1.4 Мәшһүр Жүсіптің тұспалдау өлеңдері
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы тұспалдау, яғни бүкпелеу өлеңдерін де аз жазбаған. Мұндай өлеңдер тобын кезінде А.Байтұрсынов (1926 ж.) «бүкпелеу» - деп атап, оған мынадай анықтама берген: «Сөзді ашып айтпай, ұшығын ғана көрсетіп айту – бүкпелеу деп аталады» [15, 176 б.].
XVІІІ ғасырдағы Бұқар жыраудың «Ханға жедел айтпасам» өлеңінде тұспалаудың өзіндік бірі түрі көрініс тапқан:
Судан қашып қарағай
Шөлге біткен бір дарақ,
Шортан шөлге шыдамсыз
Балықтан шыққан бір қарақ.
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп ...[19, 134 б.].
Кешегі кеңес дәуірінде Бұқар жырау өлеңдері неғұрлым толық шықты деген жинақтың өзінде шығарманың 29 тармағы қысқаруы тегін емес. Ол тәуелсіздіктен кейін жарық көрген кітапта біршама түзетілген [27]. ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасы қолжазба қорындағы 1177 папкадағы Мәшһүр Жүсіптің өз жазбасынан (62-63 б.) алынған бұл мәтінде сол үзіндінің 15-тармағы: «Азды көпке теңгеріп» кірмей қалған, сонымен оның алдындағы 14-жолдағы «жемқорларға» сөзі «жемірлерге» - деп сәл өзгертіліп берілген. Сондай-ақ ең соңындағы 26-тармақ: «Теңдік тимес құлыңнан» болса, ол «теңдік тимес қолыңнан» - деп қате берілген. Әйтсе де тұңғыш толық жарияланған өлең соңында «қарағай», «шортан» тұспал ұғымдары мәні ашылып, кейін келген отаршылдар ылаңы ашық айтылған:
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды,
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан,
Тексізді төрге шығарып,
Басыңа ол күн туғанда
Теңдік тимес құлыңнан. [28]
Патшалық Ресейдің отарлау саясатының өрши түсуі, наразылық өлеңдерін жарияламау, қысым өсуі, бәрі ХІХ ғасырдың соңғы ширегі мен ХХ ғасыр басында қазақ поэзиясындағы тұспал өлеңдердің тууын және дамуын негіздеді. Абайдың 1886 жылы жазған: «Қыран бүркіт не алмайды салса баптап» өлеңінде қыран бүркітке құс алдырмас үшін енді біреулердің оған қоса күйкентай мен қарғаны жіберетіні айтылады да:
Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,
Күйкентайы үстінде шықылықтап.
Өзі алмайды, қыранға алдырмайды,
Күні бойы шабады бос салақтап [21, 49 б.] – деп, қарға, күйкентайдың өздері түк алмаумен қоймай, қыранға бөгет бола алғаны әспеттеледі. Біздіңше, ақын мұнда тек аңшылық сәтсіздіктерін емес, қайта сол арқылы ел қамын жеген күрескерлерге ерген болып, бөгет тудырып жүрген әрекетсіздер ісі қоса тұспалданады. Осы орайда өлеңнің соңғы төртінші шумағының соңғы екі тармағы, яғни 15-16 жолдары бізге белгілі Абай кітабында жоқ екенін, ал Мәшһүр Жүсіптегі әулеттік мұрағатында ол тармақтар былай сақталғанын айтқымыз келеді: «Есір серік бермейді сөзге теңлік, // Тура шыннан қашасың қорғалақтап» [29]. Міне, мұндағы шыннан, яғни шындықты айту мен естуден, қашуды тікелей мінеу де әңгіменің өзекті түйіні аңшылық сәтсіздігіне емес, ел өміріндегі келеңсіздікке арналғанын дәлелдей түседі. 1913 жылы жазылған С.Торайғыровтың «Түсімде» өлеңінде Ресей отарлауы қыспағындағы қазақ елінің мүшкіл халі тұспалданып берілген:
Тағы да бір даулаған отты көрдім,
Қап-қара хисабы жоқ топты көрдім.
Мас болған дау-жанжалмен әлгі аңдарға
Ұсынған әр тараптан оқты көрдім.
. . . Аңдар тұр от пен судың арасында,
Сахараның әр жердегі даласында.
Әр нешік ғаріптердің ісі мүшкіл,
Я, Рахман, өзің бір жөн табасың да. [30]
Міне, мұнда басты әңгіме әлде бір аңдар туралы еместігі, қыспақ көрген жойылу қаупі төнген қазақ халқына арналғаны белгілі. Бұл идеяны 1917 жылдан кейін нағыз бостандық келді деп сенген С.Сейфуллиннің өзі 1914 жылы «Түс» өлеңінде тұспалмен жеткізген. Ақын түсінде бір бақшадағы ағаштардың күзде емес, жаздыгүні қурап қалғанын т.с.с. көргенін бейнелейді де, қазақ халқының мұң-күйін бір шыбықтың сөзімен тұспалдап берген:
Ынтымақсыз иеміз болғаннан соң,
Жанжал қып, харап қыпты бірі-бірін.
Түсіпті қараңғылық сонсоң бізге,
Хан тәңірі аяғандай бізден нұрын [31].
Көріп отырғанымыздай, мұнда да өзекті ой, идея бақшаның қурауы, немесе табиғаттағы қараңғылық емес, адамдар өміріндегі жүдеушілік, оларға төнген қауіп туралы екені анық. Рас, С.Сейфуллин 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін де тұспалдау әдісін жиі қолданды. Бұл тұста ақын кеңес үкіметінің ниеті ізгі деп санап, соған сенгендіктен де, тұспалдауды тұнжыр қалыпты емес, жақсы делінген өмірді жарқын суреттермен ғана бейнелеуге иек артты. Бұл тұстағы Сәкеннің тұспалдауды қалай пайдаланғанын белгілі зерттеуші Е.Исмайылов орынды көрсеткен: «Тұспалдап жырлау көп ақынға тән, әсіресе, романтикалы поэзияға тән сипат. Оны біз Лермонтовтың, Блоктың, Абай мен Сұлтанмахмұттың поэзиясынан үнемі кездестіреміз, революцияны дауыл, нажағай, желдің екпіні бейнесінде жырлаған ақын шығармаларын да жақсы білеміз. Әңгіме ақынның бейнелеу тәсілінде емес, соған қандай мән беріп, идеясын айқын аңғартуында. Сәкеннің дала, жел, дауыл, аққу құс, асау тұлпар, эспресс, поезд, аэроплан, лашын құс образдарын белгілі бір сюжетке, айқын бір идеялық мақсатқа байланысты жырлауы революциялық романтиканың бойына жарасымды келіп отырады» [32].
Мәшһүр Жүсіптің 1907 жылы Қазан қаласында басылған «Тірлікте көп жасағандықтан, көрген бір тамашамыз» кітабына енген «Соқыр, саңырау және жалаңаш» өлеңі тек аталған ақынның емес жалпы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығындағы қазақ поэзиясының ең озық тұспал өлең үлгісі деуге негіз толық. Өлеңде сөз болған соқыр, саңырау, жалаңаштың үшеуі де өмірде жиі кездесетін соқыр, саңырау, жалаңашқа ұқсамауымен де назар аудартады:
Дүрбіден біреуінің өткір көзі,
Көрмейді дәнемені сөйтсе де өзі.
Қырағы құмырсқадай нәрселерге,
Онан үлкен зорлардан жоқ боп сөзі.
Мүлтік жоқ құмырсқаны көруінде,
Сұрасаң түгел айтып беруінде.
Онан басқа нәрседен түк көрмейді,
Кемдік жоқ жер-су басып жүруінде.
Құлағы тарс бекіген саңырау бірі,
Өлі емес, дені сап- сау, өзі тірі.
Дауысын дүңгірлеген естімейді,
Құдайдың соқтықса да көк пен жері.
Өзіңде өшің болса, саңырауға ұрын,
Ұрынбасаң, білмейсің оның сырын.
Сыбырлап жасырып айтқан құпия сөзді
Естиді құлақтыдан әбден бұрын.
Жалаңаш , киімі жоқ, енді бірі,
Ашылып көрініп тұр ұят жері.
Етегі сүйретіліп келе жатыр.
Жаға-жең жоқ болса да, ол өңірі [24, 12-13 б.].
Әйтсе де басты қиындық, өзекті трагедия олардың соқыр, саңырау, жалаңаш болуында еместігі, қайта соны жасыруда екендігі өлеңде нақты көрсетілген:
Соқыр айтты:
- Мен анық тұрмын көріп,
Бір адыр қол келеді сейіл құрып.
Саны сонша өзінің пәлен мың! – деп,
Бүлінді өз-өзінен құдай ұрып.
Онда саңырау дүрілдеп келді жетіп:
- Дауысын тұрмын, - дейді, - мен де естіп.
Ана екеуі айтқан соң жау жетті деп,
Жалаңаш жаман қорықты есі кетіп:
- Бұл жерден біз қашпасақ тура көшіп,
Бір қуылса, соңымызға бұл жау түсіп,
Менің құрғыр қызығып етегіме,
Ұзынын қоймайды ғой алмай кесіп!
Соқыр тұр:
- Көрдім мен, - деп, - міне, - келді!
Саңырау тұр:
- Құлағым, - деп, - дыбыс берді!
Жалаңаш тұр, жан қоярға жер таба алмай:
- Айрылдым етегімнен мен, - деп, - енді! [24, 13-14 б.].
Шығармада одан әрі босқа дүрліккен үшеудің қашып жүріп айдалаға шығып кеткені, аштыққа ұрынған соң барып бір-бірінің өтірікке сенуін сынағаны сөз болады. Ең соңында бұл үшеуінің бір иесіз үйге кіріп, бір сүйекті кеміріп, соны қанағат қылғаны баяндалады:
Бір жемтік тақыр тиді болып қалған,
Талай қарға-құзғындар ауыз салған.
Ауыз жарыр еті жоқ бір қу сүйек,
Ұшқан құс, жүгірген аң қорек алған.
Елсізде кез ғып құдай душар еткен,
Болмайды аш, душар боп бұған жеткен.
Құста сұңқар, болмаса аңда арыстан,
Кем шығар бұл жемтіктен татпай кеткен?!
Жерге ет жоқ ауыз жарыр, ал кемірді,
Тас, ағаш шайнағандай ол темірді.
«Қарыны қайғысыздың тоқ» - деген бар,
Жеуменен емін-еркін құп семірді. [24, 16 б.]
Әйтсе де бұл мәнсіз тіріліктің аяғы өлім болып, үшеуі де дүниеден өткенін бейнелеген соң, ақын сынын жайып салады:
Манағы үшеуі кім еді болған жолдас,
Ондай болып бас қосса ешкім оңбас!
Бірі хырыс дүние еді, көзі соқыр,
Болған оңбас соқырмен айлас, мұңдас.
Хырыс дүние кеткен соң көзді жауып,
Оңай емес енді алу жолды тауып.
Халықтың ғайыбын көруге бек қырағы,
Бір алуға бетіңнен итше қауып.
Керек істі көрмейді өз басына,
«Соқыр» - деп, салдым соны өз басына.
Дәнемені өз көзі көрмеген соң,
Жұқтырар соқырлығын жолдасына.
Күн ашылды, көрінер енді бойың,
Асықпасаң әзір тұр, міне, тойың.
«Керең саңырау – дегенім – құлағы жоқ» -
Таусылмайтын ұшы жоқ ұзын ойың.
Бәрін өзім білдім деп жүреді сол,
Жан жоқ боп ақыл, ойға өзінен мол.
Өз жанының пайдасын естімейді,
Естір болса, жүріс бар-бір сапар жол.
Бұл сөзімнің балы бар, уы аралас,
Ойлаймысың бір іске деп жарамас?!
Келіп пе едің жалғанға киім киіп,
Тумап па едің анадан сыр жалаңаш?!
Сыбағаңа тұрған жоқ киім тиіп,
Бәрін тастап кетесің бір жерге үйіп.
Жұрт есіркеп үш қат бөз орамаса,
Киімің жоқ кететін тағы киіп. [24, 18-19 б.].
Міне, өз заманындағы «өз басына» «керек істі» көрмейтін «соқырды», «өз жанының пайдасын» естімейтін «саңырауды», өлгенде, о дүниеге өзімен бірге еш затты, бұйымды, яғни байлықты алып кете алмайтынын ескермей, «жалғанға киім киіп» келгендей тоқмейілсуші «жалаңашты» ақын осындай шартты сюжет, көркем бейнелеу көмегімен әсерлі шеней білген.
Мәшһүр Жүсіптің «Толқын» өлеңінде мынадай жолдар бар:
Әр тұста қилы-қилы заман өтті,
Су тасыды, көп толқын қайда кетті?
Кеткен толқын өз-өзінен кете берсін,
Желмен қуып, толқынды толқын жұтты.
Дария ағызған әркімді толқын айдап,
Ер басына күнелтпек бір сал байлап.
Толқын жайын білмеген қырсықтылар
Салы суға кетпекші, соры қайнап.
Өтіп кеткен толқынды күтпегендер,
Жоқтап, көксер зейіні жетпегендер.
Қандай жақсы дәуренмен өмір сүрер:
Салы суға бұзылып кетпегендер [24, 20-21 б.].
Міне, ақын өлеңінде алдымен толқын күшін, «толқын жайын білмеген» қырсықтылардың салы суға кететінін т.с.с. тұспалдап, жинақтап бейнелеп барып, өз түйініне келгенде, ашық айту, түсіндіру, баяндауға көшеді.
Алла адамды жаратты артық зерек,
Өзгеден ерекше қып оқшау бөлек.
Ақылыңа сыйғанды алып ұста-дағы,
Ақылға сыймағанды қылма керек [24, 21 б.].
Жұмбақтап, тұспалдап айту ақынның «Мәшһүрдің өзін-өзі ертегі қылып сөйлегені» өлеңінде де өріс алған. Бұл туындыда Мәшһүр Жүсіп өзі жасаған шартты ертегі сюжетін пайдаланған. Онда баяғыда бір ханның бір сұңқарды аңшылық ісінде пайдаланғаны және ол құсты ерекше мәпелегені сөз болады:
Хан оның балақ бауын алтындатты,
Күнге жарқ-жұрқ еткізіп жалтылдатты.
Алғанына қызығып, салғанына,
Талай атты сабылтып, салпылдатты.
Бұл сұңқар бір құс болды, құста бақты,
Хан оған сап алтыннан қоңырау тақты.
Қант бүркіп ерте-кеште жегізген соң,
Мейлінше алғыр болып ұшып бақты [23, 259 б.].
Шығармада одан әрі «аса сыйлап күткенді көтере алмай» сұңқардың «желігіп» хан қолынан қашқаны, бұрыңғы ұяластарын қайта тапқаны айтылады. Ал, мұнда қайта оралуына қуану орнына ұяластарының реніш білдіргені, ақырында қашқан сұңқарды өлтіріп тынғаны баяндалады. Шығарма соңында ақын тағы да өз жұмбағының шешуін, өз тұспалының мәнін ашық айтады:
Қуғаным бала жастан – ғылым жолы,
Емес пе ғылым жолы – ханның қолы.
Жазасы хан қолынан қашқандықтың
Ит қорлықпен күнелтің оны-мұны [23, 261 б.].
Өз ойын тұспалдап жеткізу ақынның «Түн қараңғы», «Төрт асыл, бес береке» өлеңдеріне де тән.
Мәшһүр Жүсіптің тұспал туындылары ішінде «Сәйгелді, сона, бөгелек» деген өлеңі де назар аудартады. Шығармада сәйгелді, сона, бөгелектің сөзіне сеніп, олардан қандай залал тиерін бағамдамаған: сиыр, түйе, жылқының кейін қалай зардап шеккені нақты бейнелеген:
Сәйгелді қонды сиыр сауырына,
От тисе байқатпайды бауырына.
Шыбын-шіркей боп жонға шығып кетті,
Келуге, қолы тимей, ауылына.
Түйенің қанын келіп сона сорды,
Қайнатты қалай қылып қалың сорды?!
Шарасынан шығумен екі көзі,
Қарсы алдында тұрса да, көрмей орды.
Жылқының жыршы үйелер ауызына,
Ем тапшы енді мұның жауырына.
Бөгелек қонар жерін өзі біліп,
Шап етті шап пен қолтық, бауырына.
Әніне бөгелектің мас боп қалды,
Көкіректе - дерт, көзінде жас боп қалды.
Ызылдап бір бөгелек жетіп келсе,
Бір мың жылқы иіріліп тас боп қалды [23, 273-274 б.].
Өлеңде, сиыр, түйе, жылқы шеккен зардап суреттелуі арқылы қазақ халқының да сәйгелді, сона, бөгелек тәрізді сөзбен алдағыштарға сенем деп, қаншалық опық жеп жүрген тұспалданған.
Достарыңызбен бөлісу: |