1.5 Мәшһүр Жүсіптің жұмбақ өлеңдері
Тұспал, бүркеме туындылар дегенде, жұмбақ өлеңдердің де орны ерекше екенін ескерген жөн. Мәселен, «Бір үйге» (1911 ж.) шығармасында лирикалық қаһарман «бір үйге ... тамаша етіп» көп қарайтынын мәлім етеді де, оның әдеттегі үйде жоқ өзгешеліктеріне көңіл бөлгізеді:
Әйнегі – су шыныдан, зыбыржаттан (зұпаржаттан),
Оқу бар ол әйнекте жазған хаттан.
От саулап әйнегінен көрінген соң,
Бұл дүние ома фиһа шықты жаттан.
Құдайдың қаламымен жазылған нон,
Басы-жетпіс, аяқ-елу, ортасы-он.
Ноқаты саулап нонның шамшырақтай,
Есіңнен шығар, көрсең, ат пенен тон!
Оқысаң және болып харысқа хад,
Оп-оңай даяр оқу алуға иад.
Хырыстың сбады болып табылған соң,
Біздерде құмарпаздық қалды бір ат.
Тамиғының дәл аумаған ғаниы болып,
Мөлтілдеп қарақаттай тұрса толып.
«Жесем-ау алып соны!» - деумен текке,
Барады бос үмітпен кеудең толып [22].
Шығармада содан біраз кейін берілген:
Сол үйден түгел тегіс табылады,
Не нәрсе көңілге алып қылған керек - жолдары да ол үйдің тегін еместігіне үңілте түседі. Автор енді бірде өз ниетін білдірерде де, оны тура айта салмай, тағы да жұмбақтап, ишаратпен жеткізеді:
Қосайық кәф пен нонды, ән салайық,
Үй даяр сырласатын, жүр, барайық.
Шамға шам түсуменен тіл алып тұр,
Қоспайық тұзға сорды, қамданайық [22, 3,5,6 б.].
Өз ойын тұспалмен, яғни жұмбақ көмегімен ишараттау ақынның «Қанағат туралы жұмбақ өлең» туындысына да тән. Онда бір патшаның көп қосынды жауға аттандырғаны, сапарға шыққан «жер қайысқан» адамдардың күн ыстықта әбден шөлдеп келе жатқанда, олардың алдынан кес-кестеп «бір өзен сарқыраған» кез болғаны айтылады.Әдетте ағып жатқан су әрі тұщы, әрі ең таза саналатынын ескерсек, әскерді бастап келе жатқан хан жарлығы өзгеше болуымен көңіл бөлгізеді:
Сонда ханы нөкерге жарлық шашты:
- Бара сала қоймаңдар суға басты!
Сол судан ішкендерің бізге ере алмай,
Қаларсың жер бауырлап, құшып тасты.
Судан жеңіл өтесің татпағаның,
Жақсы ғой жер бауырлап жатпағаның!
Ішсең судан, өлесің, суға кетіп,
Ішпегенің – ол суға батпағаның!
Ішемін деп, шөміш пен шелек салма!
Шелек түгіл, тостаған, аяқ та алма!
Ішкеніңмен қанбайсың, тоя алмайсың,
Айттым, әні, мейлің нан, мейлің нанба!
Жалаңаш қолыңмен ал, бірақ орта,
Қалмайсың соны қылсаң, қаңғып жұртта.
Сөз тамам, айтқанымды берік ұстаңдар
Ішпеген іште, ішкен қалмақ сыртта [22, 9 б.].
Әйтсе де бұл жарлыққа азшылық қана мойын ұсынып, көпшіліктің оны орындамауы, сөйтіп пәлеге ұшырағаны көрсетілген:
Бас қойды көбі жұрттың бара сала,
Жөнелді жанталастар шелек ала.
Біреуі - аяқ, біреуі құманменен
Алып жатыр бөшкелеп құйып және.
Әркім білген жабдығын етіп жатыр,
Бас қоймаған дін есен өтіп жатыр.
Сүңгіп барып ішемін дегендері
Су түбіне көрінбей кетіп жатыр [22, 9-10 б.].
Бұдан бұрыңғы «Бір үйге» өлеңінде жұмбақ сырын ақын ашық айтпай, оны да ишаратпен меңзесе, бұ жолы өлең аяғында оның шешуін анық жазған:
Құдайдың бізге сыйлап қойған ханы –
Жіберген әрбір тұста пайғамбары.
«Жоққа – шүкір, азына – қанағат!» - деп,
Әуел бастан кешіріп, айтқан, әні!
«Дүние ойна» - деуменен өмірің өтер,
Бұ дүниеге қарық(ғарық) болған суға кетер.
Алас ұрып, жаныңды қинағанмен,
Ажал келіп қалған күні бәрі бітер.
Тоймағандар тоя алмай суда қалған,
Бұ жалғанда сусыны емес қанған.
Бір татқанға қанағат қылған жандар.
Тәңірі алдына көркейіп мәз боп барған [22, 11 б.].
Ақынның өз ойын астарлап жеткізуі оның «Мінілмеген көлік» (1911 ж.) өлеңіне де тән. Онда лирикалық қаһарманның талғамай, «ит жиреніп жеместі» асағаны, яғни арам етті көп жегені, соның нәтижесінде бар денесінде бармақтай адал жоқ екені айтылады да, Алла ұйғарған көлікті кезінде пайдаланбағаны, енді ол жас түліктің өсіп, үлкен асау жануарға айналғаны, демек оған қазір міну мүмкін еместігі сөз болады:
Тәңірім бізге беріпті: «Мін, - деп, - керік!»
Жергілікті жаратып, қылып серік.
Міну түгіл, жүрмеймін жетектеп те,
Соны арқалап жүруге өзім жерік.
Жасымнан мен арқалап қылдым машық,
Болғандықтан боталы түйеге ашық (ғашық).
Есім-дертім бұл итке кетіп қалып,
Қызығынан жалғанның қалдым қашық!
Енді, міне, қартайдым, елу астым,
Енді табан қырыққа қадам бастым.
Мен арық та, ол – семіз: күнде өсуде,
Қалжырап, арқалаудан енді қаштым!
Бордақыға, семіртіп, мұнша байлап,
Артасың, атаң басы, сен жүк жайлап.
Жоласақ маңайына енді бірақ,
Басыңды быт-шыт қылар бір-ақ шайнап [22, 23 б.].
Келтірілген үзіндідегі «итке» сөзіне назар аударсақ, ол «ит – нәпсі – дегеннің қысқарған түрі екені анық. Жалпы мұсылмандық шығыс әдебиетінде және Мәшһүр Жүсіпте «ит» және «нәпсі» ұғымдарының тығыз байланыста қолданылғаны бұған дейінгі Ертай Жүсіпов зерттеуінде біраз нақты сөз болған [3, 13 б.]. Сөйтіп, мінілмеген көлік мәнін, лирикалық қаһарманның шектеулі мүмкіндігін тұспалдап жеткізу арқылы Мәшһүр Жүсіптің лириканың жанрлық шеңберін көп кеңейткені көрініп тұр. Мұның бәрі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ лирикасын сөз еткенде, онда ерекше орын алатын тұспал өлеңдерге кең көңіл бөлу керектігін дәлелдей түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |