Мұқағали Мақатаев (1931-1976)



Pdf көрінісі
бет5/17
Дата27.01.2017
өлшемі2,31 Mb.
#2834
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

Дастарқан үстінде 
      (Өзбек жігітіне) 
      Ойға жыр, көңілге күй, жанға тыныс, 
Айналаң алма-өрік, алда қымыз. 
Асан атам аңсаған Жерұйығы, 
Жігітім, жақсы ә, біздің Алматымыз? 
Әсіресе маған бір ұнайтыны - 
Алатаудан долы өзен құлайтыны, 
Құлын-тайдай тебіскен құрбылардың, 
Әзілменен бір-бірін сынайтыны. 
Қоңыр салқын ауасы Алматының, 
(Мен өзім Алматының солдатымын). 
Сайраңдауға келіп тұр,өзбек досым, 
Сауық құрып саяла, ал да тыным. 
Қымыз іш, қазыдан ал, тартынбағын, 
Тауға жүр, өзенге түс, салқындағын, 
Өзіңнің өзбек бабаң секілденген 
Ұмытпа қазақ деген халқың барын. 
Есіңе салатыным тағы да бір, 
Серуенде, Алматының бағына кір. 
Киіктің лағындай қыздарымның 
Жанына жаныңменен жағына біл. 
Ойға жыр, көңілге күй, жанға тыныс, 
Айналаң алма-өрік, алда қымыз. 
Ташкент шәрін өзіне бауыр тұтқан 
Жігітім, жақсы, ә, біздің Алматымыз?! 
 
Дейтін еді қарт ақын 
      «Қырғи жолдас бола алмайды кептермен, 
Себебі ол кептер етін жеп көрген. 
Қой қоралас бола алмайды қасқырмен, 
Қасқырдан ол көресіні көп көрген. 
Көбелектер бірге ұшпайды кептермен, 
Кептерлер де көбелекті жек көрген. 
Мьісықтармен ойнамайды тышқандар, 
Ойнаймын деп омақасып текке өлген. 

Тіршілікте тамақты кім жек көрген. 
Қу тіршілік соныменен шектелген. 
Қыбыр  тауып, торғай жұтқан жыланды, 
Ебін тауып, құмырсқалар бөктерген» - 
Дейтін еді, 
Дейтін еді қарт ақын, 
(Өзгелерге кінәні көп артатын) 
Оңашада шарап ішіп екеуміз, 
Өзі менен шылым сұрап тартатын. 
 
Дос болам десең 
         Дос болам десең, 
Досымды сыйла, қымбаттым! 
Досыңа сонда, 
Досыммен ғана қымбатпын. 
Дос болам десең, 
Мендегі доспен достасқын, 
Сендегі доспен дос болып сонда тұрмақпын. 
Достарың көп пе? 
Апырау неткен жақсы едің? 
Досым аз менің... 
Досым-ау менің, тапшы емін? 
Достарыңменен достастыр мені, асылым, 
Достастыр мені? 
Болайын құлың нақ сенің! 
Достыққа жүрмін, 
Достыққа жүрмін құмартып! 
Өлгелі жүрмін, 
Өзіме-өзім мін артып... 
Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан, 
Достардың барып, ауласында өлген мың артық. 
Досым, саған сенемін. Сеніп өтем! 
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен. 
Достық деген - адамның көрігі екен, 
Достық деген ақылдың серігі екен. 
Қыран күлкі-тамаша - бәрі осында, 
Отырмын думан-тойдың арасында. 
Береке бойдан асып жатқанымен
Олқы тұр көңілім менің, нанасың ба? 
Ұйытқып жатыр көңілде құйын-дауыл, 
Heгe сен келе алмадың жиынға бұл?! 
Жыраққа жалғыз мені жібермеші 

Жаныңа жаманшылық бұйырмағыр! 
Әне, жұрт өзді-өзімен, сөйлеседі, 
Өзімсіп: - Ей! - деседі,- өй! - деседі. 
Шіркіндер-ай, даурығып тыңдар емес! 
Есіме ап, тост көтертсем, кейде сені. 
Сенсіз көңіл қашан да хош тұрған ба? 
Сенсіз думан - қызықсыз бос қырманда. 
Әсіре ойнап қайтемін, әсіре күліп, 
Сенің орның құлазып, бос тұрғанда. 
 
