«Халық жауы» деген нақақ жаламен екі рет ұсталып, қырық төрт жыл
ғұмырының он жылын қапаста, түрмеде өткізген ақынның қасіретті тағдыры
спектакльде аяулы жары Зылиханың естелігі арқылы беріледі.
Алма Кәкішеваның Зылиха бейнесін сомдауды актриса Дария Жүсіпке
тапсыруы, режиссер мен актрисаның шығармашылық тандем құруы –
қойылымның көркемдік деңгейін биіктен көрінуіне негіз болған тетіктердің
бірі. Осы орайда көрнекті режиссер, әрі театртанушы В.Сахновский кітабында:
«Режиссер - алдымен актердің шығармашылығын толықтай танып алуы қажет.
Актердің ішкі жан дүниесін ашуы керек. Актер автор ойын түсінбеген жағдайда
режиссер оған түсіндіру шарт», - деген болатын [77].
Міне, режиссер кейіпкердің шынайы болмысына терең зерттеу
жүргізуінің арқасында, көрермендер Д.Жүсіптің актерлік шеберлігі арқылы,
өз заманында қазақ қыздарының алғашқысы болып жоғарғы оқу орнын
бітірген, ақсүйектігі мен зиялылығы келбетінен, сөйлеу мәнерінен, ісінен
көрініп тұратын, сыры кетсе де сыны кетпеген Зылихадай текті әйелдің аяулы
бейнесімен қауышты.
Спектакльде қоғам мен адамның, өмір мен өлімнің, махаббат пен
ғадауаттың арпалысы Зылиханың ойлы жанарынан сезіледі. Алайда ішінде
аспанмен таласқан теңіз дауылындай толқулар жатса да, жұрт Зылиханың ішкі
мұңын, жан шырылын естімейді де, сезбейді де. Зылиханың ішкі
психологиялық иірімдерге құрылған тебіреніске толы сәттерін көрсетуде,
Дария Жүсіп өзінің театр сахнасында жинаған шығармашылық тәжірибесін
молынан пайдалана білді.
Бұл жетістіктер - актрисаның дауыс мәнерінен, үнінің интонациялық
бояуынан, реңк ажары мен қимыл-әрекетінен нақты көрініс тапқан. Д.Жүсіп өз
кейіпкерінің екінші планын дәл таба білген. Әсіресе, драмалық шиленіске толы
сәттерде, көріністің атмосферасын ұстап тұруы үшін, алда болатын
жағдайларда ішкі көңіл-күйін жеткізіп отырады. Актрисаның ішкі тебіренісі
мен сыртқы әрекеті, яғни психофизикалық жай-күйі ерекше үйлесім тапқан.
Осы орайда: «Тән тұлғасы – актердің ішкі дүниесінің айнасы. Оның әрбір
қимылы, отырыс-тұрысы, қозғалысы мен әрекеті – психологиялық шешімнің
көркемдік нәтижесіне жатады. Өйткені тән қимылы жалған айтпайды, ақиқатқа
жүгінеді. Ол сөзден де өткен шыншыл», – деп режиссер М.Байсеркенов
92
айтқандай, актриса өзінің мизансценаларында кейіпкер жан-дүниесіндегі
оқиғаның өзгеруіне байланысты болатын сәттерді сахнада табан астында
тудыра білді [78, 336 б.].
Зылиха – актрисаның шығармашылық өмірбаянындағы ең бір елеулі
рольдерінің бірі. Д.Жүсіптің актерлік ойынының жоғары деңгейде болуы, бір
жағынан режиссер А.Кәкішеваның актрисаға дұрыс бағыт-бағдар беруінің
нәтижесі екені аңғартады.
Мағжандай қызуқанды, өзі тентек, тумысынан ақын боп жаратылған
адамның жары Зылиханың мінез-болмысы мен ол төзген азаптың салмағы
қандай? Драматург Д.Исабеков «театр ішіндегі театр» заңдылығы негізінде,
қойылым ішіндегі қойылымға ендірер алдында Зылиха мен Мадинаның өзара
мінез шарпысуларын әдейі алғаны белгілі.
Мағжан мен Зылиха өмірін әбден зерттеп өскен Мадинаның сөз арасында
Зылихаға ақынның екінші жары екенін айтқан тұста, екеуара диалогтық
қақтығыс шиеленісе түседі. Жас актрисаның абайсызда жағдайды ушықтырып
алып, үлкен кісінің бірбеткей мінезіне бата алмай, амалының жоғынан
Мағжанның ит көйлегімен жұбатқысы келгендей болады. Дәл осы тұста
Зылиха-Д.Жүсіптің психологиялық жай-күйі бір-ақ сәтте өзгеріп, мүлдем басқа
арнаға бұрылады.
Деталь ретінде ойнатылған ит көйлек драматургтың қиялынан туса,
режиссер бұл детальды спектакльде өте ұтымды қолдана білген. Актриса
Л.Қалдыбекова спектакль барысында ит көйлекті үстел үстіне ақырын ғана қоя
салуымен көрсетеді. Ит көйлек аталмыш көріністе байқаусыз бір зат ретінде
қалып қоюы да мүмкін еді.
Алайда келесі эпизодта ит көйлекті ұстаған Зылиха-Д.Жүсіп - Мағжаны
тіріліп келгендей бір суып, бір ысып, өзін өзі жоғалтқан аласапыран күйге түсіп
фортепианоны құшақтай құлайды. Фортепианодан шыққан «шың» еткен дауыс,
адамның сай-сүйегін сырқыратып, тұла бойыңды еріксіз шымырлаты жібереді.
Режиссердің дәл осы көрініске екпін қоюы мен Зылиханың «Мағжан!» деп
қолын жоғары көтере жан даусымен айқайлаған сәті - адамның ішкі әлемінде
өтіп жатқан алапатты күйін одан әрі шарықтатып жіберді. Көз алдыңда аспан
айналып жерге түскендей күйде қаласыз. Бұл сахналардың бәрі де диалогты
әрекетке айналдырудың, әрекет пен сөз бірлігі арқылы ой тереңдігін аша түскен
сәттер болды.
Режиссер қойылымның бірінші бөлімінде драматург жазған пьеса
мазмұнынан ауытқымай, автордың негізгі ойлары мен жылап тұрып күлдіретін,
күлдіре отырып көрермендерді ерекше баурайтын сөз қақтығыстарын, мәтін
астарларын тереңірек ашуға күш салғаны байқалады. Осы сахнадағы қаз-қатар
кітаптар тізілген сөрелер мен қолшатырдан бастап, музыкалық сандықша,
фортопиано секілді детальдардың бәрі өз ретімен қолданылып, өз орнымен
ойнатылып, екі кейіпкердің сезім әлемін, психологиялық жай-күйін
байланыстыратын көркем құралға айналдырылған. Спектакльде Мағжан
93
бейнесі алғаш рет елес ретінде көрсетіліп, Зылихамен екеуінің тілдесуі арқылы
беріледі.
Д.Жүсіптің Зылихасы ұстазы Хадиша Бөкееваның «Кебенек киген арулар»
спектаклінде жасаған бейнесімен үңдесетінін, екеуінің де сомдаған рольдері
адалдықтың, тазалықтың жаршысы екенін атап өткеніміз жөн. Бұл әдемі үрдіс –
қазақ сахна өнеріндегі ұрпақтар сабақтастығының сақталғандығын дәлелдейді.
Актриса Д.Жүсіп – өз ұстазы КСРО Халық артисі, профессор Хадиша
Бөкееваның актерлік өнеріндегі шеберлік өрнегін, биік мәдениетін көрсете
алды.
Ал, жас актриса Мадина-Ләззат Қалдыбекова спектакль барысында
кейіпкерінің сыртқы күйіне көбірек көңіл бөліп кеткеніне қарамастан Зылиха-
Д.Жүсіптің партнері ретінде ансамбльдік жұпты ұстап жүре алды. Бірінші
бөлім екі актрисаның сөз арқылы туындаған диалогы арқылы өрбіп отырады.
Жалпы спектакль туралы драматург Д.Исабековтың өзі жазған драмасы
туралы: «Зылиха – текті әйел. Өмірдің барлық қиындығын артта қалдырған
адам. Ол енді өмірге кекесінмен қарайды. Зылиханың рөлі сәтті шыққан.
Жалпы, спектакльді алып шыққан Дария Жүсіп. Бірінші бөлім керемет
жүйеленген. Оған еш мін жоқ. Ал екінші акт менікі емес. Менің жазғаным
бойынша екінші бөлім мәскеулік ақындардың ортасында Мағжанның қызыл
диплом алған сәтінен өрбуі тиіс еді. Орыс зиялылары ақынды қазақтан шыққан
Пушкинге теңеген. Яғни Мағжан Мәскеуді мойындатқан адам. Мен соны
көрсеткім келген. Өкінішке қарай, спектакльдің екінші бөлімі менің жазған-
дарыммен мүлде үйлеспейді. Дайын мәтінді лақтырып тастап, неге басқа оқиға
құрылғанын түсінбедім. Авторы тірі отыр, неге кеңеспейді?! Кезінде пьесаға
бір-екі ауыз сөз қосу үшін Сәбира Майқанова, Фарида Шариповалардың өзі
хабарласып, кеңесіп жататын. Ал бүгінгілер автор үшін өздері жаза салатын
болыпты» деген пікірін жеткізеді [79].
Автор мәтінінің қысқартылуы режиссерлік шешімге, қойылымды
сахналаған суреткердің көркемдік ұстанымдарына байланысты болуы да
мүмкін. Көрнекті режиссер Г.А.Товстоногов бұл туралы: «Пьеса существует
для чтения. И для театральной работы. Для публики создается спектакль. От
пьесы до спектакля - дистанция огромная. Пьеса - творчество драматурга,
произведение литературы. Процесс создания спектакля - сложное
художественное производство, движущей силой, энергетическим и духовным
центром которого становится режиссер, весь его творческий потенциал», - деп
қойылымды тудыру үдерісіндегі басты шығармашылық тұлға – режиссердің
рухани келбетін баға береді » [10, с. 28].
Қойылымның екінші бөлімі Мағжан өмір сүрген заманның тыныс-
тіршілігінен сыр шертеді. Бірінші актідегі Зылиханың ішкі жан айқайының
күйімен өрнектелген сахна екінші актіде мүлдем басқа сипатқа ие болады.
Екінші акті бірден Мағжанның Мәскеудегі қазақ достарымен бірге
мейрамханадағы әндетіп отырған, думанды кешімен басталады. Мағжанның
ғашық болған қыздарының бірі Гүлсім мен күйеуі Кәжен екеуінің көрінетін
94
сахнасы да осы екінші актіге енгізілген. Зылиха да көрінгенімен, негізгі
режиссерлік акцент Гүлсімге беріледі. Пьеса бойынша бірінші актіде қойылуға
тиіс Кәжен мен Мағжанның дуэльге шығар сахнасы спектакльде ауысқанын
көруге болады.
Міне, пьесаның бірінші бөлімде өтетін оқиғаларды, спектакльді сахналаған
кезде режиссерлік интерпретация жасап, екінші бөліміне ауыстырғанына
драматург Д.Исабеков: «
Пьеса бойынша бірінші актіде қойылуға тиіс Кәжен
мен Мағжанның дуэльге шығар сахнасы спектакльде ауысқанын көруге
болады. Және осы дуэль сахнасының Зылиханың баяндауымен басталатын
тұсы қысқартылып кеткендіктен спектакльде бұл сахна пьесамен таныс емес
көрермен үшін бұлыңғырлау, түсініксіз күйде қалып қойғандай», - деп автор
ретінде
қарсылық білдіреді [80].
Спектакльде Мағжанның бейнесін Алмас Шаяхметов сомдады. Актер -
ақынның албырттығын, әсершілдігін, ақынға тән қызбалығына бас мән бере
отырып, Мағжанның суреткерлік әлеміне бойлай алды. А.Шаяхметов -
драманың өн бойында Мағжан бейнесінің келесі бір қырын С.Есенин,
Д.Бедный, М.Горький, ұстазы В.Брюсов сияқты Мәскеу зиялы қауым
өкілдерінің арасындағы қарым-қатынасын зерделей отырып, жанартаудай
атқылаған дарынымен «қазақтан шыққан Пушкин» атандырған ортасымен
алып, ақынның асқақ тұлғасын биіктете түседі. Қырық төрт жыл өмір сүрген,
ғұмырының 10 жылын абақтыда, қуғын-сүргінде өткізген Мағжан ақынның
шуақты күндері аз болса да шығармашылығына шабыт берген, өміріне қуат
берген – ғашықтық сезімі, сұлуларға ынтықтығы, биік ұғымдағы Отанға, жарға
деген асыл махаббатына куә болдық.
Актер Алмас Шаяхметов М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік
академиялық драма театрында бірнеше спектакльде басты рольде ойнап жүрген
талапты жас. Мағжан бейнесі актер ойнаған кейіпкерлерінен интелектуальдық
жағынан болсын, талантымен болсын әлдеқайда биікте тұрған, тереңде жатқан
жаухарлардың бірі екендігін атап өткен жөн.
Пьесадағы Зылиханың Мағжанның кітабын ит көйлегіне ораған күйі өлетін
сахнасы спектакльде режиссердің ақын мен жарының о дүниеде бірге екенін
айғақтайтындай көріністе, яғни, қос ғашықты қол ұстатып, жоғарыға көтеріп
ала кетеді. Ал екеуінің артынан ерген бүгінгінің жастары екі мұңлықты
құрметтей бермек деген оймен аяқтайды. Режиссер өз қойылымында – ақынның
аяулы бейнесі халқының жүрегінде сақталатынын, Мағжан мен Зылиханың
махаббаты жас ұрпаққа үлгі екендігін дәріптейді.
Режиссер А.Кәкішева өз кезегінде спектакль туралы ойын, көзқарасын:
«Көрермен тарапынан маған сын айтыла қойған жоқ. Көпшілік мен қойған
Мағжанды әзірге жылы қабылдауда. Автор тарапынан ғана айтылған сын бар.
Оның өзі мәтінге қатысты айтылып отыр. Менің режиссер ретінде міндетім –
спектакльді жасау. Сахнада мизансценалар сөйлеу керек. «Образды көру» деген
болады. Мәселен, көшеде ағаш құлап жатыр. Сіз құр құлаған ағашты көресіз.
Ал мен одан басқа дүниені елестетуім мүмкін ғой. Сол сияқты, пьесадан да
95
режиссер бірнәрсені аңғарады әуелі. Сол өзі байқаған, өзі аңғарған дүниесін
сахнаға алып шығады. Сахнаның өзінің тілі бар. Сол үнді мен шығаруым керек.
Ол іс-қимыл арқылы, музыка арқылы сөйлеуі мүмкін. Театр – синтездік өнер.
Театрдың әдебиеттен бөлектігі де осында, яғни сахна тілінде сөйлеуінде. Ал
мен болсам, сол театрды өз тілінде сөйлеткім келді. Іс-әрекетсіз,
мизансценаларсыз сахнаны қалай сөйлетем?!», - деп жеткізеді [81].
Пьесаны сахналау үдерісі кезінде режиссер өзінің көкейкесті мақсатын
орындау жолында әртүрлі әдістер арқылы, көркемдік шешімдер іздейді. Кей
кезде сол көркемдік ізденістер, уақыт өте келе өзінің дұрыстығын дәлелдеп те
жатады.
Бұл туралы сахна санаткері Г.А.Товстоногов: «Быть может, высшая
степень близости режиссера к тексту пьесы - это свобода. Та глубокая
внутренняя творческая свобода, которую он обретает, услышав, поняв нечто
самое важное в пьесе, что-то очень сокровенное в намерениях автора.
Сокровенное для него - режиссера. Бывает так, что внешне самый близкий,
идентичный пьесе спектакль может оказаться самым неудачным. Может
остаться текст, но умереть театр. Творческая раскрепощенность, духовная,
художественная свобода режиссера в материале пьесы - одно из непременных
условий для созидательной деятельности режиссера в театре. «Необходимо
свободно плыть в стихии предстоящего спектакля. Мне важна свободная
импровизация, маневрирование, без всякого пиетета, любыми способами
создания спектакля, в любой их последовательности», - деп кәсіби тұрғыда ой
сараптайды [10].
Жалпы, Алаш арыстарының аяулы жарларының тағдырын спектакльге
арқау ету - М.Әуезов атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық драма
театрында 1997 жылы қойылған «Кебенек киген арулар» спектаклімен
басталған еді. Араға жылдар салып, Алаш қайраткерлерінің өмірлік
серіктерінің қилы тағдыры хақындағы тақырып - «Жүз жылдық махаббат»
қойылымында жалғасын тапты. Режиссер Б.Атабаев сахналаған «Кебенек киген
арулар» спектаклінде, кезінде Алма Кәкішева АЛЖИР-дегі тұтқын әйелдердің
бейнесін ойнаған еді.
Ал осы жолы режиссер ретінде А.Кәкішева өзі сахналаған қойылымда
«Кебенек киген арулардағы» сахналық метафоралық теңеулерді қолдану да,
спектакльдің формасын табу да, актерлер ойынын да сабақтастықтың керемет
мысалын көрсете білді.
Мағжан ақынның қилы тағдыры мен Зылиха арасындағы сыйластықты
сахналау арқылы Алаш ардақтысының бейнесін жасаудағы режиссерлік шешімі
де ұтымды шыққан спектакльдің бірі - жазушы Жұмагүл Солтиеваның «Әйел
махаббаты» атты мистикалық драмасы мемлекеттік республикалық кәріс
театрының сахнасында қойылды. Цой Ен Гынның көркем тәржімасы арқылы
кәріс тілінде сахналанған «Әйел махаббаты» қойылымы - театрдың жас
қоюшы-режиссері Елена Кимнің алғашқы туындысы. Өнер иесі қойылымда
басты роль -Зылиханы да өзі сомдады. Мағжан мен Зылиханың өмірін көрсету
96
арқылы театр ұжымы еркіндіктің, тәуелсіздіктің қадыры мен қасиетін
дәріптеуді мақсат тұтқан.
Аталмыш қойылымда Мағжанды тек ақын ретінде ғана емес, батыл да
шыншыл азамат ретінде танытады. Ал Мағжанға деген Зылиханың махаббаты
да ерекше, ешкімге ұқсамайтын махаббат. Театр артистері Әлішер Махпиров,
Елена Ким, Галина Хан, Анна Цой, Антонина Шегай, Эдуард Пак, Игорь Шин,
Борис Югай, Наталья Ли, Лаура Ержігітова, Мария Ким актерлік ансамблінің
арқасында спектакль көрермендер жүрегіне жол тапты.
Театр труппасы аталмыш қойылыммен Оңтүстік Кореяда өткен
халықаралық театр фестиваліне қатысып, театр сыншыларынан жақсы баға
алып қайтты. Қуғын-сүргінге ұшыраған уақытта, небір кедергілерге қарамай,
ерінің соңынан іздеп сан рет барған, өмір бойы Мағжан рухын ардақтап, өзінің
соңғы демі біткенше ұлы ақын жырларының кейінгі ұрпаққа жетуіне бар-күш
жігерін салған Зылиха бейнесі де қайсарлықтың бейнесі іспеттес еді. Ал
олардың сыйластығы - кейінгі сан ұрпаққа өнеге екендігін республикалық кәріс
музыкалық комедия театры дәлелдей білді.
Түркі дүниесінің мақтанышына айналған Мағжандай арысымыздың тарихи
тұлғасын дәріптеген, ақын өмір сүрген заманның ақиқатын анық жеткізе білген
Д.Исабековтің, Ж.Солтиеваның бұл туындылары өзге де Алаш арыстары
жайында жазылар келешек дүниелерге жарқын үлгі болды.
Ақиқаттың көзіне тура қарап, оны көре алатын, көргеніңді жеткізе алатын
күш суреткердің ғана қолынан келетін дүние. Ал оны үзіп-жұлып, өзімшілдікке
салынып, сөз қадірін кетіргеннен сорақысы жоқ.
Тәуелсіздік жылдарындағы мемлекетіміздің театр режиссурасындағы
басты жаңалықтарының бірі – Алаш арыстарының сахналық көркем
бейнелерінің жасалуы еді. Еліміздің театр кеңістігінде жалпы адамзаттық
гуманизм ұстанымдарын асқақ тұтып, бүкіл қазақ халқының мүдделеріне
қызмет еткен және саналы ғұмырын осы мақсатқа жетуге арнаған Алаш
қайраткерлерінің көркем бейнесі республиканың түкпір-түкпіріндегі театрларда
сахналанып жатты.
Заманауи театр өнеріндегі осынау үрдіс – ұлттық сананың биік
ұстанымынан, қоғам сұранысы мен уақыт қажеттілігінен туған бастама еді.
Арыстардың есімін ақтап, халқын өзінің рухани қайраткерлерімен
табыстырудағы Елбасы Н.Назарбаевтың осы тарихи шешімі, батыл қадамы
бүгінде дүние жүзіне мәлім тарихи дерекке және біздің театр өнеріндегі ұлттық
мақтанышымыздың мәніне айналды. Кеңестік идеология айтуға тиым салған,
Алаш зиялыларының тағдыры, қилы өмірі мен қайраткерлік жолдары
спектакльдерге арқау болып, бұл өз кезегінде жас ұрпақты ұлттық тарихының
ақтаңдақ тұстарымен танысуға, заңғар тұлғаларын құрметтеуге, елдік рухтың
биіктеуіне бастайтын қасиетті темірқазыққа айналды.
Тарихи тұлғаның сахналық көркем бейнеге айналуы - күрделі үрдіс.
Театр өнерінде бүгінгі күн шындығы мен тарихи тұлғаның ішкі
иірімдеріне үңілетін жаңа пьесалар шоғыры пайда болды. Бұл үрдіс өз кезегінде
97
театр өнеріндегі жаңа тақырып, жаңа көркем бейне, жаңа идеялардың пайда
болуына ықпал етті. Ал өз кезегінде қазақ драматургтері үлкен-үлкен сүбелі
туындылар жасай алды. Олардың қатарында Ш.Мұртаза, Қ.Мұхамеджанов, Ә.
Тарази, Д. Исабеков, Қ.Ысқақ, Н.Оразалин, Иран-Ғайып, Р.Отарбаев,
Ж.Әлмашұлы, Ж.Солтиева, Қ.Жүнісовтер жазған драмалық шығармалар
республикамыздың театр сахналарында қойылып, театр сыншылары мен
көрермендерден лайықты бағасын алды. Қазақстан Республикасының Мәдениет
министрлігі жариялаған «Тәуелсіздік толғауы» атты байқаудың «драматургия»
номинациясы бойынша Алаш арыстары туралы ойлы пьесалар сан мәрте
жүйрік шығып, топ жарды. Міне, сол жаңа туындылар енді еліміздің
сахналарына кезегімен жол тартты.
Мысалы, Ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығы құрметiне драматургиялық
шығармаларға жариялаған «Тәуелсiздiк толғауы» республикалық байқауында
бас жүлдеге ие болған Әубәкiр Рахимовтың «Шәкәрiм» драмалық диалог
қойылымы сөз жоқ, ұлттық театр тарихында елеулi оқиға болып қалары анық.
Автордың ұзақ дайындық, iзденiсiнен кейiн үлкен сахнаға шыққан қойылымы
туралы көрерменнiң жылы iлтипаты осыны меңзейдi.
Режиссерлеріміз Алаш арыстары хақындағы өз спектакльдерінде заманауи
формалар мен сценографияның жаңа түрлерін қолдана біліп, артистер
орындауындағы Шәкәрім, Мұстафа, Мағжан, Сәкен, Тұрар, Жұмабай сынды
қайраткерлердің бейнесі сахнада мейлінше шынайы сомдалды.
Халқымыз өзінің тарихында небір қиындықтарды басынан өткерді.
Сұрапыл соғыстарды, жойқын тойтарыстарды көрген, сан рет құлап, сан рет
тұрған, жақсы мен жаманды білген, көрші халықтармен бейбіт өмір сүрген,
хандары алтын тақта отырған, ел мүддесін қорғай білген азаматтары бар,
бүгінде әлем өркениетінде «Ұлы Дала Елі» болып, көш бастап отырған елміз.
Ендеше Қазақстанның театр кеңістігіне жаңа леп, жаңа серпін әкелген Алаш
арыстарының сахналық көркем бейнесін жасаған бұл қойылымдар – халықтың
тарихи жады мен рухани болмысына әсер ете отырып, елдік пен бірлікке
бастайтын ұлттық рухын биіктетті.
«Жаңа театрлық идеялардың режиссурадағы көрінісі» атты екінші бөлімде,
еліміздің театр кеңістігіндегі шығармашылық ізденістер, жаңашылдық
бағытындағы қойылымдардың ерекшеліктер Н.Жақыпбай мен Б.Атабаевтың
режиссурасы мысалы негізінде сараланды. Әлемдік және ұлттық классикалық
шығармаларды сахналауда заманауи интерпретация жасап, көрермендер
санасында жаңа эстетикалық және интеллектуальдық таным мен тағылым
қалыптастырған аталмыш режиссерлер, қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар
мәселелерді, адамзаттық рухани құндылықтарды арқау еткен заманауи
пьесаларды батыл қоя білді.
Бұл орайда, театр режиссурасындағы тақырыптар шеңбері кеңейді.
Мысалы, полигонның зардабы, экологиялық апаттар, Кеңестік жүйенің
келеңсіздіктері мен Алаш арыстары хақындағы туындыларды қазіргі заманауи
98
формалармен, сценографиядағы минимализммен, сахна өнеріндегі символдық
шарттылықтармен үйлестіре білді.
Екі режиссер де театр педагогикасындағы тәжірибелері мен режиссерлік
ізденістері негізінде Қазақстанда «мектеп-студия-театр» құрылымының
маңыздылығы арттырып, жаңашылдық, ізденіс, өзгеріп отыру секілді
үрдістердің театрдағы ең басты темірқазыққа айналу керектігін, өздерінің
шығармашылығымен дәлелдеді.
Сонымен бірге тәуелсіздік жылдарында ұлтымыздың мақтанышына
айналған Алаш арыстарының заманауи драматургия мен режиссурада тұңғыш
рет сахналық көркем бейнелері жасалды.
Осынау заманауи үдеріске республикамыздағы барлық театрлар жаңашыл
көркемдік эстетикалық ұстанымдармен келіп, бұрын режиссурада көтерілмеген
тың, жаңа тақырыптардың сахнаға дер кезінде шығуына Ә.Мәмбетов,
Р.Сейтметов, Е.Обаев, Ә.Рахимов, Б.Атабаев, М.Ахманов, Ә.Оразбеков,
Е.Төлеубай, А.Кәкішева, Д.Еспанов тағы басқа режиссерлеріміз бір кісідей
атсалысты.
Еліміздің сахнасында жүріп жатқан қазіргі шығармашылық ізденістер -
режиссерлік театрдың қанат жайып көркеюіне, өнер ұжымдарының жаңарған
көркемдік-эстетикалық келбетін көрсетумен бірге режиссура мен актерлік
өнердің жаңашылдық бағытта дамуына, тың белестерге шығуына ықпал етуде.
|