БƏТКЕН САҒЫНДЫКОВ
запастағы подполковник
ТОЛҒАНЫП ҚАЙТА ТАБЫСТЫМ
Баубек Бұлқышевпен алғаш рет 1939 жылдың январында, «Октябрь балалары» газетінің
редакциясында кездесіп, таныстым. Жасының, қызметінің үлкендігіне қарамай, сол кезде
жасым 17-ге де толмаған мені Баубек өзінің тең құрбысындай көріп, өте бір жылы
шыраймен, үлкен мейіріммен қарсы алды. Астанаға жаңадан келгем, таныстарым,
жолдастарым жоқ əрі елді сағынып, көңілім жабырқап жүрген маған Баубектің ашық мінезі,
жарқын көңілі салған жерден-ақ ұнап, өзіне еріксіз тартып, баурап əкетті.
Мен Баубекпен «Октябрь балалары» газетінің редакциясында 1939 жылдың январынан
1940 жылдың мартына, яғни Баубек əскерге шақырылғанға дейін бірге қызмет істедім. Ол
балалар творчествосы бөлімінің меңгерушісі, мен əуелі əдеби қызметкер, кейіннен мектеп
жəне пионер бөлімінің, ал Баубек əскерге кеткен соң балалар творчествосы бөлімінің
меңгерушісі, 1941 жылдың январынан июліне дейін — редакцияның жауапты секретары
болдым.
Баубектің өзі туралы айтқандарынан есімде қалғандары мыналар: əке-шешесі ерте өлген.
Өзімен бірге туысқан аға-іні, апа-қарындасым бар дегенін естігем жоқ. «Қу жетіммін»
дегенді жиі айтушы еді. 1952 жылы Жезқазғанда кызмет істегенде, Ұлытауға
командировкаға барып: туысқандары бар ма? — деп іздестіргенде, бір немере ағайын ғана
таптым. Ол Баубек жөнінен мардымды ештеме білмейді екен, аты-жөні есімде жоқ. Баубек
Қарсақпайда ФЗУ мектебін бітіріп, мыс заводында жұмыс істедім деуші еді.
Баубектің өлеңдері, əңгімелері мен очерктері, фельетондары 1939-1940 жылдары
«Октябрь балалары» газетіне көп басылды. Газеттің сол жылдардағы тігінділерін зер салып
қараса Баубектің көптеген шығармаларын табуға болар еді. Есте болатын бір жағдай —
Баубек жазғандарының басым көпшілігін өз атынан емес, бүркеме атпен жариялайтын.
Солардың менің есімде қалғандары: «Ұлытау ұлы», «Б. Б.» «Қ. Сейітжанов» дегендер.
Мұның алғашқы екеуі түсінікті, ал неге «Қ. Сейітжанов» деп жазғанын білмеймін. Мүмкін
үлкен аталарының бірінде Сейітжан деген адамның болуы? 1939 жылы екеуміз бірігіп
жазған «Қорқынышты түс» деген фельетонға ол: «Сен Шыңғысов болсаң, менің Ұлытау ұлы
болғаным келіспес деп «Қ. Сейітжанов» деп қол қойып еді.
Сол жылдары марқұм Мұқан Иманжанов казак радио комитетінің балалар редакциясын
басқарған болатын. Ол балаларға арналған əдеби-музыкалық монтаждардың текстін жазуды
көбінесе Баубекке тапсыратын. Баубек бұл текстерді жазғанда, оған басқа ақындардың
өлеңдерімен қоса, өзінін де көптеген өлендерін енгізетін. Баубек творчествосын тексеріп
жүрген жолдастардың осы жағдайды ескеріп, қазақ радио комитетінін 1938 — 1940
жылдардағы архивін бір сүзіп өткені жөн.
Баубек редакцияда кызмет істеген жылдарында «Айсұлу» поэмасын жазумен
шұғылданды. Бірақ онысын редакция қызметкерлерінің талқысына салған жоқ. Асылында,
Баубек сол кездегі кейбір жас ақындар сияқты мақтаншақ, өркөкірек, даурықпа ақын емес
еді...
Баубектің шығармаларынан есімде қалғандары екеу-ақ екен: біреуі — «Октябрь
балалары» газетіне басылған «Ұялғаным - ай» деген шағын əңгімесі де, екіншісі —
Махамбетке арнап, оған еліктеп жазған өлеңдер циклі. Бұларды газеттен, не радио
комитеттің архивінен табуға болады.
Баубектің көбірек араласып, жақын қарым-қатынаста болған адамдары Мұқан, Есенби
Омаров (соғыстан кейін өлді), Хасен Сейілханов (соғыста қаза тапты), Мұхамедияр Ақтанов
(соғыстан кейін өлді). Бұлардың бəрі де семьялы адамдар еді. Сондықтан Баубек үйлерінде
болып, қонақ болып жүретін.
Оның хаттарында көбірек кездесетін адамдардан білетінім: Əли Есмамбетов — ақын,
«Октябрь балалары» газетінің редакторы, Есенби Омаров — редакциясының қызметкері,
Асқар дегені не Лекеров, не Тоқмағамбетов болу керек. Екеуі де пионер газетінің белсенді
авторлары болатын (əсіресе А. Тоқмағамбетов). Соғыс басталғанда ол кісі «Социалистік
Қазақстанның» редакциясында істеген еді. Сақыш — дегені Құсайынова болу керек,
драматург Шахмет Құсайыновтың қарындасы, «Октябрь балаларында» əдеби қызметкер
болып істеді.
1941 жылы Əли Есмамбетовке тұрмысқа шықты, кейінде баладан қайтыс болды. Хасен
Сейілханов — жас жазушы, «Пионер» журналының жауапты секретары, майданда қаза
тапты. Жүсібі — Алтайбаев болу керек, Ақтановты — Мұхамедияр Ақтанов шығар, ол
редакцияда істеген, соғыс жылдарында, соғыстан кейін «С. Қ.»-ның Көкшетау облысындағы
меншікті тілшісі болды, елуінші жылдары өлді.
Мəулен Нұрбаев (Сырбаев емес) — редакцияның қызметкері, жас ақын, мен шамалас.
Баянауыл ауданында туып өскен. Оның елі тірісін білмеймін. Меніңше, Дихан Əбіловтың
туысы болу керек.
Енді Баубекпен бірге қызмет істегендердің қазір кезі тірілері мыналар: Бəкібай Бейісов,
«О. Б. - ның» жауапты секретары, редактордың орынбасары болды, қазір Казак ССР
Мемлекет қауіпсіздігі комитетінде істейді, полковник; Хайдар Баймухамбетов —
редакцияның физкультура - спорт бөлімінің меңгерушісі, қазір «Социалистік Қазақстанда»
меншікті тілшілер бөлімін басқарады; Күнтөре Байзақов — əдеби қызметкер, қазір «Қайнар»
баспасында қызмет істеп жүр; Петр Яковлевич Редько — фотограф (үйінде телефоны бар).
Баубекті көбіне суретке сол түсірген. Архиві сақталса, суреттер табылуы мүмкін. Сонан соң,
тірі болса, біздермен көбірек араласып, қарым-қатынас жасаған адамның бірі ақын Қабікен
Мұқышев еді. Бұдан 2-3 жыл бұрын кездесіп едім, Қапшағай жақта тұрамын деген. Дəл
адресін Жазушылар одағындағы жолдастар білетін болуы керек...
Октябрь 1974 ж.
ҒАЗИЗ ƏБІШЕВ
БАУБЕК МƏҢГІ ЕСІМДЕ
Баубекпен алғаш рет 30-жылдардын басында Қарсақпай мыс заводы жанындағы ФЗУ
мектебінде оқып жүргенде таныстым. Жастайымнан аудандық газеттің ауылдық тілшісі
ретінде көрініп жүргендіктен ФЗУ-ды бітірген соң, көп ұзамай Алматыға келдім де сол
кездегі Қазақ журналистика институтына оқуға түстім. Арада екі жылдан аса уақыт өткен
соң Алматыға қарсақпайлық жастармен бірге Баубек Бұлқышев та келді. Менің осында
тұратынымды, осында оқып жүретінімді бұрыннан білетіндіктен, іздеп жүріп, тауып алды.
Қандай оқу opнына түсу жөнінде ақыл-кеңес сұрағаны əлі есімде. Сол кезде оқу іздеп
жерлесім Мұқан Иманжанов та Алматыда жүрген еді. Ойланып-толғанып республикалық
мемлекеттік банк жанындағы есеп - кредит техникумының дайындау курсында оқитын
болды. Баубек пен Мұқан алғашқы кезде жерлесі Қатира Аканованың үйінде тұрды. Жұбайы
менімен бірге Қазақ журналистика институтында оқитын Мұса Ақанов деген азамат
болатын. Ұлы Отан соғысында қаза болды.
Жақын туысым қайтыс болып, анамды Алматыға көшіріп əкелгенге дейін Баубекпен
бірер жыл пəтерде бірге тұрдық. Міне, осы уақыт ішінде Баубекпен шынайы дос, жолдас
болдық. Сол кезде халқымыздың тұрмысы енді-енді жақсарып келе жатса да, алыстағы
ауылдардан оқу іздеп келген біздердің əл-ауқатымыз онша болмайтын. Бірақ қандай
қиыншылық болмасын біздер мойыған емеспіз. Оқудан бос уақытымыздың көпшілігін осы
күнгі А. С. Пушкин атындағы кітапханада өткізетінбіз. 1936 жылы автономиялық
республикамыз тең праволы Одақтас Социалистік республика болып қайта құрылғанда
өткен бүкіл халықтық мерекеге шексіз қуанышпен қатысып жүрдік. Мұның бəрі сана -
сезіміміздің, ой - ұжданымыздың өсіп, нығая түсуіне зор əсер етті. Міне, сол жылдардың
өзінде қыздарға арналған ғашықтық өлеңдер, жора-жолдастарын сынай мінеген əзіл
шумақтар жазып жүрген Баубек, енді əлеуметтік тақырыптарға бет бұра бастады. Прозалық
шығарма жазумен əуестенуді Баубектің 1937 жылы техникумның бірінші курсын бітіріп,
жазғы каникул кезінде туған аулына бара жатып, поезд үстінде жазған «Ауылдан Алматыға»
деген əңгімеден бастады деп білемін. Бұл əңгімесінде Баубек əдебиет пен көркемөнердің,
мəдениеттің, бақытты өмірдің орталығына айналып келе жатқан Қазақстан астанасы
Алматыны суреттей келіп, астанадағы совет жастарының оқушылық шағын көрсетті.
Алматыдағы педагогика институтының студенткасы Ұрқия мен Тау-кен институтының
студенті Жəлелдің өмірін арқау етіп, бүкіл казак совет студенттерінің оқу ізденуін, жалпы
өмірін көркем суреттеді. Сөйтіп, жастардың ойын тереңнен толғап, келешегін алдына
жайды. Бүл əңгімені ол Алматыдан Қарсақпай ауданындағы туып-өскен аулына барғанда,
сондағы жастарға оқып берген-ді. Көп ұзамай-ақ Баубекпен ауылдас Жылқайдар мен
Күлзифа жəне басқа толып жатқан ауыл жастары орта мектепті бітірісімен-ақ Алматыға
оқуға келгені есімде.
Бұдан басқа Баубек «Айсұлу» атты ұзақ поэма, бірқатар өлең, «Шығыс сұлуы», «Асқар
тау саясында» деген, тағы басқа қызықты əңгімелер жазғаны маған мəлім. «Асқар тау
саясында» деген əңгімесі өзі туралы еді. Мұнда оқытып, тəрбиелеп өсірген, бақытқа
жеткізіп, ой-өрісін кеңейткен совет өкіметін асқар тауға теңеді, — Менің саям осы совет
өкіметі, — деп жаңа өмірді паш етті.
Баубектің ақындық, жазушылық саласындағы құлашы жаңа жайылып келе жатқан сəтте
Қызыл Армия қатарына шақырылды.
Сол жылдың март айының алтысынан бастап, данқты бірінші москвалық пролетарлық
мотоатқыштар дивизиясының женіл инженерлік батальонында қатардағы жауынгер -сапер
ретінде əскери міндетімізді (осы жылдың күзінде мені Калуга қаласындағы əскери бөлімге
ауыстырған) бірге өтедік. Қызыл Армия қатарына шақырылуымыз, Отан алдындағы қасиетті
борышымызды қалай өтегеніміз туралы Баубек Мұқан Иманжановқа жазған хаттарында
жəне аяқталмай қалған «Алматылықтар» атты романында өте дұрыс баяндаған. Осы жерде
айта кетейін, Баубек шығармасының қолжазбасында басты кейіпкерін Ғазиз Ғазизов деп
атайды. Осыған орай оның соңғы екі «Өшпес өмір» жəне «Адамзатқа хат» жинақтарын
шығарушылар мен туралы (Ғазиз Əбішев) жазған екен деген жалған топшылаудан Абыз
Абызов деп өзгерткен. Шынына келсек, Ғазиз Ғазизов жинақы əдеби кейіпкер.
Ұлы Отан соғысы басталған күні Баубек Нарофоминск қаласына жуық Алабина деп
аталатын əскери жазғы лагерьде, ал мен Калуга қаласында едік. Арада бір жыл өткеннен
кейін бір-бірімізді іздеп тауып, хат алысып тұрдық.
Баубек хаттарында біздің əскерлер ұрыспен батыстан шығысқа қарай шегініп келе
жатқан жолда Белоруссияның қалың орманы бір олай, бір бұлай теңселіп Қызыл Армияға
мұңын шағып тұрғанын, Вязьма, Доргобук, Смоленск қалаларының күл-талқаны шығып,
қирағанын көргенде ызалы кек жүрегін кернегенін, Москва түбіндегі ұрысқа қатынасып,
Смоленск жерін, Украинаны зұлым жаудан азат етуге қатынасқанын гитлершілердің
бұғауынан босатылған бауырлармен құшақтасып талай рет керіскені туралы жазып тұрған
еді. 1941 жылдың күзінде жəне 1942 жылдың қысында Днепр жағасында жəне Нарофоминск
қаласында болған шайқастар кезінде Баубекпен бір сапта болыппын, кейін біздің бөлімге
қосылған қаруластарымнан біліп, қатты өкінгенім бар.
Қатардағы жауынгерден аға лейтенант дəрежесіне дейін өсті. Ол бүкіл Совет Одағына
аты жайылған, жастар сүйіп оқитын жауынгер журналист болды. Баубекті Қызыл Армияның
жауынгерлері мен офицерлері де ерекше сүйсіне оқыды, мақтаныш етті.
Баубек досқа мейрімді, дұшпанға рақымсыз болды. Өз Отанын сүйе білді.
Баубек өмірін босқа өткізген жоқ. Күн сайын алды - артына көз жіберіп, өмірден бір
адым да артта қалғысы келмеді, ол үнемі алға өрледі. Білім іздеді. Қоғамға пайдалы кісі
болуды көздеді. Қоғамның болашағы үшін күресті. Өмір үшін, Отаны үшін күресіп өтуді
мақсат тұтты.
Баубек шығармаларының негізгі бір арқауы ұлттар достығы мен советтік патриотизм
болды. Ол Отанын, туған елін, социалистік құрылыста бірге өсіп, еңбектес болған досын
мақтаныш ете білді.
Баубектің жалынды сөзі мен Отан соғысында көрсеткен ерлігі біздің жүрегімізде мəңгі
сақталып қалды. — Баубек, сен үшін жаудан кекті мол аламыз, — деп берген сертімізді
орындадық. Жау жеңілді, 1945 жылы 9 Май күні, Берлиндегі рейхстаг төбесіне жеңіс туы
тігілді.
Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ халқының Баубек, Мəншүк, Əлия сынды жүз мыңдаған
ұлдары мен қыздарының асқан ерліктері халқымыздың батыр, жауынгер халық екенін
көрсетті, тамаша бүгінгісі, жарқыраған болашағы бар халық екенін танытты.
Октябрь 1957 ж.
АСҚАР ТОҚМАҒАМБЕТОВ
ЕГЕР СОҒЫСТАН АМАН ҚАЙТСА...
Отан соғысынын отты жылдарында біз Алматыда, Калинин көшесіндегі 5-үйде
тұратынбыз. Бұл үйде Мұхтар Əуезов, Əбділда Тəжібаев та турды. Соғыста не жаналық
болып жатқанын бірімізден – біріміз біліп отырамыз.
Бір күні Мұхаң маған телефон соғып:
- Асқар, сен оқыдың ба? — деді. — «Комсомольская правдада» Баубек Бұлқышевтың
«Мен өмір сүргім келеді» деген мақаласы шығыпты. Меніңше, өте жақсы жазылыпты. Ол өзі
сөйлемепті, жүрегін сөйлетіпті.
Оның өзі бір өте талантты жігіт екен. Шіркін, соғыстан аман қайтса, жазушы болайын
деп тұрған дарын екен. Сөз саптауы, ой ерісі өте терең жатыр. Шамасы, мына шіркін орыс
тілінде жазған болуы керек, пафосы кен екен. Маған қатты ұнады, көзіме жас алдым.
Көңілімді босатты. Соны оқып көрші, өзі қайда істейтін жігіт еді.
Мен ол кезде (1942 жылы) «С. Қ.» газетінде істейтін едім. Сол күні газетті тауып алып,
Баубек Бұлқышевтың хатын түгел оқыдық. Ол осы Алматыда, жастар газетінде істейтін еді.
Баубек жуас қана, жұпыны жүретін, кішіпейіл жігіт еді. Оны біз бала көріп, көзге де
ілмейтін едік. Мына Отан соғысының отты күндерінде жазған хатын көріп, қатты көңіл
бөліп отырмыз.
Ол кезде соғысты айтса, қабырғасы қайыспайтын адам жоқ. Біреудің жалғызы, біреудің
жары, біреудің əкесі, болмаса ағасы кетпеген үйді көрмейсің. Менің өз үйімнен үлкен ағам
Пірназар, онан кіші Парманқұл, оған тетелес Əлішер, өзімнің туған балам Төребек соғысқа
кеткен. Соларды үй ішіміз болып сарыла күтетін едік. Бірақ ішқұстамыз ішімізде болатын.
Мына Баубектің хатын оқығанда бұғып жатқан қайғымыз қайта көтерілді.
Бір күні редакцияға хат келді. Қақаған қара суық болатын. «Социалистік Қазақстан»
газеті онда Гоголь көшесінің бойында бір қабат үйде туратын. Пешке от жағылмай, жағылса
қағаздың қиқымы ғана жағылып, ол лап ете түсіп, сөніп қалатын да, үй суық болатын. Сонда
да оттың иісі шыққан қаңылтыр пешке табынып, көбіне тұрып жүріп сөйлесетін едік.
Газеттің бөлім бастықтары жиылып алып əңгіме соғатын еді. Сондағы əңгімеміз майданға
кеткен жігіттердің ерлігі мен қаза болуы жайында болатын. Əсіресе сол күні хат көбірек
келді. Соның ішінде менің атыма жазылған хаттар да бар. Хатты ашып оқысақ, Мұқан
Иманжанов екеумізге Баубек Бұлқышевтың жазған хаты болып шықты. Хаттың аттың жалы,
түйенің қомында, асығыс жазылғаны, қаламның ұшы емес, мылтықтың ұшымен жазылғаны
білініп тұр.
«Асқар аға, Мұқан! Хаттарыңды алдым. Рақмет. Қазір мен Татарияда Қызыл Армияның
саяси қызметкерлерін дайындайтын курста оқимын. Бітіруіме екі-үш ай бар. Бүгін көп хат
алдым. Бірақ бəрін оқуға мұрса болмай қалды. Шамасы менің «Комсомол правдасына»
шыққан мақалама үн қосу болуы керек.
Асеке, майдан жаққа барып тұратындарың жақсы нəрсе екен. Əсіресе орыс жазушылары
көп келеді. Бүгін Ахмет Елшібековтен хат алдым. Жазатын жақсы материалдар көп, əттең
уақыт жоқ. Редакциядағы жігіттерге менен сəлем айтарсыздар Баубек».
Осы хатты оқып болысымен Мұқан Иманжановқа телефон соқтым. Баубектен хат
алғанымды айттым. Ол сол кезде осы газетте жұмыс істейтін еді, жүгіріп келді. Қатты
жүргеннен бе, өзінін өкпесінде науқасы бар Мұқан жөтеліп қалды. Арылған саусағымен
хатты дірілдей ұстап, көңіл күйі жүдеу Мұқан мұңайған баладай, көзі жасаурап, көп отырды.
Сөйтіп отырғанда тағы бір хат келді. Конвертке азар сыйған хатты екеуміз ашып оқыдық. Ол
хаттың бас тақырыбы «Ерлікпен қаза тапқан екі азамат» деп жазылғаны əлі есімде. Мақала
майданнан жазылыпты. Екі жігіттің ерлігі туралы айта келіп, олар өздері жас болса да,
жауға берілмей, ерлікпен қаза болғанын суреттепті. Суық түнде, сұрапыл шайқасқа төтеп
беріп, «Отан үшін, ата-анам үшін!» деп, олар жауға берілмепті. Ақырында бұл екеуі таң
алдында оққа ұшыпты. Сонан кейін бүл ер жігіттердің аты-жөні айтылыпты. Біреуі
Ерназаров Елтай ақсақалдың баласы, біреуі менің балам Төребек Тоқмағамбетов болып
шықты. Онан арғыны білмеймін. Найзағай соққандай. құлап қалыппын. Көптен кейін
көзімді ашсам, газеттің жігіттері сүйеп отыр. Жүрегім күйіп бара жатқандай, миыма қан
құйылғандай лоқси бердім. Келген хаттың қайда қалғаны, кім жазғаны да ойымда жоқ.
Баубектің хаты да сол жерде қалып қойыпты. Мүмкін Мұқан Иманжанов алып кеткен шығар.
Баубек туралы мен ауырып жатып ойламасқа тырыстым. Ойласам соғыста қаза болған
ағам, інілерім, балам ойыма түседі. Бірақ Баубек маған көбірек келетін, жазғандарын
көбірек көрсететін, ақыл-кеңес көбірек сұрайтын жігіт еді. Өзі пионер газетінде істеп жүріп,
қолы сəл босады дегенше маған жетіп келетін. Тойған қозыдай толықша келген томпақ,
ажарлы ақ көңіл баланы көргенде мейірімім түсе қалатын. Сол кездің езінде орыс əдебиетін
кеп оқып, ізденіп жүретінін мен байқайтын едім. Кейде Пушкин, Лермонтов өлеңдерін де
көзін жұмып алып жатка соғып жіберетін еді.
Мен Мұқан Иманжановпен жақын дос едім. Ол Мұқанға жолдас. Ол Мұқанға көп келіп,
сонда маған жолықпай кетпейтін. Жазғандарын оқитын.
- Ей, Тауұлы жолдас, сен Қарсақпайдың Ұлытауына еліктеп өзіңді «Тауұлы» қойып
алдың. Тау болсаң жақсы ғой, тау болмай, шоқалақ болып қалмасаң... — дейтін əзілдеп.
Мұқан көп сөйлемейтін, ылғи күліп отыратын жылы жүзді жігіт еді.
- Шоқалақ болсам, сол маған жетіп жатыр. Шоң болуды саған бергенбіз, — деп Мұқан да
күлетін. Екеуі сондай əзілі жарасқан дос еді. Соғыс шіркін екеуін бірінен - бірін айырды.
Мұқан ауырып қалып қойды.
- Қап, денім сау болса, əскерде Баубекпен бірге болып, қанды соғыста бірге жүрмеймін
бе, — деп қайғыратын еді. Міне, сондай Баубекті еске алғанда Мұқанды да еске аламын.
Егер тірі болса, үлкен жазушы болатын еді.
Бір күндері окопта жатып-ақ көптің көкейіне қонатын жалынды сөз тапқан Баубектің
қаза болғанын да естідік. Қатты қайғырдық. Ол сол аз өмірінің ішінде бүкіл Советтер
Одағына жайылды. Оның ішінде Эренбург сияқты үлкен қалам қайраткерлерінің қаламына
ілінді. Олар Баубекті мақтан етіп, мақалалар жазды.
Сөйтіп, біздің Баубек Бұлқышев қыршын өмірін Отаны үшін қиды. Бірақ өзі өлсе де, аты
қалды. Жалынды сөзімен, жарқын бейнесімен көз алдымызда тұр.
Октябрь 1974 ж.
БАУБЕКТІҢ МАЙДАНДАС
ДОСТАРЫНЫҢ ECTEЛІКТЕРІ
Баубек бір батальонда Қызыл Армия қатарына өз еркімен кірген, СССР-де баспана
тапқан бірқатар шет ел коммунистерінің, революционерлерінің жас буындарымен бірге
Отан алдындағы борышын өтеді. Солармен жүзбе-жүз кездесіп, бір сапта жорыққа шығып,
ойын - сауық кештерінде, саяси сабақтарда, лекцияларда бірге болып, дос-жаран болады.
Солардың бірі əлі де көзі тірі Москвада тұратын Болгар Коммунистік партиясының
көсемдері Дмитрий Благоев пен Георгий Дмитровтың шəкірті Георгий Михаиловтың баласы
Кремень Найдов-Железов болатын. Баубектің ізімен жүрген шақта оның адресін тауып,
«Баубекті білесіз бе, ол туралы есіңізде не қалды, жазып жіберуіңізді сұраймыз» деген
хатыма: «Білгенде қандай, мен бұл қазақ халқының өжет ұлымен егіз туған бауырым
Огнянмен І - москвалық пролетарлық мотоатқыштар дивизиясында екінші Отаным — СССР
алдындағы қасиетті борышымды өтегенмін. Бір жарым жылға таяу уақыт бірге əскери
міндетімізді атқарған шақта күнбе-күн кездесіп, араласып жүрдік. Соғыс басталған алғашқы
күндерде Баубек Бұлқышев жедел ұйымдастырылған арнаулы саперлар ротасына жіберілген
еді. Бұдан кейінгі оның жауынгерлік жолы, жағдайы жөнінде ештеңе білмеймін», — деп
жауап қайтарған болатын.
1977 жылы май айында Москваға барғанымда, кейбір жəйттерді қосымша анықтап алуды
кездеп Кременьге телефон соққанымда: «Бүгін - ертең кездесе алмаспыз. Өзіміз
фашистермен шайқасқан жерде жау оғынан қаза болған бауырымның бейітінің басына
орнатылған ескерткішті ашуға арналған салтанатты жиынға бармақшымын», — деді. «Сізге
еріп баруға бола ма?» — дегенімде: «Неге болмайды, ертең ерте Үлкен театрдың алдына
келіңіз», — деп айтқаны əлі есімде.
Міне, біз Киевке баратын даңғыл шоссенің 67 километрінде автобустан түсіп, өлі де
болса іздері жойыла қоймаған окоптардан, траншеялардан аттап, жазық аланда қызыл
матамен жабылған биік тұғырға жеттік. Соған қатар орнатылған мінбеге Москва облыстық
партия комитетінің секретары Е. И. Сизенко, Болгар Халық Республикасының СССР-дағы
төтенше өкілі Д. Жулев, даңқты дивизияның бұрынғы командирі, отставкадағы генерал-
майор П. Ф. Толстиков, Кремень Найдов - Железов жəне басқа дивизия ардагерлері
көтерілді. Митингіде сөйлегендер Совет халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісі, оның
басқа елдердің халықтарымен жауынгерлік бауырластығы, Огнян, Кремень Найдов-
Железовтар мен олардың қарулас достарының өшпес ерліктері туралы жүректі тебіренткен
толғаныспен айтты. Тұғырды жапқан ал қызыл мата жəйімен желбіреп жерге түскен шақтан
Огнянның скульпторлық бейнесін көріп, тұғырда жазылған мына сөздерді оқыдық:
«Болгар халқының ұлы, Совет армиясының сержанты
Огнян
Найдов-Железов
1921-1941»
Салтанатты митинг аяқталған соң Кремень аға мені Баубекпен бірге 22-жеңіл
инженерлік батальонда əскери кызмет атқарған, бұрынғы гвардия сержанты, сапер, соғыстан
сол қолы жоқ, мүгедек болса да Москва метросын салуда көзге түскен атақты құрылысшы,
Социалистік Еңбек Ері Николай Алексеевич Феноменовпен, Баубектің қарулас
жолдастарымен таныстырды. Бұлардың қайсысы болса да сол кезде жəне кейінгі уақытта
болған кездесулерде, маған жазған хаттарында Баубек Бұлқышев шынайы совет патриоты,
интернационалист ретінде естерінде мəңгі қалғаны, қалатыны жөнінде əңгімелеген еді.
Рубен Ибаррури 1940-1941 жылдары І - москвалық пролетарлық мотоатқыштар
дивизиясының 175-аткыштар полкінің пулемет взводының командирі жəне полк комсомол
комитетінің мүшесі болатын. Баубек онымен алғаш рет 1940 жылы күзде болған дивизиялық
комсомол конференциясында танысып, сонда екеуі округтік комсомол конференциясына
делегат болып сайланып, Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін кездесіп, араласып жүріпті.
«Рубен біздің жеңіл инженерлік батальонда Қызыл əскер жерлестеріне келіп-кетіп
жүргенде, Баубекті іздестіріп, тауып алып, қасына ертіп жүретін еді», — дейді Кремень
Найдов - Железов, Николай Феноменов, т. б. сол дивизияның ардагерлері.
Баубектің Москвада тұратын қарулас жолдастары, сірə, менің адресімді хабарлап, Баубек
туралы не білетіні жөнінде маған хабарласуды өтінген болуы керек, Иванов облысының
Вычуг ауданында туратын 22-жеціл инженерлік батальоны бөлімінің бұрынғы командирі,
Ұлы Отан соғысының ардагері Сергей Васильевич Морозовтың хатын келтіргенім жөн:
«Мен Отан алдындағы борышымды 1939 жылы І - москвалық пролетарлық,
мотоатқыштар дивизиясындағы кіші командирлер даярлайтын курстан бастадым. 1940
жылдың май айында халықаралық жағдайға байланысты болуы керек, оқу мерзімі
қысқартылды да, бізге командир атағы берілді. Мен бөлімше командирі болып 22-жеңіл
инженерлік батальонына жіберілдім...
...Сол 1940 жылдың жазында біздің батальон Литваның Ионива қаласының аймағында
аэродром жасауға катысты. Біз теректер өскен шағын көгалды орманға орналасқан едік. Күн
батар алдындағы ағаш түбінде малдасын құрып, теңселіп, жəйімен күбірлеп отырған солдат
менің назарымды ерекше аударды. Маған бұл солдат намаз оқығандай болып көрінді.
- Мына солдат не айтып отыр? — деп сұрадым. Чичьянц:
- Ол қазақша өлең айтып отыр. Бұл жас қазақ ақыны, болашақ Жамбыл ғой, — деді.
Шынын айтсам, қарулас досымның бұл сөздерінің сырын сол мезетте жете түсіне
қоймадым.
- Ол не туралы жырлап отыр?
- Жүр, оған жақындап барып, тыңдайық, — деді Чичьянц мені қолымнан ұстап, аяғын
ептеп басып, солдатқа қарай жүрді.
- Жаңа өлең шығарып отыр екен. Ол қазақтың шексіз кең даласы мен алақандай
Литваның орманын, қаулап ескен биязы ақ мақта мен сирек бой көтерген жас теректерді
салыстырып, адамдар қай жерде болса да бірдей еңбек етеді, ал күн болса өзінін жылуын
бəріне бірдей жеткізбейді... — деді де түшкіріп жіберді. Солдат бізге жалт қарады да үнсіз
қалды. Михаил мені онымен таныстырып: — «Баубек» деді де, онымен қазақша сөйлесіп
кетті. Михаил Чичьянц қазақ, өзбек жерінде есіп, Қызыл Армия қатарына Ташкент
қаласынан шақырылған адамгершілігі мол, қайратты, өжет жігіт болатын...
Баубекпен осылай алғаш рет кездесіп, таныстым. Кейіннен достасып кеттік. Дивизиямыз
Москваға қайтып оралған шақта, 1940 жылдың күзінде бізге Қызыл Армия қатарына
шақырылған қырғыз жəне қазақ жастарының жаңа бір тобы келіп қосылды. Мен сол сəтте
бөлімше командирі едім. Маған əскерге жаңадан шақырылған жастарды алдын ала сапқа
тұрып жүруді, армиялық уставты үйрету жүктелген болатын. Бұлардың басым көпшілігі
орыс тілін білмесе, ең қиыны мен де оларды түсінбейтін едім. Маған көмекші ретінде
батальон басшылары Баубек Бұлқышевты тағайындады. Ол мен берген командаларым мен
бұйрықтарымды жедел аударып, көрсеткен тəсілдерді, жаттығуларды езі де орындап,
солардың қалай орындалатынын, неге қажет екенін ана тілінде жап-жақсы түсіндіретін еді.
Жас солдаттар оны зор зейін қойып тыңдап, берілген тапсырмаларды өте мұқият
орындайтын болды.
Қызыл Армияға жаңадан шақырылған жастар сынақ кезінде сапта жүру дайындығын
«жақсы», ал устав қағидаларын игеруді «көңіл толарлық» деген бағаларға тапсырды, сөйтіп
олар жас жауынгер курсын толық жəне талапқа сай бітірді. Бұл — Баубек екеуміздің
қолымыз жеткен жеңісіміз еді. Əсіресе өте жақын араласқан осы бір жиырма күн ішінде
Баубек бауырмашыл, өзінен жасы үлкенмен де, кішімен де сөйлесе, пікірлесе алатын,
адамгершілігі мол, беделді, сонымен бірге сыпайы жəне бəрін де білуге ұмтылған азамат
ретінде менің есімде мəңгі қалды. Ол неге екенін білмеймін, өзі туралы əңгіме етуден
қашқақтап, маған кептеген сұрақтар қойып, жауап беруді өтінетін еді. Содан бері көп жыл
етті. Баубек туралы есімде сақталғаны, міне, осылар. Ал, егер іздеп таба қалсаңыздар, мұнда
айтылғандарды Михаил Чичьянц əлдеқайда тереңдетіп, көптеген маған белгісіз жəйттерді
баяндап берген болар еді. Ол туралы бірер мəлімет: Қызыл Армия қатарына шақырылғанға
дейін Ташкенттегі байланыс техникумын бітіріп, сол қаланың темір жол вокзалында техник
болған. 1939 жылы армияға шақырылған соң, біздің 22-жеңіл инженерлік батальонда қызыл
əскер, кейін офицер атағын алған соң, екінші дара барлаушылар батальонында байланыс
бастығы, соғыс кезінде соңғы батальон таратылғанда бірінші мотоатқыштар дивизиясының
35 - артиллерия полкінің бірінші дивизионының байланыс бастығы болып жүріп жараланып,
тылдағы госпитальге жіберілген еді. Содан кейінгі оның өмір жолы маған белгісіз...»
(С. В. Морозовтың 1977 жылғы 9 ноябрьдегі
1978 жылғы 4 марттағы хаттарынан )
|