Дұшпаның бар ма? 
      -Дұшпаның бар ма? -дейсің, 
Қайдан білем... 
Әйтеуір, жүрген жерім - сайран кілең. 
Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы, 
Алдымда - ақ дастарқан, жайған кілем. 
Дұшпаным жоқ-ау деймін, түрі жаман... 
(Сірә, мен бұл майданда тірі қалам.) 
Қазақтың қайсысымен кездессем де 
Қайрылмай кеткені жоқ бірі маған. 
Достастым кішісімен, үлкенімен, 
Өзімшіл өжетімен, үркегімен. 
Ата-қазақ алыста той жасаса, 
Алдымен тізіміне тіркері - мен. 
Қайғырмаймын соңымнан сөз бөскенге 
Білемін бұғатынын кездескенде, 
Әйтеуір, жүздерінде жылылық бар, 
Қазақтың қайсысымен кездессем де. 
-Дұшпаның бар ма? - дейсің, 
Қайдан білем... 
Асыр caп ортасында ойнап жүрем. 
Сірә, мен бақыттымын дұшпаны жоқ, 
Үйден шықсам - сауық пен сайран кілең. 
 
Дәрігеріме 
       Керегі жоқ, 
Керегі жоқ, 
Керегі жоқ бәрінің! 
Иненің де керегі жоқ, 
Керегі жоқ дәрінің! 
Кетсем егер, пленканың үзілген бір әнімен, 

Қалсам егер, қара жердің жалғыз түйір дәнімін. 
Дәрігерім, рақмет! 
Meн әзірге өлмеймін! 
Кешіре гөр! 
Жүрегімді пышағыңа бермеймін. 
Әуре болмай босат мені! 
Енді алдыңа келмеймін. 
Керегі жоқ, керегі жоқ, 
Пышақтауға көнбеймін! 
Қорықпаймын пышақтан да, 
Қорықпаймын инеден. 
Ине түгіл бұл жүректі найза-дағы түйреген... 
Құпиямды көресің ғой, мен сондықтан именем, 
Кешір мені, 
Кешір мені! 
Кетем ертең үйге мен. 
Бауыр ісіп, бас айналып, бойда қаным тасыған
Бәріне өзім кінәлімін, оның иесін жасырам. 
Көп нәрсеге қуанам да, көп нәрсеге ашынам, 
Ғылымға да, өзіңе де рақмет, бас ұрам! 
Уақытым барады етіп, мен бір жаққа асығам... 
 
Егін салдым 
         Егін салдым, 
Мал бақтым, 
Тас қаладым 
Сағынам да, 
Жұртты да басқарамын. 
Жалығам да 
Жабырқап пәс қаламын, 
Жырды бірақ, 
Жырды мен тастамадым, 
Жырдан бөлек қалмады басқа амалым. 
Аласартты тағдырым биіктетті - 
Бәрі өткінші. 
Қуаныш, күйік те өтті. 
Екіталай кезенде еңсем бұққан, 
Күйсандыққа саусағым тиіп кетті. 
Күйсандықтан күңіреніп үн шығады, 
Күй аңсаған қу көңіл тыншығады. 
Қарғып шығып кетердей аласұрып, 
Тұтқын жүрек кеудемде түншығады! 

