Өзін-өзі тексеру сұрақтары.
Тақырыптық, сюжеттік тың арналарды ашып көрсету.
М.Мағауин әңгімелерінің көркемдік жүйесі мен кейіпкерлерін байланыстыра айту. Ш.Мұртаза әңгімелерін оқыту.
Кейінгі толқын жазушылар шығармашылығымен таныстыру.
Әдебиеттер:
Елеукенов Ш. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. А., 1997
Қазақ әдебиетінің тарихы. 10 томдық. 10-том. А., 2005
Кәкішев Т. Дәуір дидары. А., 1985
Кенжебаев Б. Шындық және шеберлік. А., 1986
Кенжебаев Б. Жылдар жемісі. А., 1984
Қабдолов З. Жебе. А., 1977
Поэзияның дамуы.
Мақсаты: Поэзиядағы тәуелсіздік идеясы мен ұлттық сананың жаңғыруын байланыстыра айту. Қазақтың жаңа поэзиясы, өкілдерімен таныстыру.
Негізгі ұғымдар: поэзия, тәуелсіздік идеясы, әлеуметтік шындық, ұлттық сана, өлең, жинақ.
Жоспары:
Поэзиядағы тәуелсіздік идеясы. Ұлттық сананың жаңғыруы.
Тәуелсіздіктің қазақ ақындары поэзиясында бейнеленуі.
Қоғамды-саяси, әлеуметтік шындықтың жырлануы.
Қазақтың жаңа поэзиясы, өкілдері.
Тәуелсіздік арқылы жаңғырған ұлттық сананың, тарихи сананың оянуы өткен жолымызға қайта үңілтіп, қанша уақыт бойы айтылмай келген ақиқаттарды ашуға, бағалауға мүмкіндік берді. “Адасып қараңғыда, сорлы қазақ!” деген Міржақыптың, “қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған” деген Ахметтің, “Бар сүйеніш, үміті бар құдайда” деп тебіренген Шәкәрімнің, “Түркістан ер түріктің бесігі ғой” деп армандап кеткен Мағжанның үндері қайта жаңғырды. Поэзия қоғамдық ой- сананың дамуынан алшақ кете алмайды. Керісінше, қоғамда болған өзгерістер алдымен поэзияда көрініс береді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі онжылдықта көптеген өлең кітаптары, жинақтар мен топтамалар жарық көрді.
Еліміз Тәуелсіздік алған тарихи күнде туған ең алғашқы өлеңдердің бірінде Иран-Ғайып “Тауың да, бақша-бауың да, Досың да қатал жауың да сенікі” деп шалқып, тасиды. Ал, Темірхан Медетбек:
Тәуелсізбін!
Танып тұрмын өзімді.
Ұшырамын қанат байлап сезімді. Ешкім енді көкірегімнен итеріп, Ешкім енді шұқымайды көзімді, -
деп жігерленеді. Осы тұстағы өлеңдерде ұлттық ерекшелік айқындала түсті. Мәселен, Т.Медетбек “Тудық біздер көрінбейтін бұғаумен, жүрдік біздер көрінбейтін кісенмен” десе, Қ.Шаңғытбаев “Келем, міне, алшаң басып елімде, Ағытып ап мойнымдағы көгенді”, дейді. Яғни, кешегі дәуірлерде халқымыз кешкен азапты ақындар “бұғау”, “қамыт”, “кісен”, “көген”, “шідер” сөздерімен тұспалдап жеткізіп отыр.
Кешегі кеңестік дәуірде өмір сүрген, идеология майданының алдыңғы шебінде жүрген аға буын ақындар өткеннің кінәсін анықтуға ұмтылды. Абыз ақын Ә.Тәжібаев:
Біз! Біз! Дедік,
Біз! - деп шықтық мінбеге. Ұлтты құртар
Өрт шығардық іргеден. Ұлтшылдарды
Қас дұшпан деп тілдедік,
Одан өзге түкті де біз білмедік,-
деп ағынан жарылады. Ұлт жанашырлары болған Ахмет, Әлихан, Міржақып, Мұстафа сияқты арыстардың рухы алдында бүкіл жұртының атынан кешірім сұрайды, келешек ұрпаққа ой салады. Ақын Сағынғали Сейітов Қазан төңкерісімен құрдас, Кеңестік дәуірдің төл перзенті болса да, жаңа тәуелсіз Қазақстанды аға буын атынан қуана құттықтайды:
Нағыз атың енді ғана табылды, Нағыз атың енді ғана танылды. Қазақ елі, көкке жетті көк туың, Сен тәуелсіз мемлекетсің кәдімгі, -
дейді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірден нық басып кеткен жоқ. Елге егемендікпен қоса, нарықтық экономика келді. Сауда келіп, таршылық пен тапшылықтан шығар жолды іздеген көпшілік базар жағалады. Ақын Исраил Сапарбай “Көк базар” деген өлеңінде:
Өшіп-жанған бір отты көріп алдан, Жүруші еді кеудемде толып арман... Сол арманды әй-шәйсіз қуып шығып, Көкірегіме “көк базар” қонып алған, -
деп уақыт шындығын айтады. Сол сияқты Н.Оразалин: “Артық айтсам, айыптама, кеш күнім, Көлеңкедей ұзарып кеп өсті мұң. Өсті қайғы... Өсті уайым... Өсті шер... Мәңгіліктің мылқау үнін естідім” десе, А.Бақтыгереева: “Жағдайың қалай, Жайығым, Көбейіп тұр-ау, уайымың”,-деп заман ауыртпалығын, халықтың көкейіндегі бір үміт пен бір күдіктің бар екенін аңдатады. Тәуелсіздікпен бірге ілесе келген кейбір келеңсіздіктерді аңғартады, содан сақтандырады. Сондықтан да ақындар тәуелсіздіктің шынайылығын, беріктігін аңсайды. Қазақ поэзиясында өзінің дара қолтаңбасымен із қалдырған ақын Ф.Оңғарсынованың азаматтық үні, өткір мінезді өлеңдері де тәуелсіздік жылдарындағы поэзияға жаңа бір леп әкелді. Ақын К.Ахметова: “Мен Алладан сұраймын мінәжат қып, Заман бізге жасамай, сірә, жаттық. Бұл далама, ұлтыма, ұрпағыма, Шын мәнінде келгей деп шын Азаттық!” десе, О.Тұржанова: “Қыран қанат ел болдық бөктері кең, Күннен ұшып жаныма от келіп ең. Тілек тілеп жұртына Дала жатыр, Көз жазып қалмаңдар деп Көк бөріден”,-деп Тәңірлік дінге табынған, Көк бөріні кие еткен көне заманды еске салады.
Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып танылуы әр түрлі тарихи кезеңдерде тағдыр тәлкегімен шет жұрттарға қоныс аударып кеткен қандастарымыз үшін мәні зор қуаныш болды. Тарыдай шашырап кеткен бауырлар енді атамекендеріне орала бастады. Қытайдан өткен ғасырдың 60-жылдары Қазақстанға өткен ақын Жәркен Бөдешұлы:
Достарыңызбен бөлісу: |