Махамбет Өтемісұлы шығармалары



Pdf көрінісі
бет1/9
Дата10.01.2017
өлшемі1,82 Mb.
#1603
  1   2   3   4   5   6   7   8   9

Махамбет 
Өтемісұлы
ШЫҒАРМАЛАРЫ
«Нұрлы Press.kz» 
Алматы
2014
Дулат 
Бабатайұлы
Шернияз
Жарылғасұлы
Арыстанбай 
Тобылбайұлы
Орынбай
Бертағыұлы
Шөже 
Қаржаубайұлы

УДК 821.512.122
ББК 84 (5 қаз)-5
Д 79
Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару»
бағдарламасы бойынша жарық көрді
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 
Жамбылтану және халық ақындары ғылыми-зерттеу институты
Редакция алқасы 
С. Пірәлиев, С. Қирабаев, Т. Кәкішев,
У. Қалижанов, Б. Ыбырайым, Б. Сманов
«Ақындар аманаты» атты қазақтың ауызша
әдебиеті жобасының авторы:
Бекен Ыбырайым
Дулат Бабатайұлы, Махамбет Өтемісұлы,  т.б.  
Шығармалары.  – Алматы: «Нұрлы Press.kz», 2014 - 288 б. – 
(Ақындар аманаты) 
ISBN 978-601-80483-8-8 
 
Дулат Бабатайұлы – өлеңді жазатын да, суырып салып айтатын үлкен 
тұлға, қазақтың авторлық ауызша және жазба әдебиетіндегі елеулі тұлға.
Махамбет  Өтемісұлы  –  жыраулар  дәстүрін  жалғастырған,  қазақ 
поэзиясының көркемдік болмысына зор қуатпен әсер еткен біртуар ақын. 
Өлеңдеріндегі  өшпес  ерлік  рухының  әр  ұрпақты  тәрбиелеуде  маңызы 
ересен.
Заманы  бір  болғанымен,  әр  өлкеде  өмір  сүрген  басқа  да  белгілі  
ақындардың шығар малары бұрынғы басылымдарынан және мұрағаттардан 
алынды.
УДК 821.512.122
ББК 84 (5 қаз)-5
ISBN 978-601-80483-8-8                                © Ыбырайым Б., 2014
© «Нұрлы Press.kz», 2014
Д79

Дулат 
Бабатайұлы
(1802-1871)

ӨЛЕҢДЕР

Дулат  Бабатайұлы
5
БАРАҚҚА
Дулат Барақ төреге келсе, Барақ кекетіп:  «Жарасқұл-
шам, сөйле», – депті. Сондағы айтқаны:
О, Барақ жас, Барақ жас! 
Жегенге тоқ, ішсең мас. 
Жақсы болса ұлығы, 
Өз елін жаудай таламас. 
Қасқыр тартып, қан шықса, 
Жаман ит жұлып жей берер, 
Алды-артына қарамас.
Жақсы иттің белгісі – 
Жұлмақ түгіл жаламас. 
Азған елдің бектері 
Қан шықса, елін жұлмалар 
Қасқырменен аралас.
Қазіргі қазақ ұлығы 
Жаман иттен несі кем – 
Жемтік көрсе, қан көрсе, 
Айрылар мүлде есінен. 
Сендер атқа мінген соң, 
Тандыр болып суалды 
Шалқар көлдей несібем.
Әбілпейіз арғы атаң 
Алтын тұғыр сұңқар-ды. 
Еріктіріп батырын, 
Қунатып еді тұлпарды. 
Тұсыңда сенің, хан Барақ, 
Азулы бейне аң Барақ, 

Дулат  Бабатайұлы 
6
Содырлы, сойқан төлеңгіт 
Елге қарай анталап, 
Ашынғанды таптады, 
Ел етегін қымқарды.
Алтын еді бір кезде, 
Ағаш болды тұғырың.
Тыюсыз, тентек төлеңгіт 
Шығарды елдің ұрлықпен 
Дығыры мен ығырын. 
Алалға қарсы хан болдың, 
Тентекті сүйеп не құрым. 
Азған сені көргенде, 
Қайнайды менің зығырым. 
Өгізі болдың жегілген, 
Арамдыққа егілген 
Айдайтұғын шығырың.
Құрық бердің ұрыға, 
Момынды алдың қырыңа. 
Малсыздарды таптадың, 
Малдыларды жақтадың, 
Тентекті жасқап қақпадың, 
Арамдарды ақтадың, 
Өсекшіні мақтадың, 
Арамдық болды баққаның, 
Орыс болды жаққаның. 
Қашан сенің ашылар 
Момындарға құрылған 
Қанды қара қақпаның?
Қарағысыз ел мен жұрт 
Төрелік түскен шағыңа. 

Дулат  Бабатайұлы
7
Ие болмай айрылдың 
Атаңның алтын тағына. 
Қара толқын жау толды 
Шығыс, батыс жағыңа. 
Тұлпардан туған тұқым ең,
Ере алмадың жабыға. 
Етегін ашып кім күлмес 
Азғындаған шағыңа. 
Алдыңа келсе жүгініс, 
Қарамай қара, ағына, 
Адалды сатып параға, 
Болыстың арам жағына. 
Рухына нәлет келтірдің,
Қабың менен сабыңа. 
Бұзықты құрап, ел етіп, 
Қондырдың оң жағыңа. 
Ұрыңа елді тонатып, 
Бүлдіре бер тағы да!

Дулат  Бабатайұлы 
8
КЕҢЕСБАЙҒА
О, Кеңесбай мырза, тыңда сөз! 
Айтатұғын келді кез.
Көкіректеніп паңданбай, 
Сырттан көріп таңданбай, 
Менің сөзім құйылса, 
Кеудеңе шырақ жанғандай.
Арғы атаң сенің Нарынбай, 
Кең қолтық, ұзын қарымдай, 
Елдің жүгін көтерген 
Ақ өңеш шөңгел нарындай. 
Көкейіңе қондыра 
Сөйлесін жаршың сарындай.
Қу дауысты Құттыбай 
Қазақ туын көтерді, 
Даналықпен айырды 
Келер менен кетерді. 
Өтірік деші, қанеки, 
Мен айтпаймын бекерді.
Тұлпар мініп, ту ұстап, 
Олжа салды еліне. 
Тояттаған сұңқардай 
Құйылып еді жеміне. 
Қазықтай жерге қадады 
Дүшпанын деген «сені ме!» 
Тізе қосып теңесті 

Дулат  Бабатайұлы
9
Тепкісі тең теңіне. 
Ой, ол кездегі өткен күн 
Түсім бе едің, өңім бе?!
Байқара атаң бай болды, 
Төрт түлігі сай болды, 
Қайыры елге мол болды, 
Анық әділ сол болды.
Серкештеп жылқы айдалды, 
Көшкенде жұртта тай қалды. 
Алдына келген дау болса, 
Әділетпен жайғалды.
Дәулетіне ел кенелді, 
Жетім-жесір теңелді. 
Опасыз мына жалғаннан 
Демі біткен күнінде 
О да көшіп жөнелді.
Өз әкеңді айтайын, 
Қара тіл ділмар Ақтайлақ, 
Топта жалғыз сөйлеген 
Асыл сөзді тақтайлап.
Тұқымың дегдар болғанмен, 
Кеңесбай, азғын туғансың. 
Тістеуік айғыр секілді 
Үйіріңді сұйылтып, 
Тай-құнанды қуғансың. 
Ел білерлік ісің жоқ, 
Дегдар емес, будансың.

Дулат  Бабатайұлы 
10
Будан дейтін себебім: 
Айналаңды торисың, 
Түзден тоят тілемей, 
Өлексені қорисың, 
Алдыңа келсе жүгініс, 
Терісті оң деп жорисың.
Қолбала құс секілді 
Биялайға карайсың. 
Не тұлғама тұтқа боп, 
Не керекке жарайсың?!
Ішің – аяз ақ қырау, 
Сыртың – сұлу сарайсың.
Ыдысысың параның 
Қотара құйса толмайтын. 
Ашылған әбден араның – 
Түйені жұтсаң түгімен, 
Биені жұтсаң бүгімен, 
Қақалмай-ақ толғайтын.
Айтты десең, Кеңесбай, 
Бергеніңді санап ал. 
Тақымдап елді тұжырып, 
Осы елде жалғыз өзің қал. 
Тінейдің сары құсындай 
Өзіңе өзің шеңгел сал.
Ел тереңге сүңгіді, 
Қармайтұғын қалмай тал. 

Дулат  Бабатайұлы
11
Серпілер күн болар ма 
Елге түскен ауыр хал? 
Көз жасың да болмады, 
Қара қазан, сары бала, 
Жетім-жесір, кемпір-шал!..

Дулат  Бабатайұлы 
12
СҮЛЕЙМЕНГЕ
Айбарлы ақ ордада 
Әшекейлі дөдеге 
Шаншулы найза, ілулі 
Алтын сапты селебе. 
Айқара қамқа жамылып, 
Алдында күміс тегене. 
Ардақты туған атадан 
Әуелі сәлем берейін 
Сүлеймен сынды төреме.
Төреліктің белгісі – 
Елін жауға бере ме?
Еліне қорған болмаса, 
Ел төрені көре ме?
Қаршығаны қайырма, 
Қалыңға салса батпаса; 
Мергенге мылтық кезетпе, 
Атқан оғы айнымай, 
Түтінін үзбей атпаса; 
Батыр деме батырды, 
Шеп құрған жауға шаппаса; 
Төре деме төрені, 
Ел тілегін таппаса; 
Қару деме семсерді, 
Шапқанда сүйек қаппаса; 
Досым деме досыңды, 
Күле кіріп келгенде, 
Күңірене есік аттаса; 

Дулат  Бабатайұлы
13
Жыршының аты жыршы ма, 
Әркімнен өлең жаттаса?! 
Сөз – жібек жіп, жыр – кесте: 
Айшығы айқын көрінбес, 
Өрнексіз тігіп баттаса; 
Шешеннің аты шешен бе, 
Таңдайға дәмі үйіріліп, 
Даугердің тауын шақпаса?! 
Дулатты Дулат демеңіз, 
Тас ағызып ағыны, 
Төре алдында ақпаса!
Сүлеймен төре, құлақ сал 
Дулаттың төккен жырына. 
Үңілсең, көзің жетер ме 
Теңізден терең сырыма? 
Төрдегі өңшең отырған 
Топырыш, топас, күшіген, 
Жау айбынбас күшінен, 
Ел түңілген ісінен. 
Дулат келсе, бермейді 
Төрден орын сырыла.
Толғанып, төрем, көз жібер 
Ойың менен қырыңа. 
Барақ сынды төреміз, 
Кеңесбайдай кереңіз, 
Ақтайлақ пен Аққожа, 
Әділ бекзат кеткен соң, 
Жан жіп байлап жанына, 
Құрық берді ұрыға. 

Дулат  Бабатайұлы 
14
Аруақтың артқы сарқыны, 
Алал бекзат туысым, 
Айбарыңды байқасам, 
Алтын зерлі түбімсің, 
Ауыл-аймақ, көршіңе 
Алтынның айшық буысың; 
Әділдігің – қазақтың 
Ақназардай биісің; 
Адалдығың – аңқылдақ 
Сыбызғының күйісің; 
Қас дұшпанға қасарсаң, 
Қан шықпас тастай түйінсің; 
Ел қамын жеген ер болса, 
Сабазым, сендей күйінсін. 
Сырға берік сырбазым, 
Ашуын таппас қиынсың.
Бірақ, жалған, қайтейін! 
Мезгілсіз келіп дүниеге, 
Аптапқа түскен басың бар. 
Жау айбынар досың жоқ, 
Жар, жапсарда қасың бар. 
Жылайсың да шыдайсың...
...Күні етіп, айы асқан, 
Енді қазақ ел болмас. 
Дәрігері дарын болса да, 
Ауруына ем қонбас. 
Мүйіздескен сиырдай, 
Байласаң, басжіп жетер ме? 
Еңбегің – еш, тұзың – сор, 
Қайратың селге кетер ме?

Дулат  Бабатайұлы
15
Толқынды теңіз заманнан
Сенімді кеме болмаса,
Желқайықпен өтер ме?!
Елің үшін еңбек қыл, 
Отыра берме бекерге. 
Көмбеге таяп қалғанда, 
Жүйрікке керек көтерме.
Аяз қысса мүйізді, 
Мүйіз қысып тұқылды... 
Қанталаса тұқылың, 
Алпыс екі тамырың 
Қаңсып қалған сықылды: 
Ұлық қысса ұлықты, 
Ұласып мидай былықты... 
Атқамінер ауылда 
Итше ілініп ылықты. 
Орыстың көрсе ұлығын, 
Қыздан-дағы қылықты. 
Ұлық кетсе, қазаққа 
Қорқау қасқыр құлықты. 
Бұзауы өлген сиырдай 
Сауыны иіп Дулат жүр, 
Місе қылып тұлыпты.

Дулат  Бабатайұлы 
16
ИШАНҒА 
(Ел аралаған ишанға айтқаны)
Ей, айтайын арнап Ишанға, 
Кетіп еді есем де. 
Айтатұғын жөнім бар, 
Ишанға не десем де –
«Ұжмаққа тура бастайтын» 
«Ел серкесі көсемге», 
«Құтқаратын тозақтан» 
Шариғатқа шешенге.
Ишан, елді аралап, 
Қошқар, теке жинадың.
Құдай жолын қуған деп, 
Ишан, сені сыйладым. 
Маңдайдағы бай болдың, 
Нәпсіңді неге тыймадың? 
Өзің алсаң, жүз аз деп, 
Берсең, бірді қимадың. 
Жетерлік болды елге де 
Сенің берген иманың.
Құдайға қолын жеткізіп, 
Беремін деп, пенденің 
Талайын алдың тартқандай 
Кем мен кетік, кенденің. 
Бала берем саған деп, 
Сан әйелді емдедің, 

Дулат  Бабатайұлы
17
Күйсеуіңе болайын, 
Сен болсаң менің сенгенім.
Жазылады деп ең, жазылмай, 
Талайы өлді қаза боп; 
Өледі деп ең, жазылды 
Талайы құлан таза боп.
Бала түгіл сымбыл жоқ, 
Бедеуге бала бермек ең. 
Бедеу қатын қалды ма 
Сен етегін көрмеген? 
Дулаттың ащы жырынан 
Алдамшы сендей Ишанның 
Талайлары терлеген.
Ақылы жоқ молдалар 
Иман алмақ тиынға. 
Оңайлықпен келмейді, 
Иман деген қиын да.
Өзіңде, Ишан, иман жоқ, 
Елге иман бермексің. 
Қиямет-қайым болғанда, 
Әуелі өзің көрмексің.
Өтірік айтқан сөзіңнің 
Расын сонда таба алмай, 
Аман-есен кетпексің, 
Жаһаннамға қамалмай.
Алдап алған малыңның 

Дулат  Бабатайұлы 
18
Есебіне жете алмай, 
Қалтырарсың, Ишаным, 
Қыл көпірден өте алмай. 
Жөніңе кел, Ишаным, 
Тозаққа қарай бет алмай.

Дулат  Бабатайұлы
19
АҚТАНҒА
(Ақтан деген жетім балаға айтқаны)
О, Ақтан жас, Ақтан жас! 
Сен де жетер ме екенсің? 
Жетімдіктің белінен 
Асып өтер ме екенсің? –
Жарық сәуле көре алмай, 
Ел шаңына ере алмай, 
Сол бойы кетер ме екенсің?..
Жапанға біткен жапырақ, 
Жамылсаң, тоңар ма екенсің? 
Жазғы шыққан бүлдірген, 
Сұғынсаң, тояр ма екенсің? 
Күрек тісін қасқайтып, 
Сұлу сүйер ме екенсің? 
Бадана көз, тоғыз тор 
Сауыт киер ме екенсің? 
Білтеліні тұтатып, 
Түтінін үзбей оқ атып, 
Жау қашырар ма екенсің?! 
Тұлпар атты жаратып, 
Құйрық, жалын таратып, 
Бежін ерді ерлетіп, 
Жорыққа жортып, терлетіп, 
Сырты қырлы, жүзі алмас,
Салған дағы жоғалмас 
Сапы асынар ма екенсің?
Босағасын борлатқан,
Керегесін торлатқан, 

Дулат  Бабатайұлы 
20
Тегеріші манаттан, 
Жібектен ызып бау таққан 
Үйге де кірер ме екенсің?
Тең құрбыңмен теңеліп, 
Шаруа жиып кенеліп, 
Бала сүйіп, мал жиып, 
Керсеніңе бал құйып, 
Өмір сүрер ме екенсің?
Жетімдіктен өтерсің, 
Шаң бермей әлі кетерсің, 
Қажыма, Ақтан, қажыма, 
Жетерсің, әлі жетерсің!