 
Ей, Бауырым! 
       Ей, Бауырым! 
Heгe сонша сарғайдың? 
Қапалансам, менің-дағы бар қайғым. 
Мен жұртыма мұңымды емес, 
Жырымды, 
Қуанышым-шаттығымды арнаймын, 
Қайғы-мұңы неге керек бір бастың, 
Елім барда, есеңгіреп тұрмаспын. 
Күндер маған көлеңкесін түсірсе, 
Халқыма кеп, сырымды айтып, мұңдастым. 
Қайтер дейсің қара бастың толғағы, 
Өтер-кетер, 
Шаруа ғой қолдағы. 
Абдырасаң, арқа тірер айбының, 
Асқар тауың күрсінбесе болғаны. 
Ей, Бауырым! 
Heгe сонша мұңайдың? 
Мен мұңайсам, сенен бетер жылаймын. 
Көп ойланып, аз күрсінген халқыма, 
Қараймын да, 
Қайраттанам, шыдаймын. 
Ерікті елміз, бүлінбеген қорғаны, 
Бәрімізге белгілі ғой ол жағы. 
Қайтер дейсің қара бастың толғағы, 
Тек жұртымыз күрсінбесе болғаны. 
 
Ей, менің қиын өткелім 
    I 
    Ей, менің сайран мекенім! 
Адамға бермес екі өмір, 
(Әрине, болмас екі өлім) 
Мен сенен ертең кетемін, 
Айдынын қимас аққудай, 
Айналып ұшып, өтемін. 
Суыптап, бірде жылынғам, 
Жүгіргем, бір жығылғам, 
Жиырма бесімде ұғынғам, 
Он алты жастың не екенін. 
Ей, менің сайран мекенім! 

Ей, жастық, ердің серті едің, 
Ерке едің, ердің серті едің, 
Лапылдап тұрған өрт едің, 
Қаншама жанды жылытып, 
Қаншама жанды өртедің? 
Арыма, менің аяулым - 
Елуге толар ертеңім! 
Жауқазын ғұмыр, жыр-жастық, 
Қаншада біздер қыр бастық, 
Қаншама рет қар жауды, 
Қайтадан бізді тұрмас қып?! 
Сонда да біздер жырластық
Сонда да біздер сырластық, 
Он сегіз бенен отызды, 
Өзара бөліп, құрдас қып. 
Қаншама қыстан өтпедік, 
Қаншама рет көктедік?! 
Еркесі болдық біз елдің, 
Есерсоқ болып кетпедік. 
Қиянды қалап, шептегі 
Қиындықтарға беттедік. 
Ер сыналар майданда, 
Еншімізге дөп келіп, 
Қаншама қыршын кетті өліп. 
Ақиқат дейтін ауылдың, 
Қасынан дәйім табылдық. 
Ауырдан сауыт жамылдық, 
Сонда да бізді жауыр ғып, 
Жоғалта алмады ауырлық. 
Бір бірімізді бауыр ғып, 
Сонда да біздер сағындық. 
Ошағы сөнген үйлердің 
Оты болдық та, жағылдық. 
Махаббатқа да сенгенбіз, 
Ғашық та болып көргенбіз. 
Баяны бар ауылға 
Қозы болып та келгенбіз. 
Есерсоқ болып кетпедік, 
Еркелей білдік елге біз! 
  
    II 
    Ей, менің нұрлы ғұмырым! 

Жастығым, мөлдір-тұнығым, 
Ей, менің қыздай қылығым! 
Төгіліп жібек тұлымың, 
Бойыды басып бұрымың, 
Қай жерде жүрсін, құлыным? 
Қай жерде жүрме, қай маңда, 
Қанатын көктем жайғанда, 
Сайранда, жаным, сайранда! 
Тұнып қал түпсіз қайнарда, 
Қаулаи жет қырқа, сайларға. 
Жалаулы жастық майданда, 
Жабыға көрме, жайраңда, 
Сайранда, жаным, сайранда! 
Ей, менің шуақ көктемім! 
Көктемім - қимас өткенім, 
Ей, менің қиын өткелім, 
Қиналмай қалай өткенмін?! 
Қалай да қалай кеткенмін?! 
Қырыққа қалай жеткенмін?! 
Саялы бақты бөктерім, 
Саяңнан кетем деп пе едім?! 
Ей, менің қиын өткелім, 
Қуанышым да көп менің 
Өкінішім де көп менің! 
Шыт көйлек... 
Белін бір бүрген, 
Етегін желге ілдірген, 
Омырауыңда бүлдірген, 
Қасыңдағы қарлығаш. 
Кетерін ұшып кім білген?! 
Қарындас еді бір жүрген, 
Қай жаққа кетіп үлгірген?! 
Қай жақта мейлі жүрмесін, 
Бақытты болғай іргесі, 
Бақытты болғай... 
Өз үйі - 
Өзінің болмай түрмесі, 
Әйтеуір жылап жүрмесін, 
Мұңлық боп өмір сүрмесін 
Босаға аттап, кіргесін... 
(Қашанда, Жаным біргесің!!!) 
Қашанда көктем келгенде, 

Тұрасың көктеп сен - менде, 
Жарылмай жатқан жауқазын, 
Тулайды менің кеудемде, 
Көктемді мынау көргенде, 
Қабірімді қақ жарып, 
шығарсың сен... 
Ей, менің қиын өткелім! 
 
Ей, өмір 
        Дүниенің ағын да, қарасын да, 
Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да. 
Қарасымен шамаң жоқ таласуға
Ей, өмірім, зымырап барасың ба? 
Жер мен көктің желпініп арасында, 
Желігесің, түсесің қара суға. 
Құйын қуған қаңбақтай аласұра, 
Ей, өмірім, зымырап барасың ба? 
Мен отырмын теңіздің жағасында, 
Бересім де жоқ оған, аласым да. 
Мені тастап, толқындар, ағасың ба? 
Толқынданып, өмірім, барасың ба? 
Шаң шығарып ізінен құйындаған, 
Барасың ба, өмірім, қиындаған? 
Сыйын  маған, 
Ей, өмір, сыйын маған, 
Сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған 
 
Елім барда 
       He сыйлайды, не береді келер күн?! 
Неде болса тірі тұрсам көрермін. 
Желідегі құлынымын мен елдің, 
Көгендегі қозысымын мен елдің. 
He сыйласын, несін берсін ел маған?! 
Тұрсақ екен елім де аман, мен де аман. 
Таулар - менің таусылмайтын баытым, 
Ал ырысым - ұланғайыр кең далам. 
He істемекпін алтын, гауһар, жақұтты, 
Оларды іздеп өткізбеспін уақытты, 
Мен бақытсыз бола қойман сірә да, 
Туған елім болса екен бақытты. 
Дәнеңе де сыйламасын келер күн. 

Сый көрмей-ақ суалармын, сөнермін. 
Туған елім түғырында тұрса екен, 
Әрі қарай... 
Әрі қарай көрермін... 
 
Елім, саған ғашықпын! 
      Елім! 
Саған ғашықпын. 
Ғашықпын саған: 
Құмарымды қандырмап едім. 
Батыр болып, бақ қонып, асып тұрса адам, 
Қаруы жоқ құлың ғой алдыңда сенің. 
Мен іздеп жүрген жер-көкте, 
Арманым менің, ақылым менің. 
Елім - уілдеп жатқаи жөргекте 
Сәбиім менің, батырым менің. 
Өмірдің қосын доғарып, 
Бітсе екен сенің туыңда демім. 
Жүз рет өшіп, жоғалып, 
Қайыра тағы оңалып, 
Табылған елім! 
Бауырмал елім! 
 
Елес жайлы естелік 
       Төрағасы жайғасты төрге барып, 
Бос орын жоқ. 
Зал іші көмбе-халық. 
Әуезовті бір шешен мақтап жатыр, 
Аракүдік тамағын кенеп алып... 
Бір бұрышқа отырдым мен де барып. 
Жұрт мақтауда. 
Мақтаусыз сөз болмады. 
Нелер шешен тайпалтты-ау сөз жорғаны. 
Ақ шырағдан астында - төрағасы, 
Төрағасы - Әуезов, қозғалмады... 
Еңбегімен, есімен бақты жанған - 
Айналасы Мұхаңның ақ шырағдан. 
...Төрағаның аузына қарайды жұрт, 
Қалт жібермей айтқанын қақшып алмақ. 
Құттықтаулар, мақтаулар тынды-дағы, 
Залдың іші бір сәтке тұнжырады... 

Төрағасы сатылап сөйлеп кетті, 
Сәл ырғалып орнынан тұрды-дағы. 
Есімде жоқ. Мұхаңның не дегені, 
(Жаңылып, жалған айтып не керегі.) 
...Алдымда «Абайдағы» Абай тұрды 
Әуезов жасап берген кемедегі... 
Әрі қарай өкетті елес мені, 
Шырақ сөнді... 
Белгісіз неге өшкені?! 
(Мұхаң маған алыстан елестеді...) 
Сұрағым... 
Сұрағым бар емес пе еді? 
Шырақ қайда?! 
Жаңағы жарық қайда!? 
Кимелеп ұмтылады халың қайда?! 
Шынымен Әуезовке маңытпай ма?! 
Мына ағын бара жатыр алып қайда?!.. 
(Қалқиып, қарауылдап тұрамын ба?) 
Мен-дағы қарсы жүздім бұл ағынға. 
Толқыннан кеудемді алып, 
Айғай салдым: 
-        О, Мұха! 
Сұрағым бар! Сұрағым бар!.. 
Алыстан айғайлап мен қоймағасын, 
Аялдап, андап, шолып айналасын. 
Ағынмен арпалысқан мені көріп: 
-        Айт,- деді - сұрағыңды, 
Қай баласың?.. 
Сұрақ та, жауап та мен қайтармадым, 
Тымқұрса атымды да айта алмадым... 
 
Емханада 
      Өкінішті... 
Мына құрғыр сырқаттың беті күшті. 
Жүрегім көтеріліс жасап жатыр, 
Бұзбақ болып кеудемде бекіністі. 
Өкінішті... 
О, Жүрек! 
Менің алтын қазығым-ау! 
Қайтейін, қажыдың-ау. 
...Қытықтаған бауырдың «назы» мынау. 
Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау! 

He істемекпін? 
Жаным-ай, саған шипа істемек кім?! 
Жаралғанда бүтін ем, үш бөлекпін: 
Жүрегім - Африка, бауырым - Кипр, 
Миым - Мұзды мұхиттай... 
He істемекпін?.. 
 
Ертең біз жол жүреміз 
       Жасың бар, жігіт-желең, шалдарың бар. 
Ертең біз жол жүреміз, қамданыңдар. 
Жол ұзақ, биік асу, сапар алыс, 
Жаз өтер, күз де кетер, тақалар қыс. 
Қамданыңдар. Болашақ деген елге, 
Қандай біз сый-сияпат апарамыз. 
Қорқауды, өсекшілді қатарға алма, 
Кеселін тигізеді сапарға алда. 
He бетімізді айтамыз Болашаққа? 
Жат қылықты қалдырмай апарғанда 
Жамандық атаулыны қалдырыңдар, 
Суға батыр, отқа өрте, жандырыңдар. 
Болашақ деп аталған өлмес-өшпес, 
Жақсылықтан жаралған тағдырың бар. 
Қыз-қырқын, жігіт-желең, шалдарың бар 
Ертең біз жол жүреміз, қамданыңдар! 
...Тірі жетсең, Болашақ өзі айтады
Қайсыңның қанша пұттық салмағың бар. 
 
Есіңде ме? 
       Есіңде ме? 
Екеуміз де елде едік. 
Екеуміз де жоқ нәрсеге шөлдедік. 
Ағайынның айтқанына көнбедік, 
Ойлап тұрсам... 
Жасаппыз ғой пенделік. 
Нені көрдік?! 
He бітіріп, жөндедік?! 
Нені сездік? 
Нені көрдік, досым-ау?! 
Аңсап көрген арманымыз осы ма?! 
Елге қайтып кетеді деп шошыма, 
Оралмаймын бір жығылған қасыма! 

Есіңде ме, тар лашық, аласа, 
Еденіміз - текемет пен алаша. 
Аласа үйде - асқар таудай тамаша, 
Аласұрып, қуанушы ек балаша, 
Сонда біреу екеумізге қараса, 
Тамыз еді... 
Жылға, тоғай. 
Оңаша. 
Шіркін сол шақ! 
Тамаша еді, тамаша! 
Онда - тамыз, мұнда, міне, қараша... 
 
Есіңе мені алғайсың 
      Нұр жауып тұрған көктемде, 
Гүл тере барсаң бөктерге, 
Қоңыраулатқан аспанды 
Найзағай шаншып өткенде, 
Есіңе мені алғайсың? 
Тұнжырап тұрған орманға, 
Тұнжырап жалғыз барғанда. 
Мен бар деп мына жалғанда, 
Жоқ деген сөзге алданба. 
Есіңе мені алғайсың! 
Жапырақ жанып жатқанда, 
Күз келген күрең шақтарда, 
Ағаштар мұңға батқанда 
Есіңе мені алғайсың! 
Ақ қырау тұрған ақпанда, 
Ағаштар сырға таққанда, 
Бозарып тұрып ақ таңда, 
Есіңе мені алғайсың, 
Есіңе мені алғайсың! 
 
Ескі жұртта 
       Айтсаңшы, көке-ау, қай маңда, 
Орны менің үйімнің? 
Қанып ең талай айранға, 
Қолынан әжем Тиынның. 
Орны қайда үйімнің? 
Айтсайшы, көке-ау, қай маңда, 
Мекені туыс, бауырдың? 

Аттанған өзің майданға, 
Орны қайда ауылдың? 
Қай маңда, көке-ау, қай маңда, 
Көрсетші біздің көшені? 
...Пішені піскен жайлауда, 
Сап-салқын самал еседі. 
Жұрттарын іздеп қауымның, 
Уақыт біраз текке өтті. 
Орнына ескі ауылдың
Жоңышқа шығып, көктепті. 
Атыздарға арық боп, 
Өзгеріп кеткен жылға да. 
Өзгерістерге қарық боп, 
Өзгермей тау тұр бір ғана. 
Қай маңда еді?! 
Қай маңда?! 
(Екеуміз бірдей аңырдық) 
Ескі жұрт - қазір жайлау да, 
Жан-жағы шалғын, шабындық... 
 
Ескі әнді, шеше, қозғама! 
       Босқанда - ел-жұрт боздаған! 
Ескі әнді, шеше, қозғама! 
Елестеп маған өтеді: 
Кұлазып жатқан боз дала, 
Ескі әнді, шеше, қозғама?! 
Қызда да, қыршын ұлда да, 
Ұлыған неткен мұң-нала?! 
Күңіренген неткен қу дала?! 
Ескі әнді, шеше, қозғама?! 
Өлмесін десең біржола, 
Ескінің орнын тырнама! 
(Жамандық көрмей өстім мен) 
Күңіренбе, шеше, ескі үнмен?! 
Күңірентпе мына даланы, 
Азалы керуен, көш жүрген. 
Күңіренсең, шеше, ескі үнмен, 
Жетіқат жердің астынан 
Бабамнын, даусы естілген. 
Күңіренбе, шеше, ескі үнмен! 
 

Еске алу 
      ...Келсең, кел. 
Ұятыңмен, арыңмен кел. 
Бойыңдағы жақсылық, барыңмен кел. 
Биік бол, мендегінің бәрін меңгер, 
Жабырқаған жанымды жаныңмен көр 
Бірі ұнатып, біреуі жек көреді, 
Мен қойғам адамдарға өкпелеуді. 
Басқа жағдай көңілді көп бәледі, 
Өкпе, наз дегендерің өткен енді. 
Өмірдің заңы бөлек, жөні бөлек, 
Несіне өкпелейсің, жөніңе кет. 
Бықсып жатар өсектің қоламтасы 
Еркінірек наздансаң еліңе кеп. 
Ағайын, күлкің қайда, назың қайда? 
Жарасқан бір-біріңе әзіл қайда? 
«Қалған көңіл - шыққан жан» дегендейін, 
Шынымен енді қайтіп жазылмай ма?! 
Келсең, кел. 
Әзілмен кел, назыңмен кел. 
Жан жұмсартқан жайдары жазыңмен кел. 
He халде отыр екем, көзіңмен көр, 
Аясаң, сезіміңді сезіммен бер. 
Бәрінен айырылсаң өзіңнен көр. 
 
Еш нәрсенің керегі жоқ 
      Еш нәрсенің керегі жоқ! 
Керегі жоқ, шаршадым! 
Басымда ұйып тұрып алды әлемдегі бар сағым, 
Өніп-өскен топырағыма апарыңдар, 
Тастандар, 
Тауларымды,қара суды, Қарасазды аңсадым. 
Енді емделсем,туған жердің топырағымен емделем, 
Ескек желмен ентігімді басқанымды жөн көрем. 
Heгe керек сән-салтанат, ию-қию, той-думан, 
Таудың ерке тағысымын, тағысымын мен деген. 
Тіптен маған керегі жоқ, керегі жоқ еш ненің. 
Белгісіз-ақ болсын, мейлі, өскенім де өшкенім. 
О, киелі шаңырағым! 
Айналайын астанам, 
Алдыңда егер айыбым мен күнәм болса, 

 
Жігіттер, мақтанбалық 
      Бөрікті аспанға атып, аттан салып, 
Жігіттер, мақтанбалық, мақтанбалық! 
Қашаннан қазақ деген сырмінезді, 
Мақтаусыз да, мақтансыз жатқан халық. 
Сабырмен сабақ алып дәуірлерден
Сабырын сары алтыннан тәуір көрген. 
Қазаққа мақтансын деп жер бермеген, 
Жерінің кеңдігіндей сабыр берген. 
Иықтасып тұрсын деп елдерменен, 
Қазаққа молшылықты кем бермеген, 
Алайда, Ата-қазақ мақтануды, 
Әлімсақтан бер қарай жөн көрмеген. 
Дәулет шалқып, ырысы асқанында, 
Қақысы бар қазақтың мақтануға. 
Дарақы боп қазағым кетпесін деп, 
Сабыры тұр, күзетіп арт жағында. 
Іргелі қазақ болдық. Сақтар қалып, 
Құс міндік темір қанат, аттар қалып, 
Әйтсе де, мақтанбалық, мақтанбалық!.. 
Үлпілдеген, үрпиген үкім менің, 
Жыл құстарын сағынып, күтудемін. 
Көз алмай шұбатылған құс жолынан, 
Бүкіл елім күтуде, бүкіл жерім. 
Қырларым да күтуде, дөңдерім де, 
Сағынады бізбенен көл де бірге. 
Үкім менің, қарашы, жыл құстары 
Келеді екен қайсы ендік белдеуінде. 
Қараторғай, қарлығаш, тырналарым, 
Қашан бізге әкелер жыл хабарын? 
Қашан қонар зергерлер - аққу, қаздар 
Әшекейлеп көлдерін, жылғаларын. 
Қашан болар тоғайда ән сабағы, 
Ән салады, қашан кеп жан салады? 
Қашан мынау жайқалып емен, терек, 
Жапырақтар жабыла қол соғады? 
Айлар өтті қолыма қонғанына, 
Еріксіздік басына орнады ма?! 
Тұтқын болып отырмай тойда мына, 
Ораласың сен қашан орманыңа?.. 
 

Жазылар естеліктер мен туралы 
       Жазылар естеліктер мен туралы, 
Біреулер жан еді дер өр тұлғалы. 
Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін, 
Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы. 
Аңыз ғып айтар мүмкін қылығымды, 
Қылығымды ұнатқан жұлынуды. 
Жақсы көрген дер мүмкін «жылынуды» 
Әйтеуір қазбас былық-шылығымды. 
Жоқ жанды қиған емес жамандауға, 
(Сол үшін рақмет адамдарға!!!) 
Білемін, әйтеуір бір замандарда, 
Жүреді жүз жыл жасап жаман қарға... 
Жазылар естеліктер нешелеген, 
Көрерміз онын, бәрін пешенеден. 
Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе - 
Көшеді өлең немесе өшеді өлең! 
Қулары, таудың қызыл түлкісі дер, 
Момындар, біздің үйдің кірпіші дер. 
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, 
Менің нәзік жанымды кім түсінер!? 
 
Жазғырма мені, жан-аға 
        Жазғырма мені, жан-аға, 
Жаманға мені балама. 
Жалғыз түп емен көріп пе ең, 
Жабырқап тұрған далада? 
Емен деп мені бағала. 
Еменде жапырақ-жүректер, 
Үй етсе самал дір еткен. 
Осынау елсіз жапанға, 
Жападан-жалғыз кім еккен? 
Далада дауыл болғанда, 
Сая жоқ жанын қорғауға. 
Ұшайын десе қанат жоқ
Қорғанға - алыс орманға. 
Жазғырма мені, жаи-аға, 
Жаманға мүлде балама. 
Бұлаққа барсаң, жалғыз түп, 
Талшыбық тұрар жағада. 
Шыбық деп мені бағала. 

Кеткенше қиып әлдекім. 
Емен де, мейлің, тал дегін. 
Әзірге менің бар демім, 
Осындай, аға, халдемін... 
 
Жалаң аяқ қыз 
       Төпеп тұрған нөсерге қарамай-ақ, 
Бір қыз кетіп барады жалаң аяқ. 
Жалтыраған әдемі топылиын, 
Кім біледі, жауыннан барады аяп. 
Ойнақтаған далада қара көзім, 
Еске түсіп кетті ме бала кезің? 
Елең қылмай ешкімді барады өзі, 
Жалаң аяқ жүргендей дала кезіп, 
Еркін ұстап елігім барады өзін. 
(Шыт көйлегі жабысқан кеудесіне.) 
Қарамасқа, қоймайды көрмесіңе. 
He келді екен сайтанның зердесіне?! 
Жалаң аяқ сиқырға қарап тұрып, 
Жалаң аяқ жастығым келді есіме! 
Қара да тұр, қайтесің, қара да тұр, 
Бұлаң еткен бұл сурет қалады ақыр. 
Жалаң аяқ... 
Балтыры жалт-жұлт етіп, 
Ғайып болып жастығым бара жатыр. 
 
Жалғыз көкек 
       Жетімсіреп, жем іздеп балапанға, 
Жалғыз көкек жүретін жаға талда. 
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда, 
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда. 
Иесіз қалған, бұзылған тамға барып, 
Қонушы еді, қонағын қамдап алып. 
Жоқтаушы еді оңаша отырып ап, 
Оқшау шетте ұясы, талда қалып. 
Сұңқыл үнді сұрша құс, жан - Отанын 
Ойландырып тастайтын жаға талын. 
Оңашада отырып жоқтаймын деп, 
Оятатын ұядан балапанын. 
Сұқ саусақтай балапан ес білер ме, 
Сұрша құстың сұм даусы есті желде. 

Ұясында құттай құс қобалжиды, 
Таныс үнді шалғайдан естігенде. 
Қайдан білсін, әкесі жем бергенін, 
Жем бергенін... Қаршыға өңгергенін... 
Қайдан білсін, шешесі шер бергенін?.. 
Түйір дәндей жүрегі тулап жатыр, 
Ұядағы титімдей шерменденің. 
Жетімсіреп жем іздеп балапанға, 
Жалғыз көкек жүретін жаға талда. 
Әлдекімді жоқтайтын күн батарда, 
Әлдекімді жоқтайтын таң атарда. 
 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет