3.2 Жас режиссерлердің ізденіс жолдары
Қазақстанның театр режиссурасындағы жаңа буынның қалыптасуына,
көркемдік келбетіне еуропалық, америкалық заманауи театр үрдісі ықпал етті.
Бұл ықпал – әсіресе көркемдік стиль, еуропалық заманауи драматургияның жиі
сахналануы, ұлттық образдардың бойынан батыс менталитетінің табылуы
секілді мысалдардан анық сезіледі.
ХХІ ғасырдың басынан бастап Қазақстанның театр режиссурасы жаңа
есімдермен толықты. Олардың қатарында: өмірден ерте кеткен Қ.Сүгірбеков,
Р.Есдәулетов, сондай-ақ Г.Мерғалиева, Қ.Адылов, Н.Дубс, Г.Пьянова және
одан кейінгі жас буын өкілдері Е.Нұрсұлтан, Ә.Баймаханова, Д.Жұмабаева,
Б.Абдрахаманов, Ф.Қанафиндер заманауи көркемдік үрдіске жаңашылдық
әкелуімен, заманауи формалар мен стиль әкелулерімен ерекшеленеді.
Олардың көпшілігі Еуропада жүргізіліп жатқан әртүрлі режиссерлік
эксперименттік және лабораториялық жұмыстарды көре отырып, батыл
ізденістерге кіріскен болатын. Әрине, ол спектакльдер негізінен реализмнен
көрі, театр өнеріндегі шарттылықтарға бағытталған.
«Шартты театр» құрылымына негізделген режиссураны театр теоретиктері
«белсенді режиссура» деп атады. Себебі, қойылымның бейнелік жүйесін
жасауда форма басты функция атқарып, сценография - минималистік тұрғыда
шешіліп, ал актерлік өнер, суретші, композитор арасындағы негізгі ұстаным
режиссердің көшбасшылығына бағындырылған тығыз байланысқа құрылды.
Басқа сөзбен айтсақ, нағыз «Авторлық режиссура» шығармашылығының
өкілдері үшін, ендігі жерде Кеңестік сахна өнерінде салтанат құрған «Режиссер
актерде өледі» қағидасы емес, режиссура - спектакль арқылы көрерменге актер
сияқты өз ойын айта алатын биік көркемдік-эстетикалық құралға айналды.
Диссертациялық жұмыстың көлеміне байланысты, Қазақстанның театр
үдерісінде жаңашылдық бағытын ту еткен орта буын мен жас буынның
арасынан, заманауи режиссерлік ойдың бай мүмкіндіктерін жетік меңгерген
Г.Мерғалиева, К.Адылов шығармашылығына ғана тоқтауды жөн санадық.
Гүлсина Бақытжанқызы 2000 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық
өнер академиясында білім алып, аталмыш оқу орнын «драма театрының
режиссері» мамандығы бойынша тәмамдады.
2000-2002 жылдар аралығында Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық
қазақ музыкалық драма театрында бас режиссер болып қызмет жасады. 2002
жылдан бері Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық
драма театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері. 2006 жылы
режиссурадағы қол жеткізген шығармашылық табыстары үшін «Қазақстанның
еңбегі сіңірген қайраткері» атағына ие болды.
118
Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма
театрында Н.В. Гогольдің «Ревизор» комедиясы бойынша қойған дебюттік
спектаклі - Г.Мерғалиеваның өзіне тән режиссерлік қолтаңбасын айқындады.
Аталмыш қойылымның негізінде «Конвейер» деген атаумен сахналаған
композициялық жұмысы 2001 жылы Алматы қаласында өткізілген шағын
комедиялардың І-ші республикалық театр блиц-фестивалінде жеңімпаз
танылып, сол Египет мемлекетінде өткізілген Каир халықаралық
эксперименттік театр фестиваліне қатысып өнер көрсетті.
Еліміздің театр өнерінде жарқ етіп «Конвейер», «38 немесе қарақұрт»
сияқты жарқын дүниелерімен, батыл қадам жасап, бүкіл театр өнерін сүйетін
көрермен мен сыншылар назарына ерте іліккен режиссер жұмыстары жалпы
театр жұртшылығын елең еткізгені анық.
Бәрімізге мәлім, қазақ театрында халық поэзиясы мен халық
орындаушыларынан бастау алатын - сөз өнері мен мәдениеті жоғары
бағаланады. Сөз құдіретін сезініп, оның айшықты да көркемдігіне мән беру
жолында жас режиссер Г.Мерғалиева - ұлы ойшыл, заңғар ақын Абай
мұрасының қазақ халқына қаншалықты қымбат екенін жақсы түсінді.
Себебі, Абай өлеңдері мен қара сөздерінде қазақтың болмыс-бітімі,
әлеуметтік өміріндегі айтылған өмiр шындығы түгелдей дерлік көрініс тапқан.
Сондықтан қазақтың рухани өмiрiнiң қай саласын алсақ та, халықты тәрбие мен
тағылымға жетелеуге қатысты Абайдың тоқталмаған мәселесi кемде-кем
шығар.
Әрине, адамтану жолындағы елдiк, бiрлiк, әдiлдiк, достық, адамгершiлiк,
махаббат, табиғат, қысқасы адамзаттың өмiр сүру салтының әр алуан саласы -
Абай шығармаларының негiзгi тақырыптары.
Міне, Абайдың отыз сегізінші қара сөзі негізінде сахналаған «38 немесе
Қарақұрт» эклектикасы құрылымдық ойлау жүйесінен туған Қазақстанның
театр режиссурасындағы жаңашыл спектакль болды. Жаңашыл дейтін
себебіміз, бұрын М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма
театрында режиссер Б.Атабаев сахналаған «Абай десем» символикалық
драмасы да ұлы ақынның шығармалары негізінде қойылғанмен бүкіл оқиға үш
түрлі Абай мен халықтың арасында өрбитін еді. Ал, Г.Мерғалиева
қойылымында басты кейіпкер ұғымынан саналы түрде бас тартып, халықтың
келбетін, яғни мыңның үшінде жүрген әрбір адамның бейнесін, мінезін ашып
көрсетуге қадам жасады.
Режиссер қойылымдағы халықтың әрекетін небір көркемдік сахналық
формалар арқылы Абай көтерген идея мен мақсат жүгіне бағындырған. Ол идея
мен мақсаттың негізінде адамды рухани кемелдендіру, адамзаттық
құндылықтарды дамыту, ар-намысты биіктету, жасампаздық істерге
құлшындыру секілді ұғымдар жатыр.
Ұлттық философияның сахнада көрініс табуы жолында Г.Мерғалиева, өзі
инсценировкасын жасаған қойылымында шығармашылықтың жаңа қырынан
119
келді. Бұрынғы спектакльдерінің шешімдеріне еш ұқсамайтын, түбегейлі жаңа
әдіспен жұмыс жасады.
Қойылым көрермен санасына идеялық тұрғыда философиялық импульс
беріп тұрады. Яғни, психологиялық театрдағы кейіпкержандылық мектебінің
принциптерінен саналы түрде бас тартып, интеллектуальды көрермен
талғамына жұмыс жасайтын, құрылымдық ойлау жүйесінен шыққан өнер
туындысын ұсынды. Көрнекті театртанушы, өнертану докторы Ю.Барбой бұл
туралы: «Есть еще один, собственно научный резон в предлагаемой логике
разделения театра на виды. Именно на этом уровне возникает реальная
возможность сцеплять между собою две стороны спектакля – две группы его
характеристик: системно-структурно-элементную и содержательно-формально-
языковую, спектакль как произведение театра и спектакль как произведение
искусства», - деп өзінің теориялық тұжырымымен дәлелдейді [104, с. 229].
Ендеше репертуарлық театрда да қойылымды осынау екі бағытта өрбітуге
болатынын Г.Мерғалиева - «өзінің жаңаша өзгерістерін», яғни сахналық
бейнелеу құралдарын жаңғырту, актерлік техниканы таптаурындылықтан
тазарту арқылы толықтай дәлелдей алды. Қойылымның бейнелік-метафоралық
шешімі арқылы оның ырғақтық, пластикалық жағын күшейтті, Абай қара
сөзінің астарындағы тереңдіктерді аша білді.
Нақты сюжеті жоқ, оқиғалар легінде қисыны аздау, себеп-салдарлық ойлау
жүйесіндегі психологиялық театрға қарама-қарсы қойылымды жақтағандар да,
сынағандар да болды. Бұл орайда режиссер театрға лаборатория ретінде қарап,
ойшыл-философ Г.Белинскийдің: «Что же такое театр, где эта могущественная
драма облекается с головы до ног в новое могущество, где она вступает в союз
со всеми искусствами, призывает их на свою помощь и берет у них все
средства, все оружия?..» деген терең тағылымнан туындаған романтикалық
сұрағына жауап іздеудегі көркемдік қиялының туған экпсперименттік ізденіс
екенін ұғындырды [105, с. 13].
Маңғыстау – дәстүрлі өнердің қаймағы бұзылмаған өлкесі. Бұл өңірде
ұлттық ән мен күйдің, жыр мен терменің үлкен мектебі қалыптасұан. Міне,
Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық қазақ музыкалық драма
театрындағы еңбегінің алғашқы қадамдарынан-ақ режиссер Г.Мерғалиева бір
қағиданы жақсы түсінді. Ол қазақ театрына жаңаша леп әкеліп, өзінше дамыту
үшін ұлттық сахналық дәстүрлерді қайта қарап, екшеп, көркемдік құралдардың
қажеттісін ғана алып, керексізін алып тастау амалын пайдалануды берік
ұғынды. Жас режиссер өз әдісін біртіндеп жүзеге асыра бастады. Мысалы,
Маңғыстаудың жеті қайқысының бірі – Қайып пен оның сүйген сұлуы Ақбөбек
екеуінің махаббаты мен тағдырына арнап жазылған С.Назарбектің «Ақбөбек»
музыкалық драмасын сахналау кезінде – киелі өңірдің мәдени мұрасы мен ән
қазынасын молынан көрсете алды.
«Ақбөбек» музыкалық драмасында қазақ актерлерінің бойындағы халық
орындаушыларынан келе жатқан суырып-салмалық, ән-мен жырды көсілте
айту, сөз сырын ашу сияқты ерекшеліктерді сахнадан жарқыратып көрсете
120
біліп, қойылым кейіпкерлерінің болмысын философиялық тереңдікпен суреттей
алды.
Егер режиссердің шығармашылық жолына терең үңілетін болсақ, онда
оның жарыққа шығарған спектакльдерінің тақырыптары да сан алуандығымен
көз тартатынына тәнті боласыз. Ол қай жанрға барса да, кез келген
шығарманың өзіне тән кілтін тауып, зор ықыласпен зерттейді. Мысалы, «Жаңа
драма» бағытында сахналанған «Перзентхана» қойылымына адамзатқа ортақ
рухани құндылықтар арқау болған. Аталмыш қойылым ХІХ республикалық
театр фестивалінде топ жарып, көрермендер мен театр сыншыларының ыстық
ықыласына бөленді. Әйелдер әлемінің сырлы сазы арқылы жүрек қылын
шертетін драманы сахналаған режиссер өз кезегінде, театр тілінің метафоралық
байлығын дамытуға үлес қосып келе жатқан нағыз суреткер екендігін
дәлелдеді.
Бұл туралы белгілі театр сыншысы, профессор С.Қабдиева: «Н.Жантөрин
атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры сахналаған
«Перзентхана» қойылымына негізінде «Періштелер өмірге келетін үй» деген
атау жарасады. Сахнаның ақшыл-көк түсті реңкі - дүниеге перзент алып келуге
шешім қабылдаған әйелдер тағдырының галереясы іспетті. Спектакль басынан
аяғына дейін жағымды әсерге бөлейді. Режиссер Г.Мерғалиева әлеуметтік
тақырыптарды ашып айтудан тартынбаған. Идея авторы - өзі. Мәтін репетиция
кезінде жазылды. Оны редакциялаған – С.Құдайберген. Поэтикалық драмалар,
әпсаналар мен фантасмагориялық қойылымдармен қатар көргенде өмірлік
оқиғалар қарапайым, ұғынықты баяндалады. Сахналық эпизодтарда
К.Башаровтың сомдауындағы Ержан, көп сөйлемейтін, біртоға Ағай –
К.Ақүрпеков, пысықай Жұмагүл - С.Бағланбаева секілді бейнелер толық
ашылды», - деп кәсіби жоғары баға береді [106].
Республикалық театр фестивалінде аталмыш спектакль үшін Г.Мерғалиева
«Ең үздік режиссерлік шешім» аталымының жүлдесімен марапатталса, «Ең
үздік әйел адам бейнесі» аталымын Хадиша Рысбаеваның ролін шебер ойнаған
театрының актрисасы Майра Бақбердиева иеленді.
2012 жылы Гүлсина Мерғалиева сахналаған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу»
спектаклі де өзгеше көркемдік шешімдерімен, соны жаңалықтарымен театр
сыншылары мен көрермендерінің жақсы бағасына ие болды. Режиссер
трагедияның шешімін де тыңнан іздеген. Адам өмірінің қозғаушы күш - ұлы
махаббат болса, сол рухани құндылықтың жолында алма-кезек кездесетін
адалдық пен пасықтық, ғашықтық пен ғадауат, жақсылық пен жалғандық,
достық пен сатқындық секілді ұғымдар қойылымның әрекет арқауы мен
тартысына айналып, соңына дейін үзілмейді.
Академик М.Жолдасбековтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» эпосына
қатысты зерттеу кітабындағы: «Мұнда нағыз өнерге лайық ширатылған сюжет,
қызғылықты мазмұн, сомдалған образдар, шиыршық атқан конфликт, жүйелі
композиция, кестеленген өрнекті тіл бар, яғни бұл шығарма – болмысты көркем
түрде бейнеленген таза сөз өнерінің туындысы болып шыққан. Бір ғажабы -
121
бізге жеткен нұсқалардың біразында жалпы фольклорда, соның ішінде эпоста
көп кездесе бермейтін кейіпкерлердің өсіп-жетілу динамикасы мен ішкі
сезімдері көрініс тапқан», - деген пікірін негізге алсақ, дастан негізінде
жазылған Ғ.Мүсірепов драматургиясына жаңа режиссерлік трактовка жасаған
Г.Мерғалиева қойылымның басты идеясын Қарабай, Қодар, Жантықтардың
ішкі жан дүниесі мен болмысын ашу негізіндегі тартысқа құрған. [107, б. 126].
Сахнадағы Қодар өзгеше шешім тапқан. Режиссер оны батырдан гөрі
Баянға шын ғашық жігіт ретінде көрсетуді мақсат еткен. Қос ғашықтың
арасына тосқауыл болған Қодар бейнесіндегі Кенен Ақүрпеков – Баянға деген
ғашықтықтың дертіне күйіп, ішкі психологиялық күйзеліске ұшырып, рухының
әлсіздігінен Жантықтың құрбанына айналады.
Материалдық құндылықтардың баскесті құлына айналған актер Кенжебек
Башаровтың Қарабайы малды жанынан артық көретін, байлығын үсті-үстіне
көбейте беруді ойлайтын билік иесі ретінде сомдалған. Мал мүйіздері - Қарабай
сынды адамдардың билігі мен байлығын көрсететін метафораға айналған.
Режиссер мен суретшінің көркемдік шешімінен туған сиырдың мүйіздері -
бірде мотоциклға айналып, даланы кезген қарақшылар бейнесін көрсетсе, енді
бірде басқару тетігіне айналады. Қолындағы барынан айырылып қалмау үшін
Қарабай әр қадамын аңдап басқан, ақылды, айлалы, нарықтың мән-жайына
әбден қаныққан үнемшіл адам ретіне көрсетілген.
Жантық бейнесін шешуде режиссер көп ойланған. Қойылымдағы Жантық -
типтік бейне. Бүкіл тартыс Жантықтың айналасына шоғырланған. Жас кезінен
өзін-өзі төмендетіп, толыссыз бір жанға айналған оның бойынан, барлық
адамдарға деген жек көрушілік сезім, тіпті жарық дүниеге деген нала атой
салып көрініп тұрды. Актер Марат Абай-Ділда сомдаған Жантық та Баянға
ғашық. Ол жастайынан Қарабайдың жанында жүріп, көп еңбегі сіңген. Бірақ
Қарабайдың Баянды Қодарға беретіндігін білген сәттен бастап, Жантықтың
арманы күйреп, енді ол өмірлік мұратын қатыгездікпен қаруланған жымысқы
әрекетке бағыттайды. Жантық - Қарабайдың байлығына ие болып, айналасына
жүргізіп отырған билігін қолына алуды көздейді. Ол өз мақсатына жетуде
ештеңеден тайынбайды. Аяғында асқақ арман мен аяулы махаббатқа толы
кемені құрдымға жібереді.
Ж.Копо тұжырымын зерделеген П.Пави: «Под мизансценой мы понимаем
рисунок драматического действия. Это вся совокупность движений, жестов и
поз, соответствие выражений лиц, голосов и молчаний», - дейді [108, с. 180].
Бұл орайда Г.Мерғалиеваның сахнадағы кейіпкерлердің әрекеттер легін
өзінің көркемдік қиялынан туған мизансценалармен шебер ұйымдастыра
білгенін айтып кетуіміз орынды.
Өмірге іңкәр, бір-біріне шексіз ғашық қос бейне - Жантықтың пасық
әрекетінен, қатыгездігінінен мерт болады. Қозы – Айбек Иманқұлов пен
Баянның- Жансая Құрманқызы сахнадағы бір-біріне деген көзқарастары ерекше
жылылыққа
толы,
ғашықтық
сезімдерінде
еш
жалғандық
жоқ.
122
Орындаушылардың сахнадағы әрекеті өте нанымды, бәрі де шынайы
болғандықтан, көрермен қауымды уысынан шығармай ұстады.
Сонымен бірге Анар Бесенбина, Медғат Өмірәлиев, Рамазан Ақтаев, Айдос
Тастаев, Нұржан Мұсаев, Эльмира Керімбаева сынды артистердің ойыны қалың
көпшілік көңілінен шықты. Сертке берік, екі жастың арасындағы шынайылық
пен іңкәрлік, сүйіспеншілік,сенім мен сезім тақырыптарын қозғап адалдықты
дәріптеген қойылымды өңірлік театр басқаша қырынан, яғни заман тынысына
сай сәтті сахналады.
Сараң да қатыгез Қарабай да, жағымпаз да қаскөй Жантық та, аңғал да
арамза Қодар да, қос ғашық Қозы менен Баян да, бір-бірімен серттескен қос ана
Мақпал мен Күнікей де біздің қазіргі кезеңнің кейіпкерлерінің таныс келбетін
еске салады. «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» трагедиясында спектакльдің
көркемдік сәнін келтіріп тұратын алуан түрлі бейнелеу құралдары да көп -
эпитет, теңеу, параллелизм, метафора, символ, т.б. жиі кездеседі. Г.Мерғалиева
режиссурадағы жаңашылдық ұстанымынан туындаған ой: «Әр дәуірдің, әр
кезеңнің өзінің Қозысы мен Баяны болады. Махаббат адамзат үшін әрқашан да
жасампаз идея болып қала бермек» деген тұжырымға саяды.
Г.Мерғалиева ұлттық және әлемдік классикалық туындыларға өзіндік
интерпретациямен келуін, бүгінге дейін жалғастырып келе жатыр. Бұл орайда
шығармашылығындағы кесекті туындылар Ә.Кекілбайдың «Махаббат
мұнарасы», А.Володиннің «Қос жебе», Т.Уильямстың «Трамвай желание»
драмаларының, М.Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» эклектикасының,
А.С.Пушкиннің «Моцарт және Сальери» шағын трагедиясының, А.Камюдің
«Калигула» трагедиясының режиссер тарапынан басқаша оқылуы дәлел бола
алады.
Режиссер Г.Мерғалиева 2014 жылы А.Камю пьесасы бойынша қойған
«Калигула» спектаклі өзінің күрделі қат-қабат шешімдерімен көрермен есінде
қалды. Жаңа қоғам орнатуды көксеген Калигуланың теріс пиғылы мен
түсінігінен туындаған жалғандық пен ұятсыздыққа белшесінен батқан құрылым
– қойылымға арқау болды.
Суретші Г.Қанафина жасаған спектакль сценографиясында артистердің
сахнада молынан әрекет жасауына бос кеңістік қалдырылған. Оқиға орнының
қай жерде болып жатқанынан хабар беретін сахнадағы калона тәріздес төрт
темір – қойылымға трагедиялық атмосфера беріп, көрерменнің көз алдына төрт
құбыласы тең, ешкімнен қаймықпайтын алпауыт империяны алып келеді.
Сонымен бірге декорациядағы сахна төріндегі шымылдыққа ілінген шеңбер
Калигуланың шексіз билігінің болмысын меңзейді.
Спектакль туралы театртанушы Н.Ескендір: «Актерлер киімдері бүгінгі
заман костюмдері бейнеленген сол арқылы бүгінгі замандастарымыздың тура
сондай киім киіп ортамызда жүргендігін меңзейді. Калигула сахнаға шыққанда
ауыстырып киетін әрбір киімі кейіпкердің келбетін ашуға көмектескен. Тіптен,
Калигула өзін құдаймын деп, патшайымы екеуі халықты зыр жүгіртетін
мизансценасы жүректі жарып кетерліктей қаһарлы сахнаның екі қапталында
123
ілулі тұрған цезарьдің бейнесі - бейне бір биліктің шыңына жеткен қасиетті
пайғамбардай әсер етеді. Калигула ел басқарғанда ешбір соғысты болдырмай
алдын алып жүргендігінде не пайда, егер ол халыққа қолдан жасалған
ашаршылық тудырса, билік басындағылардың арам жолмен табылған ақша деп
дүние мүлкін тәркілейді. Калигуланың сарай басшысына: «Сенаторлар, байлар,
ақсүйектер барлығы мемлекет қазынасын ұрлайды. Бірі жасырын түрде ұрласа,
енді бірі ашық түрде», - дегені шынымен де қазір біздің елде де коорупциямен
айқасып жатыр, талайды түрмеге қамады. Басқалар сонда да жымқыруды
тоқтатпай жатыр деген ой түйіндейсің», - деп сараптайды [109].
Театр артисі Еркебұлан Бекен - Калигула бейнесін шебер сомдап, автор
ойы мен режиссердің көркемдік тұжырымын ашуға күш салды. Әсіресе,
қойылымның шарықтау сәтінде Рим императорының ақылдан азған, есі
кірмелі-шықпалы болып пышақтың жүзінде жүрген, психикасы жұқарып өте
асқынған кездегі қалпын өте нанымды көрсетеді.
Режиссер қойылымның оқиғасын біз өмір сүріп жатқан уақытпен
сабақтастыра отырып, кейіпкерлер жанында жүріп олардан сұрақ-жауап алатын
психиатр-дәрігер бейнесін қосқан. Г.Зиятова сомдайтын аталмыш символдық
бейне - науқас кейіпкерлерді сыннан өткізіп, көрерменмен бірге олардың
әлеуметтік ортасы мен статустарын анықтайды. Олардың арасында «театр
ішінде театр» ұйымдастыру арқылы, саналы түрде деректі драма құрылымының
атмосферасын тудырып отырады.
А.Камюдің биік эстетикасы мен суреткерлік шеберлігінен туған
шығарманы, Г.Мерғалиева - өзінің сәтті табылған режиссерлік шешімдері мен
талантты актерлік құрамның орындаушылық шеберлігі арқылы үйлестіре
отырып, табысты қойылым сахналады.
Г.Мерғалиева халықаралық деңгейдегі театр фестивалдерінде сан рет бақ
сынап, театр сыншыларының кәсіби бағасына ие болған дарынды режиссер.
Мысалы, 2014 жылы Татарстанның Қазан қаласында өткен түркі тілдес
елдердің халықаралық «Наурыз» театр фестиваліне «Зілзала» қойылымы -
Ц.Цвейгтің «Амок» новелласы, М.Әуезовтің «Қаралы сұлу» повесі желісімен,
2011 жылғы Жапонияда болған цунами оқиғасына байланысты үш шығарма
негізінде қосып жасалған модерн дүние.
Қубанычбек Адылов 1995 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік
театр және кино институтының театр факультетін «драма және қуыршақ
театрының актері» мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдайды.
1991 жылдан - қаласындағы Республикалық қуыршақ театрының актері.
1995 жылдан - Алматы қаласында 31-ші арна бағдарламаларының авторы және
жүргізушісі. 1996 жылдан - «Сезам» үлкен қуыршақтар театрының актері,
көркем жетекшісі (Алматы). 2006-2008 жылдары - «Ақсарай» мюзикл
театрының актері, режиссері (Алматы). 2004 жылдан бері - Республикалық
неміс драма театрының жетекші актері, әрі режиссері болып еңбек етіп келеді.
Еліміздің театр өнеріндегі өзінің режиссерлік қолтаңбасы қалыптасып келе
жатқан Қ.Адылов - жаңашылдық пен тәжірибелік ізденістерге толы өзгеше
124
қойылымдар сахналады. Олардың қатарында: Б.Брехт «Исключение и право»
(абсурд, 2011 ж. Республикалық неміс драма театры), Л.Бэрфус «Тест»
(психологиялық драма, 2012 ж. Республикалық неміс драма театры), Мариус
фон Майенбург «Урод» (драма), А.Чехов «Каштанка» (, 2013 ж. Республикалық
мемлекеттік қуыршақ театры) т.б. қойылымдары бар.
«Эпикалық театр» теориясы мен практикасының негізін салған, еуропа
кеңістігіндегі театр өнеріне реформа жасаған режиссер, әрі драматург Б.
Брехтттің «Исключение и правило» атты қойылымын, Қ.Адылов - ұлы
суреткердің эстетикасы мен авторлық стилін сақтап сахналады. Суретші
Е.Тұяқовтың сценографиялық шешімі және композитор И.Кимнің спектаклге
арнайы жазған музыкасы режиссер Қ.Адыловтың қойылымды сахналаудағы
көкейкесті мақсаты мен идеясын ашуға септігін тигізген. Режиссер өзі
сахналаған қойылымда Б.Брехттің эпикалық театрының негізгі тетіктерінің бірі
- «оқшаулау әсері» (verfremdungseffekt) элементін шебер қолдана білген.
Жалпы «оқшаулау әдісі» - спектакльді шығару кезінде бірнеше бағытта
көрінеді:
1). Фабула. Пьесаның фабуласы екі түрлі тарихтың махмұнына қызмет
істейді. Пьесаның негізгі мәтіні болатын болса, екіншісі сол мәтіннің терең
мағыналық ойын ашатын - парабола (аллегория). 2). Декорация. Қойылым
декорациясы әлеуметтік тұрғыда көрерменге таныс нысанды немесе кеңістікті
көрсетеді (мысалы; завод, үй, ғибадатхана т.б.).
3). Пластика. Жеке тұлғаның әлеуметтік болмыс-бітімін және әлемге деген
қарым-қатынасын ашатын пластикалық тұрғыдағы ақпараттар шоғыры (gestus,
«әлеуметтік ым-ишара»).
4). Дикция мәтіннің психолгиялық ахуалын бермейді, оның ырғағы мен
фактурасын көрсетеді.
5). Актерлік ойында орындаушы пьесадағы кейіпкердің бейнесіне енбейді.
Ол – «рольден шығу» арқылы, ара қашықтықты ұстай отырып образды
көрсетеді.
6). Спектакль актісін сахна мен көріністерге класикалық тұрғыда бөлмей,
керісінше бөлшектеп «монтаж» жасайды.
7). Актерлер көрерменмен «рольден шығу» арқылы тікелей қарым-қатынас
жасап, сахналық елес-сенімнің (иллюзия) күшін жояды. Мысалы, көрерменнің
көзінше декорация ауыстырылады. Әндер (зонги) айтылады. Кинохроника
ретінде титрлар көрсетіліп, «әркетке комментарий» беріледі т.б.
Белгілі театртанушы В.Назарова: «У истоков эпического театра Б.Брехта
стояли два жанра, определившие направление исканий драматурга: эпическая
опера и поучительная пьеса. Оба жанра, принципиально новаторские, отвечали
характерному для искусств того времени стремлению к обновлению
театральных форм», - деп сахна реформаторының шығармашылығындағы
жаңашылдықтан туған, көрерменге тағылым берер драматургияның өзегінің
бастау алар негізін зерделейді. [110, с. 14]
125
Міне, Қ.Адылов – әйгілі неміс реформаторы Б.Брехттің әлемге танымал
туындысын сахналау кезінде, оның театр әдістемесіндегі талаптарды ескере
отырып, спектакльдің тілін, стилистикалық амал-әдістерін кәсіби тұрғыда
шебер қолдана білген.
Неміс тілінде сахналанған абсурдтық қойылым, бүгінгі күннің өзекті
мәселелерін қозғайды. Шөл даладағы экспедиция құрамында: саудагер,
жолсерік, тасушы. Олардың іздегені - мұнай, ал араларында - бәсекелестік пен
бақай-есеп. Әлеуметтік небір қитұртқы ойындардың ортасында, адами
қасиеттердің таразыға түсіп, сыннан өтетін сәті. Таразының қай жағы басым
түседі.
Фортепиано мен скрипка аспабынан шыққан жанды дауыс, кейіпкерлердің
карикатуралық бейнесін тануға, олардың арасында болып жатқан оқиғаларды
бағалауға, сынауға, ой елегінен өткізуге мүмкіндік береді. Адамдардың
бойындағы мақсатшылдық - қатыгездікке, қауіпсіздік – қылмысқа, сот әділдігі -
фарсқа айналса не болады? Адамның тіршіліктегі мақсаты мен мұраты қандай?
Міне, қойылым осындай өмірлік сауалдарға жауап іздейді.
Көрнекті режиссер М.Рехельстің «Мизансцена – образ спектакля», - деген
ұстанымын берік ұстанған режиссер К.Адылов сахна кеңістігінде бейнелердің
шынайы әрекет жасауына, актерлерге қойылымның мәнін ұқтырар әртүрлі
мизансценалар ұйымдастыруға ерекше мән береді [111, с. 18].
Өнердің, соның ішінде театрдың міндеті - адамның әлемге деген
көзқарасын ояту, өмірге белсенді шығармашылық рухты әкелу. Сонымен бірге
поэзиядағы сияқты, философиялық жинақталған және нақты образ жасау.
Қазақстандағы
«Гете-институтының»
қолдауымен
сахналанған
германиялық драматург Л.Бэрфустің «Тест» спектаклі - Орталық Азия
театрларының IV-ші халықаралық фестивалінің «Ең үздік режиссерлік шешім»
номинациясын жеңіп алып, театр сыншылары мен өнерсүйер қауым үшін
көркемдік деңгейі биік қойылым болды. Спектакльдің «Тест» деген атауының
өзі - режиссердің басты ұстанымы ғана емес, оның ойлау тәсілін де айқындап
тұр. Республикалық неміс театрының труппасындағы кәсіби шеберліктің
биіктігі режиссер тарапынан көркемдік қиял әлеміне қозғау салып, театр
өнерінің барлық мағыналы құралдары мен ассоциативтік мүмкіндіктерін
пайдалануға жол ашты. Әрине, баспасөз беттерінен оқып жүрген тест арқылы,
оқырмандар адамдардың сан қилы тағдырына қызыға үңіледі. Ал егер, шынайы
өмірде сол «тест»-пен бетпе-бет келген жас адамның болмысы қалай болмақ?
Күдік пен қорқыныштың тұтқына айналып, екі аптаған созылған дүдәмал
ойлармен тест қорытындысын күту. Сенім мен махаббаттың бір сәтте мәні
жоғалған кезде, шындық кім жағында болмақ? Міне, режиссер Қ.Адыловтың
«Тест» қойылымы - адам мен әлеуметтік ортаның барлық мүмкін
байланыстарын, спектакль кейіпкерлердің рухани ізденістерін көрсететін
«ақиқат сәттерінің» жарқылымен құрылған. Спектакльдің өн бойындағы
«рациональдық театр» құрылымының әдістері көрермендерге барынша
жақындай түсіп, көрермен танымын барынша биіктетуге тырысқан.
126
Аталмыш спектакльге баға берген театр сыншылары «Қ.Адыловтың өз
қаһармандарын әрқайсысын нақты позициясын айқындап, «жақсы өмір сүру»
немесе «жақсырақ болу» диллемасын алдына қойғанын» ерекше атап өтті.
Спектакльдің идеялық тұғыры адамның рухани өмірінің құпиялылығы туралы
және әркімнің рухани өмірінің өзіндік дамуының қажеттілігі туралы ізгі ой
болып табылады. Театр өнеріндегі музыкалық және драмалық бастауларды
біріктіру туралы өз ойын жүзеге асыру үшін Қ.Адылов республикалық
мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында А.Чеховтың «Каштанька»
әңгімесінің негізінде балаларға арналған қойылым сахналады. Спектальді
кезінде өзі алғаш еңбек жолын бастаған қуыршақ театрының сахнасын көптеген
жылдар өте келе енді режиссер ретінде қайта келген Кубанычбек Адылов
қойды. «Каштанка» - оның алғашқы қуыршақ қойылымы.
«Каштанка» атты ит туралы әңгіме жұртшылыққа А.П.Чеховтың әйгілі
шығармасы ғана емес, сонымен бірге, 1652 жылы Михаил Цехановский
«Союзмультфильм» студиясында түсірген тамаша мультфильм арқылы да
жақсы таныс. К.Адылов өзі сахналаған спектакльде орыс әдебиетінің
классикасына байыппен қарап, аннимациялық картинада көрсетілген айрықша
атмосфераны да сақтап қалды. Дегенмен режиссер әлем театрларындағы өзге де
«Каштанка» қойылымдарына ұқсамайтындай етіп, маңызды детальдар қоса
білді. Бұл детальдардың алғашқысы - тамаша музыка. Музыка спектакльдің
басынан аяғына дейін жанды дауыспен ойналады. Бұл музыканы спектакль
режиссерімен бірнеше рет шығармашылық ынтымақтастықта еңбек еткен
композитор Игорь Ким осы қойылымға арнайы жазды.
Көрнекті сахна шебері Б.Е.Захава айтқан: «Способность найти верное
решение спектакля через точно найденную манеру актерского исполнения и
умение практически реализовать это решение в работе с актерами определяют
профессиональную квалификацию режиссера», - деген тәмсілді еске алсақ,
К.Адылов қойылымға қатысатын 11 актерді өзінің режиссерлік шешімін
дәлелдеп, көркемдік ізденістерінің іске асу жолында бір мақсатқа жұмылдыра
білген [112, с. 18].
Суретшінің көркем қиялынан туған қуыршақтардың өздері үлкен роль
атқарады. Мысалы, Иван Иванович есімді қаз ұйқыдан оянған сайын қазақтың
халық әндерін айтады. Жалпы, аталмыш қойылымның жаңашылдығы сол - өз
бойына қуыршақ театры мен драма өнерінің жиынтығын біріктіруінде.
Аталмыш қойылымдағы К.Адылов режиссурасының жаңашылдық
бағытының біріншісі, режиссердің саналы түрде қуыршақ театрының
сахнасында алдыңғы планға актерлерді шығаруы болды. Әрине, актерлер
қуыршақтың артында болғанымен, кейіпкер жанының сан қырлы болмысын өз
бойларынан өткізеді. Артистерді көрермендер көріп отырады, бұл, режиссердің
ойынша өте маңызды. «Артистер үшін шығармашылық үрдіс кезінде «қуыршақ
қойылымы мен драмалық спектакльде роль сомдаудың қайсысы маңызды»
деген сұрақ мүлдем болмауы тиіс. Қандай театр, қай спектакль болмасын,
артистер үшін маңызды фактор - өз кейіпкерлерінің өмірін шынайы бейнелеп,
127
көрермендермен бірге жылап, бірге күліп, жан-дүниесіндегі аткерлік қуатының
бір бөлшегін көрерменге арнауы тиіс», - деп есептейді режиссер К.Адылов.
«Қазақстан театр режиссурасының даму үрдістері» атты үшінші бөлім –
«Әлемдік және орыс классикасын меңгерудегі заманауи шешімдер», «Жас
режиссерлердің ізденіс жолдары» тараушалардан тұрады. «Әлемдік және орыс
классикасын меңгерудегі заманауи шешімдер» тараушасында автор қазақ және
өзге де ұлттық театрлардағы режиссерлердің шығармашылығы мен
репетуарлық саясатын зерттеп, толеранттық пен бірлік негізіндегі
Қазақстандағы этникалық қауымдастықтардағы гуманистік үдерістердің
маңыздылығын, бірлесе өмір сүру үрдісінің мәнін айқындайды. «Жас
режиссерлердің ізденіс жолдары» атты екінші тараушада Қазақстан
режиссурасына Еуропа театр үдерісінің тигізген ықпалы, жас буын
режиссерлердің даму жолы, қазақ авторлық режиссурасының өзіндік
ерекшеліктері, сонымен қатар, жаңа кейіпкер бейнесі төңірегіндегі
тақырыптардың игерілуі талданды.
Достарыңызбен бөлісу: |