Ойыншықтар. Ойыншық деген сөз – баланың жанындағы суреттеулердің белгісі деген сөз. Балаға уқалауына көнетін, не қылса соған жарайтын жабайы ойыншық баланың ішін пыстырады. Балаға нағыз қолайлы ойыншық бір үйім құм деген бір педагогтің сөзі дұрыс сөз. Базардан алып келген әшекейлі ойыншығыңнан бірде құрық бола тын, бірде ат болатын бір шыбық балаға көп артық. Әшекейлі жат бір ойыншықпен бала сүйіп ойнамайды. Алады да, сындырып тастайды. Және балаға көп ойыншық беру жарамайды. Олай болғанда балада іскерлік болмайды.
Ойлау
Ойлау ұғымы.Әсерлену, суреттеу, еске түсіру, қиял жүр гізу арқылы біз бір затты түгелімен білеміз, яки оның бөлімдерін, мүшелерін білеміз. Мысалы, мен бір жылқыға қараймын, оның бар мүшелерін, ол мүшелердің қандай екенін һәм қандай қызмет атқаратынын байқаймын. Осылай тексе ріп қараған соң сол жылқы көз алдымнан кетсе де, мен оны суреттей аламын, бірталай заман өтсе де мен оны еске түсіре аламын. Егер көп жылқыны көрген болсам, қиял жүргізіп, басқа түрлі жылқыны да суреттей аламын. Мысалы, бір арғымақ жылқы болар деп ойлай аламын. Міне, менде осы жоғарыда айтылған жан көріністері болса, мен жылқыны білген боламын. Тағы мен жылқыны қарап, тексеріп тұрып мынадай нәрселер істеймін: жылқыға мына мүшелер неге керек екен, мына бір мүше болмаса, жылқыға не болар деп ойлаймын, яғни жылқының мүшелерінің арасыңдағы байламды табамын. Бұл ғана емес, тағы ойлаймын, жә, жылқының мүшелерінің арасында мынадай байлам бар екен. Бұл жылқ ының мүшелері қойдың мүшелеріне ұқсай ма – ұқсайды. Жылқының ана мүшесі қойдың ана мүшесіндей, мынасы мынасындай. Ә, қой мен жылқы, екеуі де төрт аяқты жануар екен деймін. Енді мен жылқыны жалғыз біліп қана тұрғам жоқ, ұғып тұрмын. Яғни жылқының мүшелері арасында қандай байлам барын, жылқы мен басқа төрт аяқты жануар арасында қандай ұқсастық, қаңдай айырма барын мен ұғып тұрмын. Міне, осы заттарды ұғу үшін жұмсалатын жан көрінісі ойлау деп аталады. Ойлау ұғым, хұкім һәм ой тізулерді жасаумен болады. Енді осы үшеуін шешейік.