Жеті жүз отыз бірінші жылдың жазында шексіз даланы армансыз билеген Бумын, Қапаған, Естеми, Құтлық қағандардың ұрпағы; ұзын найзалы, жарау атты түрк руларының ырысы әрі бақыты — Бозайғырлы айбынды ер Күлтегін дүние салады.
Бетіне дұшпан қаратпаған айбынды ердің қазасы қасірет пен қайғы болып бүкіл түрк қауымының арасын лезде-ақ шарлап шыққан. Оның басына тізе қосқан досы да, кескілескен қасы да тегіс жиылған. Ұшы- қиырсыз, дамылсыз ағылған халықтың қаралы шеруі даңқты батырға деген ықылас-пейілдің куәсіндей еді.
Заманының атақты ақын-жырауы, Күлтегіннің немере інісі Иоллығ тегін жан-жақтан шеберлер алдырып, келесі жылдың күзінде Күлтегіннің басына оның батырлығының белгісіндей мәңгілік ескерткіш — зәулім құлпытас орнаттырады. Әдемі әшекеймен оймышталып, өзгеше нақышпен өрнектелген заңғар құлпытаста ел сүйген ерге халық жоқтауын көне түрк тілінде мәңгілікке өшпестей қашатып тұрып жаздырады:
Сонау бастан, о бастан Жаралғалы қара жер, Жаралғалы көк Аспан, Естеми мен Бумынның Адамзаттан бағы асқан. Төрт бұрышы дүниенің Соларменен санасқан. Бүкіл түрк үмітпен Екеуіне қарасқан,
Қол астына жиылып, Қол астынан тарасқан. Олар салған дүбірден
Қаптап жатқан қалың жау Шыбын жаннан түңілген. Дырдай болып келгенмен, Бордай болып үгілген.
Басы барлар иіліп, Тізесі бар бүгілген.21
Тастың бетіне қашалған тарихи жыр осылай басталады...
Содан бері мың екі жүз елу бес жыл өтті. Тарихтың беті сан өзгеріске ұшырады. Жылдар жылжып, ғасырлар алмасып жатты. Жер жаңарып, қоныс өзгеріп жатты. Бірақ Орхон өзенінін бойындағы қас батырдың ерлігіндей тәкаппар, сұсты, маңғаз тас ескерткіш он екі ғасырдан аттап, өз заманының шындығын, қайғы-қасіретін, амал-әрекетін арқалап, сол күйінде бұзылмай, бүлінбей бүгінгі күнге аман жетті. Ол ескерткіштер кімдікі, қалай табылды, кім ашты, кім аударды, кім зерттеді; жазбалардың мазмұны, жанры қандай — міне, ендігі әңгіме сол туралы.
Орхон ескерткіштерінің табылуы және ашылуы
...XVIII ғасырдың басы еді. Орыс армиясының қолына түскен тұтқын швед офицері Филипп Иоганн Страленберг Сібірді түгел аралап, Орхон өзенінің бойын жағалай жоғары өрлеп келе жатты. Ұзақ жүрді, бірақ бұл өңірден пәлендей тіршіліктің белгісін көре алмады. Әбден шаршап- шалдыққан саяхатшы алдағы жолдың қызығынан біржолата күдер үзгендей еді, бір кезде сонау көз ұшынан бұлдырап сағымға малтыққан кереметті көзі шалғандай болды.
Қызыл көрген бүркіттей шаршағанын ұмытып, Иоганн жүрісті жылдамдата түсті. Жақындаған сайын оны әрі үрей, әрі өзгеше бір жұмбақ сезім билей бастаған тәрізденді. «...Зәулім тастар, белгісіз таңбалар, тас болып қатып қалған адамдар... Әйтеуір ұзына бойы созылған, қол қусырып мөлиген тас мүсіндерде шек жоқ. Бұл не ғажап? Табиғаттың өзі жасаған құдірет пе, жоқ әлде адамның сиқырлы қолынан туған керемет пе?!...»
Ол ұзақ ойланды, ұзақ толғанды; бірақ түпсіз шыңырау, тұңғиық ойдың түбіне жете алған жоқ.
Иә, бұл осыдан үш жүз жыл бұрын болған еді. Бейшара Иоганн алдында тұрған меңіреу тастардың бетінде ғажап сыр барын қайдан білсін, біле алған жоқ.
21 Күлтегінге арналған ескерткішті ақындық тәсілмен жаңашалаған – ақын Қадыр Мырзалиев.
Содан бері үш жүз жылдай уақыт өтті, бірақ сол меңіреу тастар
«Орхон ескерткіштері» аталып, дүние жүзі ғалымдарын әлі күнге дейін тамсандырып келеді.
Бұл мұралар жайындағы алғашқы мәліметтер XVIII ғасырдың басында көріне бастайды.
XIX ғасырдың алғашқы ширегінде біраз мағлұматтарды өзі шығарып тұрған «Сибирский вестник» журналында Григорий Спасский жариялайды. (Г. Спасский. Древности Сибири) с приложением альбома
«Сибирьский вестник», 1818 г.) Оның мақаласы көп кешікпей латын тіліне аударылады да, Орхон ескерткіштері басқа елдердің ғалымдарына да белгілі бола бастайды. Бұл хабарды естіген фин Археологиялық қоғамы 1875 жылы Минусинскіге екі рет экспедиция жіберіп, 1889 жылы «Енисей жазбалары» деген атпен 32 таблицалы, 8 фотосуретті атлас жариялайды. Ескерте кететін бір жай, жазбалардың әліппесі табылғанша бұл мұраларды фин ғалымдары өз халқының ескерткіші деп танып келген. Алайда, бұл пікірдің негізсіз екендігін олар кейін мойындайды.
1889 жылы орыс зерттеушісі Н. М. Ядринцев Орхон өзенінің бойынан, Енисей өзені сағасынан табылған ескерткіштерден әлдеқайда үлкен белгісіз таңбамен жазылған зәулім, қолдан қашалған төрт қабырғалы биік тасты көреді.
Н. Ядринцев тасқа мынадай сипаттама береді: биіктігі — 3,5 метр, төменгі ені — 1,32 метр, жоғарғы жағының ені—1,22 метр. Биіктеген сайын жіңішкере береді, жоғарғы бөлігі өрнектелген. Тастың төрт жағы бірдей жазылған. Батысқа қараған бетінде қытай жазуы да, қалған қабырғасы бірдей руналық жазумен толған (Н. М. Ядринцев. Отчет и дневник о путешествии по Орхону в южный Хангай в 1891 г. «Сб. трудов Орхонской экспедиции», V, СПб, 1901 г.)
Н. Ядринцевтің айтуына қарағанда, ескерткіштен 25 метрге дейін созылған аласа дөңес жатыр (кейінгі зерттеудің нәтижесінде бұл қытай кірпішінен жасалған қабырға екендігі анықталды). Осы қабырғаның жанынан басы жоқ, мрамордан жасалған 7 түрк статуясы (сынтас) табылған. Ескерткіштің батыс жақ бетінде басы бір-біріне қараған, қираған екі хайуанның мүсіні бар (ғалымдар мұны мазарға кіретін есіктің белгісі болу керек деген болжам айтады.) Ал, осы кіре берістен әрқайсысының арасы 10-12 метрден, беттері шығысқа қараған адам мүсіндес сын тастар ұзындығы 4,5 шақырымға дейін созылып жатыр екен. Мұқият зерттеудің нәтижесінде әлгі мүсіндердің осында жерленген кісінің тіршілігінде өлтірген дұшпандарының келбеті екені және айқындалып отыр.
Көп кешікпей Н. Ядринцев Россия археологтарының VIII конгресінде ғалымдардың назарын сол Орхон бойындағы көне мұраларға аударады.
Осыдан бастап бұрын тек Енисей ескерткіштері деп қана аталып келген жазбалар енді Орхон, яки Орхон-Енисей жазулары деген атқа ие болады. 1890 жылдың көктемінде Н. М. Ядринцевтің ізімен Орхон өзеніне финдердің А. Гейкель бастаған археологиялық экспедициясы және 1891 жылы Санкт-Петербургтен түрколог, ұлы орыс ғалымы В. В. Радловтың басқаруымен (құрамында Ядринцев те болған) Ғылым академиясының
экспедициясы аттанады.
1892 жылы осы екі экспедицияның да қорытындысы жазбалардың суретімен екі үлкен атлас түрінде жарияланып, бұл атлас дүние жүзі ғалымдарының алдына ауыр да жауапты міндет — жазудың сырын оқу міндетін қояды.
Әлбетте, ол жазуларды оқудың қиындықтарымен қатар кейбір жеңілдіктері де бар еді. Өйткені бұл уақытта ескерткіштің қытай тілінде жазылған тексті оқылып, сол текстіден ескерткішті жасаған халықтың, оны басқарған бектердің аты белгілі болатын. Дегенмен, әлі де бірде-бір сырын ашпаған тілсіз-үнсіз ескерткіштің әліппесін тауып оқу, оған тіл бітіру кез келген кісінің мүмкіндігінен тыс; жан-жақты, дайындығы мол лингвист ғалымының қолынан ғана келетін іс еді.
Міне, дәл осындай зерттеуші — Дания ғалымы, Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасының профессоры Вильгельм Томсен болып шықты.
Вильгельм Людвиг Томсен (1842—1927) өзімен замандас ғалымдар сияқты әдепкіде теологиямен шұғылданады. Бертінде біраз жылдар филология, ботаника, физика ілімдерімен әуестеніп жүреді де, ақыры бар өмірін өзінің сүйікті ғылымы — тіл біліміне арнайды.
В. Томсен — көп тілді білген, дарынды ғалым болған.
Славян тілін зерттеу мақсатымен Томсен Берлинде, Лейпцигте, Прагада, Венада, Будапеште, Парижде көптеген жылдар тұрып чех, неміс, серб, поляк, венгер, араб, парсы, цыган, жапон, қытай, түрк тілдерін үйреніп қайтады.
1870 жылы еліне қайта оралып, 1878 жылға дейін грек тілдерінен сабақ береді. 1878-1887 жылдар арасында мектептерде әкімшілік қызметтерде жүреді де, 1887 жылдан бастап Копенгаген университетінің салыстырмалы тіл білімі кафедрасына профессор болып сайланады.
1877 жылы басылып шыққан Ерте Русь және Скандинавияның өзара қатынастарына арналған тарихи еңбегінен соң Томсен Оңтүстік Сібірден табылған Орхон-Енисей ескерткіштерін зерттеуге біржолата ден қояды. Ақыры 1893 жылы Орхон жазуының «кілтін» табады. Біздің ғалымдарымыздың көбісі осылай «кілтін тапты» деп жалпылама бір сөзбен ғана айтып жүр де, ал қалай тапқандығы туралы мәселенің ең қажетті жағы айтылмай келеді.
Сонда В. Томсен Орхон жазбаларын қалай ашады?
Ең алдымен ғалым жазудың бағытын айқындайды. Қалай жазылған? Солдан оңға қарай ма, жоқ әлде оңнан солға қарай ма? Бұл сұрақ ғалымды қатты ойландырады. Ұзақ зерттеп, ғалым ескерткіштің оңнан солға (араб жазуы тәрізді) қарай жазылғанын айқындайды.
Екінші жолда ғалым әріптерді санап, 38 таңба табады.
Осылай ескерткіштің сыртқы көрінісін айқындап болғаннан кейін В. Томсен дауыссыздардың байланысын тексеруге кіріседі. Бұл зерттеу белгілі бір дауыссыз ілгері дыбыстың ықпалымен байланыса ма, жоқ әлде кейінгі дыбыстың ықпалымен байланыса ма деген мәселені шешуге тиіс еді.
Ол үшін Томсен екі шеткі таңбасы бірдей (ұқсас), ортаңғысы олардан бөлек тәрізді таңбалар тобын алады да, дауыссыз дыбысты білдірсе, онда дауысты дыбысты білдіру
керек; немесе керісінше, -дауысты болса, -дауыссыз деген
қорытындыға келеді. Сөйтіп, осы тектес таңбаларды бірнеше жерде салыстырып, ақырында және таңбаларынан дауысты дыбыстарды табады.
Әлбетте, бір дегеннен бұл анықтамалары дәл бола қоймайды: таңбасын ол әдепкіде ө (ү дыбысы деп, ал ө (ү) (N)нің өзін ә дыбысы деп қабылдайды. Ал ( ) ні Томсен бірден табады.
Әйтсе де ғалым бұл таңбалардың баламасын дәл таптым деген қорытындыға келе алмайды. Себебі, ол үшін болжам, тұспалдау ғана емес, бұлжымас дәлел де керек еді. Томсен әрі қарай ізденеді.
Сөйтіп, жоғарыдағы жорамалдың растығын дәлелдеу үшін ғалым көне жазу-сызудың сырын ашуда талай сыннан өткен белгілі әдіске көшеді. Қытай тіліндегі текстіде көрсетілген кісі аттарын іздеуге кіріседі. Ал енді мұны қалай таппақ? Дәл осы жерде зерттеушіге мынадай ой келеді: кісі аттары қай текстіде де жиі кездесу керек және ол көбіне үзіндінің бас жағында келіп отыруға тиіс.
Шу дегенде Томсеннің көзіне ескерткіштерде жиі ұшырасатын мына бір таңбалар түседі. Бұлардың ішіндегі ең қажеттісі — соңғы (өйткені жазу оңнан солға қарай) таңбасы. Бұл таңбаның баламасы (і) ғалымға белгілі болатын. Ал, і дыбысының жиі кездесетіндігі, оның орны көбіне сөздің соңында тұратындығы Томсенді бірден: «жоғарыдағы таңбалар тіркесі —эпитет» деген қорытындыға жетелейді де таңбаларын (оңнан солға қарай оқимыз) і — р — ң— т, демек тңрі («Тәңірі», «аспан, көк», құдай мағынасында — М. Ж.) деп оқиды.
Мұны да Томсен болжал деп қарайды да, жеке кісі аттарын іздеуді әрі қарай жалғастыра береді.
Ғалымның назарын енді мына бір таңба тобы аударады. Өйткені, бұл ескерткіш тастың біреуінде кездеседі де, екіншісінде
кездеспейді. Мұның себебі қалай? Томсен мынадай шешімге келеді: бұл таңба осы ескерткіш арналған бектің я батырдың есімі болуға керек. Қытай текстінде оның аты — Кюэ-те-гин. Қытай тілінде сөздің соңғы буынында л дыбысының болмайтындығын және басқа тілден ауысқан сөздерді беруде л-дың түсіп қалатындығын ескере отырып зерттеуші таңбалар тобын Күлтегін деген сөзбен салыстырады.
Дәл осы принциппен қарағанда, қытай текстіндегі Би-кя ескерткіштің (екінші таста) мынадай таңбалар тобымен сәйкес келеді. Оның мағынасы Білге деген сөзді білдіреді.
Енді Томсен ескерткіштің екеуінде де қайталана беретін таңбалар тобын тексереді. Бұл сөздін құрамындағы алғашқы үш таңба ғалымға белгілі. Ежелегенде (оңнан солға қарай) мұның әдепкі үш дыбысы түр болып шығады. Демек бұл түрк деген сөз болу керек деген байлау жасайды. Сөйтіп к дыбысының екінші таңбасын табады. Бұл дыбыстың бір таңбасын біз Күлтегін деген сөздің құрамында кездестірген едік.
Ескеретін бір жәй, қытай текстерінен аталған ескерткіштің тілі қай халықтікі екендігі турасында мәлімет болатын. Ол қытайша — ту-кюэ халқы. Демек, бұл сол кезде белгілі болған барлық түрк халықтарының тілінен әлдеқайда әрідегі таза түрк диалектісінің тілі.
Тоғыз таңбаның мағынасын тапқаннан кейін түрк диалектісін жетік білетін ғалым өзі ашқан дыбыстарды басқа сөздерге қолданып, ескерткіш әліппесін түгел таниды. Сөйтіп, академик С. Е. Маловтың сөзімен айтқанда: «Томсен 1893 жылдың 25 ноябрінде өзіне дейін белгісіз болып келген Орхон және Енисей өзендерінің жағасынан табылған жазу- сызулардың бүкіл әліппесіне «кілтті» дәл осылай табады».
Қазіргі дәуірде Томсен ашқан жаңалықты тек Орхон жазуларына ғана табылған кілт деп қарамай, сонымен қатар бүтін Орта Азия мен Қазақстан тарихында кездесетін көне жазу-сызулардың да сырына үңілуге мүмкіндік берген қымбат кілт деп бағалау орынды.
Вильгельм Томсен ашқан алфавитті қолданып, академик В. В. Радлов 1894 жылы тұңғыш рет орыс тіліне аударып, текстінің нұсқасын латын әліппесімен береді. Ал, В. Томсен болса өз аудармасын тек 1895 жылы ғана жариялайды. Бертінде бұл ескерткішті академик С. Е. Малов аударып бастырды. Содан бері Орхон ескерткіштерін зерттеу жұмысы бір сәт те толастаған емес. Бұл ескерткіштерді халқымыздың тарихи, тілдік мұрасы ретінде алып зерттеген қазақ лингвистерінің де біраз еңбегі бар. Олардың ішінен Алтай Аманжоловтың, Ғайнетдин Мұсабаевтың, Ғұбайдулла Айдаровтың еңбектерін ерекше атауымыз керек.
Міне, қысқаша айтқанда, Орхон ескерткіштерінің табылуы, оны оқудың, зерттеудің жәйі осындай.
Сонымен Моңғолия жерінде, Орхон өзенінің бойынан табылған бұл
ескерткіштерді кім жасаған және олар бүгінгі халықтардың қайсысына жақынырақ?
Бұл сұраққа жауап беру үшін біз сол жазбалардын өзіндегі деректерге жүгінуіміз керек. Ол деректердің бірқатарын, шығармаларда кездесетін ру, тайпаларды біз жоғарыда атадық. Бұл айтқандарға не қосуға болар еді?
Иә, ескерткіштерді жасаушылар да, оның бас кейіпкерлері де түрк халқы, түрк жері, оның батырлары. Ал, көне түрк дегенді көбіне көне қазақ тайпалары деп ұққан жөн болады.
Орхон ескерткіштері жайын сөз еткенде, қазақ халқы көшпелі ел, жөңкіліп көшіп-қонып жүріп мәдени мұра қалдырмаған, Қазақстан жеріндегі көне дүниенің ескерткіштерін не сақтардікі (қазақтың өзі сақтардың тікелей ұрпағы ғой), не соғдынікі (Иран тілдес ертедегі халық) деп, ата-бабамыздан қалған мұраны өзімізге жолатпай, алып қашқан кездеріміздің болғаны да рас.
Бартольд бастаған атақты түркологтар мәдениеттің ең жоғарғы сатысы — жазудың түрк халықтарында VІІ ғасырда болғанына таңдай қағып, таңырқаған еді. Батыс историографтарының бұған таңданып қана қоймай, рун жазуына келеді екен, біздін ата-бабаларымыз бір кезде Саян тауларына барған болар деп, жазбалардың кілтін таба алмай, немістер мен финдердің өздеріне меншіктегісі келіп дал болғанын, бірақ одан ештеңе шықпағанын тарих білмей ме?
Ақыры даулы алфавиттің жұмбағы шешіліп, сыры ашылғанда, олардын иесі түрк халықтары екеніне көз жеткенде ғана дау-талас тоқталған еді. Шынында да ол ескерткіштерді жасаған негізінен қазақ халқының құрамына кірген ру-тайпалар еді. Шығыстану ғылымына ұлы өзгеріс жасаған бұл ескерткіштердің қай тілде жазылғандығын дәл анықтайтын уақыттың жеткендігін В.Бартольд та, В.Радлов та, П.Мелиоранский де, C.Малов та талай жазған және соңғы екеуі ол жазбалардың тілі қазіргі қазақ тіліне көбірек келетіндігін де баса айтқан. Сөйтсе де, өкінішке орай, бір ғасырдан астам уақыт бойы зерттеліп келе жатқан осы бір ғажап шығармаларды халқымыздың мұрасы ретінде соңғы жылдарға дейін қазақ ғалымдарының батылы жетіп, ешкім қолға ала қоймаған. Бір кездерде бұл ескерткіштерді жоғарғы мектепте оқыту талабын қолға алған Құдайберген Жұбанов екен, бірақ осы бір әдепкі әрекет, өкінішке орай, жүзеге аспай ұмыт болады. Ал, қазіргі күндері, жоғарыда айтқанымыздай, жоғары оқу орындарында оқытылып келеді.
Сонда көп замандардан бері толассыз қойылып жатқан сұрақтың жауабы не болмақ. Ол ескерткіштердің иесі кім, қай тілде жазылған? Әрине — түрк халықтары. Десе де бұл мәселені дәлдеңкіреу керек сияқты. Оған жауап беру үшін бұл жазбалардың алдымен иесін табу керек, сонда оның тілі де анықталады.
Түрктерді Қытай шежірелерінде, ертедегі деректерде тюкю деп атайды. Білге хан мен Күлтегінге арналған ескерткіштің авторы Иоллығ-тегін өз шығармаларында сол кезде шығысты мекендеген түрк тайпаларының аттарын атап, мекендерін көрсетіп отырады. Онда ескерткіштің иелері өздерін «түркпіз» дейді де, өзге түрк тайпаларын тоғыз оғыз, отыз татар, қырғыз, аз, шек, он ұйғыр т. б. деп атайды және
«бұлардың бәрі де бізге жау» еді, бөтен ұлыс еді деп жазады. Әрине, заманында әр түрлі себептермен көршілес, іргелес, тектес тайпалар да бір-бірімен жауласып, соғысып отырған.
Тағы да аталмыш ескерткіштердің өзіне жүгінейік. Орхонды мекендегендер өздерін түрк деп атап, он оқ, оның бөлігі түргеш (түрк кіші, түрк ұлығ (үйсін) өзіміздің түркіміз, туысымыз еді, олар мекендеген Іле-Жетісу біздің ата мекеніміз еді, сол мекеніміз, жер-суымыз иесіз қалмасын деп хан сайладық. Бұлар он оқ халық еді, дейді. Он оқ халқының кім екенін біз жоғарыда айтқанбыз. Демек олар (Орхон түрктері) үйсін- дулатпен тектес, солардың туыстары, (334—635 жылдары Түрк қағанаты (шекарасы Іле өзені болып) Батыс және Шығыс Түрк қағанаты деп екіге бөлінгеннің өзінде де екі жағы туыс, тектестігігін ұмытпаған. Ескерткіште түргеш — бұлардың бес аймағы, он оқ халқынын бір бөлегі еді деген сөз бар. Ендеше олар кейін қазақ халқының құрамына кірген арғын, керей, уақ, алшын, найман одағының жалпы аты болу керек. Түргеш дулаттың бір тайпасы екені анық, оны ғалымдар мойындаған. Бірақ оның Орхон түрктерімен туыстығы ауызға да алынбады. Ал енді Орхон түрктерінің бір кезде Ілеге қайтып келгендігін еске алсақ, онда олардың, қазақ халқының көне тайпаларынан екеніне де көз жетті деп ойлаймыз.
Достарыңызбен бөлісу: |