Мұқағали Мақатаев (1931-1976)


Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым



Pdf көрінісі
бет16/17
Дата27.01.2017
өлшемі2,31 Mb.
#2834
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17

Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым... 
       Қарға адым жерде тұр еді менің бақытым 
Ұстай алмадым, 
Өткізіп қойып уақытын. 
Сансырап, шаршап жүргенде, 
Біреу тап келіп, 
Қақты да кетті, 
Айылы мықты, аты тың. 
Тұратын еді, 
Қол созым жерде, қарға адым 
Қамсыздығымнан, қайтейін, 
Ұстай алмадым. 
Ғанибет етіп, тірлікке мына алданып. 
Өлген жоқ бірақ, 
Бақытқа деген арманым. 
Ырзамын өзім тіршілік етіп жүргенге 
Кімдерге жақпай. 
Аяулы болып кімдерге 
Бақыт дегенің - өмір кешу ғой білгенге, 
Келуі де оңай, 
Кетуі де оңай бір демде... 
 
Қасым солай болмаса... 
         Дейсіңдер-ау! Қасымның несі басым?! 
Қасым солай болмаса, несі Қасым, 
«Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің 
Әммесінен Қасымның десі басым. 
Қуат алып жырына бәз-даладан, 
Ол жанған. 
Күні жоқ-ты маздамаған! 
Өлісінде өнеге болғаны анық, 
Тірісінде біреуге жазған Адам...» 
Жалын жұтып, жанын жеп жазған құрлы, 
Өлеңінің өлмеуін арман қылды. 
Тасқа басып қалдырды тәкаппар жан, 

Қан менен жас аралас тарлан-жырды. 
Жеді. 
Тынды... 
Керемет дерттер төиіп, 
Кең кеудеде кетті ғой кектер сөніп. 
Қасым деген - қалғыған жанартау ғой, 
Жанартау ғой. 
Жанды да кетті өртеніп. 
«Бір күй бар домбырамда...» 
(Иесі Қасым) 
Қасым солай болмаса, несі Қасым!? 
Жыр бәйгеге аттанған адам болса, 
Сөредегі Қасымын есіне алсын!.. 
 
Қасыңда жүрсем 
       Қасыңда жүрсем, 
Қадірім саған жоқ екен. 
Қасыңнан кетсем, 
Адамның нағыз қоры екем. 
Қасыңда жүріп, 
Күлетінім де сол екен, 
Қасыңнан кетіп, жылайтыным да сол екен. 
Қасыңда сенің, 
Қағынып жүрген желөкпе, 
Өзіңнен кетсе, 
Өзгеге, сірә, керек пе?! 
Мен деген, жаным, 
Қадалған мәңгі бұтақпын, 
Сен деген алып мың жүрегі бар терекке 
Heгe де болса, 
Сенімен бірге шыдаймын. 
Негізім менің! 
Неліктен сонша мұңайдың?! 
Құласаң егер, 
Құтқармақ болып мен сені, 
Қадалып жерге, 
Сенің астыңа құлаймын! 
 
Қасқырға 
       О, сайтан! 
Алмас азу, қандыбалақ, 

Қанды ізің жосып жатыр, тау, жырада. 
Тағы да қылаң беріп, құтылдың ба? 
Тұра-тұр, көрісерміз қанжығада. 
Жатқанда ойда малым,сайда малым, 
Есімде емін-еркін жайғағаның, 
Мен сенен бәсіремнен кегін алам, 
Атам да, қанжығама байланамын. 
Тас-тасты, ойды-қырды лаңдаған, 
Құлқының қан ішпесе тұра алмаған
Әлсіздерге ойнатқан әңгір таяқ, 
Саған да бір зауал шақ - туар заман. 
Тағылардың тағысы бөлексің де, 
Сенің қаңқаң итіме керексің бе. . 
Бойыңдағы тоныңды тонап алып, 
Өлексеңді қалдырам өлекшінге... 
Әзірше жүре тұрғын тау-жырада, 
Қанға бұғып жата бер маужыра да. 
Ой-қырды ластаған қандыбалақ, 
Көрісерге күн жақын қанжығада... 
Өзгеден емес,өзімнен қорқам,сезем мен. 
Көзімнен қорқам,ернімнен қорқам кезерген. 
Мінерге келік, ұшарға қанат жоқ менде, 
Дариға-ай, шіркін! 
Қалдырып бәрін безер ме ем... 
Басым бір шойын, аяғым менің қорғасын, 
Мерзімі толмай ілгері кетті он жасым. 
Heгe сезбесін?! 
Сезеді жаным, сезеді, 
Баяғы жылдар қайтадан енді болмасын. 
Тұйыққа келіп,тіреліп тұрмын бір түрлі. 
Көзімнің нұры көңілімде қалды іркулі. 
Жылай да алмаймын, күле де алмаймын, 
0, досым! 
Тауып әкелші ұмыт қалдырған күлкімді. 
Өзімнен қорқам өлтірген езімді өзім ғой... 
Басымда ми жоқ,тиянақ таппай кезуде ой. 
0, досым менің!күлкімді тауып әкелші, 
Сүретін өмір,күлетін нағыз кезім ғой.„ 
 
Қашанғы бұлай өтеміз 
     Қашанғы бұлай өтеміз, 
Қашsқтап жүріп екеуіміз! 

Анамыз тасқа жерік боп, 
Тас болып түстік пе екенбіз!? 
Мен көнсем кейде, сен көнбей, 
Сен көнсең кейде, мен көнбей; 
Түнереміз де жүреміз, 
Әкеміз бүгін өлгендей. 
Өтеміз бе өйстіп, үнделмей?! 
Өтті ғой бәрі, өтті ғой... 
Өтінем сенен, кекті жой. 
Қосылмас рельстердің де, 
Қосылар шағы жетті ғой... 
 
Қиын не бар?.. 
      Мың құбылған қуаныштан, дерттерден, 
Қиын не бар, адам жанын зерттеуден? 
Мен келемін өз жанымды зерттеумен, 
Бірде аяз, бірде жалын, өрт кеудем. 
Арзан не бар ойнау менен күлуден, 
Қымбат не бар, адам сырын білуден? 
Мен әуремін, өз сырымды білумен, 
Кеше бұзып, өкінемін бүгін мен, 
Жылдарымды еске аламын бүлінген. 
Адамдардың жаны менен жүрегін, 
Ойлайтын ем, бір кісідей білемін... 
Ажырата алмай шуақ, түнегін, 
Танығанға мәз болыппын іреңін. 
Ертең басқа, бүгін жақсы көргенім, 
Өз көзіме өзім, 
Ғажап! 
Сенбедім. 
Кесерткідей ауыстырған ендерін, 
Түсінбеймін қылығына пенденің. 
Жылдар бойы бірге жүріп, бір күлген, 
Жақыныңның жат боларын кім білген. 
Адамдарды зерттей алмай жүрмін мен, 
Оны зерттеу мүмкін емес, білдім мен... 
 
Қойлы ауылда 
         Жел тұрып күзгі салқын таза ауадан. 
Түңлігін киіз үйдің мазалаған. 
Әкесі қой күзетіп, мылтық атса, 

Жас сәби үйде жатып мәз-ау оған. 
Жаз болса, жорға мініп жайтақтаған, 
Күз болса, қойшы жаны жәй таппаған. 
Отырған іркес-тіркес қойлы ауылдан. 
Қым-қиғаш үн шығады айтақтаған. 
Көрмедім қойшыдайын жан асылын 
(Тұрмысы еңбегіне жарасуын), 
Бір сәтте үйге еніп қымтап кетті, 
Көрпесін әйелі мен баласының. 
 
Қоштасу 
        Әскерге әке ұлын аттандырды. 
Сәт сапар тіледі жұрт, мақтан қылды 
Ел ішіне сүйкімді, мақтаулы ұлды, 
Жасама деп жат қылық сақтандырды 
Жаңадан отау тігіп, ірге құрап, 
Қалыпты жас семья гүлденіп-ақ. 
...Анасы жол жабдығын әзірлеуде, 
Қуанып, бірде күліп, бірде жылап. 
Қоштасып ағалары, құрбылары, 
Қош айтып ауыл-аймақ тұрды бәрі. 
Қош бол! -деп алыс сағым бұлдырады 
Естіліп бұлақтардың сыңғыр әні. 
Бәрі де қоштасуда... 
Бірақ бір жан, 
Бата алмай қоштасуға жылап тұрған. 
Жолығып жол бойында қырат-қырдан, 
- Қош бол! -деп орамалын лақтырған 
Болашақ солдат оны байқамады, 
Қыз қылығын тағы да қайталады... 
...Жасыма, махаббатың қайтар әлі 
Оның да сен боларсың айтар әні. 
 
Қоя тұрыңдар 
       Қоя тұрыңдар, 
Айтыла жатар арнаулар. 
Аялдай тұрыңдар, 
Асығыстыққа бармаңдар, 
Әлі де талай құлдырау бар да, самғау бар
Әлі де нелер танылмай жатқан тарлан бар. 
Осымыз қалай? 

Жырымыз неге тым арзан?! 
Арнау жазбасақ, шықпайтын болдық құмардан. 
Қырсығы тимес,қысқарсын «фабрикалар » 
Арзан бағамен арнау өлеңдер шығарған! 
Ақынның сөзі алтыннан құнды келетін, 
Арзандап кеттік, ағайындар-ау, неге тым? 
Құшынаш болып кетпесек біздер жарады, 
Көрінген жанға ішірткі жазып беретін. 
 
Қыз сыры 
       Көк белдерге шық тұнғанда, 
Шықтым бір күн далаға. 
Күнмен бірге шықтың алдан, 
Шықтың алдан, жан-аға. 
Қыр астынан шуақ шашып, 
Келе жатты күн шығып. 
Омырауға құлап шашым, 
Қиылып ем қымсынып. 
Әлдеқалай бір қарадың, 
Мен отырған қыратқа, 
Ат суардың жылғадағы 
Жылтыраған суатқа. 
Жасылменен бояғандай, 
Көркем бояу жан-жақты. 
Таңғы ұйқыдан ояна алмай, 
Талықсыған тау жатты. 
Тау суреті жанарымда, 
Тамашалап, көп тұрдым. 
Және де бір қарадың да, 
Сен әріге бет бұрдың. 
Жауқазындай ашылмаған, 
Ашылмаған едім мен. 
Бәрі өтті ғой...жасырма, аға, 
Шошытайын дедің бе? 
Дедің бе, әлде демедің бе?! 
Мүмкін, назар салмадың. 
...Енді қайтып көремін бе?! 
Ең алғашқы арманым. 
Арманымды білмедің ғой, 
Білмедің ғой, момын жан. 
Бірге едім ғой, білмедің ғой, 
He келеді қолымнан?.. 

Қарай алмай ел бетіне, 
Сенен ғана сыр бағып, 
Қарапайым келбетіңе, 
Қараушы едім ұрланып. 
Солай, солай күн кешкен ем, 
Сені сақтап санама. 
Кездеспеген, тілдеспеген, 
Хош, аман бол, жан-аға! 
 
Қыздарға 
      Қыздарды көрсем, бір түрлі 
Өзімнен-өзім мұңданам. 
Тиям да бейқам күлкімді, 
Өзімнен-өзім сыр бағам. 
Қымбат-ау,қыздың ар-мұңы, 
Қиын-ау, қиын, тым қиын. 
He болар екен тағдыры?! 
Үйіріліп соқса бір құйын. 
Тоймайды көзім жүз көрсем, 
Жайқалған менің гүлдерім! 
Тоң тұрып жерге, күз келсе 
He болар екен күндерің?! 
Түрткілеп күдік жанымды, 
Кетеді жүрек дыз етіп... 
Әзірге жасыл бағымды, 
Отырмын, міне күзетіп. 
 
Қызыма 
      Қарағым! 
Мен тағы үйлену тойыңа барамын. 
Мен бүгін тағы да 
Өзіңнен адасып қаламын, Қарағым! 
Шараптың уы ұрып қаныма, 
Отырам 
Бейтаныс біреудің жанына. 
Көкешім, налыма, 
Мен сені ұзатам тағы да. 
Тұман боп жанары, 
Әкең де, шешең де қалады. 
Достарың күңіреніп, 
Еңліктің әніне салады, 

Әкең де қалады, 
Шешең де қалады, 
Баласын, 
Баласы әкетіп барады. 
Көкешім! 
Мұңайып не етесің?! 
Сен бүгін тағы да 
Ұшасың, кетесің,Көкешім! 
Әкеңнен әкеңе жетесің, 
Мұңайма, Көкешім! 
 
Қызық өмір 
      Қалтарыс, бұлтарысы мың сан қабат 
Қызық өмір, ақырын тұрсаң қарап. 
Біреулердің еңбегі еш, тұзы cop боп 
Біреулердің бақыты жүр сорғалап. 
Қызық өмір, кім білсін, сонысымен, 
Аласы мен құласы, торысымен. 
Тағдыр түрлі болғанмен өмір біреу 
Ұнатамын өмірді сол үшін мен. 
Ұнайды өмір ынтымақ, күресімен, 
Құр қалмайды ешкім де үлесінен. 
Өліп-талып жеткенде бақытына
Шорт үзіліп, кей тағдыр түгесілген. 
Өміріме өзімнің таңданамын, 
Қалмайын деп қатардан қарманамын. 
Бүгінімді өткізсем қиындықпен, 
Ертеңіме үмітпен алданамын. 
Ұнатамын өмірдің ой-қырларын, 
Сауық құрып, сайрандап, той қылғанын. 
Өмір керек көлеңке, шуағымен, 
Өмір керек! 
Басқаның қойдым бәрін... 
 
Қызықпа, қыз! 
     Ақын жайлы айтады қызықты аңыз, 
Бірақ сен қызықпа, қыз! 
Қызықпа, қыз! 
Рас-ақ, біздер - патша! 
Мұжық та - біз... 
Тузік те - біз, түнерген бұзық та біз! 

Ақындарға қызықпа, 
Қызықпа, қыз! 
Шынымен ақын жанын қалайсың ба? 
Шыдайсың ба, шынымен талай сынға? 
Ақын деген бірде қарт, бірде сәби, 
Қартты сыйлап, сәбиге қарайсың ба? 
Ілікпе, қыз, 
Ақынның тұяғына. 
Зымиян да осылар... 
Зиялы да. 
 
Қырықта дәнеңе жоқ дара тұрған 
     Қырықта дәнеңе жоқ дара тұрған, 
Баяғы бала мінез, бала тұлғам. 
Дәл осылай он алты жасымда мен, 
Басымнан түн өткеріп, таң атырғам. 
Баяғыдай мінезім, ақылым да, 
Кеткенім жоқ әлі ұзап шақырымға. 
Мытып қалсам өкшемді атырылған, 
Жирен тай жоқ жалғыз-ақ тақымымда. 
Баяғыдай күндерім түнге ұласқан, 
Түнді сүйем... 
Сүюші ем түнді жастан. 
Өмір деген мектепті бітіре алмай, 
Көше алмай-ақ келемін бір кластан. 
Баяғыдай шыт-шыбыр жейделерім, 
Баяғыдай күлгенім, сөйлегенім. 
Баяғыдай ұрттап ап ыстық астан, 
Аузым күйіп қалады кейде менің. 
Баяғыдай... 
Бәрі де баяғыдай. 
Баяғыдай кілемін жаяды май. 
Енді маған қырықтың қылығын бер, 
Ақылын бер, арын бер, ая, құдай!.. 
 
Қырқа бар 
      Қырқа бар Алматының шығысында, 
Жатыр сонда жақының, туысың да. 
Бұл ғаламды місе етпес қайран жүрек, 
Қайтіп жатыр аядай қуысында?! 
Өмірді кереметтей жыр қылсақ та, 

Кейімесек дауаң жоқ бұл бір шақта. 
Біраз күн алдандырып, ауыстырар 
Адамды бір құрсақтан бір құрсаққа. 
Қырқа бар Алатаудың бауырында, 
Сонда жатыр жолдасың, бауырың да. 
Апыр-ай, келем бе деп тағы мұнда, 
Жөнелер қаның тасып тамырыңда. 
Еріксіз Алматының қырына бұл, 
Келмесіңе болмайды жылына бір. 
Келмесіңе қоймайды. 
Кеткендердің бірі - әкең, бірі - шешең, бірі - бауыр. 
Бәрі жатыр - сырласың, құрдасың да, 
Құдай-ау, құрту ушін туғасың да, 
Қуанар ем, осы бір қу қырқаға 
Бір-ақ рет оралсам бір ғасырда. 
 
Қырқыншы жылдар 
       Рас, қайғы-қасіреті бар қаптаған, 
Ғұмырлар бар батқан және батпаған. 
Әкелгенмен әр адамға бір қайғы, 
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған. 
Жанды-жансыз бар табиғат түнерген, 
Әр кеудеде бір шер барын білсем мен. 
Қан майданда ерлік етсе біреулер
Қарсы жауға біз де шықтық түренмен. 
Аңыздардан тере жүріп масақты, 
Рас, рас, көзімізден жас ақты. 
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар, 
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты. 
Батыр жұртым, сол жылдарды өткердің, 
Сонда да сен жақсы көрдің, жек көрдің. 
Қара емендей қатып қалған әжеңді, 
Кейінгі ұрпақ, батыр емес деп көргін! 
Кейінгі ұрпақ, саған салған өткелдің, 
Сағасында өткен жастық, өткен күн. 
Қаршадайдан қара шаруа атанған, 
Сен әкеңді батыр емес деп көргін! 
Сол жылдарға қарғыс айту жат маған, 
Сондағы мен ерлігіме мақтанам. 
Балғын ұрпақ, сенің болашағынды 
Біле білсең, мына біздер сақтаған! 
 

Қырқыншы жылдардағы бесік жырынан 
       «Кебін киген өледі, 
Кебенек киген келеді», 
Майданға көкең кеткенде, 
Осылай бәрі деп еді. 
Бөпем, бөпем, бөпем-ау, 
Қай жерде қалды көкең-ау?! 
Кей-кейде біздің халық та, 
Өтірік айтады екен-ау! 
«Оралар туған жеріне, 
Топырақ caп бер»,- деді де, 
Дұғасын оқып, күбірлеп, 
Әжең де қалған жөніне. 
«Оралсын  аман жеріне, 
Көріссін туған елімен»,- 
Дедім де, көздей қалтаға 
Топырақ түйіп беріп ем. 
Бөпем, бөпем, бөпем-ау, 
Қай жерде жатыр көкең-ау?! 
Көбісі біздің ырымның 
Түкке алғысыз екен-ау! 
«Үлкен үйден дәм татса, 
Кешікпей қайта оралар. 
Ел-жұрты қарғап, ант атса, 
Ксткеннен келмес, жоғалар 
Дегесін, үлкен шаңырақ, 
Дәм беріп еді жамырап. 
Алақан жайып артынан, 
Ақ тілеу айтқан аңырап. 
Аужалын түйіп заманның, 
Ортаға салып бар малын, 
Ала жібін адамның 
Аттамап еді ардағым. 
Неліктен тәңірім оны алды, 
Оранушы еді алғысқа. 
Дәуқара аман оралды, 
Оранды қайта қарғысқа. 
Бөпем де бөпем, бөпем-ау, 
He жазды сенің көкең-ау?! 
Халықтың кейде алғысы, 
Қарғыстан бетер екен-ау! 
Әлди, әлди, бөпем-ау, 

Бәрі де бекер екен-ау! 
«Сабыр да түбі - сары алтын» 
Сарғайып қашан жетем-ау?! 
 
Қыс келген күні 
     Тысқа шықсам, 
Күн шыңылтыр, ңар жауған. 
Ызғар, аяз атырылып бар маңнан, 
Асып анау асқар-асқар таулардай, 
Қыс жетіпті тонын теріс аударған. 
Қыс жетіпті, 
Сол баяғы кезіндей, 
Қуырып жүр дүниені көз ілмей, 
Күн нұрынан еш жылылық сезілмей, 
Әйнектенген маскүнемнің көзіндей. 
Шуылдаған шау қарғадай жар салып, 
Сәбилер жүр кәрі атасын қарсы алып. 
Махаббаттан ұмыт қалған ұстаз қыз, 
Терезеге қарап отыр тамсанып. 
Терезеге қарайды да, тамсанып, 
Мұңая ма, қуана ма ән салып?! 
Жібір емес терезеге қатқан мұз, 
Жылуымен жылытса да қаншалық. 
Аттанасың аяқтамай арманды, 
(Рас екен жалған десе, жалғанды!) 
...Қыз жанарын оқулыңқа аударды, 
Шешпек болып көп белгісіз сандарды... 
 
Қысырақтың үйірі 
      -Бағасың! - деді бастығым, 
-Бақпаймын! - дедім, бала едім. 
Артым бос, айтар тасбуын, 
Жоқ-тұғын менің дәлелім. 
-Бақтырам! - деді бастығым. 
Бағасың! - деді,- жетпегір! 
Сонымен, біраз жас күнім, 
Қысырақ қуыга өткен бір, 
Қорада жемсіз ақырда, 
Қамауда-тұғын қысырақ, 
Аяңдап келем, тақымға 
Шетеннен ңұрық қысып ап 

Айқара аштым қораны, 
Жануарларға обал-ды. 
Обалды қайтсін қысырақ, 
Ойнақтап алып жоғалды. 
Біріне-бірі дем беріп, 
Тұяқпен түтіп даланы. 
Тулаған өңшең көкжелік, 
Үйірін іздеп барады, 
Қайыру берер болмады, 
Ойнаңтап олай, былай бір, 
Сорпасы шығып сорлады. 
Сілесі қатқан құла айғыр 
Желігіп алды көнбестен 
Желқуық өңшең байталдар, 
Бірі де қайыру берместен 
Сынаптай аңты сайтандар. 
Бір-бірлеп жүріп сай-құмнан, 
Өлгенде әзер қайтардым. 
Жармасты-ау құла айғыр да, 
Жалына жирен байталдың. 
Сынаптай аққан сайтанды, 
Жануар әбден илегіті, 
Шу асау өңшен, байталды, 
Бір-бірлеп жүріп  ұйретті... 
 
Құрдастарға 
      Көктем кетті, күз, міне, жуықтады, 
Бармысыңдар, бауырлар, қырықтағы? 
Бәрің тірі қалдың ба, қарығанда 
Қырықыншы жылдардың суықтары? 
Туылып ек айлар caп арамызға, 
Айлар салып, әріге барамыз ба?! 
Бұйырмасын түсінсем., осы біздер, 
Шыныменен біреуге ағамыз ба?! 
Кеше еді ғой, құдай-ау, кеше еді ғой, 
Дүйсенбінің мына дәу шешегі ғой! 
Мынау - әзер қаз басқан төрт жасында, 
Мұхамеджан қартыңның мешелі ғой. 
Тағдыр бізден бәрін де аямаған: 
Жылатқан да жұбатқан, аялаған, 
Ата қаздан айрылған балапан ек, 
Аспан асты, жер үстін саялаған. 

Арманымыз жұлдызға жуық болып, 
Апыл-тапыл күн кештік суып, тоңып. 
Шаруасы шалқайған шағын үйдің, 
Шаңырағына шаншылдық уық болып... 
 
Құрмет хат 
    (Әзімжанов Әбдімутәліптің 
құрметті пенсияға шығуына 
байланысты өз сөзі) 
    Советтік мына заманның 
Саясында өскен адаммьн. 
Іргесіне ұлы қоғамның 
Бір кірпіш болып қаландым. 
Ел-жұртым, сені тыңдадым, 
Әрқашан саған ризамын! 
Көрсеткен өзің құрметке, 
Елжіреп менің тұр жаным. 
Ел-жұртым, мәңгі ризамын! 
Еңбек пен майдан тартыста, 
Қорғадың мені әр тұста. 
Еңбекпен өмір өткеріп, 
Еніп те қаппын алпысқа. 
Әлі де менде жалын бар! 
Алыңдар, елім, алыңдар! 
Қасынан алып, зор істің 
Қашанда мсні табындар! 
Тойым бар, тойлап қалыңдар, 
Жаны игі жайсаң қауымдар. 
Келіңдер тойға, дос-жаран, 
Ағайын-туыс, бауырлар!!! 
 
Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды 
       Біздер жүрміз дер кезінде туылып, 
Суға түсіп, отқа өртеніп, жылынып, 
Жетімдердің ұясына тығылып, 
Жесірлердің көз жасына жуынып, 
Әйтсе дағы, дер кезінде туылып! 
Біздер мына дәуірменен бірге өстік, 
Қарап соның қабағына, күн кештік. 
Уақыттың үніменен тілдестік, 
Уақыттың көшіменен бір көштік. 

Адамзатты қорғай жүріп, қаң бастық, 
Адамзаттың азғынымен арбастық. 
Аласаиран арпалыстан аман қап
Адамзаттың өмірімен жалғастық. 
Бұл дәуірдің бетін біздер ашқанбыз, 
Болашаққа солай қадам басқанбыз. 
...Біздер - әлі жан баспаған асқармыз, 
Біздер - әлі жазылмаған дастанбыз. 
Біз жараттық мынау ғажап ғасырды, 
Тарихы оның біздерменен ашылды. 
Біздің мына қолтаңбамыз басулы. 
Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды 
 
Үнсіздік 
     Бәрі де үнсіз. 
Үнсіз аспан, үнсіз жер, 
Үнсіз орман, үнсіз таулар, үнсіз көл. 
Мен де үнсізбін, дәрменім жоқ күрсінер. 
Үнсіз кеуде... 
Үнсіз жүрек дүрсілдер. 
Бәрі де үнсіз... 
Бәрінде бір сұрақ бар, 
Үнсіз ауыл. 
Үнсіз жанып тұр оттар. 
Үнсіз зират ұйықтап үнсіз қыратта, 
Үнсіз ағып бара жатыр бұлақтар. 
Неге үнсіз?! 
He көрінген бұл маңға? 
Үнсіз күзде үнсіз тірлік тынған ба? 
...Бір машина үнсіз аңыз үстімен, 
Үнсіз заулап бара жатыр қырманға... 
 
Үш бақытым 
        Ең бірінші бақытым - Халқым менің, 
Соған берем ойымның алтын кенін. 
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын 
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің. 
Ал екінші бақытым - Тілім менің, 
Тас жүректі тіліммен тілімдедім. 
Кей-кейде дүниеден түңілсем де, 
Қасиетті тілімнен түңілмедім. 

Бақытым бар үшінші - Отан деген, 
Құдай деген кім десе, Отан дер ем! 
...Оты сөнген жалғанда жан барсың ба? 
Ойланбай-ақ кел-дағы от ал менен. 
Түтін түтет, 
Өс, өрбі, көгере бер, 
Немерелер көбейсін, шөберелер. 
Жадыңда ұста, 
Жақсылық күтпегейсің! 
От емес, оқ сұрасаң менен егер! 
Үш бірдей бақытым бар алақанда, 
(Мені мұндай бақытты жаратар ма!) 
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан, 
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!! 
 
Ұлыма 
      Жүре-жүре мен өмірге қанықтым, 
Өмір сырын жаңа біліп, жаңа ұқтым. 
Қызбалақтық күндерімді ұзатын, 
Енді, міне, әке боп та қалыппын. 
Сен өмірге басқа жолмен бас қадам, 
Әкең жүрген соқпақтардан қаш, балам! 
Ұғып ал да, сақ болып өс, айтайын, 
Өмір жолын әкең былай бастаған. 
Мен әкемнің тәрбиесін көрмедім, 
Ал анамның ақылына көнбедім. 
Тіпті, кеше оқушылық кезде де
Тізгінімді ешбір жанға бермедім. 
Өмірімде бір иілген емеспін, 
Менмендігі менен өткен жоқ ешкім. 
Боламын деп «жалын жүрек, от кеуде» 
Бола алмай, қуыс кеуде боп өстім. 
Енді, міне, ұлым маған қарайды, 
Өткір көзін өңменіме қадайды. 
Көп қателік жіберіппін амал не? 
Кешір, ұлым, мойындадым, жарайды! 
 
Ұям менің 
     Біздің үй болатұғын осы арада, 
Жататын бұлақ ағып босағада. 
Орны да өшейін деп қалыпты ғой, 

Өтіпті көп уақыт... 
Тоса ма алда. 
Қазына болмаса да қамбасында. 
Қарық боп отыратын нанға, суға. 
Түтіні кернейінен түзу шығып, 
Жалғыз үй жарбиятын жар басында. 
Ескермей тіршіліктің жарақатын, 
Сонда да күн шығатын, таң ататын. 
Бар сыйын табиғаттың өзі берген,. 
Біздің үй керегіне жарататын. 
Қара орныңнан айналдым, ұям менің, 
Күмістен мүсініңді құяр ма едім. 
...Әлдеқалай аспаннан құлап түсем, 
Аядай босағанды қияр ма едің?.. 
 
Ұят болды-ау 
      Сен де кеттің, 
Мен де кеттім, 
Ол да кетті ауылдан. 
Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау,қауымнан! 
Ұят болды-ау, 
Ұят болды-ау, 
Ұят болды-ау, бауырлар! 
Момын жұрттың, арқа сүйер, 
Азаматы біз едік. 
Тұлпарлардан, тұғырлардан, 
Қалған бір-бір із едік. 
Біз де кеттік, 
Басқа жаққа бетімізді түзедік. 
...Естимісің, құлақ түрші, 
Қырдан ескен самалға. 
Сәлем айтып жатыр ауыл, 
Саған, оған, маған да. 
Телеграф сымы тұрған сүйеніп ап бағанға. 
Көремісің, 
Заңғар таулар жаулықтарын бұлғайды, 
Шақырады Ақбас шалдар, 
Сыбызғы етіп қурайды. 
Еске салып, қайтқан құстар 
Елдің жырын жырлайды. 
Күте-күте, 
Көзі талып, 

Күн сарғайып батқандай, 
Күте-күте, 
Жұлдыздардың жанары да аққандай, 
Зират екеш зираттар да, 
Бізді жоқтап жатқандай... 
Момын елдің, 
Арқа сүйер, 
Азаматы біз едік, 
Жеке-жеке бақыт іздеп, 
Жеке өмір түзедік, 
Жетер енді!.. 
Туған жердің топырағына тізе бүк! 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет