Мамаева Айгүл Еркінқызы Қазақ тіліндегі дисфемизмдер



бет56/69
Дата31.12.2021
өлшемі0,92 Mb.
#21824
түріДиссертация
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   69
Байланысты:
азақ тіліндегі дисфемизмдер

3.2 Дисфемистік синекдоха

Ана тілімізде дисфемистік мағына тудыра алатын топтардың бірі –синекдоха. Тіл білімінде бұл құбылыс туралы анықтамалар жеткілікті. Көрнекті тілші Ә. Хасенов: “Синекдоха (гректің synerdoche бірге жобалап, нобайлап, шамалап түсіну мағыналы сөзі) – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны (дараны), үлкеннің орнына кішіні немесе, керісінше, жалқының орнына жалпыны, бөлшектің орнына бүтінді қолдану негізінде сөз мағынасын алмастыру амалы. Кейбір лингвистер, синекдоха – метонимияның ең көп тараған түрінің бірі,” – дейді [1, 149 б.].

Бұл пікірді қазіргі қазақ тілі еңбегінің авторлары да растайды: “Бұл да метонимияға жақын, өйткені синекдоха да екі ұғымның іргелестігі арқылы жасалады. Мұның метонимиядан айырмасы мынада: метонимияда сандық айырмашылық болмайды; ал синекдохада сандық айырмашылық болады. Егер сан жағынан айырма болмаса, синекдоха болмайды. Синекдоха бір ұғымды екінші ұғымға ауыстырғанда: бірі – үлкен, екіншісі – кіші, бірі – жалпы, екіншісі – жалқы; бірі – бүтін, екіншісі – бөлшек болуы қажет. Әрине, үлкені кішінің орнына қолданылғанда, мағынасы тараяды да, кішісі үлкенінің, орнына қолданылса мағынасы зораяды, кеңиді” – деген [62, 36 б.].

Ғалым Л. Нұржекеева “Метонимияның лингвистикалық табиғаты” атты еңбегінде “синекдоханы метонимияның бір түрі деп қана қарау дұрыс” деп есептейді [93, 13 б.]. Қысқасы, тілші-ғалымдарымыздың синекдоха туралы тұжырымдары осылайша бір арнаға келіп тоғысады. Дисфемистік синекдоханың тіліміздегі өзге синекдохалардан айырмашылығы құлаққа жағымсыз тиетін ұғымдарды қолданатындығында, оларды дөрекі, тұрпайы мақсатта жұмсайтынғында. Мысалы:

Ендеше мені көп жалдаптың арасына салып, түйе бас қылдырып қайтар... – деді Игілік момақанси күліп… (Ғ. Мүсірепов).

Соның арасынша есік жабылып, қазанбасты қолтығына қысып алған автобус ыңырана қозғала берді (Б. Ыбрайымов).

Айтқаның өтірік ішкенің арам, оңбаған, шешеме сияны езіп-езіп у беріп, енді кезегің маған келді ме, шақша бас, – деді (Қ. Исабаев).

Әлгі біздің қисық бастың оқуы не оқу өзі? – деді ол (Ә. Кекілбаев).

Бұл мысалдардағы түйе бас, қазанбас, шақша бас, қисық бас деген сөздердің бәрі де дисфемистік синекдохалар. Олардың қай-қайсысы да “адам” деген сөздің орнына жүріп, оны алмастырып тұр. Сөз зергерлері ойды ықшам түрде, ұғымға қонымды етіп жеткізуді мақсат еткен. Мұндай дисфемистік синекдохалар қазір жалпы халықтық сипат алған, олардың мағынасын кім де болса бірден айқын түсінеді. Бұл ретте дисфемистік мағынаның табиғаты мен мәні екінші бір тілдік элементпен байланысуы арқылы анықталып тұрғанын байқаймыз.

Тіліміздің лексикалық қорының ең көне қабаттарының біріне жататын адамның дене мүшелерінің атаулары көбінесе дисфемистік синекдоха бола алады. Мысалы:

Біздің ұзын сирақ тұрғанда кім қуып жетуші еді (Ә. Кекілбаев).

Бізден де қарға танитын біреу шығып, көзіміз ашылама десек, бұ қу сирақ, өнбес нәрсенің соңына түседі (Ә. Кекілбаев).

Ит көйлекке жарымаған қу сирақ, алдыңнан бір келтіремін, – деп бөркін теріс киіп аттанып кеткен (О. Бөкеев).

Отқа салса қылшығы шытырламайтын нағыз үйітілген қара сирақ жандарымыз! (Х. Есенжанов).

Ей, ұзын сирақ, не оттап тұрсың өзің (З. Жәкенов).

Асты сызылған дисфемистік синекдохалардың бәрі де негізінен алғанда бүтіннің, тұтастың орнына жұмсалып тұр. Сирақ сөзі тура мағынадағы аяқ дегенді білдіргенімен де, бұл мысалдарда басқа мағына береді. Сондай-ақ сирақ сөзімен тіркескен ұзын, қу, қара сөздерін де контекстен тыс алып қарастырсақ, мағыналары номинативті. Ұзын сөзінің мағынасын семантикалық талдаусыз анықтауға болады. Бірақ сын есімдердің мағынасы мәтін құрамына еніп немесе зат есімдермен тіркесіп келгенде толық анықталады. Е.М. Вольф: “Таким образом, главное свойство, определяюшее их изучение в семантическом классе, и в аспекте их употребления в контакте, заключается в том, что этот класс слов семантический несамостоятелен. Качество, признак не существует сами по себе, без его носителя и по значению прилагательного всегда проектируются значение носителя признака” – деп жазады [94, с. 200].

Е.М. Вольфтің пікірінен екі нәрсені түсінуге болады: 1) сындық мағына мәтінде анықталатындығы; 2) сындық мағына жеке–дара емес, сындық, қатыстық мәнді қабылдаған сөзбен бірге “өмір сүретіндігі”. Соңғы қасиетпен байланысты сынды білдіретін сөздер тобы мағына жағынан дербес емес деген қорытындыға келеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет