Мамаева Айгүл Еркінқызы Қазақ тіліндегі дисфемизмдер


мондыбас (Ауызекі сөйлеуден). Байдың қойшысы мондыбас



бет18/69
Дата31.12.2021
өлшемі0,92 Mb.
#21824
түріДиссертация
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   69
Байланысты:
азақ тіліндегі дисфемизмдер

Оның күйеуі бір мондыбас (Ауызекі сөйлеуден). Байдың қойшысы мондыбас адам еді (Ертегі). Осы мысалдардағы диалектілік дисфемизмнің бірі-мондыбас сөзі туралы ҚТТС-те: Әдеби тілдегі баламасы - жуас. Мондыбас сын. Қой аузынан шөп алмайтын, момын (ҚТТС, 7 т., 229). Бұл мондыбас кісіге не түсіндіріп жарытушы еді? (Р. Райымқұлов); 2) Нәкес зат. Диал. Жексұрын, опасыз, найсап. -Неғыл дейді-әй, мына нәкес?! Әр нәрсенің салқыны саған да тиіпті ғой (О. Бодықов) (ҚТТС, 7 т., 331). Мысалы: -Ол нәкеске не болған? Оның көршісі нәкестеу адам еді (Ауызекі сөйлеуден). Бұл сөздің тура мағыналы сыңары - опасыз. Осы сөз батыс диалектісінде “жарымес, кем” деген мағынаны да білдіреді. Мысалы: 1) Оның баласы жартылысынан нәкөс; 2) -Әй, нәкөс, не істеп жатырсың? (Атырау диалектісі).

Көркем мәтіндегі диалектілер, тіл ерекшеліктер қоғамдық өмірдегі және табиғаттағы құбылыстар мен өзектес дамып отыратыны белгілі. Халықтың ауызекі сөйлеу тілінде қолданылып жүрген диалектілік сөздер мен сөз тіркестері көркем әдебиет тілінен табыла бермейді, белгілі бір шектеулі жерде ғана жұмсалып көркем мәтінде автордың қолдануы арқылы көрініп отырады.

Мысалы: 1) Бүркіт балапаны әсіресе, қырандары жастау кезінде тым бошалаң келеді (Ғ. Орманов); 2) Атты адамның қимылы бошалаңдау болса, қасқырлар бекінісінен ешқайда қозғалмайды (Ә. Көшімов). Тағы да түсіндірме сөздікке жүгінсек. Бошалаң сын. Бос, болбыр (ҚТТС, ІІ т., 38). “Ұлы бошалаң қызы қашаған” шалдың соры да (І. Жансүгіров). Бошалаң дисфемизмі жуас, ширақ емес сияқты мағынаны береді. Диалектілік дисфемизмдердің бірі– жалаңқия. 1) Жалаңқия кемпір үйге бір кіріп, бір шықты (Шығыс Қазақстан диалектісі); 2) – Ауы атқа, ауызы асқа жарымай жүрген жалғыз атты жалаңқия біреуге берсем обал (С. Мұқанов). Бұл сөйлемдерде жалаңқия сөзі кедей деген мағынада қолданылып тұрғаны түсінікті. Сонымен жоғарыдағы көркем әдебиетте кездесетін диалектілік дисфемизмдерді Ш. Сарыбаев пен О. Нақысбековтің мына пікірлерімен қорытындылауға болады. Кейіпкерлердің тіліне диалектілік ерекшеліктерді кірістіргенде жазушы өзінің алдына екі мақсат қою керек. Біріншіден, әдеби тілімізде баламасы жоқ, сөздерді шығармаға енгізу арқылы әдеби тілді байыту; екіншіден, диалектизм арқылы белгілі бір аймақтағы тұрғын халықтың тілдік колоритін, бояу-реңкін көрсету мақсаты қойылады.

Тіл білімпаздары көркем әдебиет тілінде диалектілік ерекшеліктерді мүлдем қолданбау керек деп бұрын-соңды айтқан емес, олай деп айта алмайды да. Олардың қоятын талабы – әдеби тілде баламасы бар диалектизмдерді авторлық баяндауларда, өз сөзінде, суреттемелерінде көп қолдана бермей жалпыхалықтық әдеби тілдің нормасын сақтау. Диалектілік ерекшеліктердің әдеби тілімізді байытатын жерлері бар да, тілді шұбарлайтын, қолдануға болмайтын жерлері де бар [28, 156 б.].



Икемсіз сөзі жергілікті тіл ерекшелігінде көдек деп те айтыла берді. Мысалы: Батыр аңқау, ер көдек (Мақал). Қазақстанның әр түкпірінде сүмелек сөзі түрлі мағынаны береді. Бұл сөз Оңтүстікте жағымсыз мағынаны білдіреді. Мысалы: 1) Мына сүмелектің жылмаңдауын қарашы; 2) Ол біздің ауылдың сүмелегі (Оңтүстік диалектісі). Атырау облысы қазақтары тілінде сүмелек шылау, ыс деген мағынада қолданады. Мысалы: 1) -От жаққан үйде әр дәйім сүмелек тұрады; 2) Жардағы сүмелекті сыпырғышпен алып тастау керек (Атырау диалектісі). Мәтөк-кербез. Мәтөк жігіт. Самас-есалаң. Ондай самас ұл кімді мұратқа жеткізер дейсің. Нәшүкір-оңбаған, оңбайтын [31, 111 б.]. Сонымен, адамның түрлі мінез-құлықтары мен қасиеттерін білдіретін төмендегідей диалектілік дисфемизмдер бар:

- бос – бошалаң;

- бөспе – дүр;

- сұм – жалаңқия;

- жылпос – жалатай;

- пасық - әкүш;

- есуас - әумесер;

- жарымес - нөкес;

- икемсіз - көдек;

- өсекшіл – сімсік;

- мылжың -нәйес т.б.

Сонымен диалектілік дисфемизмдер әдеби тіл сөздеріне қарағанда әлдеқайда аз болады. Олар тек белгілі бір аймақта тұратын адамдар арасында ғана қолданылады, соларға ғана түсінікті болады және олар сөйлеу тілінде болмаса, жазу тілі негізінде қолданылмайды.

Көркем шығарма мәтініндегі диалектілік дисфемимздер жалпы халықтық сипат ала алмаған, қолданылуы жағынан белгілі-бір териториямен шектелген тілдік құбылыстар болып келеді. Диалектілік дисфемизмдердің қай-қайсысы да әдеби нормадан тыс деп есептеледі. Тілдің даму барысында жеке фактілер бұлардың әдеби тіл мен жергілікті ерекшеліктердің бірінен екіншісіне ауысып отырады. Бұдан тілдегі жергілікті ерекшеліктердің дөп басып айқындау үшін әдеби нормаларын білгілі дәрежеде біліп игерген жөн.

Белгілі тіл маманы Ә. Қайдаров былай деген: “Жергілікті халық тіліндегі фонетикалық, лексикалық, семантикалық, фразеологиялық т.б. ерекшеліктердің өздері де неше түрлі. Олардың ішінде әдеби тілде баламасы барлары да, баламасы жоқтары да бар. Әдеби тілде толық баламасы жоқ, бірақ ерте ме, кеш пе, әйтеуір, оның бір кәдесіне жарауға тиісті диалектизмге кәсіби сөздер, яғни жергілікті халықтың кәсібіне, әлеуметтік тірлігіне, шаруашылық жағдайына, табиғи ерекшелігіне байланысты ұғымдардың, заттардың, құбылыстардың атаулары жатады” [32, 297 б.]. Ғалымның бұл пікіріне сүйеніп, диалектілік дисфемизмдерді жергілікті жерлердегі дөрекі атаулар деп айтуға болады. Жергілікті дисфемизмдер тек қана сол өңірдің тұрғындарына түсінікті болып келеді. Бұған осыншама үлкен аймақты иеленіп жатқан алып еліміздің ұшы-қиыры жоқ кең даласы себепші.

Болашақта жергілікті тіл ерекшелігіндегі дисфемизмдер көркем әдебиетте кейбір сөз зергерлерінің тілінде әдеби нормаға өтуі әбден мүмкін. Әрине, бұл әр жазушының туып-өскен жеріне, ортасына тікелей байланысты деп түсінеміз.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет