- Былай да оңбай жатқан елдің ішіне қаншама әскер шығып, қан сасытып жіберді…
- Қонақтар төрге шығып отырып аман-саулық сұрасқаннан кейін анықтап қараса, төртпақ мығым денелі, ұсқынсыз қара-қожалақ адам екен…
- Кескен қара томар сияқтанған түрі қандай жаман өзінің!-деп іштей жаратпай отырғанын жасырмады…
- Әбілхайыр хан орыстың қатын патшасына ант бергенде патша қазақтың жерін де, елін де тимеймін деген екен, оның бәрі бұл күнде жайына қалды…
- Әлдеқайда ит жеккен Үркітке барып тірілей шірігенше, сүйегім өз жерімде қалсын…
- Сенің қай ойнасыңа ат жеткіземін, - деп бір жанбастап қисая кетті.
Осы мысалдардан байқап отырғанымыздай Ғ.Ахмедовтің бұл шығармасының тақырыбы мен жанрына қарай кейіпкерлердің сөз сапталуы арқылы дисфемизмдер өзгеше көрініс берген. Кейіпкер түріне лайық сөз қолдану мәнері, ұтымды әдіс-тәсілмен сөйлете отырып, дисфемизмдерді де кірістіріп суреткер шеберлігінің алуан қырын көрсетер тұсы деп білеміз. Кейіпкерлер тілі арқылы оның бейнесін даралаудағы шеберлік, Ғ. Ахмедовтің романындағы толғауы тоқсан қызыл тіл көркемдігін көрсетер өзінше зергерлік әлемі болса, ол дисфемизмдермен ұштасып жатыр. Роман сюжетіндегі түрлі характерлер, олардың алуан түрлі көзқарастары, наным-сенімі, дүниетанымы автордың негізгі идеясына қызмет етіп, сол суреттеліп отырған дәуірдің шынайы келбетін танытуға үлкен септігін тигізеді. Романның сюжеттік-композициялық құрылымдағы ерекшеліктердің біріне әр қаһарман образының түрлі характер қақтығысында ашылатындығы жатады. Сонымен бірге сюжеттің көркемдік шешімінің нанымдылығы, психологиялық дәлелдемесі жеткілікті. Кейіпкерлердің ішкі дүниесіндегі дүниетанымындағы, көзқарастарындағы психологиясындағы өзгерістерді кей жағдайда дисфемизмдер арқылы көрсетеді.
Сонымен Ғ. Ахмедовтің “Жем бойында” романындағы дисфемизмдерді былайша көрсетуге болады.
Ғ. Ахмедовтің “Жем бойында”
романындағы дисфемизмдер
|
Бүкіл халықтық қолданыстағы дисфемизмдер
|
Жеке қолданыстағы дисфемизмдер
|
1 қатын
2 шал
3кәрі-құртаң
4 қатын
5 сарықтарын
6 қатын-баласы
7 бажбиған
8 ұзынқұлақ
9 шірігенше
10 ойнасыңа
11 ит жеккен Үркітке
12 қатын патшасына
|
1 жарық қатын
2 тайлақтың жүніндей
3 иттей жылмаңдап
4 қара-қожалақ
5 қара томар сияқтанып
6 қан сасытып
|
Сурет 1 – Ғ. Ахмедовтің “Жем бойында”романындағы дисфемизмдер
Қаламгер шығармаларындағы дисфемизмдерді терең зерделей түссек, олардың көптігінен өзгеше әсер қалдыратын туындардың бірі - Ә. Асқаровтың “Ерте түскен бозқырау” повестер мен әңгімелер жинағы. Әсіресе бұл туынды қаламгердің өз ойынан шығарған, яғни жеке қолданыстағы дисфемизмдерге байлығымен ерекшеленеді. Шығармадағы дисфемизмдерге көңіл бөлсек. Мысалы:
- Мұны көргенде онсыз да қаяулы көңілі қан жұтқандай қабарған...
- Қарақшыны қан тарттырып, келтіре гөр алдыма...
- Мың жерден мықты аңшы болсақта, қолымызды қанға батырып көргеміз жоқ...
- Тағы нендей бәлені бықсытып отыр?
- Күркеуі бар да, жануары жоқ, бұл Қараман да сөзден тосылған ынжықтың біреуі болды-ау!
- “Қатынның да зары өтіп, жалғыздық әбден жүдетті-ау! - деп ойлады ішінен…
- Бұта қарағанға ілінсе болды - пұшпақ жүндей түтіліп қалғалы тұр…
- Күз де келді, мінеки, борбайлатып…
- Білдей бір рудың қарақшылы түйедей қарттары бұл сияқты еркекшора дастарқанды місе тұтсын ба?
- “Қайдағы бір сұмырайға жаны ашып, қимасын қышытқаны несі екен!” -деп ойлады ішінен…
- Қалқиып қара көрсеткеніміз болмаса, күшеген жаман-жеутіксіз…
- Осындай қысыр әңгімеге бас қатырып, таңқалмай-ақ қойған жөн ғой!.
- Көңілі құлазып, көкірегі қаңсыған қу кеуектей дөңгірлеп бос қалыпты.
Жоғарыдағы мысалдардан көріп отырғанымыздай дисфемизмдер көркем шығармада жиі кездессе, сөйтіп, сөз байлығы сөйлем құрылымының әр алуан болып келуіне өз әсерін тигізссе, оқушысын қызықтыра түседі. Дейтұрғанмен дисфемизмдер әдеби нормаға жатпайтындығы белгілі. Себебі дисфемизмдер ауызекі сөйлеу тілінің көрінісі. Профессор Р.С. Әмір: “Халықтың сөйлеу тілі әдеби тілдің қалыптасуының негізі болғаны сияқты, әдеби тілдегі көптеген нормалар ауызекі сөйлеу тілінен келген” [36, 7 б.].
Әдеби тілдің нормасы жазба тіл арқылы қалыптасып, соның негізінде шыңдалып отыратыны белгілі. Ал оның ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, өңделіп және халық арасына тарап, жалпыға танылуы ұлттық әдебиеттің дамуымен байланысты болады. Қай кезде де сөйлеу мен жазу сөз қолдану заңдылығына сүйенетіні баршаға аян. Жалпыхалықтық тілді жұмсаудың дәстүрлі үлгісі болады. Тіл қоғамдық өмірдегі құбылыстармен өзектес дамып отыратыны белгілі. Қоғамның дамуына сай тілімізде дамып жетілуде. Көркем шығарма негізі – тіл. Қаламгердің өз туындысында өмірдің қатпар-қатпар шындығын оқиғалар негізінде ашуы, кейіпкердің өзгелермен әр алуан қарым-қатынасы, ішкі толғанысы, сөзі, сыртқы көрініс, басқа да ерекше белгілері көркем тіл арқылы беріледі. Жазушы кейіпкердің өз түйген ойын, сын пікірін дисфемизмдер арқылы беру тәсілін қолданады. Бұл ретте дисфемизмдер әр түрлі жағдайларда қолданылған шығармадағы мынадай сөйлемдерге де назар аудара кеткен артық емес.
- Шүкіршілік келген сайын анау жаман боқташақтардың маңдайынан иіскеп, кемпір екеуміз бір жасап қаламыз…
- Тым болмаса, тырақы тайы жоқ, тегін қызды қай қазақ бере қойсын!..
- Мыжырайып қазір отырғанмен, менде бұл ғұмырда елге есе жіберген жан емеспін…
- Өзінің түрін қарашы, қу шөлмектей қушиып барады…
- Бәйбіше, сен енді менен түр іздемей-ақ қой, - деді сосын.
- Күнге көннен қатырған қу сабада қандай кеспір болушы еді?
- Қауға сақал көп саудайының бірімен тіл табысып, мүйіз үшін Алтайдың қалың бұғысына қырғидай шүйліксе не болғаны?…
- Өтелбайдың әкесі “бедеу” деп бетіне басып, Торғынды төркініне апартып тастайды…
- Майлы қолтық, салпы етек былайғы қатындарға әсте ұқсамайтын бір даралық бар…
- Жақсы болсын , жаман болсын-ұрғашы деген аты бар ғой…
- Былайғы көкқарын біреулердің ондай өткір сөз айтуға да ақылдары жетпес еді.
- Бәрібір ит тірліктен үміт үзе алмайды екенсің.
- Әттең, қандыбалақ қарақшыны танымай қапы қалды ғой…
Достарыңызбен бөлісу: |