Дулат  Бабатайұлы
21
БАЛАСЫНА АЙТҚАНЫ
Жапанға біткен жантақты 
Жаһан кезген нар жейді; 
Тәтті менен дәмдіні 
Қолында бұлы бар жейді; 
Қорқақтықтың белгісі –
Арықты да жар дейді; 
Кертартпаның белгісі –
Кең дүние тар дейді; 
Қолында жоқтар тайлақты 
Солқылдақ өркеш нар дейді.
Балам, маған кейіме, 
Әкем айтпай кетті деп; 
Сырын білмей бой салма, 
Атасы оның текті деп; 
Тұрлаусыздан сөз ұқпа,
Аузы оның епті деп; 
Нашардан шыққан жақсының 
Сөзін жерге тастама, 
Атасы нашар өтті деп.
Орманшы ағаш кесе алмас, 
Ақ балтаны қайрамай; 
Жорыққа батыр аттанбас, 
Жау жарағын сайламай; 
Егінші егін сала алмас, 
Қос өгізді айдамай; 

Дулат  Бабатайұлы 
22
Көңілмен құрғақ бос жүрсең, 
Алақандай жер жүзі 
Аспан болар айнадай.
Істемей қолмен іс болмас, 
Құры сөзде күш болмас, 
Таңдайға дәмі татымас, 
Ауызға салып шайнамай; 
Ер қолынан іс келмес 
Сұңқардайын түйілмей, 
Буынып белін түйінбей, 
Зердесі жігер қайнамай.
Жабыққанды дерт білмес, 
Басқан қайғы серпілмес, 
Шамшырақтай жайнамай; 
Ер деп атақ алмайсың, 
Алмас семсер асынбай, 
Кезенген жауды қашырмай, 
Асудан ары асырмай; 
Бара алмассың байланып 
Көңілге алған жеріңе, 
Болат найза қайрамай; 
Шыға алмассың ұмтылып 
Шығам деген өріңе, 
Садақ сыртты, күпшек сан 
Тобышақ атты жайламай.
Бәрін айт та, бірін айт, 
Кез болдың кер заманға. 
Тандыр болып тартылып 

Дулат  Бабатайұлы
23
Қалмайды қор сабан да, 
Дәніңді сорып тауысып, 
Өрт қояды сабанға.
Қолыңнан дәулет кеткен соң
Өлер халге жеткен соң,
Жат болар саған, жау болар
Қатын менен балаң да.
Қалаға қарай шұбырып,
Малайлыққа жүресің.
Орыстың қорып қорасын,
Қабаған ит боп үресің,
Пана болмай далаң да.
Өгізін айдап жағынып,
Өткен күнді сағынып,
Шошқасын бағып сабылып,
Шөгір кіріп табанға.
Жол тауып саған беретін,
Көзіңнің жасын көретін,
Соңынан соның еретін
Қалмады елде адам да.
Балам, саған айтқаным:
Даңғыланбай, шаруа жи;
Албырттықты әсерлі
Құрбыңа еріп, көрме сый;
Қолда барың қанағат,
Қолда жоққа құмартып,
Әуреленбе, ләпсің тый;

Дулат  Бабатайұлы 
24
Әкеңнің айтқан аз сөзін
Құтысына көңіліңнің,
Төгіп алма, дәлдеп құй!
Менің айтқан бұл сөзім
Өміріңе пайдалы,
Басыңда болса егер ми.

Дулат  Бабатайұлы
25
ТЫМСАЛ ӨЛЕҢ
Дулат Аққожа бидің бір баласының үйіне келсе, қатыны 
кербез  адам  екен.  Дулатты  менсінбей,  жөнді  қонақасы 
бермейді. Таңертең бір сері аңшы келсе, келіншек құрмет 
алып, күте бастайды. Серімен әзілдесіп отырып, келіншек 
кекеген үнмен: «Бізді әлде жырау жырына жалау қылып 
кетер» – дейді. Сонда Дулат:
Айтпасымды айтқыздың, 
Аузыңды бақпай, келіншек! 
Шаруа десе –шалдуар, 
Салақ, олақ, еріншек. 
Бой түзеген боркемік, 
Күлкігөй, күйшіл, көңілшек! 
Қарт басқанның белгісі –
Жексұрын саған көрінсек. 
Аларманың алтау-ақ, 
Алпысқа болдың берімсек.
Шақырып алып алдына 
Ел мақтаған ұстаны: 
«Қысқашсыз ұстап темірді, 
Балғасыз соқ!» –деп қысқаны. 
Ұстаны қысқан падыша, 
Айтшы, кімнің дұшпаны? 
Құтың болса, құйып ал, 
Құтсыз болсаң, төге сал, 
Сөйлейін біраз нұсқаны.
Таста отырған байғыздың 

Дулат  Бабатайұлы 
26
Жанына тауыс келеді, 
«Неткен құс, –деп менсінбей, 
–Бармақтай-ақ денелі?»
Әсем жүнін таранып, 
Өн бойына қаранып, 
Бастайтұғын наздана, 
Үлгілі сөзді келелі:
– Бармақтай-ақ қаралдың, 
Қортиып қалай жаралдың, 
Түріңнен қалай ұялмай, 
Тасқа шығып тарандың?
Сұлулықтан бойыңда
Еншің жоқ алған тарыдай. 
Сенен қораш құс бар ма 
Денеге қалған жарымай?
Атың кім сенің, жөнің кім? 
Тіршілік қалай сақтайсың? 
Түспей-ақ көзге онан да, 
Ініңде неге жатпайсың? 
Өліп неге қалмайсың? 
Бәрібір тірі жүргенмен, 
Атақ, мақтан таппайсың.
– Менің атым – Байғыз қарт, 
Көзге түсер сиқым жоқ,
Орынсыз күлер күлкім жоқ, 
Есепсіз ұйықтар ұйқым жоқ.

Дулат  Бабатайұлы
27
Көзге қораш бойым бар, 
Теңізден терең ойым бар, 
Шынардан биік санам бар, 
Атан егіз ағызған 
Ақылдан алпыс сабам бар.
Қорған құрыш сөзім бар, 
Бұлттан өтіп, мұнарды 
Болжайтұғын көзім бар, 
Шіркейге жетпес елім бар, 
Алтыннан ауыр дәнім бар. 
Қайратымнан атым зор,
Белгілі атым әлемге. 
Қорашсынсаң денемді, 
Кеудем –ақыл сарайы, 
Кірем десең, кел, міне.
– Ақылды деп естіп ем 
Сыртыңнан талай атыңды, 
Сүлейменге жеткізген 
Айызға айтып датыңды. 
Ақылды болсаң, жауап бер 
Сұрағыма татымды.
Жан иесін жаратып, 
Алла берген ерікті. 
Әрбіріне әр түрлі 
Көрік, шырай беріпті. 
Құстардың, айтшы, қайсысы 
Ең сымбатты, көрікті?

Дулат  Бабатайұлы 
28
(«Сен сұлусың дер-ақ, – деп, 
Мінеки, анық көре-ақ», – деп, 
Қанатын көкке сермепті).
– Таңдап тоят тататын, 
Талғап жерді жататын, 
Қиырдан болжап көретін, 
Қызылшылар еретін, 
Көз тойғандай сымбаты, 
Кір шалған жемді жемейтін 
Құстардың мен бекзаты.
– Ай, тауысым, тауысым! 
Мақтанның тойын тойлайсың: 
Таусылмас мақтан – дария, 
Сіміресің, тоймайсың. 
Өртенемін демейсің,
Отты ұстап ойнайсың. 
Бекзат, сұлу деген не? 
Өзің қалай ойлайсың?
(Сонда тауыс таранды, 
Жан-жағына қаранды).
– Құлфындайын құлпырған, 
Құбылып тұрған жүнім бар, 
Молдан ойып алғандай 
Мүлтіксіз біткен сыным бар, 
Басқа тұрсын, әуелі,
Құс төресі самұрық 
Мені көрсе, жымыңдар. 

Дулат  Бабатайұлы
29
Өзің берші төрелік, 
Қай жерімде мінім бар?
(«Сыр-сымбаты дәл келген 
Құс жоқ қой мендей көрнекті», 
Деп мақтанып тауыс құс, 
Қанатын көкке сермепті).
– Құс бекзаты – лашын 
Алыстан тоят тілеген, 
Мұзға салып ұясын, 
Қаңтарға қарсы түлеген, 
Жем жемейтін түн асқан, 
Тоятына қаз басқан, 
Ерлікке сай сымбаты, 
Лашын ғой құстың бекзаты.
– Өзім әлі көзіммен 
Көргенім жоқ лашынды. 
Көруге бірақ құмармын 
Сондай бекзат асылды. 
Лашынды көрсем егер де, 
Құшағыма алар ем. 
Құмарымды тарқатып,
Хош уақыт болып қалар ем! –
Дегенде, байғыз тауысқа 
Мысқылдай күліп қарады, 
(Маңызы бар батпандай, 
Бармақтай-ақ қарамы).

Дулат  Бабатайұлы 
30
–  Бекзаттық, сұлулық түгіл 
Айырмайсың, тауысым, 
Әуелі ақ пен қараны. 
Мақтаныңның әбден-ақ 
Ашылыпты араны. 
Өзің түгіл, әуелі, 
Мақтаныңның шарпуы 
Мені шарпып барады.
Сұлулықтың тегін біл, 
Сынау үшін сұлуды. 
Білем деген айтуға 
Бір ауыз сөз жеп-жеңіл, 
Біле біл білім білуді.
Сырты сұлу талайдың, 
Қайсыбірін қалайын. 
Кір жұғады, тозады, 
Сұлу деп қалай санайын.
Айырмаң жоқ басқадан, 
Сен де соның бірісің. 
Сұлу түгіл, дүниенің 
Жуып тастар кірісің.
Ал жүнің сенің әдемі-ақ, 
Айтшы, неге жарайды? 
Алғашқы көрген әуес қып, 
Балалар ғана қарайды.

Дулат  Бабатайұлы
31
Қуыршақтың үкісі 
Басқа іске аспайды. 
Бір күн ұстап әуес қып, 
Ертеңіне боқтыққа 
Апарады, тастайды.
Сұлулық деген жарық қой – 
Дүние тозса, сөнбейтін.
Сендей сұлу болмайды 
Іске асып, өнім өнбейтін.
Зұлымдықтың иесі, 
Бекзада дедің лашынды. 
Бекзаданы білер ең, 
Қиса келіп басыңды, 
Топшыңды түтелеп, 
Жұлса төбе шашыңды! 
Бір көрсем деп құмарттың, 
Болар ең көрсең көрместей, 
Мақтаныңа семіріп, 
Қанатыңды керместей.
Бекзаданың белгісі – 
Қиянатқа баспайды, 
Өз түгіл, басқаны 
Жақсылыққа бастайды.
Жан иесі болған соң, 
Жандының оған қаны арам. 

Дулат  Бабатайұлы 
32
Пайдасы көпке тимесе, 
Салтанат пен сәні арам.
Лашынның мейірі қанбайды, 
Күнінде қан ішпесе –
Алабұртып айналып, 
Қамысты көлдің сұқсыры 
Уысына түспесе.
Сен –дүниенің кірісің, 
Өмірдің лашын – лаңы.
 Іске аспаған сұлулық 
Лаңменен тынады,–
(Дегенінше болмады, 
Лашын көктен түйілді. 
«Аңсап едің көруге, 
Тартқын, – деді, – сыйыңды»).
Байғыз отыр тапжылмай 
Келіп қонған тасында. 
Бекзада сұлу тойлады 
Қанды тойын қасында.
Шеңгелден қан шыпылдап, 
Тұмсықтан түбіт бұрқырап, 
Шеңгелінде бекзаттың 
Сұлу жатыр шырқырап.
Біраздан соң қасында 
Лашын кетті, тауыс жоқ.

Дулат  Бабатайұлы


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет