқы қайта жер жарады.
731 жылы Күлтегін қайтыс болады. Батырдың азасына ат қойып ел- елден келген көңіл айтушыларда есеп болмаған. Батырлығының куәсі ретінде оның басына мәңгілік ғажап ескерткіш орнатылды.
Көп кешікпей, 734 жылы дүниеден Білге Қаған да өтеді. Оны сатқындар у беріп өлтіреді.
Таққа отырған Иоллығ-тегін әкесі Білге ханның басына зәулім ескерткіш орнатады. Сөйтіп, ағасына да, әкесіне де арнап тасқа қашап олардың ерліктерін дәріптеген жоқтау-мадақ жырын жазады.
Иоллығ-тегін ақын әрі тарихта болған адам. Ол 739 жылы өз ажалынан қайтыс болады.
Міне, Түрк халықтарының тарихына қатысты және біз осы кітапта жариялап отырған Орхон жырларында (Күлтегін, Тоныкөк ескерткіштері) бейнеленген тарихи оқиғалардың желісі осындай. Біз мұны негізінен Н. Я. Бичуриннің «Собрание сведений Азии в древние времена (М.—I т, 1950—1953), А. Н. Бернштамның «Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена» (Москва, т. I—III, 1950— 1953); Л. Н. Гумилевтің «Древние тюрки» (Москва, 1967) деп аталатын еңбектеріне сүйеніп жаздық.
Түрк қағанатының құрамына енген, бертінде түрк халықтарына ұйытқы болған және Орхон ескерткіштерінде аталатын рулар, тайпалар өте көп. Олардың басты-бастылары жайында қысқаша мынаны айтуға болады:
Достарыңызбен бөлісу: |