Текешіктей бақылдап (К. Сейдеханов).
Бұл теңеуге эмоциялық әсер беріп, экспрессивтік реңк үстеп тұрған –шік жұрнағы. Қазақ тілінің маманы А. Ысқақов: “-шық (-шік) жұрнағы зат есімдерге жалғанда, оларға кішірейту және еркелету мағыналарын үстейді. Конкретті зат есімдерден кішілік мағынасын білдіретін атаулар тудырады. Мысалы: үйшік, төбешік, көлшік, қапшық, айшық, қалашық, бөлмешік, текешік, т.б.” – деп жазады [110, 168 б.].
– Құзғындай қырқылдаған көртілек немелеріңді бар ғой, көзім иек қағарда көрсін (М. Қаназов).
Халқымыздың ұлттық ұғымында құзғын жаман құстардың қатарына жатады. Құзғынның безберекет қырқылы мен шуылы құлақты мезі етіп, жағымсыз естіледі. Шал өгей балаларын кемпірімен сөзге келіп қалғанда, қырқылдаған құзғынға теңеген. Құзғын өлексеге үйір, олар топталып ұшып бір мезетте өлексеге қонып, қырқылдап құлақ етін тұндырады. Өгей балаларын аса жек көрген қарт осылайша оларды құзғын бейнесінде көз алдыңа елестетеді. Құстардың көркем сөзге арқау болатын алуан-алуан сыр-сипаттары Т. Қоңыров былай деп жазады: “Ұзақ та, қарға да – қазақ халқының ұғымындағы жаман құстар. Демек, олардың бейберекет шуылы мен барқылы құлақты мезі қылып, жағымсыз болып естіледі. Мінеки, қарға мен ұзақтың осы “қасиеттері” надандықтың атрибуты ретінде көрінгенде, теңеу, сөз жоқ, эмоционалды-экспрессивті сапаға ие болады. Мұнымен қатар сыртқы кескін-келіпті, яғни қозғалыс қимылдың сыртқы түрін сипаттайтын эмоционалды-экспрессивті бояуы мейлінше қалың теңеулік суреттер толып жатыр. “Қарақұстай қалбаңдап,” “еркек қаздай қоқиланып”, “есалаң қоразша қоқырайып,” “қаршыға қарақшы да қақшиып” теңеулері – осындай суреттер. Мәселен, “қарақұстай қалбаңдап” сөзіне эмоционалды-экспрессивті екпін түсіп тұр да, бұл сөз өз тарапынан сыртқы қимыл-әрекеттің ебедейсіздігіне, дәрменсіз серпініне, қолапайсыз кейпіне меңзейді” [108, 74 б.].
Жеке қолданыста сыртқы кескін-кейіпті, қозғалыс-қимылды, мінез-құлықты сипаттайтын дөрекі мәнді дисфемистік теңеулер баршылық. Бұл теңеулерден қазақ халқының ұлттық дүние танымы көрініс береді. Әсіресе жылқыға байланысты мұндай дисфемистік теңеулерді жазушыларымыз шебер пайдалана білген. Мысалы:
– Елден шыққалы әлденеше жыл болған, содан бері бір шүйке бас көрмеген, кілең бір айғырдай азынаған еркектер (Қ. Жұмаділов).
Алды жындануға жақындап, бірін-бірі атып өлтіріп, қолбасшыларына бағынбай, кейбіреулері ішкеріге қашып, бүлік шығара бастаған әскерлердің у-шуын қаламгер айғырдың азынауына теңеген. Әскер арасындағы жанжалды, көзі қарайғандықты, бірін-бірі турап тастайтындай дәрежеге жеткен мінез–құлықты жазушы осылайша дөрекі мәнде берген. Тамаша теңеу арқылы жау әскерін ажуалаған, оны жеріне жеткізе сынап-мінеген. Табиғатында жылқы малы “азынамайды” кісінейді. Бұл – кісінейді деген сөздің келтірінді мағынасы. М. Оразов “Қазақ тілінің семантикасы” атты еңбегінде аталған сөздің мағынасын былайша ашады: “Қазақ тіліндегі азына – желдің соғуымен байланысты қолданылған сөз.
– Ауа райы күрт бұзылып, аспанды сірескен қара бұлт басып кетті, азынап жел тұрды (Б. Соқпақбаев).
Мысалымыздағы қолданылған азына тек желдің қатты соғуын ғана көрсетіп қоймастан, жағымсыз денені түршіктіретін, тоңдыратын желдің соғуын көрсетіп тұр” [47, 118 б.]. Айғыр сөзіне байланысты тағы бір теңеу.
– Ақ бетіңді айғыр шапқандай айғыздайын, түс қазір! (Б. Нұржекеұлы).
Бұл мысалда жазушы күйеуін қызғанған қарапайым ауыл әйелінің сұлу әйелге деген өшпенділігін, шектен шыққан қызғаныш, психологиясын ақ бетіңді айғыр шапқандай айғыздайын деген дөрекі, тұрпайы мәндегі теңеу сөз арқылы шынайы жеткізеді.
Халқымыздың тіршілік-тынысы, басқа отырықшы халықтармен салыстырғанда, көшпелі қатал өмірі табиғатпен, ондағы жан-жануарлармен тікелей байланысты болған. Жаман құбылысты күнделікті өзі көріп жүрген жан-жануарларға теңеу осыдан келіп шыққан. Қасқыр – қазақтың ежелден қас жауы, ымыраға келмес дұшпаны. Өйткені бар тіршілік көзі болып саналған малына қырғидай тиіп тыныштық бермеген. Сондықтан ата-бабаларымыз жақтырмаған жайттарын бөрінің көтіндей немесе шиебөрінің көтіндей шулаған деген дисфемистік теңеулер арқылы жеткізіп отырған. Бұл сөздің түп-төркіні жайында Ә. Нұрмағамбетов былай деп жазады: Шиебөрі. Ит тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Түсіндірме сөздікте “шиебөріден” басқа “шибөрі”, “шүйебөріден” атауларын ұшыратамыз. “Бұл тоғайда жабайы қабан, қасқыр, шиебөрінің бұрыннан-ақ мол екенін Қанат жақсы біледі” (Қ. Құттыбаев). Біріккен сөз құрамындағы “бөрі”-нің төркініне тоқталмаймыз. Бізге қажетті сөздің алғашқы бөлігі – “ши, шие, шүйе” түбірлердің тұңғыш мағынасы мен төркіні. Біздің тіліміздегі “жирен” мағынасын түсіндіретін сөздер тува тілінде – “шимын, якуттарда – “сиэр” тұлғалары арқылы беріледі. Осы сөздердің қайсысы болмасын (тіпті қазақ тіліндегі “жирен” де) өте ерте кездерде “бөрі” сөзімен тіркеске түсіп, кейін бірге, кіріге келе алғашқы түбірде кейбір дыбыстар түсіріліп, дыбыстар сәйкестіктеріне ұшырауынан “шибөрі” қалпына дейін жеткендігіне жорамал жасаймыз. Жорамалымызды тува тілі дерегі тағы бекіте түседі. Біздегі “шиебөрі” оларда “шөө–бөру” қалпында айтылады. Сөйтіп “шиебөрілеріміздің” дәл мағынасы “жирен қасқыр” немесе “қызыл қасқыр” деп қорытындылаймыз [45, 295 б.].
Дисфемистік теңеулерді ең басты қызметі – өзі жек көрген объектіні менсінбеу, кеміте бейнелей суреттеу. Жоғарыдағы бөрінің көтіндей, “шиебөрінің көтіндей шулаған” деген теңеулік тіркестер ауызекі тілімізде де көп пайдаланатын теңеулер. Сонымен қатар бұл теңеулі күрделі метафоралық, дисфемистік теңеулер деп атағанымыз жөн сияқты. Күрделі деу себебіміз бұл теңеулер екі, үш сөздің тіркесуі арқылы пайда болып бір ғана ұғымды беріп тұр. Адамның келеңсіз мінезін осылайша суреттеуде объекті болып дала тағылары қасқыр-бөрі, шиебөрі алынған. Бұл халықтың бұрыннан келе жатқан таным-түсінігіне тікелей байланысты болса керек. Бұл дисфемистік теңеулерде халқымыздың ұлттық, халықтың ерекшелігі сөзсіз сақталған деп айта аламыз. Халқымыздың мал шаруашылығы саласындағы көшпелі қатал өмір салты осындай дисфемистік теңеулерді дүниеге әкелсе керек. Дисфемистік теңеудің қандай түрі болмасын, тек қана қоғамдық-әлеуметтік өмірдің сұранымына қарай, белгілі бір ситуацияға байланысты дүниеге келіп отырды. Жалпы дисфемитстік теңеулер қарама-қарсылықтың бірлігінен пайда болған. Мұны жоғарыда келтірілген мысалдар дәлелдей алады.
Дисфемистік теңеулерден басқа теңеулердегідей халқымыздың өмірге деген көзқарасы біршама көрініп тұрады. Мысалы:
– Байы сабаған қатындарша кетем дегенің қай сасқаның? (Б. Нұржекеұлы).
Осы сөйлемдегі байы сабаған қатындарша деген дисфемистік теңеу ренжіген адамның теріс мінезін ерінен жапа шеккен әйелдің оқыс мінезіне ұқсатып тұр. Қаламгер өз кейіпкерінің мінезін басқа бір кейіпкерді сөйлете отырып берген. Ашу-ызадан жарылып кетердей тіксіне қалған мінезді байы сабаған қатындарша деп сынап-мінеген. Дисфемистік теңеу де басқа теңеулер сияқты тілдің бейнелеуіш тәсілі. Бірақ дисфемистік теңеуді қолдану жағымсыз ой мен әсерді айшықтаудың, күшейтудің құралы болып табылады. Тағы да көркем әдебиетке жүгінелік.
– Тиыш отыр ұрысқақ қатындардай көстеңдемей, сен араласатын сөз емес (К. Оразалин).
Қаламгер бүкіл әйелдің бойындағы жаман мінездерді бір ғана әйел образына осы дисфемистік теңеу арқылы сыйғызып отыр. Дисфемистік теңеулердің өзі бейнелегіш тәсіл, кейде оған екінші бір бейнелегіш тәсіл қосылып, суреттеліп отырған кейіпкердің жағымсыз бейнесі ашыла түседі. Мысалы:
– Жеті атасынан бері боқтышағы толмаған жетімек ұлдай ішті, жеді, ұйықтады (М. Мағауин).
Бұл мысалдағы боқтышағы толмағын жетімек ұлдай деген тіркес дөрекі, анайы мағынаны беріп тұр. Мұнда бейнелегіш тәсілдің саны екеу және олардың жағымсыз қасиеттері бір-біріне өте ұқсас. Дисфемистік теңеулердің мұндай түрі контексте жиі кездеседі. Қазақ тілінде дисфемистік теңеулердің көбі әйелдердің сыртқы түр-кескінін сипаттаумен байланысты қолданылады. Мысалы:
– Қылдырықтай қара қатын “оны сұрап тұрған кім болды екен?” дегендей бұның жүзіне енді ғана басын көтерді (Қ. Ахметов).
Осы мысалдағы “қылдырықтай” сөзінің беретін мағынасы “арық” болғанымен, сөзідің өзі көпшілік қауымға түсініксіз. Оның түп-төркіні этимологиялық сөздікте былайша ашылған: Қылдырықтай. Жіп-жіңішке “қылдай” нәзік затқа арналған атау екендігі түсінікті. “Әлпеш қылдырықтай белгі үзіліп кетердей майысып, құлаштап келіп түйіп жатыр (Н. Сералиев). Сөздің алғашқы түбірі бір буынды “қыл екендігі әр мағынасы да айқын. Дәл осы түбірдің өзіне -дай жұрнағы қосылып, “қылдай” қалпында өте жіңішкелікті білдіретін сын есім жасалатыны да мәлім. Тілімізде негізгі түбірден туынды сөздер жасайтын -дырық, -дірік іспеттес жұрнақтар барлығы да баршамызға әйгілі (табал+ дырық, өміл+дірік т.б.). Бізге тек “қылдырық” туынды түбірінің ерте заманда қандай мағына бергендігін ашу қажет. Оны да М. Қашқари сөздігінен табамыз: Онда “қылдуруқ” – егін масағындағы (дән басындағы) қылқан (ДТС, 442) деген түсінік берілген. Осы тұлғаға қосымша –тай жұрнағы қосылып, жіңішкелікті одан әрі көркейте, бейнелей көрсетіп тұр [45, 190 б.].
Қазақ тіліндегі көптеген дисфемистік теңеулер адамды жансыз затқа, әр түрлі нәрселерге теңеудің нәтижесінде пайда болады.
– Ал, күбідей болған сен қақсалда не қалды дейсің, малайым да қарамайды саған, – деп ажуалады (З. Жәкенов).
Күбі қазақ халқының күнделікті өмірде пайдаланып жүрген бұйымдарының бірі. Ол қымыз, айран пісетін ыдыс. Денесі іркілдеп, жатып ішер адамды осы күбіге теңеген. Осы теңеу әйел адамға да, ер адамға да байланысты айтыла береді. Күбідей деген үлкендік, ірілік ұғымын білдіретін қазақ тілінде ежелден қалыптасқан теңеу.
Көркем әдебиетте кездесетін жағымсыз кейіпкерлер осындай теңеулердің көмегімен суреттеле береді. Дисфемистік теңеулердің эмоциялық бояуы күшті, экспрессивтілігі өте әсерлі келеді. Осылайша, халқымыздың түсінігіндегі үлкендік, ірілік ұғымы әр түрлі бұйым заттарға теңеу арқылы беріледі. Мысалы: – Ана асқабақтай қауқиған басыңа көрге кіргенге дейін ақыл қонбады ғой, кәрі сайтан, – деп қатулана күбірлеп, үйіне кіріп кетті... Шалдың ерге тиіп, үш нәрестелі болған қызының күйеуі соғыста екі аяқ, бір қолынан айрылып, кескен шөркедей домаланып қалыпты (З. Жакенов).
Адамның көзге қораш дене бітімін кейбір заттың үлкендік, ірілік қасиетімен салыстыра отырып бейнелейміз. Мысалға бөшкедей, томардай, асқабақтай, шөркедей теңеулері өздері сипаттап отырған адамдардың орасан зор, қолапайсыздау екендігін суреттейді. Бұл туралы Т. Қоңыров: “Қазақ халқының түсінігіндегі үлкендік, ірілік ұғымы осылайша қыруар заттармен, құбылыстар мен ассоциацияланады да, сондай-ақ, толып жатқан заттар мен құбылыстарға телінеді. Жай хабар, әншейін пікір алысу үстінде бір заттың үлкендік, ірілік қасиетін жай ғана сапалық сын есімдердің көмегімен “ол үлкен екен, ол ірі екен, ол зор екен” деп айта береміз. Бұл заңды да, бірақ барлық заттың үлкенді, ірілік қасиеті бірдей болмайды. Әрбір затқа тән үлкендіктің, іріліктің өзіндік “сыр-сипаты”, “мінез-құлқы”, “тұлға-тұрпаты” бар. Бір зат екінші бір заттан үлкен болса, үшіншісі бір заттан кіші болуы мүмкін. Сондықтан да әрбір үлкендіктің айырым белгісі болады. Бұл айырым белгі басқа бір үлкендікпен салыстырылғанда, өзге бір ірілікпен ассоциацияға түскенде анықталады. Әр үлкендік пен ірілік бір-бірінен көлемі, эмоционалды-экспрессивті бояуы, стильдік мақсаты, сондай-ақ жазушының яки айтушының субъективтік көзқарасы жағынан ажыратылады” [108, 91 б.].
Өмірде әр түрлі заттар мен құбылыстарды салыстыру арқылы ғана олардың қыр-сырын танып білу мүмкін болады. Сол себепті өмірді, дүниені танып білуде қаламгердің құпия сыры тіл байлығына, сөздік қорына, біліміне, фантазиясына шеберлік пен тұжырымдау қабілетіне, ой-өрісіне тікелей байланысты. Адамның келіссіз портретін суреттеуде басқа дисфемистік теңеулерге қарағанда өзінше ерекшелігі бар теңеулер өткен ғасырдағы классик ақындарымыздың бірі – Шернияз өлеңдерінен көрініс тапқан. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |