М. Н. Баратова Мәшһүр Жүсіп өлеңдерінің жанрлық сипаты Оқу-әдістемелік құрал Павлодар, 2007



бет5/25
Дата09.06.2023
өлшемі429 Kb.
#99983
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25
Байланысты:
b201 3

1.3 Мәшһүр Жүсіптің хикаят өлеңдері

Жалпы шығыс поэзиясында, оның ішінде қазақ ақындары шығармашылығында хикаят өлеңдердің ерекше орын алып келгені белгілі. А.Байтұрсынов 1926 жылғы «Әдебиет танытқыш» кітабында мынадай анықтама жазған: «Хикаят. Діндар дәуірдің өнеге үшін шығарған әңгімелері хикаят деп аталған. Хикаят дін үйрету ғана мақсатпен шығарған сөздер емес. Діннен басқа жағынан да өнеге көрсету үшін айтылады [15, 265-266 б.]». Осы орайда орыс тіліндегі сөздіктің бірінде мысал тәрізді ақыл үйрету өлеңін «аполог» - деп [26, 45 б.] атағанын, оның біз келтіріп отырғанын «Хикаят» ұғымына біршама жақын екенін ескеру керек деп санаймыз. Мәселен, Мәшһүр Жүсіптің «Жарты нан» (1880 ж.) өлеңінде алдымен бір адамның «Жолаушы боп келе жатып» бір сандықта тауып алғаны, ішін ашқанда, ондағы бір асыл тасты көргені, «Көп олжа болды ғой!» - деп шаттанып, қолына ұстағанда, оның әп-сәтте алдымен жыланға, ізінше айдаһарға айналып, өзін жұтпаққа төнгені баяндалады. Білмей істелген жаңсақ қадам осындай қауіпке ұшыратқанда барып, оған алдымен отыз адам, кейін бес адам, ең соңында жарты адам кез болғаны бейнеленеді. Назар аударарлық жайт: қиын жағдайда қалғанда, отыз кісі боп көрінген отыз күндік оразасының да жәрдемі тие қоймайды. Сырт көзге солардың бәрінен аз (алғашқыдағы - отыз, екіншідегі бес адаммен салыстырсақ), әрі күш-қуаты да кем болуы әбден ықтимал өйткені толық емес, жарты ғана адамның ғана қол ұшын бере алғаны, яғни тапқырлықпен қиналған жолаушыны құтқаруы назар аудартады. Сөз жоқ, осы арқылы үнемі дінді насихаттап келген автор ораза мен намазды жамандап отырған жоқ, тек ораза, намаздың өмірдегі нақты әрекетке, қайырымдылыққа ұштасқанда ғана қиналған адамға көмек бере алатыныны әспеттелген. Сөйтіп бір кезде біреуге жарты нан беріп көмектесуі жарты адам кейпінде көрініп, оның қысылған адамды құтқара алуын бейнелеу арқылы ақын құлшылықтың жалаң жүрмеуін оның кем, кедейге нақты қайыр жасаумен ұштасқанда ғана пәрменді болатынын көрсеткен.


Сөйтіп, бірнеше лирикалық бейне әрекеті, тіпті шағын тартысы бейнеленуі арқылы бұл туынды лирика көкжиегін біршама кеңейткен. Лирика көбінесе бір каһарманның бірер сәттегі бірер толғанысын бейнелеумен шектелсе, мұнда алдымен бірнеше кейіпкер алынып, олардың қарым-қатынасы біршама көрсетілген. Әйтсе де бұл туындының эпос емес, лирикаға жату себебіне келсек, сол әрекет, құбылыстың бәрі бір лирикалық қаһарманның бір сәттегі сезім айнасы ретінде берілгендігі дер едік. Міне, сырт қарағанда осындай бірнеше адам қарым-қатынасы алынса да, соның бәрі бір ғана лирикалық қаһарманның бір сәттегі сезім айнасы ретінде келтірілуі үлгісі ақынның «Аңқау адам туралы», «Шайтанның саудасы» өлеңдерінде де жүзеге асқан. Хикаят өлеңнің мұндай сипаты ақынның: «Алтын табақ», «Шайхы Ысқақ», «Надан би», «Ғалының тағылымы» өлеңдерінен де көрінген. Осы орайда «хикаят» ұғымына да сыя бермейтін, поэма деуге де келе қоймайтын, көлемі де ұзақтау, қатысушы адамдары біреу емес, бірнешеу болатын, белгілі бір оқиғаға негізделген, әйтсе де соның бәрі бір ғана лирикалық қаһарман толғанысы ретінде берілгендіктен де, лирика шеңберінде қалатын мұндай туындыларды «Оқиғалы өлеңдер» - деп атағанды жөн көрдік. Оларға: «Ибраһим», «Пайғамбардың соңғы тілегі», «Пайғамбардың өсиеті», «Ханымбике», «Күйеу Мағзұм мен Хұршым» және «Момынның әйеліне шығарғаны» өлеңдері жатады.
Бұл тұста «хикаят», не «сюжетті өлең» ұғымынан сәл бөлектеу тұрған, өмірдегі бар деректерге, көбінесе өмірбаяндық шежіреге негізделген шығармаларды бір бөлек топтап, оларды: «деректі өлең» - деп ұсынғанды жөн көрдік. Мәселен: «Бөгелген хат» (1909), «Айқап» туралы (1915), «Малсыз дала» (1925). Бұл туындылар ақынның өз көзі көрген жекелеген келеңсіз деректерді келтіріп, соған нақты сын айтуға арналған. Ал, енді бір өлеңдерді өмірдегі деректі фактілерге негізделсе де, бір оқиғаны айта отырып, сол іспетті басқа да құбылыстарды қамту ерекшелігімен де көркем жинақтауға иек артқан деректі өлеңдер деп қарастыруға болады. Мәселен: «Жылым – қой, тауық жылы мен үш жаста», «Мәшһүр» атты қалай алғандығы туралы», «Мәшһүрдің алпыс сегізінде сөйлегені», «Мәшһүр Жүсіптің өлер алдындағы сөзі» өлеңдеріндегі көп деректер шындық көшірмесі. Бұл туындыларда Мәшһүр Жүсіп өміріне қатысты дерек көздері алынса да, соны тірек ете отырып, ақынның жалпы қоғамдағы қайшылықтарды т.б. кең қамтуға ұмтылуы - бәрі жеке дерекпен шектелмей, жинақтауды да қоса қамту үлгісін танытады. Нақты бір оқиғаны, не жеке бір адамды сөз ете отырып, уақыт, кезең ерекшелігін біршама кең ашуға ұмтылу ақынның: «Мұса Шорманұлының асы», «Қажыларға», «Байдалының Исасына», «Бердібек Қазанғапұлына» өлеңдерінде орын алған.
Мәшһүр Жүсіптің хикаят өлеңдерін сараласақ, оның аңызға негізделгендері де өз алдына бір төбе: «Кәф пен Нон», «Құдайым жексенбі күн жер жаратты», «Абыраһа мен Мұтылаб», «Мұхаммед пен Әбужаһил», «Мұхаммедке пайғамбарлық келгені», «Ғалының ниеті», «Ықылас сүресі», «Сүлеймен мен Ібіліс» және «Адам ата мен Шайтан», «Пайғамбардың нұры», «Ораза туралы», «Расулдың өлімі» т.с.с. Бұл аңыз өлеңдері, яғни хикаят өлеңдері арқылы Мәшһүр Жүсіп қазақ лирикасының жанр ретінде толысу, жетілуіне көп ықпал етті. Бұл туындыларда түрлі лирикалық бейнелер арасындағы шағын тартысты енгізу көмегімен ақын лириканың жанрлық толысуына ықпал етті, ішінара эпос, драма әсерін қабылдай отырып, өзекті ерекшелікті, лирикаға тән өзіндік сипатты сақтап қалудың соны түрлерін тудырды. Өлеңнің өмірді қамту мүмкіндігі кеңейе түсті, сол арқылы шығарма көркемдігін, әсерін арттырудың соны үлгілері қанат жайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет