1.5 Көркем әдебиеттегі, баспасөздегі және қазіргі кездегі дисфемизмдер
Тіл байлығы жалпы халықтық немесе ұлттық тілдің “ұлан-ғайыр дәулеті, рухани қазынасы екені белгілі. Сөз байлығы сөздің жалаң санымен ғана емес, сөздің номинация ретінде көрінісімен ғана емес, ауыс мағынада қолданумен бағаланады. Айтылатын ойға әр сөздің қосар мағыналық, эмоциялық өзіндік үлесі болады. Тіліміздегі дисфемизмдердің де басқа сөздер сияқты осындай қызметі бар. Дисфемизмдер ауызекі тіл арқылы көркем әдебиетке өткен.
Қандайда бір сөздердің ауызекі тіл арқылы тарап көркем әдебиетте қолданылуы туралы академик Р. Сыздық: “...ұлттық жазба әдеби тіл өзіне дейінгі қазақтың ауызша тараған төл әдеби тілінің бар қазынасын түгел падалану арқылы шығарма тілінің лексикалық топтары көбейіп, ...сөздік құрамы жаңа сөздермен байыды,” - дейді [33, 295 б.]. Осы бір пікірді орыс тілші Л.П. Федоренко да растайтын сияқты. “Писменная речь усваивается, если она сопоставляется с уже усвоенной устной речью. Устная речь опережает письменную речь и в филогенезе (общем развитии человечества) и в онтогенезе (индивидуальном развити каждого человека), это известно из опыта. Если устная речь (вообще язык) как система знаков кодирует окружающую действительность, то письменная речь, собственно, является кодом устной речи, таким образом, письменная речь - это код кода (аксиома семиотики)” [34, с. 223].
Б.Қ. Мұратбек “Жалпы халық тілінің не оның бір диалектісінің негізінде даму жолына түскен әдеби тіл – сөйлеу тіліндегі бар байлықты қалай болса солай қабылдай бермейді, таңдап, талғап, сөз шеберлігінің “тезінде” шыңдалған қалпында қабылдайды. Жазу мәдениетінің артуы арқылы халықтың тіл мәдениеті артады, тіл байлығы орнын тауып белгілі қалыптасқан жүйемен нормамен жұмсалатын болады. Мәселен, көптеген сөздер ауызекі тілде түрліше қолданылатын болса, әдеби тілде олай емес, жұрттың бәріне ортақ түрде айтылады, жұмсалады” [35, 146 б.].
Дисфемизмдердің көркем әдебиетте қолдануы бұл тек қана күнделікті сөйлеу тілінің көрінісі ғана емес, жаман кейіпкерлердің мінездемесі, кейде өткір тілімен шындықты тура айтудың бір жолы іспетті. Көркем әдебиетте бүкіл халықтық қолданыстағы дисфемизмдер де молынан кездесетініне жазушыларымыздың әр түрлі тақырыпта жазылған шығармалары дәлел бола алады. Егер әр жазушының шығармасына кішігірім статистикалық анализ жасасақ, бір шығарманың өзінде бүкіл халықтық қолданыстағы дисфемизмдермен қатар жазушының өз ойынан тыңнан пайда болған дисфемизмдердің кездесетіне көз жеткіземіз. Белгілі жазушы Ғ. Ахмедовтің “Жем бойында” атты романынан мысалдар келтірсек.
- Мына қатынның басын шауып-ақ тастайтын-ай! - деп қопаңдағанымен де, шал орнынан тұрған жоқ…
- Байлар кәрі-құртаңдарын “қыстан шыға алмайды” деп күзде сойып алушы еді ғой, сол сияқты, құдай-екең бір күні екеумізді жинап әкетсе қайтесің?
- Не істе дейсің сонда маған? - Шал әлгісінен жуасып қалыпты…
- А? Не дейді мына қатын!
Байеке, Гүбірлінің бағып едің сарықтарын,
Сарықтың да ішіндегі арықтарын.
Байеке, адам болсаң, енді болдың,
Қу қасқа кедей едің, жарық қарын.
- Шыдамсыз Жаманбай өзіне бір іс тапсырылатынын қашан айтар екен деп қыпықтап, иесінің сүйек тастарын сезінген иттей жылмаңдап, соның аузына қарап қалған…
- Бізге Дәулеттің қатын-баласы емес, өзі керек қой. Ол Дәуіттің қатын-баласымен де, ана Алдашпен де сөйлесіп, оларды біздің айтқанымызға көндіруі керек…
- Оттама, сенің атың үшінші, менің атым келеді! Түрі әкесіне ұқсағанымен, әлі денесі толықпаған толдырмаш, сондықтан бойшаң көрінеді, еріннің үстінде мұрты тайлақтың жүніндей болып шыққан…
- Оның бажбиған жасыл көзінен шошынған Мұхамбетжан, ел жаздай жайлаған Жемнің бергі бетінде қала алмайтынын, қысы жұмсақ, малға жайлы құм ішіне көшетінін айтуға да жарамай, Григорьевттің ауызына қарап, оның алдында басын шұлғи берген еді. Бұл хабар Мұхамбетжан төреге де сол “ұзынқұлақ” арқылы жетті.
Достарыңызбен бөлісу: |