Мұқағали Мақатаев (1931-1976)



Pdf көрінісі
бет8/17
Дата27.01.2017
өлшемі2,31 Mb.
#2834
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17

Күндестік құрысын! 
        Қандай рақат! 
Жүрейік, достар, күнде өстіп. 
Ренжу деген, 
Ренжу деген - білместік. 
Бауырларым-ау! 
Бәріміз қиын күн кештік, 
Арамызға біздің 
Қай жақтан келді күндестік?! 
Жүруші едік қой 
Мұңымыз бірге, арман да, 
Армандан жүріп, 
Келдік қой осы орманға, 
Көзімізді ашып, 
Қарайық атар таңдарға, 
Күндестік құрысын! 
Күндестік құрысын жалғанда! 
Тағдырымызға 
Тамаша күндер тап келіп, 
Отырмыз, міне, 
Елуге жетпей бақ көріп. 
Күндестік құрысын! 
Күндестік деген - жат көрік, 
Тастайық оны, нақ ортасынан қақ бөліп! 
Елдер мен елдер, 
Материктер мен материк 
Достасып жатыр, 

Татулық туын көтеріп. 
Бауырластықтың жалауын біз де көтеріп. 
Жарқын өмірден 
Жауласпай жүріп өтелік! 
Қарасандаршы, 
Қаншама достан айрылдық... 
Біріміз нағыз, 
Біріміз жалған қайғырдық... 
Тазалайықшы 
Ынтымақ деген айдынды, 
Қалыпқа түспей тұрғанымызда маймылдық! 
Ойлаңдар, достар! 
Өнерде «жарыс» болмайды! 
Өресі жетпей, 
Күндестік қылған оңбайды. 
Өнерің жетіп, 
Өсе алмай қалсаң, сол қайғы... 
Күндес таласқан 
Өнерің өнер болмайды!!! 
 
Күрсінбеші 
       Тағдырыма тура келген серігім, 
Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?! 
Шар басымда, шаңырағым, сен тұрсың. 
Басқалардың барлығынан жерідім. 
Ауырлықтың көтердің-ау көбін сен, 
Сенен келіп қуат алдым жеңілсем. 
Сен - жер болдың, нөсер болып төгілсем. 
Шұғыласың, қара бұлт боп көрінсем. 
Мен - түн болсам, сен - таң болдың жаңа 
Мені - қола, сені - шойын жаратқан. 
Мен - ашу да, сен - ақылсың нәрі аққан. 
Сен - Адамсың, мен аждаһа зәр атқан. 
Білемін ғой, білмейді деп жүрсің бе? 
Түсінемін кеудеңдегі дүрсілге. 
Оңашада, жұрт көзінен жасырып, 
Күрсінбеші, жалынамын, күрсінбе! 
Әлі екеуміз аттанамыз сан жылға, 
Күрсінбеші, қуаныш көп алдыңда. 
Күрсінбеші, жүрегімді тыңдашы, 
Талай-талай кереметтер бар мұнда!.. 
 

Көзің нұрсыз дейсің сен 
       ...Содан бері шыныммен жыламадым, 
Сүріндім ғой, қойшы оны, құламадым. 
Көзің нұрсыз дейсің сен өлде әзілің, 
Әлде бір шыныңмен-ақ сынағаның 
Оның рас, несіне қынжыламын, 
Нұрсыз көздің көрсеңші тұнжырауын. 
Жанарымның жартысы ағып кеткен, 
Себебі, бір-ақ рет шын жыладым. 
...Аттанды әкем жау туын құлатуға, 
Қуат берсін, жетсін бір мұратына. 
Желе жортып, артынан ілестім мен, 
Қонып алып әкемнің құла атына. 
Ақпан еді, бүріккен үскірігін, 
Шырылдатып бұрқасын ысқырығын. 
Ес білгелі ең алғаш жылағаным, 
Кешіргейсің, есіме түсті бүгін. 
Жылайын деп онда мен жыламадым, 
Шыдамадым, қайтейін, шыдамадым, 
Алпамыстай әкемнің өкіріп кеп, 
Көріп қалдым шанадан құлағанын. 
Болсам-дағы тұңғышы, шөлдегені
Маңдайымнан иіскеп көрмеп еді. 
Өкіріп кеп, аймалап, жылап жатыр, 
Тік көтеріп қойды да жерге мені. 
Өзі күйреп жатқанда шаңырағым, 
Шыныменен сонда мен аңырадым. 
Өкіргенде тау тұрды күңіреніп, 
Сондағы Әке, қазіргі Аруағым. 
Қауым келіп, қаумалап, алып кеткен, 
Қап-қараңғы дүние, жарық кеткен. 
Көзің нұрсыз дейсің сен, 
Сонда менің, 
Жанарымның жартысы ағып кеткен... 
 
Көктем де келер 
     Көп кешікпей көктем де келер енді, 
Көгеретін тіршілік көгереді. 
Қу бұтағы арса-арса кәрі еменге, 
Келер көктем, білмеймін, не береді? 
Көп кешікпей көктем де келер енді, 

Көгереді ауылдың төңірегі. 
Ерте кеткен досымның қабірі тұр, 
Келер көктем, білмеймін, не береді? 
Көп кешікпей көктем де келер енді, 
Барлық нұрын көл-көсір төгер енді. 
Сағынышын сарыққан, жапа-жалғыз, 
Менің жесір жеңгеме не береді? 
Көгереді .. 
Барлығы көгереді: 
Ой да, қыр да, даланың төбелері. 
Әлі құрып баратқан ауру досқа, 
Осы көктем, білмеймін, не береді? 
Көп кешікпей көктем де келіп қалар, 
Есінетіп, есіртіп, ерікті алар. 
Азан-қазан аспанның қоңырауы, 
Жақсылықтан тұрса игі беріп хабар... 
 
Көктемде 
       Мына келген көктем бе?! 
Сүйісуде кептерлер. 
Көз ұшында, көк белде, 
Түйісуде көк пен жер. 
Тулап, тасыр арналар, 
Нөсер құйып кеткесін. 
Қыздырынып тау қалар, 
Жалаңаштап көк төсін, 
Тау бөктерлеп биледі, 
Тамашалап ақ сағым. 
Бөктер жақтың үйлері - 
Сарайындай патшаның. 
Қызыл-жасыл, сарыала, 
Аспа көпір шұғыла. 
Екі жағын қадаған, 
Екі таудың шыңына. 
Аспан асты, жер үсті, 
Ойхой, неткен көкпеңбек! 
Кеңейтті ғой өрісті, 
Көптен күткен көктем кеп. 
Мініп алып ңұр атқа, 
Жігіт-кектем шертіп тұр. 
Бір келіншек  шуақта, 
Есінейді елтіп құр. 

 
Көлің қайда, туған елім? 
    Көлің қайда, туған елім? 
Шабақ болам титтей. 
Белің қайда, туған елім? 
Ойнақтайтын киіктей. 
Далаң қайда, туған елім? 
Жатайын да ойлайын. 
Бабам қайда, туған елім? 
Сақалымен ойнайын. 
Шөлің қайда, туған елім? 
Шөліркейін, аңсайын. 
Құлазыған құмдарыңда, 
Ғұмырымды таусайын. 
Көгің қайда, туған елім? 
Желігейін, қалқиын. 
Желің қайда, туған елім? 
Желпінейін, шалқиын. 
"Тауың қайда, туған елім? 
Табынайын, ардақтай, 
Жауың бар ма, туған елім? 
Атылайын садақтай.  
 
Көреміз 
      Тірі жүрсек, біз көреміз талайды, 
Жаңа жылды, жаңа күнді, жаңа айды. 
Ұзағырақ өмір болса, жарайды, 
Түн де келер, таң да атар арайлы. 
Біз көреміз керемет бір шақтарды
Мың куарып, мың гүлденген бақтарды. 
Ақыр түбі ақылдылар үйретер,. 
Арамтамақ, азғын, ақымақтарды. 
Айла өліп, сезім менен сана шат, 
Жауыздық та жатпас, сірә, жара caп, 
Адамзатты мәңгі бақи әлдилер, 
Ақыр түбі ақыл менен парасат! 
Ақиқаттың жаңа жылы туғанда, 
Ада болар арамзалар, қулар да. 
Жаннат болып жатыр менің жан-өлкем, 
Жаманшылық жолай қоймас бұл маңға. 
Жаннат болып жатыр менің жан-өлкем! 

Аққу болып жүрер менің ақ еркем. 
...Қыр басынан қызыл жаулық желпірмін, 
Таңмен тұрып, күнмен шығып таңертең... 
 
Көрерміз 
        Қарыздармыз біз Отанға, барымызды берерміз. 
Қарыздармыз біз Отанға, қарыздар боп өлерміз. 
Есеп берер күн де болар ұрпақтардың алдында, 
Мықтымсыған мырзаларды, бәлем, сонда көрерміз. 
Отымызды Ұлы Отанға берерміз де, сенерміз, 
Гүлімізді ұрпақтарға сыйлармыз да, семерміз. 
Жаңа келген ұрпақтардың алғысын ап, марқайып, 
Артымызда кім қаларын тірі жүрсек,көрерміз. 
Ұлан-асыр ұлы күрес. Түбінде бір жеңерміз, 
Біз әзірге даурықпаға шетімізден шебермізі 
Кұрғақ даңқ құлы болып, бәлки... бір күн. кім білсін. 
Құр таласпен күн өткізіп, түк өндірмей өлерміз... 
 
Көрмеймін... 
     - Көрмеймін! - дейсің, 
Көрмесең, мейлің, көрмегін! 
Көретін көктен тәңірім емес сен менің. 
Көрмедің, 
мейлің, 
көңлінді маған бөлмегін, 
Мен-дағы қарап өлмедім, 
Түсіңнен, бәлем, шошытар, 
Мендегі леп, мендегі үн. 
Сезіне тұра,келмейді-ау, сірә, білмегің... 
Білмегін, мейлің, білмегін! 
Сезеді мені сенсіз де, 
мазасыз өткен күндерім, 
ұйқысыз өткен түндерім. 
Уақыттармен біргемін. 
Көрмесең, көрме, 
Білмесең білме, 
Шырағым менің сөнбейді, 
Шыдамын таусып сендейдің, 
Мазасыз жаным,маған бір тыным бермейді, 
Дариға-жүрек жоқ нәрселерге шөлдейді. 
Көрмесең мейлің,көзіңе сенің ұрынбан. 

Ұрынбан, бірақ бұғынбан! 
Есіңде болсын! 
Құлагері де Серінің 
Сөреге жетпей жығылған... 
 
Көшеде 
     Мен жолымды берейін, өт қарағым, 
Несін күттің, несіне көп қарадың? 
Анасының бергенін саған берген, 
Аруағынан айналдым текті Ананың! 
Жалған-ай! 
Жарасымды-ау ізет деген! 
Иілген біз өтпенен, сіз өтпенен. 
Қасиетін халқының сыйламайды, 
Атасының дәстүрін күзетпеген 
Десек те, жаңа өмір, жаңа заман, 
Жақсы ғой бірін-бірі бағалаған. 
Түйсіксіз тайлақтардан сақта, құдай, 
Тайраңдап алды-артына қарамаған. 
Қарағым, ата-бабаң момын халық, 
Өтіпті бір-бірінің жолын бағып. 
Өсиетін бабаңның орындай сал, 
Одан ешкім кетпейді тоныңды алып. 
Мен жолымды берейін, өт, қарағым, 
Несін күттің, несіне көп қарадың!? 
Қор болмассың, құлыны текті Ананың, 
Жолын алсаң, өзіңдей текті ағаның!... 
 
Көңілім 
         Көңілде дауыл. 
Көңілде оттар жанады. 
Қуаныш-қайғы бірін-бірі жабады. 
Жүрегім сонда жадырап, сергіп қалады, 
Дауыл мен оттан рақат, дамыл табады. 
Достарым көп-ақ. 
Өзімсіп кейде сатады. 
Жұбатып бірі, жылатып бірі жатады. 
Жүрегім сонда неліктен шиыршық атады?! 
Қалайды-ау, сірә, қуаныш, әлде... қапаны... 
Қуаныш, бақыт, өкініш, қайғы - бәрі де ой, 
Көтере берем 

Көңілім - жердің шары ғой. 
О, дарқан көңілім! 
Өмірімнің тозбас сәні ғой! 
Miнe, тағы ашу келіп, алқымыма тығылды, 
Ақылымның есігінен аттай бере жығылды. 
Көлдей тұнық көңіліме қоқыс тастап лайлап, 
Кей пенделер қайнатады-ау, қайнатады-ау зығырды. 
Інім айтса бас изедім, ағам айтса қош көрдім, 
Жанның бәрін жатырқамай, жақсы дедім, дос көрдім. 
Араларын ажырату мұншама ауыр болар ма, 
Адалдық пен арамдық деп аталатын қос белдің. 
Мақұл дейін, кінә өзімде, өзіме айып тағайын, 
Ақ жаныма, пәк жаныма қалай күйе жағайьш. 
Адалсың ба, қолынды бер, сенен тәлім алайын, 
Арамсың ба, аулақ-аулақ маңайымнан, ағайын. 
Арым, міне, сүттей аппақ алдыма кеп жылап тұр, 
Жаутаңдаған жанарында жалғыз ғана сұрақ тұр. 
Өмірдегі адамдықты, адалдықты теріп ал, 
Қалғандарын құлан жортпас құла дүзге лақтыр! 
 
Көңілде ән, көгімдегі Күн көруші ем 
         Көңілде ән, көгімдегі Күн көруші ем, 
Барғанда маған ылғи гүл беруші ең. 
Жалт етіп жай отындай көкжиектен 
Әттең-ай, маған енді бір көрінсең! 
Кетер ем бұлтпен бірге араласып, 
Көрер ем найзағаймен жағаласып. 
Артыңнан ақша бұлт боп жүзер едім, 
Көзіме бір көрінсең бала-ғашық. 
Сандал тау, сайдан соққан самалым-ай! 
Ой-санам құлайды кеп саған ұдай. 
Әлдеқандай күн кешіп жүр екенсің, 
Сүттен ақ, судан таза, адалым-ай! 
Сап-сары сағынышпен жағаласып, 
Жастық өмір басымнан барады асып. 
Көзіме бір көрінші, тынайын мен, 
Қайдасың, қайдасың сен, бала-ғашық?.. 
Жамылып сағыныштың сал шекпенін, 
Сарғайып сенің үшін зар шеккемін. 
Зарықтыр, о, тәңірім, жалықтырма? 
Мәңгілік ғашықпын мен, ант еткемін! 
Көзіме көрінбесең, көрінбе сен, 

Күнім боп тұра бергін көгімде сен. 
Өлді деп ойлай бергін сонда мені, 
Бұлт болып шуағыңды тұтып алып, 
Нөсер боп селдетіп мен төгілмесем. 
Көкке емес, жерге сонда құлайды арман, 
Сел болып ағар, мүмкін, лайланған. 
Сен сол кез кезбе бұлтқа бір қарап қой, 
Сол - менмін көктің жүзін шыр айналған. 
Білем саған жете алман, ғарыштасың, 
Белгілі мәңгілікке табыспасым. 
Дерт те емес, күйік те емес, жар да емессің, 
Сен маған сағыныш боп жабысқансың. 
Қайтсем екен сені ұстап қалу үшін?! 
Сен маған шексіз дала сағымысың. 
Мен өтермін, өтермін, өтермін мен, 
Мәңгілік сен қаласың, сағынышым!!! 
 
Лайсаңда 
     Көше лайсаң,күн тұман. 
Ағаштар тұр арса-арса. 
Мен біреуге ұмтылам, 
Біреу мені қарсы алса. 
Кең көшенің шетінде, 
Жолы міне, жаяудың. 
Сол біреуге жетуге, 
Енді ғана таяндым. 
Терезеде көк перде, 
Терезеде көк жарық. 
Неде болса өткенге, 
Тағы да бір көр барып. 
Қоңырауды басқанда, 
Біреу ашты есігін. 
Пәледен де бас сауға, 
Сұрап тұрмын кешірім. 
Өмірімде көрмеген, 
Есік ашты бір кұрбы. 
Қойсаңшы бұл өлмеген, 
Ескі әдеті құрғырды. 
Жастық өтпей тұрмайды, 
Қашан оның анты оңған?! 
Орамалын бұлғайды, 
Ескі таныс балконнан... 

 
Лашынға 
       Бүгін де, кеше де, өткенде 
Іздесең қателік көп менде. 
Қауғадай басыма барлығы 
Сірә да соқпай бір өткен бе... 
Іздесен, қателік көп менде, 
Сен бірақ түңілме, жек керме! 
Лайсаң, жауындар, дауылдар 
Болмай ма күн шуақ көктемде. 
Өмірде кең, даңғыл жол қайда... 
Дауылдар, жауындар болмай ма, 
Бас қорғап жататын ондайда 
Айтшы өзің, мен шымшық торғай ма? 
Лайсаң жауындар, жауыңдар, 
Жауыңдар, жауыңдар, жауыңдар. 
Лай су шаймайтын арым бар 
Дауылдан қорықпас жаным бар!!! 
Іздесең қателік көп менде 
Бүгін де, кеше де, өткенде, 
Сен бірақ түңілме, жек көрме!!! 
 
Мінез 
       Кезімде қадірімді сезбес мынау, 
Бекер-ақ, қарғам, маған кездестің-ау 
Келмеске әлдеқашан аттандырған
Керемет күндеріммен кездестім-ау!.. 
Жаныма салдың менің төзбес тұмау 
Қарғам-ай, қалай десем айта аламын, 
Жалған-ай, қарай берсем, жай табамын. 
Арман-ай, қалай келсем қайтарамын? 
Қалай десем лаулайды қайта жалын? 
Қайталағым келеді, қайталағым... 
Көңілімнің сыбырлап көк құрағы. 
Аққуы ұшқан ақ айдын көп тұнады. 
Солтүстікке жылы ағыс жетті ме екен?' 
Бір жылы ағыс сен жақтан бетке ұрады, 
Бетім тосқым мен оған кеп тұрады. 
Суынбасам, шіркін-ай, суынбасам! 
Суытатын суыққа ұрынбасам. 
Мұз болса да жүрегің ерітер ем, 

Сәл кешірек сен менен туылмасаң, 
Сәл ертерек сенен мен туылмасам... 
 
Майгүліме 
      Бірінші өлең 
Ол өмірге келгенде көктем еді, 
Жер гүлін, көк те нұрын төккен еді. 
Саялатып сал-самал өпкен еді, 
Сол өмірге несіне өкпеледі?! 
Сол өмірге несіне өкпеледі?! 
Ал өмір оны сыртқа теппеп еді. 
Қайғырмаймын, жырым ғой жазылмаған, 
Күрсінткені болмаса текке мені. 
Күрсіндіріп кетті ғой текке мені... 
Қойшы, тәйірі, осынау ит өмірге 
Текке келіп, адамдар текке өледі. 
Дей алмаймын өмірге ол өкпеледі, 
Жер астына жем керек түзден кейде, 
Жүздер өтіп өмірден, жүз келмей ме. 
Қойшы, тәйірі, даланың раушаны 
Көктемде өсіп, осылай күзде өлмей ме?! 
Екінші өлең 
Түсіме енді ап-арық қызым бүгін, 
Қызым бүгін... Жұлынған қызыл гүлім. 
Бақшамдағы балбырап пісіп тұрған 
Үзіп кетті, апыр-ай, жүзімді кім? 
...Түсімде қызым мені шақырады, 
Өзеннің ар жағында отыр, әні... 
Ғафу, балам, ғафу ет, бара алмаймын, 
Мен деген жер бетінің «ақымағы» 
Мен деген жер бетінің «ақымағы», 
Алдымда асқар асу жатыр әлі. 
Сабыр, балам, қай жаққа қашар дейсің 
Сені жапқан қара жер топырағы... 
Дей көрме әзір маған жаныма кел, 
Тағдырдың дегеніне бағына бер. 
Түбінде бір жол бізді табыстырар
Қайтейін, сағына бер, сағына бер... 
 
Майгүлге 
         Қалақтай едің, 

Қабірінде қалақ тұр. 
Туғаныңды, өлгеніңді санап құр. 
Сенің аңқау құлағыңдай қалқиып, 
Қыр басынан қала жаққа қарап тұр. 
Қызым менің, 
Гүлім менің, 
Аяулым! 
Жатыр молаң жотасындай қоянныц 
Құлпытастың құны маған бес тиын, 
Бірақ таспен қалай жаншып қоярмын?! 
Қойман, ботам. 
Керегі не көк тастың. 
Қыста ақ қар, жазда шалғын шөп бассын. 
Өзің келген май айында ақ нөсер, 
Ағыл-тегіл бізбен бірге жоқтассын. 
Керегі жоқ көк тастың 
Бұлданба, жүрек, бұлданба! 
Жиылып досың тұрғанда, 
Жиырып сені жентектер, 
Жымысқы қайғы-мұң бар ма, 
Бұлданба, жүрек, бұлданба! 
Қызығы тайып, қызы өлген, 
Жалғыз-ақ сен бе бұл маңда?! 
Қыс қайтып, жасыл көктемде. 
Қызғалдақ өсер қырларда. 
Өкініш айтып өткенге, 
Бұлданба, жүрек, бұлданба! 
Сары алтын дейді сабыр іс, 
Тепкілей берме, өкпемді. 
Қыз деген құрғыр сағыныш, 
Сағынту үшін кеткен-ді. 
Бұлданба, жүрек, бұлданба! 
 
Майданның бәйгесіне 
        Қарасаздың су ішіп бұлағынан, 
Жүретұғын құлпырып құла құнан. 
Қылығы да, жұп-жұмыр мүсіні де, 
Аумайтұғын киіктің лағынан 
Қимылдаса ши басы, секем алып, 
Құйын болып далада кетеді ағып. 
Үйірінен үзіліп, жеке қалып, 
Жарысатын желменен жеке барып, 

Желіге де байланбай құлынында, 
Жел ойнатып жүретін тұлымында. 
Тай болды, құнан болды, әлі бірақ 
Көрген жоқ жылқышының құрығын да. 
Жылқышы қарт ерекше ардақтаған. 
(Біледі ғой, қазақ қой мал баптаған) 
Өзі келіп, үйретіп,мінер деген, 
Аман келсе майданнан солдат балам. 
.Дөнен болды, қалды артта балалық шаң, 
Қарт міне дөненіне бұғалық caп, 
Баласынан хабар жоқ, қарт тұр енді, 
Бәсірені майданға шығарып caп. 
«Жүрген жерің от болсын, хош, жануар! 
Бәлекеті жоқ болсын, хош, жануар!»... 
Бәсіресін, баласын біздің қарттар, 
Бәйгесіне майданның қосқаны бар. 
 
Масақ 
       Біржола өлген ескі өмір тұмауратқан, 
Біржола өшкен ескі жұрт қылау жапқан. 
«Әулие тас» атанған жерге келіп, 
Басын жаңа қазақтар құрап жатқан... 
Асқар-асқар таулардың арасына 
Ауыл қонып, үй тұрып, жарасуда. 
Жерден өсіп шыққандай жапа-жалғыз, 
Алын тас тұр дегенге нанасың ба? 
Атамзаман... 
Атанып «аруақ қонған»... 
Алып жартас мәңгілік салмақтанған. 
Жұдырықтай қарт зергер тасты қашап, 
Бір тал масақ мүсінін салмақ болған. 
Бір тал масақ мүсінін салмақ болған, 
Тас ағашпен айнала шарбақталған. 
Жұдырықтай қарт зергер құлан ұрып, 
Құлып  мүшеге оралып, саңлақтанған. 
-Мүмкін емес!.. 
- Мүмкін! Мүмкін! - деді. 
Қайыспады қарт зергер іркілмеді. 
Тіршілігін тоқыған өрмекшідей, 
Алып тастың төсінде бүлкілдеді... 
Өлшеусіз өте берді ай, анталар, 
Алған ісі болмады аяқталар. 

Қалжыраған қарт зергер, қара бала, 
Қара тасты қашады, оятты олар. 
Ал жылдар өте берді, өте берді, 
Алыптан масақ жасау бекер еді... 
Әкесі мен баласын алайда бір 
Құдірет күш күн сайын жетеледі. 
Күн сайын күн батырып, таңды атырды, 
Күн сайын жан ауыртты, қан қатырды. 
Масақ жоқ. 
Алып таста бұжыр-бұжыр, 
Әр жерінде әншейін таңба тұрды. 
Талай жылдар жөнелді, жоғалтылды, 
Талай қашау таусылды, жаңартылды. 
Тылсым тасты тыншытпай, тықылдатып, 
Адам тұрды, берілмей Адам тұрды. 
-Кеш кірді ғой, қайтайық, балам, енді, 
Неткен түнек, неғылған жаман еді,- 
Деді де шал, шағырмақ шаңқай түсте 
Кірпік қақпай тесіліп қала берді. 
-Кеш кірді ғой?! - 
Баласы жалт қарады, 
Қарады, жамандыққа аттамады. 
О, сұмдық! 
Қос жанары.... қос жанары... 
Қалдырыпты зергерді, қарт бабаны. 
Шаңқай түс. 
Бала үрейлі, таңданады, 
Соқыр деуге қимайды, арланады, 
Екі қолы ербеңдеп, қайран кеуде 
Аттай алмай адым жер қарманады. 
-Неғылды, Ата, көрмейсің бе?! 
-Неғушы еді, балам-ау, көрмейсің бе? 
Басым менің барады, келмейсің бе... 
Масақ... 
Мәңгі масақ... 
Алып масақ... 
Қор қылғаны-ай тәңірімнің қалыпқа caп. 
Үһ! 
Жаным-ай!.. 
Адамның құдіретін 
Түлей тастың алдында анықтасақ... 
Тыңда, балам... 

Орында... 
Өсиетім... 
Өтінемін... 
Болмағын бас иетін!.. 
Тас та болса танысып көнетін, білсін, 
Сезсін, көрсін Адамның қасиетін. 
Ұрпағыңа айт. 
Әкеңнен басталғасын, 
Әрі қарай жалғансын. тасталмасын. 
«Әулие кеп түнеген орын» емес, 
Алып бір масақ болсын, тас болмасын! 
Ұрпағыңа айт аяқсыз тасталмасын.. 
Өткен жылдар өшкен жоқ, санада тұр, 
Талай сауыт тоздырды дала батыр. 
Жалғыз қолды қарт адам тасқа қарай, 
Жалғыз ұлын жетектеп бара жатыр. 
Өзі тіреп тұрғандай аспан, Айды, 
Баяғыдай тәкаппар тас қарайды. 
Жалғыз қолды мүгедек қарт зергер жүр 
Аманатын атаның тастамайды. 
Алып бір масақ жасау арманы еді, 
Үшінші үрпақ ата ісін жалғады енді. 
Екінші ұрпақ бір қолын оқ отады, 
Бір қолын тыныштыққа жалға берді. 
Тағы, міне, күн шығып, таң атуда, 
Тағы, міне, жаңа өмір, жаңа тұлға. 
Тылсым тасты тілгілеп, масақ жасап, 
Үшінші ұрпақ саусағын қанатуда. 
...Асқар-асқар таулардың арасында, 
Шағын ауыл, шат тұрмыс,барасың ба? 
Аспанменен тілдескен алып тасты 
Әлі күнге қашауда... 
Нанасың ба? 
Алып дән бас алады, 
Алып тасқа жан бітіп, жасарады. 
Адам менен еңбектің символындай 
Алып масақ қалайда жасалады. 
Зергердің  құдіретіне сенемін. 
Ұрпақтың адалдығына сенемін... 
 
Махаббат бейуақытта табыспайды 
       Жай ғана көңілде жоқ қалағаным, 

Кешкілік бақты ұзақ араладым. 
Өбісіп те өлісіп екеу отыр, 
Өтіп кеттім, бұрылып қарамадым. 
...Есімде жоқ, жаз ба еді, күзде ме еді, 
Көп жыл өтті бұл баққа біз келгелі. 
Әйтеуір, дәл осылай бейуақта 
Құмар көңіл әлдене іздегі еді. 
Күзгі түннің салқынын елең етпей, 
Отырушы ек ерітіп мұз денені. 
Бұл жастық қой білемін, таныс жайды 
Махаббат бейуақытта табыспайды. 
Махаббатты үлкендер үлесіп ап, 
Жастықты інілерге табыстайды. 
 
Махаббат диологы 
-        Құс боп ұшып жоғалсам, не етер едің? 
-        Сені іздеумен мәңгілік өтер едім. 
-        Отқа түсіп өртенсем, не етер едің? 
-        Күл боп бірге соңыңнан кетер едім. 
-        Бұлдырасам сағымдай не етер едің? 
-        Жел боп қуып, ақыры жетер едім. 
-        Қайғы әкелсем басыңа не етер едің? 
      Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін. 
 
Махаббат моласы 
      Аяқтап болып, 
Махаббат дейтін сапарды, 
Қозы мен Баян моласы, міне, атанды. 
Қалауын қанша тапқаныменен, қара тас, 
Қайырымсыз ата Қарабайдайын қатал-ды. 
Басына бардым,қасында тұрмын солардың, 
(Қозыдай маңырап,сүймеген, сірә, болармын...) 
Егіз жүректі екіге бөліп мола тұр, 
Тұмсығы үшкіл қанжарындай-ақ қодардың. 
Төрт жанардың да тауысып түгел көлдерін, 
Төрт бұлақтарынан теге де жүріп селдерін. 
Ескерткіш етіп,қос ана тастап кеткен бе?! 
Аялап жатқан Аякөз сынды белбеуін. 
Жол түсіп, ұрпақ,таңсыққа барсаң тегінде, 
Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген. 
Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде, 

Бабаларының  махаббаттары көмілген... 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет