Ғылым - ғылымның құралдары мен әдістері пайдаланылатын және зерттелетін нысандары туралы білімдердің қалыптасуымен аяқталатын объектіні жүйелі және мақсатты түрде зерттейтін таным үдерісінің ерекше түрі. Ғалым сол ғылымда жинақталған білімнен, жалпы адами тәжірибеден алынған ақпаратқа сүйенеді, ол ғылыми мәселелерді шешуге бағытталған және ғылымда белгілі бір олқылықтардың орнын толтырады. Зерттеу барысында танымның арнайы құралдары қолданылады: модельдеу, болжам жасау, эксперимент жүргізу және т.б.
Басқа ғылым саласындағы зерттеулер қаншалықты маңызды болса, педагогикалық зерттеулердің де адамзат дамуындағы ролі жоғары. Өйткені, заман өзгеруіне байланысты парадигмалардың ауысып отыруы заңдылық. Оны философиялық заңдар да дәлелдейді. Сондықтан, педагогикалық парадигмаларда заман талабына сәйкес өзгеріп отыруы заңдылық. Ал, педагогикалық парадигма - дегеніміз нақты педагогикалық міндеттерді шешудегі үлгі, стандарт, өлшемдер, модель ретінде ұстанылатын, қалыптасып қалған негізгі ғылыми жетістіктер, әдістер, теориялар, көзқарастар жүйесі. Жаңа парадигмалар келешектегі ғылыми зерттеулердің бағыттарын анықтайды, оларға негіз болады. Мысалы: қазіргі отандық педагогикада мынандай парадигмалардың ауысуы байқалады: «білімді адам» парадигмасының орнына «өмірге бейімделген, белсенді, шығармашылық тұрғыдан ойлай алатын, және өзін-өзі адамгершілік, ақыл-ой жағынан дамытуға қабілетті адам» парадигмасының ауысуы айқын көрінеді. Яғни, бұрынғы көзқарастар бойынша адамға білім, білік, дағдылар жүйесін меңгерту жеткілікті деп есептелінген болса, қазір ол жеткіліксіз. Себебі адам тек дайын білімдерді меңгерген болса, бірақ оны шығармашылықпен практикада қолдана алмаса, өзін-өзі жетілдіріп отыруға бейімделмеген болса, онда бұндай адам қоғам талабына жауап бере алмайды.
Қоғамның өзгеруі, соған орай парадигмалардың өзгеруі, жаңа педагогикалық зерттеулердің жүргізілуіне түрткі болады.
Қазіргі мұғалім еркін ойлайтын, әлем туралы ғылыми түсінігі бар, саяси, экономикалық, құқықтық және басқа да қоғамдық білімдерді меңгерерген маман болуы шарт. Ғылыми сауаттылық, ізденіс, өзінің педагогикалық білімін жаңарту мен кеңейтуге ұмтылу, заманауи педагогтың қажетті құзіреттіліктері болып табылады. Қазіргі заманғы ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалана білу, зерттеу жүргізу қабілеті де заманауи педагог үшін қажетті, сондықтан ол зерттеу жұмысын жүргізе білу дағдыларын меңгеруі қажет. Зерттеу процесінде педагог нақты материалдар жинайды, талдайды және қорытынды жасайды - бұл оған өз тәжірибесін басқа педагогтардың тәжірибесімен салыстыруға, жаңа білім меңгеруге, сондай-ақ практикада тексеруге көмектеседі.
|