ҚҰРМАНБАЙ ТОЛЫБАЕВ
АЙБЫНДЫ АСЫЛ МҰРА
Жылтырлау ақ қағаз мұқабалы осы бір кішкентай кітапша менің қолыма осыдан жиырма
сегіз жыл бұрын түсіп еді. Бұл 1948 жылдың соңғы айы, қақаған қыс болатын. Сол жылы
Құлжа қаласында шыға бастаған «Одақ» журналында істейтінмін. Қайтсем жақсы, ұтқыр,
тапқыр жаза алар екенмін деген ой қинайтын да, жазу əдісін талмай үйренуге жетелейтін.
«Ақша тапсам — кітап қана сатып алар едім» деген Горькийдің сөзі көкейіме бұлжымастай
ұялаған. Тапқан ақшама алдымен кітап аламын. Күндіз-түні кітаптан бас алмаймын. Қазақ,
ұйғыр, өзбек, татар тілдеріндегі кітаптарды жинап, солардан жазу əдісін үйренуге құлшына
күш саламын. Арнаулы журналистік мамандығы жоқ жас адамның одан басқа шарасы бар
ма?! Осындай талпыныс үстінде өзіңді баурап алған кітаптардың əсері еш уақытта
көкейіңнен кетпейді екен.
Ленин комсомолының 30 жылдығына орай шыққан «Заман біздікі» деп аталатын Баубек
Бұлқышевтың кітапшасы еді бұл. Өлеңдер мен мақалалары енген осы жинақты үйге келе
салысымен оқуға кірістім. Ə дегеннен қызыққаным — тілінің балдай тəтті шұрайлылығы,
ойдың терең мағыналылығы мені ғажайып бір сырлы дүниеге жетеледі де кетті.
Шəкірт кезімнен əдетім — сабағыма толық əзірленіп үлгермесем, немесе, бір кітаптың
қызығына түсіп кетсем, көз ілмей, ұйқы көрмей түн қатып шыққан қалпыммен мектепке
жүре беретінмін. Бір тəулікке ұйқысыз жүріп, шыдай алатын едім. Келе-келе бүл əдетке
айналып кеткен. Кейде жолдастарыма барып, қона – жастана жүргенде, кейбір үйлерден:
- Шамды сөндіріңдер, майы құриды! — деп, кейіп айтқан сөздерді еститінмін. Бірақ
біздің үйден ондай кейіс естілмейтін. Үн заводында істейтін Кенже ағам қолдан көшірілген
дастандар мен қиссаларды төсегінде оқып жатып,ұйықтап қалатын. Үй төбесінде салбырап
тұрған шамның дəл астына қойылған дөңгелек үстелге сүйеніп, кітапқа қадалып мен
отырамын. Сонда тек мейірімді əжей ғана анда-санда басын көтеріп алып:
- Əлі отырсың ба? Ұйықтап, тынықсаңшы!... — дейтін аналық қамқорлықпен.
- Əже, жата беріңіз, мен əлі сабағымды оқып бітіргем жоқ...
Əй, балам - ай, сарыла бермесеңші... — дейді əжем аяп. Сонан соң мені ырқына сеспен
көндіргісі келгендей, даусын көтере түседі. — Қадалып қалатының не осы?!
Одан əрі ешқандай дау болмайды. Мен үндемеймін. Əжем де мазаламайды.
Бүгін де мына кітапты шыр айналдырып отырып таңды атырдым. Түнімен
ұйықтамағанымды байқаған əжем таңырқағандай бон тұрып қалды:
- Осы сенің оқуың қашан бітеді?..
- Тəжи - ау, оны əурелеп қайтесің — дейді орнынан тұрып жатып қырдан келген
нағашым. Ол кісі менің ұйқысыз түндерімді көп көрген. — Əйтеуір, бір жақсысы — кірəсін
жақпайсыңдар. Мынау електір шамдарың түгесілмейді...
- Шамы құрсын, өзі шаршайды ғой. Енді.осы қалпымен жұмысқа кетеді. Он жыл оқыды.
Ол аз ба?...
Қоңырқай жүзінде таңданыс табы бар қара кемпірге нағашы ағам күле қарайды:
- «Оқу инемен құдық қазғандай» дейді. Бұл да инемен қазып жүр да.
Үндемеймін. Кітапты қайталап оқып, аяқтап қалғам. Ерекше əсер еткен тұсының астын
сызып қойғанмын. Алаулы жалыны, философиялық терең мағыналы ойы баурап алған. Сол
жерлерді қайта-қайта оқимын. Сонда өзімді шөл сахарада қаталай сусап келе жатып, суы
тастай салқын, мейіріңді қандыратын мөлдір бұлаққа тап болған жолаушыдай сезінгем.
Өйткені көкейдегіні дөп басатын мұндай кітап қолымызға өте сирек түсетін. Нағашымның
мына сөзі маған бір ой салды. Ол кісіні үлкен-кіші сыйлайтын. Алпамсадай тұлғасы,
байыпты сөзі, байсалды мінезі өзіне тартып тұратын. Ақылдылығынан ба, алғырлығынан ба,
ауыл ағасы тұтып, жұрт қадірлейтін.
- Мырза екем, — дедім ол кісінің ойын тартпақ боп. — Сіз өлімнен қорқасыз ба?
- Қарағым - ау, өлімнен қорықпайтын кісі болмайды.
- Болады екен...
- Қой əрі, батырға да жан керек.
- Міне, тыңдаңызшы: «Біз соғыста туғанбыз, соғыста өлеміз де. Күреспен тудық, сол
күреспен өлеміз. Осының бəрі сендер үшін, жас ұрпақ!» Көрдіңіз бе, өлімнен қорықпайды.
Не үшін өлетінін де біліп отыр.
- Ұрпағы үшін торғай да жанын отқа салады. Ал мынауың елін жаудан қорғаған нағыз
батырдың сөзі.
- Бұл кісі батыр ма, жоқ па, онысын білмеймін.
- Асыл сөз қамалды да бұзады. Мынау да сол...
- Бұл Гитлерге қарсы соғысқан жауынгердің сөзі.
- Ендеше ердің сөзі екен. Тыныш жатқам Совет еліне бүйідей тиген қанқұйлы жауды өз
жерінен қуып шығып, қанішер Гитлердің көзім құртқан ерлерді өлімнен қорқады деуге
ешкімнің де аузы бармайды. Елім деп еңіреп туған ерлердің ісі бұл!
- Тағы да тыңдаңыз: «Адам ұлы адамша өмір сүрсін, адам дүниесі шын мағынасында
адам дүниесі болсын? Біз осы үшін күресеміз, осының жолында өмірімізді аямаймыз да!
Өмір үшін күресте біз өлім дегеннен сескенуден жеркенеміз!»
- Иə, əлем халқы сол үшін, адамзат дүниесі үшін күрескен совет адамдарына бас иіп,
құрмет тұтады.
- Өй, өзің Мырзекеңмен айтысып отырсың ғой, — деп күледі Кенже ағам киініп жатып.
— Түнімен дайындалып па ең?..
- Кенжебай, тоқтай түр... — деді Мырзабай нағашым сөзін бөліп. — Талас емес, мəнді іс
болып отыр. Ал, мынауың бар ғой, ойға қонатын дəмді сөз екен. Əрі қарай оқышы?..
«Адам бір-ақ рет туады, бір-ақ рет өледі».
- Елі үшін айқаста ездік жасаған қорқақтың өлімін халық екі рет өлгенге жориды. Иə,
тағы?..
- Тыңдаңыз: «Өлім əр түрлі болады: біреу суықтан өледі, біреу қыз үшін қырқысып өледі,
енді біреулер аурудан өледі. Мұндай өлімдерді естігенде құр ғана қынжыласың да қоясың.
Ал, естігенде үлкен құрметпен бас иетін өлім де бар! Ол — майданда ерлерше өлу!»
- Иə, халық батырына бас иеді. Мынау да қас батырдың сөзі. Өйткені оның жүрегі
жалынды. Сол жалынның лебі мына сөз!
Нағашым ойға шомып отырып қалды. Дөң қабағы жыбырлап, жанары əлдеқайда
қадалады.
- Мырзеке, — дедім қажай түскім кеп. Байыппен аз сөйлейтін бүл кісі ойын түйіндеп
айтатын." Көп жағдайда сол айтқаны ауыл арасында шарт боп қалатын. — Өмір дегеннің не
екенін түсіндіріңізші?..
- Тіршілікті біздің қазақ өмір дейді. Адам тіршілігінде қызық көреді, ойнап-күледі, жар
сүйеді, бала сүйеді, тіпті небір қайғы-қасірет те шегеді... Өмір дегенің — сол... Өлген соң
бəрі де қалады.
- Жоқ бұлай шектеуге болмайды. Мынаны тыңдаңыз: «Өмір деген не? Жаңа туған адам
дүниенің есігін қағып, бірінші баспалдаққа шығады. Оның алдында бұралаңы көп ұзақ жол
— өмір жолы. Адам бір жоғары көтеріліп, бір төмен түседі, тағы да жоғары көтеріледі. Осы
бұралаң жолмен ол тез қозғалып, асыға ұмтылып, алға басады. Ол ширақ, ол шат. Ол осы
жолының бір жерге жетіп, таусыларын да біледі. Бірақ одан да қорықпайды. Оған қымбат —
сол бұралаңы көп ұзақ жол. Мəңгілік өмір — бір кешке бір көш жалғасып, ұрпақ ауысып, ел
жаңарып отыратын сол ұзақ жолда».
- Білімпаз ғұламаның сөзі. Біз іргедегіні ғана көретін қара қазақпыз ғой... — деді
нағашым əлденеге мойынсал болғандай. — Міне сендердің үйренетін, көкейлеріңе тоқитын
сөздерін осы...
Содан бері талай жыл етті. Содан бері осы бір кішкентай кітапша қойнымда жүр,
қолымнан түскен емес.
«Жастың жаны бір» дегендей, еліммен арпалысқан жас адамның өмірге шексіз
құштарлығы, мөлдір махаббаты, өз Отанына, туған еліне деген сарқылмас сүйіспеншілігі
менің де жас жүрегімді тербетумен болып еді, дүниеге ұғымымның өрісін де кеңейте түсіп
еді.
Міне, менің қолымда — сол жылдары алуан-алуан ұлағатты сөздер көшіріліп, неше қилы
əсерлер жазылған блокнотым. Ақтарып қарасам, соның бір жерінде: «Мен өз Отанымдағы
өзімдей жастарды көрмесем де оларды өзімнің нағыз жолдастарым деп санадым. Себебі
менің жүрегімнің өмірі, адал ниетім олардың тасқындаған жалынды жігерімен үндесіп,
қабысып жатты», — деп жазыппын. Менің жүрегіме таң шапағындай сəуле құйып, ойымды
оятқан, сезімімді түбірімен тербеген алау жалын — о баста Бұлқышевтың айбынды үні
арқылы өршіген сияқты.
Содан бері талай кітап оқылды.
Бірақ «Заман біздікін» асыл мұрадай сақтап келем. «Келіннің бетін кім ашса — сол
ыстық» дегендей, осы бір кішкене ғана кітапша мен үшін де ете ыстық. Бұл кітапшаға талай
қимас достарым мен жолдастарым сауға салып, қолқалаған, аттай қалаған. Бірақ мен бұл
кітапшаны ешкімге де ия алған емеспін. Өйткені халық алдындағы борышымды, өз
адамгершілігімді, адамдығымды таразылауыма Баубек маған осы кітаптағы адал да қайсар
сөздері арқылы ағалық жол нұсқап, əділ төреші болып тұрғандай. Кітапты анда-санда бір
оқып қоюды езімнің парызым сияқты сезінем ылғи.
Октябрь 1976 ж.
ƏНУАР ƏЛІМЖАНОВ
ҚАШАН ДА КЕРЕК КІТАП
«Ер басына күн туса, етікпенен су кешер» депті халық. Бұл қиын-қыстау күн туса,
халықтың қандап қиыншылықты болса да жеңуге жан аямайтындығын көрсетеді. Өткен
соғыста да осылай болды. Батыс Европаны алдымен жалмап алған фашистер араны ашылып,
Совет еліне тұтқиылдан тап берді. Фашистер адамзат қоғамының мыңдаған жылдық ерен
ескерткіштерін жойып, ежелгі кітаптарды отқа өртеді. Сөйтіп өздерін мəдениеттің нағыз қас
жауы екенін танытты. Сонымен бірге олар тұтас елдер мен халықтарды құртып, жер. бетінен
жойып жіберуді мақсат етті. Фашистер зұлымдық лагерлерінде азаптап өлтірген адамдарға
сан жетпейді. Жүздеген мың аналар мен миллиондаған балаларды газ камераларына қамап,
тұншықтырып өлтірді... Сол опат болған миллиондар ішінде танылып үлгермеген қаншама
Шопендер мен Шаляпиндер, Эйнштейн мен Королевтар кетті десеңші!
Фашизм бізді жеңе алған жоқ, жеңуге тиісті де емес еді. Өйткені ол адамның
адамгершілік рухына қас болды. Ол жақсыдан жақсыға ұмтылған адамзат қиялының қанатын
қырқып тастауға тырысты. Ол əділеттің жауы, ақылдың дұшпаны еді. Сондықтан да ол
адамзатқа жендет болып, желкесіне қылыш төндірді. Сол себептен де фашизмге қарсы
шайқаста адамның қаһарман күрескер, қалтқысыз өмір зергері ретіндегі барлық қажыр,
қайрат, талант қуаты жанар таудай атылған жойқын күшке айналды. Сол жойқын күштің бір
саласы табиғат бойына талант ұшқынын Дарытқан жыршы, ақын, ғалым, жазушы,
конструктор, журналист жəне əскери қолбасшылардың сөзі мен ісі болды.
Мұның мыңдаған мысалдарын атауға болады. Сол кеп мысалдың бірі — Баубек
Бұлқышев. Қазақстан топырағында туған бүл жас жігіт ежет солдат қана емес, сонымен бірге
ерен ақын, арманшыл азамат екенін де айқын танытты. Ол өмірді сүйді, адамзат
мəдениетінің өркеш-өркеш өрелі биіктерін жанындай жақсы көріп, құрметтеді.
Ол тек қана өлең жазып қойған жоқ. Жаумен жан беріп, жан алыса айқаскан ұрыс
толастап, саябыр тартқан азғантай тыныштық, сəттерде ол жаралы жер, оқ қиған орманға
елжірей кез салды. Дəні үгітіліп, жерге төгіліп жатқан егінге емірене қарады. Көктегі
жұлдызға көз салып, жақсы көрген кітаптарының бетіне үңілді. Сөйтіп ол осы көргендерін
өзгелерге айту үшін, өз замандастарының зердесіне жеткізу үшін ашық түндерде ай
жарығын, қараңғы түндерде жертөледе қалтылдаған май шамның көмескі сəулесін сағалап,
«Комсомольская правдаға» хаттар жазды.
Сол хаттарды мен тұңғыш рет студент кезімде оқыдым. Онда да кездейсоқ кездестім.
Оқуды тамамдап қалған кезім еді. Екі түрлі диплом жұмысын жаздым. Біріншісі, «XVIII
ғасырдың отызыншы жылдарындағы орыс журналистикасындағы қазақ тақырыбы», екіншісі
— «XIX ғасыр орыс əдебиетіндегі казак, тақырыбы» деп аталды. Бірақ сол екі жұмыстың
екеуі де кафедрада қабылданбай қалды. Ғылыми жетекші жоқ деген сылтау желеу болды. Ол
кезде, елуінші жылдардың бас жағында, өз тарихына өгейлік көрсету рəсімі басым болатын.
- Нені жазбақсың? Ол кезде орыс тарихнамасында «қазақ» деген сөз де болған жоқ қой,
— десті маған. Содан соң «Комсомольская правда» газетінің беттеріндегі «Əдеп тəрбиесінің
проблемалары» деген тақырыпта жаңа диплом жұмысын жазуға кеңес берілді.
1954 жыл кіріп, көктем туған кез болатын. Тың игеру ісінін дүбірі жер жара естіліп
жатты. «Комсомольская правда» беттерінде жастар тақырыбына арналған айтыстар өтуде
еді. Міне, осы кезде мен «Алма-Атинская правда газетінің редакторы А. Першиннен үшінші
диплом жұмысын жазуға екі аптаға рұқсат алып, Пушкин атындағы кітапханаға келдім. Ұзақ
күндер бас көтерместен газетке үңілдім.
Міне, сол күндердің бірінде қолыма «Комсомолканың» соғыс кезіндегі бір тігіндісі
түсті. Өзіме қажеті болмаса да, қарап шығайын деп ойлап, сарғайған беттерді самарқау
парақтап отырып, Баубек "Бұлқышевпен кездестім. Оның бір хатын оқып тауысқаннан кейін,
екінші хатын іздей бастадым... Содан соң оның өзі туралы деректер іздестірдім.
Сымбат пен сұлулық, достық пен махаббаттың, мəңгілік жыры іспеттес бұл хаттар менің
жан жүйемді тебірентті. Фашизмге деген өшпенділікке толы бұл ғажайып хаттардың сол
кездегі сұрапыл соғыс күндері мен түндерін бастарынан кешкен адамдарға еткен əсер күші
қаншалық, болды десеңізші?!
Баубектің майданнан жолданған хат түрінде жазылған бүл публицистикасы поэзиямен
пара-пар. Өйткені ол шынайы көркем, шын мəніндегі талантты дүниелер. Өзегі өмірдің
езімен алынып, мəңгілік махаббатқа негізделген бұл публицистика тек қана поэзия емес,
оның үстіне бүкіл болмысымен барынша философиялық шығарма.
Бұл хаттардан біз жас, жалынды Баубектің нақ өзін көріп тұрғандай. боламыз.
Ағылшынның ақын суретшісі Блейкті «Бір сəттен — мəңгілікті көруге, бір қиыршық құмнан
— дүниенің кеңдігін тануға, бір уыс топырақтан — шексіздікті ұғуға, гүлдің жалғыз
қауашағынан аспан əлемін аңғаруға» қабілеті жететін адамдар болмағы жайында айтқан
пікірі нақ біздің Баубекке арналған сияқты боп көрінеді.
- Біз Баубектің мақаласы шыққан «Комсомолканы» іздеп жүретінбіз. Кездесе қалса,
таласа оқып, бірімізден бірімізге беретінбіз. Содан соң мақаланы қиып алып, жертөле
қабырғасына іліп қоятынбыз. Өйткені əскерде: «Оқы да, жолдасыңа бер» деген тəртіп бар,
— дейді майдангер жазушы Сəуірбек Бақбергенов.
Баубектің таланты тұңғыш рет окопта қанат қақты. «Комсомолка» оның хаттарын асыға
күтіп отырды.
Бір, екі, үш хат... Бір кезде жауынгер хаты тоқтап қалды.
Тоқтағаны, басталған хат аяқталмай қалды. Шырқалған əн шорт үзілді, махаббат мұңға
айналды. Арманшыл азамат фашистердің оғына ұшты. Оның бойындағы талант бар қуатын
танытып үлгермеді.
Бірақ ол қаруластарының есінде, солдаттардың жүрегінде, оқырмандардың көкейінде
қалды. Мəңгі жас, үнемі солдат күйінде, Жақсылық пен Əділдіктің қажымас қамқоры
есебінде қалды.
...Мен Баубек хаттарын бірінші рет оқып, оған арнап. мақала жазғаннан бері жыл
артынан жылдар өтті. Енді, міне, қомақты кітап оқырман қолына тиді. Толықтырылып,
қайта жинастырылған Баубектің өз кітабы, Баубектің өзі туралы кітап!...
Егер біз алғы буындар туралы естеліктер жинап, олар жайындағы шындықты қалпына
келтірген, сөйтіп, оны мəңгілік мура етіп, ұрпақтар қолына өткізуге тырысқан адамдар зор
құрметке бөленуі тиіс дейтін болсақ, Сейілхан Асқаров сол құрметке лайық азамат. Ол
документтер мен замандастарының естеліктері бойынша бізге Мəншүк пен Əлия сияқты
қаһарман қыздарымыздың бейнесін жасап берді. Енді, міне, жас Баубекті жалындата
жанымызға жеткізіп отыр. Асқаровтың қажымас еңбеккер, талантты зерттеуші екенін
мойындауға тиістіміз. Бұл ғажайып бейнелердің «соғыстың жалауы боп жалтылдаған жас
комбаттар» (Ю. Друнина) сияқты, жарқылдап жанымызда жүргеніне қуаныштымыз.
Қазір, адамдар жүрегі күпті болып тұрған шақта, халықтардың бейбітшілік жолындағы
жойқын күресі жүріп жатқан кезде бірде Таяу Шығыстан, бірде Оңтүстік Атлантикадан
зеңбірек күркірі кезек естіліп жатқан жағдайда, бүкіл планетаға ядролық ақыр заман қаупі
төніп тұрған казіргі кезеңде бізге жəне барша адамдарға мұндай кітаптар аса қажет. Мұндай
кітаптар сенің де, менің де балаларыма керек. Өйткені оларға Мəншүк пен Əлия сияқты,
Баубек ерлігі де өмірдің тағылымды сабағы.
Февраль 1984 ж.
ТҰРСЬІНБЕК КƏКІШЕВ
ДАУЫЛДЫ ЖЫЛДАР ДАБЫЛЫ
1942 жылдың 1 майы күні «Комсомольская правда» газетінде «Майдандағы қазақ
жасының дəптерінен» деген түсіндірмемен «Өмір мен өлім туралы» Баубек Бұлқышевтың
ыза мен кек тұтқан отты толғауы атой салып еді совет публицистикасында. Одан əрі Баубек
сөзі, Баубек ойы нəрлі де құнарлы шығармаларға жалғасып, Одақ оқушыларына таралып
жатты. Əр жаңа туындысы салиқалы ой, салмақты пікірге, жалынды да отты сезімге толы
болды. Адамзаттың қас жауы — неміс фашистеріне деген ашу-ызадан өрбіген отты
сезімдерді Баубек бəрімізге ортақ орыс тілінде білдіріп жатты.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ əдебиетінің дамуын сөз еткенде Қасым
Аманжолов пен Баубек Бұлқышевтың есімдерін ауызға алдымен аламыз. Екеуінің өнер
өлкесі екі салада болғанымен рухтары, өмірді сезіну, ой түю жайлары бар. Бірі өлеңмен, бірі
ойлы да отты қара сөзбен замана тынысынан нəр алып, кезеңдік шындықты əсем жырлай
білді. Бұл — ой, идея ортақтығы деген жалпы қисынмен ғана емес, ішкі рухани тынысымен
тамырласып жатқан керемет бір көркемдік құбылыс.
Баубектің əскери очерктері мен публицистикасының бар лейтмотиві Қасым
Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» атты атақты поэмасының бас кейіпкері
Абдолла Жұмағалиевтің монологымен іштей сабақтасып:
Күллі əлемнің ашу - кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені
Бомба бол да жарыл жүрек! — деп атой салады.
Баубектің жалынды шығармаларын оқып отырғанда жан-жүйеңді түршіктірген ыза-кек,
жауға өшпенділік, досқа бауырмалдық сезімді тудырып, əрқашан лирикалы жылылықпен
қабаттаса суреттеліп, айбынды қимылға бастағандай болады.
Өлім мен өмір белдескен шақта Отанды сүю сезімінің еселене түсетіндігін Баубек «Мен
өмір сүргім келеді!» атты публицистикасында жақсы айтты. Сүйе білген жүрек жек көре де
біледі. Ол досына адал, жауына қатал. Сондықтан майдандағы əскери қаламның сиясы
жүректің қаны болды да, елге жеткен жалынды сөз рухани күш берді. Баубектің «бізбен бір
сапта жауға деген шеті қиыры жоқ кек жүрді» деген сезімі шынайы.
Өзінің жəне өзімен бірге қан майданда жүрген құрбыларының отаншылдық сезімін
жырлаған уақытта Баубек өзінің кіндік қаны тамған Ұлытауды, жалпақ дүниенің
жартысындай жайылып жатқан қазақ даласын, жаңа дəуір орнатқан совет елін ажырамас
тұтастықта сезіне білді.
«Харьков маңында соғысып жүрген қазақ жігіттері құтқарылған украин жерін құшып
сүйгенін газеттен оқығаным бар. Біз бұл хабарды бір украин жігітімен бірге отырып оқыдық.
Онымен құшақтасып тұрып, сүйістік, жыластық та. Біз ат жалын тартып мінген адамбыз, біз
жауынгерміз. Жау қанша қорлық көрсетсе де бізді жылата алмас еді. Бірақ, бұл жерде
жыладық», — деп хабарлайды өмір мен өлім белдескен окоптан Баубек.
Оларды туыстырған патриотизм. Совет заманы тəрбиелеген жандардың адал сыры бұл.
Олар үшін кең байтақ Отан біреу, ол — Советтер елі. Сондықтан Баубек «Шығыс ұлына хат»
жазады да, «Тыңда, Кавказ!» деп сыр шертеді. Неміс фашистері өртеп, тып-типыл қылып
кеткен орыс селосы, ойрандалған украин хуторлары, қаһарлы қарт Кавказдың ауылдары мен
деревнялары Баубекке өзінің Сарыарқасындай ыстық, жақын. Снаряд жайратқан қара орман,
бомба ойған қара жер, фашист оғына душар болған тіпті қара қарға да Баубекті терең ойға
батырады.
Отаншылдық сезімді ардақтап, халықтар достығын əсем əндей жырлай білген Баубектің
өміршең мұрасының бір мəнді саласы — келешек, бақытты болашақ туралы жарқын да
алымды ойлары, арманды үміті.
Өзінің өнерімен, балауса өлең - жырымен, əсіресе Ұлы Отам соғысы жылдарында неміс
фашистеріне деген өшпес ыза-кекте қайралған, жастық жалынға, Ұлы Отанына деген аяулы
сезімге толы шығармаларымен жарқырап көрінген, сөйтіп қазақ əдебиетінің өркендеуіне
өзінің үлесін қосқан Баубек Бұлқышев əдебиет тарихынан, халықтың ұлы майдан тарихынан
мəңгі орын алды.
Март 1975 ж
ҚАМАЛ СМАИЛОВ
БАУБЕКТІҢ САБАҚТАРЫ
Менің Баубек туралы естелігім онша мол емес — ол жөнінде ойлар көп. Ол Ұлытау
баурайынан Қарсақпайға, Қарсақпайдан Алматыға аттанған кезде мен 3—4 жастарда ғана
болатынмын. Бір жазда ауылға келіп, Баубектің көп ойыншық əкеліп бергені есімде бар.
Содан кейінгі естелік, əрине, соғыс жылдарына байланысты. Менің əкемнің атына
«Аға!» деп басталатын əскери үшбұрыш хаттар мен аяғында «ВЦ» деген белгісі бар ашық
хаттар үздіксіз біздің алыс ауылға келіп тұратынын жақсы білем. Сонда мен оған жауап
хаттар да жазған екенмін. Оны кейін Баубектің Мұқанға жазған хаттарынан білдім. Ол бір
хатында Мұқанға: «Бауырым, сенің мақалаларын «СҚ-ға» жиі жарияланып тұрады деп маған
ауылдан Сейітжанның кішкене баласы жазады. Мен оған өте қуаныштымын», — деп
жазыпты. Екінші бір хатта да осылай деген.
Сонда мен 2—3 кластарда оқитынмын, демек сонда «Социалистік Қазақстанды» да
қарайтын болғаным ғой (ол аса есімде жоқ), ал «Октябрь балалары» газетін үзбей жаздырып,
қызыға оқитыным есімде!
Енді бір хатында (4 сентябрь 1941 жыл) «Сейітжан ағайдан хат алдым. «Сендерден басқа
тілек былай қалды», — дейді. Аяймын».
Сол Сейітжан — менің əкем, ауылдың мұғалімі. Баубекке де сабақ берген. Баубектің
əкесі Бұлқыш Байқоңыров (Байқоңыр мен Смаил бірге туған) пен анасы Бəтима көзі ашық,
жазу-сызудан хабары бар, көңілі ояу адамдар болған.
«Жас Баубекті, — деп жазады журналист Валерий Могильницкий «Жұлдыз» журналында
жарияланған
(№
3,
1983
жыл)
«Баубек
Бұлқышев
атындағы
көше»
деген
корреспонденциясында, — ауыл мұғалімі Сейітжан Смаилов қанатына алып, қамқорлығына
бөледі. Сейітжан мұғалім сондай жаны жомарт, құшағы кең, қайырымы мол азамат еді.
Жалғыз Баубек емес, талай жас өркендер Сейітжан Смаиловтың көмегі арқасында білім
алып, өмірден орын тауып, ел. қатарына қосылған».
Өзінің туған əкесі туралы жылы сөз есту кімге болса да қуаныш. «Октябрь балалары»
газетінде шыққан бір əңгімесінде Баубек Өтебай деген құрдас бала туралы əзілдей жазады.
Өтебай деген кісі сол ауылда, Сарлықта болған Сахан Барбосынов деген кезінде Амангелдіге
қару соққан тамаша ұстаның баласы еді. Өзі де кейін» ұста болып, адал еңбек етті. Сондай-
ақ, Баубек Мұқаш деген құрдасын, досын қатты кұрметтейтін, соғыс кезінде хат жазып
туратын. Ауыл мектебінде бірге оқыған достарынан қазір сол Ұлытау Жезқазған аймағында
Тұрсын Ысқақов, Қарабай Тұрсынбаев деген кісілер бар. Олар Баубектің бала кезінде өте
зерек, сезімтал, білімге құмар, жомарт жанды болғанын сүйсіне айтып отырады.
Қазіргі белгілі де беделді публицист Юрий Жуковтің соғыс кезінде «Комсомольская
правдаға» жалынды мақалаларын жазған жас Баубекті есіне сақтап қалғаны, есінен
шығармағаны біз үшін үлкен қуаныш та мақтаныш болды ғой.
Əлі есімде, жетпісінші жылдардың басында «Қазақ - фильмге» белгілі журналист -
зерттеуші Сейілхан Асқаров Баубек туралы деректі фильмнің сценарийін алып келген. Сол
фильмді жасайтын режиссер Юрий Пискунов əуелі Баубектің туған, балалық шағын өткізген
жері — Ұлытау, Қарсақпай аймағына, қазіргі Амангелді совхозының (бұрынғы «Бірлік»
колхозы, Сарлық, Қорғантас ауылдары) жеріне барып Баубектің бала кезінен білетін Мұқаш
Бимағанбетов секілді қарттармен, басқа да ауыл адамдарымен кездесіп, сөйлесіп қайтты.
Олардың естеліктерін фильм үшін жазып алды. Ұлытау баурайынан оралған соң, олар
Баубектің жалынды публицист болып елімізге, əлемге танылған жері — Москваға бет алды.
Баубектің жалынды мақалалары жарияланған кезде «Комсомольская правда» газетінің
майдан бөлімінің меңгерушісі болған Юрий Жуковке бармақ, сауал салмақ болды. Ол бір
ғажап интервью болды. Кейін сол əңгіме «Ленинская смена» газетінде толық жарияланды.
Баубек Бұлқышевтың айналдырған алты жылдың ішінде орысша білмейтін ауыл баласының
қатарынан бүкіл совет жастарының газеті «Комсомолкаға» орыс тілінде терең ойлы, отты
сезімді, сергек сөздермен жан тебірентер публицистикалық, мақалалар жазуы, жалындап
еліміздің көгіне дабыл қаға шығуы — ғажайып самғау, ғаламат талант шырқауы. Қазақ
халқының атын танытты, халқымыздың рухани бейнесін білдірді - ау!
Соғыс басталардың алдында алыс қазақ, аулында өсіп, Қарсақпайдың ФЗУ мектебін ғана
бітіріп, содан Алматыға келген, осы астанада айналдырған алты жыл ғана тұрған, оқыған,
қызмет еткен, сөйтіп əскерге шақырылып, Армияға кеткен. Сосын майданға аттанып, үш
жылдан астам қан кешіп жеңіске бір жылдан сəл ғана асар мерзім қалғанда қаза тапқан.
Болашаққа көзді көп салатын, көңілін көп жүгіртетін. Үнемі болашақ туралы ойлайтын
еді! «Адам дүниеге жай ғана келіп, жай ғана аттана бермейді, ол артында ой қалдырады,
ойдан мұра қалдырады. Ол өмірге адам болып келіп, адам күйінде қайтады», — деп жазды
Баубек. Оның өмір ұраны, кредосы осы еді ғой. Артымда бір алақандай кітапшам қалса екен
деп армандаған Баубектің артында тамаша публицистикалық мақалалары, өлеңдері мен
поэмалары, əңгімелері мен аяқталмаған романы қалды. Бағалы дүние, рухани салмағы мол
дүние қалдырып кетті Баубек!
Ол ақын да, жазушы да, композитор да болуды арман еткен. «Мен өзімшіл екем» дейді
ол. «Мен жаспын, мен өмір сүргім келеді. Ең қызықты өмір əлі де алдымда екенін жақсы
білемін», ал Гетенің «біздің тəңірден алған ең үлкен сыйымыз — өмір» дегенін еске алады,
алға тартады да сол бір неміс солдатының, фрицтің өлерде қиналғанын көріп, не үшін өлмек
екенін сұрапты. Ол диалектикалық деңгейде сөйлейді. Неміс фашистеріне қарсы бүкіл адал
адамзат атынан сөйлейді. Иə, Баубек — қазақ халқының перзенті, Қазақстанның ұлы. Əр
мақаласында ол арқасын өзінің қадірлі де қуатты Қазақстанына тіреп, сүйеп отырады. Сол
соғыс кезінде жауға атылған он оқтың тоғызын қорғасыннан құйып (Ащысай мен Текелінің
рудасынан алған Шымкент қорғасыны), мысымен қаптаған (Жезқазған мен Қоңырат
рудасынан Балқаш балқытқан мыс) туған Қазақстанның жазушы орынды мақтан етеді.
«Менің көз алдыма: «Қарағым ұлым, тағдырым сенің қолыңда», — деп тұрған ізгі ана —
қазақ əйелінің бейнесі келеді. Бұл маған Отан өміріне төнген қауіпті аңғартады. «Ұлым,
туған еліңді сақтап қал!» — дегендей болады».
Одан əрі жалғайды ойын: «Жаман солдат болуға біз,- дің правомыз жоқ. Біз ерліктің екі
бірдей мектебінен тəлім алдық. Біз Шығыстың Қобыланды, Тарғын сияқты батырларынан
ерлікті бір үйренсек, бауырлас орыс халқының қолбасшылары Суворов, Кутузовтардан екі
үйрендік. Біз Исатай мен Махамбеттің, Амангелді мен Абайдың халқының балаларымыз».
Осылай екі деңгей, екі сезім Баубек толғауларында қатар өріліп, қатар өрбіп отырады.
«Екеуміз де (орыс досы туралы айтады) оқты қойын-қонышымызға толтырып алған екенбіз.
Екі қапшықты ортаға қойып ол маған: «Шымкенттің, Жезқазғанның дорбасын ашып
қойдым», — деп күлімсірейді... Шымкент, Жезқазғанның гигант қабырғасына арқамды
сүйеп отырғандай болдым», — деп жазады Баубек «Жауыздық пен махаббатта». «Пай-пай,
Алматы - ай! Сенің кешкі бір ауаң тіпті есімнен кетпейді. Əсіресе көк жасылға бөленген
шілдедегі кешіңе тіл жете ме? Тамаша қиялға батырады. Поэзия қаласысың сен! Жүрегімді
мың бұрап, ойлы, əсерлі, əсем қиялға бөленген ғажап қала, сен туралы, сенін батыр ұлдарың
туралы жазбақпын», — деп уəде береді Баубек.
Сонда «Алматы — қалам менің» деген романын бастап та кетеді. Бұл — сол кездегі
(қазір де) Алматы туралы алғаш роман болатын.
Баубекті тек қазақ публицист жазушы деп санамау керек. Оның жалынды мақала
хаттарының бүкіл еліміздің жастары тарапынан қолдау - қостау табуы, жүздеген хаттардың
келуі Баубектің ойы мен сезімі — барлық жастар көкейінен шықты деген сөз". Соғыс
кезіндегі
Константин
Симоновтың,
Илья
Эренбургтің,
Борис
Полевойдың
публицистикасының сапында, санатында Баубектің де аталуы орынды, заңды.
Оның ең тамаша публицистикалық толғаулары «Өмір мен өлім туралы», «Өмір сүргім
келеді», «Заман біздікі», «Шығыс ұлына хат», «Тыңда, Кавказ», «Жауыздық пен махаббат»
1942—1943 жылы жазылып, сол жылдары жарияланды ғой. Ең шабытты шағы болған сол
жылдар Баубек үшін. Біз зер салар жəйт — Баубектің публицистикасы қызыл сөз, жалпылама
ұран емес, нақты мысалдар, дəйекті деректерге тиянақтай ой түйеді, сезім серпітеді.
Оның мақаласынан бүгінге үлгі болар нақтылықты, ой тереңдігін, идея беріктігін, сезім
кіршіксіздігін көреміз, ұғамыз!
Баубектің тағы бір сабағы — қолдан келгенде елдің биігіне, көгіне шығандап шырқау.
Егер ол өз ауылымызда, өз арамызда қалса, соншама елге танылар ма еді. Бүкіл ел алдына
шығу үшін сол деңгейде сөйлердей орыс тілін сол дəрежеде білу керек! Тіл ғана білу емес
сол биікке көтерер де көтерілер ой керек! Сол ой Баубекте болған! Мол болған! Оған дейін
дəл осындай Одақтың даңқ көгіне қазақ аты ұлы Жамбылдың жырларымен шырқаған
болатын.
Халық өзінің асыл ұлдары, талантты перзенттері арқылы əлемге танылады деген. Баубек
туған халқын танытқан тамаша перзенттерінің бірі болды.
Мұқан Иманжановпен екеуінің достығы тек бір ауылда туып, бір класта оқып (бір ауылда
туып, бір класта оқыған балалар көп қой), бірге өскендіктен ғана дос емес еді. Ол болашаққа
арманның бірлігінен, өмірге ұмтылыстың ұқсастығынан, ой-пікірдің, дүниеге көзқарастың
түйіскенінен туған, шыныққан нағыз достық болатын.
Екеуінің бір-біріне жазған хаттарындағы жай сентиментализм емес, шынайы елжіреген
жүректің сезімі шып-шып шығып тұрған жоқ па?!
Баубектің бір трагедиялы өлеңі бар. Ғажап! Ғаламат! Оны сол өлкеден шыққан
Мұқанның інісі СССР Медицина ғылымы академиясының толық мүшесі Төрегелді
Шарманов екеуміз отырып оқығанда қатты тебіренгеніміз бар, сол екі абзал ағаларымыздың
ғажап өмірін жалындаған талантына, адам қызығар достығына қайран қалып: «Шіркін,
солардай болар ма еді!» — деп қызығатын едік. Ол өлеңде былай делінген:
«...Майданда сөйтіп бір күн мен өлермін,
Қоштасып жер бетінен жөнелермін.
Бір өлген соң қайғы жоқ, уайым жоқ,
Қандай болар, о, сонда жайың сенің?
Рөлін өзі атқарар нашар жүрек,
Тереңіне батарсың дүниенің,
Ұлытау құлағаннан кейін соқпас,
Тірегі туып-өскен біздің жердің,
- Сөз де түспей ауызға, — дей берерсің,
«О, өлім, жауыз өлім, жауыз өлім!»
Қиын зат жан шығуы жас адамнан,
Ауыр боп өзімді-өзім көтере алман.
Соңғы рет кен дүние, шын достарым
Біртіндеп өтіп жатыр көз алдымнан.
Оһ, сонда көрісе алмай кеттім - ау деп
Бір-ақ сөз тілден кетпес деген «Мұқан...»
«Жанымның орны бос тұр, ол енді жоқ, —
Егіліп дерсің! — Алған сұм қара жер».
Сонда бір жақын досың түрегеліп
Жырыңды «Адам» деген оқып берер.
Баубек пен Мұқанның туған жерлері қатар жатыр. Баубек туған Сарлық пен Мұқан туған
Қызылүйдің арасында Қосшоқы тұр, сол Қосшоқыдан Кенембай тоғанына дейін созылған
қырлар сілемі бар. Жазық даланың ортасында көгілдір Ұлытаудың қос інісі секілді сол екі
қоңыр шоқыны көргенде, осы кен жазық даланың екі тамаша ұлын, мақтаныш перзентін
көргендей сезім ұялайды. Кен даланың төсінде, еркін жел құшағында, көгілдір аспан
астында туған, Ұлытау баурайында өскен екі азамат ауылдың ұлы болып туып, халқының
ұлдары бола білді. Ұлытау саясында туып, Алатау аясында тамаша жазушы азаматтар болып
қалыптасты, қазақ əдебиеті ғана емес, 40—50 жылдардан совет əдебиетінің белгілі өкілдері
қатарына қосылды. Баубек публицистикасының бүгінгі журналистер үшін сабақ үлгі болар
қасиет сыпаттары бар. Ең алдымен, өз ауылың — өз аймағында шектеліп қалмай, айтар
ойың, сол ойды жеткізер ширақ сезім мен сөзін болса, жасқанбай, тұйықталмай бүкіл елдің,
əлемнің алдына шығып, одақ масштабында сөйле деген сабақ, Баубекке дейін осылай
одақтық трибунадан даусы, сөзі бір емес, бірнеше рет естілген қазақ ұлы Жамбыл ғана
болатын. Оның таңдаулы публицистикалық толғауларының «Комсомольская правданың»
бетінде жариялануы тамаша! Бүгінгі Əнуар Əлімжанов, Əбдіжəміл Нұрпейісов, Олжас
Сулейменов сияқты қазақ, публицистерінің одақтық дүние жүзілік аренада көрінуі, сөйлеуі
Баубек ұмтылған, армандаған іс. Баубектің өмірі мен творчествосы жас журналистер үшін
ерекше мектеп, ғажайып үлгі. Сондай жалынды, сондай шабытты, сондай білімді, сондай
өнімді журналист болу — əрқайсысының арманына айналуы керек.
Осы орайда Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан комсомолы Орталық
Комитетінің жас журналистерге беріп отыратын Баубек Бұлқышев атындағы арнайы сыйлық
тағайындауы тамаша іс. Сонау Ұлытау орта мектебінде Баубек атындағы пионер дружинасы,
Сарлықта көше, Жезқазған қаласында арнайы көше болуы өте ұнамды. Енді Баубек
Бұлқышев атындағы көшені оның өзі сүйген, қадірлеген, қазақ жазушылары арасында
Алматы туралы алғаш роман жазған қаладан да көрерміз деген оқырмандар тілегіне ден
қойған дұрыс-ау.
Баубекке ескерткіш те орнатса деген С. Аскаров идеясы да бір кезде іске асар.
Баубек елге аман-сау оралғанда, 29 жасар жігіт сусап келіп білім кəусарына бас қойғанда,
(ол өздігінен оқып дағдыланған!) құлшынып келіп əдебиетке бел шешіп кіріскенде (оның
ойланып, басталмаған, басталып аяқталмаған шығармалары қаншама еді!), ол нендей ғажап
туындылар əкелетін еді, қандай ғажап жазушы (ол өлең мен поэма да, роман мен əңгіме де,
толғау мен публицистикалық мақала да жазды ғой!) болатын еді деген өзек өртейтін
өкінішті сұрақты жұрт көп қояды. Əсіресе жастар соны көп айтады.
Əрине, ол ғұлама білім иесі болатыны сөзсіз еді. Сол кезде ол көп білетін.
Мақалаларында кездесетін ұлы есімдер естігеннен емес, оқығаннан болатын. Əрине, ол
шабыты кемелденген жазушы бола түсетін еді.
Ол əдебиеттің өзі игере бастаған бар жанрында жазар еді! Ол, əрине өзі тең біліп, тең
меңгеріп алған ана тілі мен орыс тілінде катар жазар еді!
Əрине, ол Олесь Гончар мен Юрий Бондарев, Шыңғыс Айтматов пен Василь Быков
секілді соғыстың философиялық, моральдық, психологиялық аспектілерін терең ашып жазар
еді ғой!
Əрдайым өз заманының, өз уақытының тынысын, тамыр соғысын жіті сезіп отыратын
Баубек соғыстан кейінгі бейбіт өмірден жаңа «Алматылықтары» мен «Алтын сағатын» табар
еді!
Оған сөз жоқ. Өткенге өкіну өнімсіз шаруа. Осындай ұл болып туып, құйрықты
жұлдыздай жарқ еткеннің өзі мақтаныш, жұбаныш!
1983 жыл.
СӨЗ СОҢЫ
Ұлы Отан соғысының аса бір қиын-қыстау кезеңінде, атап айтқанда, 1942 жылы
еліміздің жауынгерлері мен еңбекшілерінің əсіресе бұлардың ізбасарлары — өскелең жас
буындарының өн бойында опасыз жауға ызбарлы ашу кек сезімін лаулатып, онымен аяусыз
күресуге ұмтылдырған қазақ жазушылары мен журналистерінің шығармалары арасында
қалың бұқараның назарын ерекше аударған Баубек Бұлқышевтың «Комсомольская правда»
жəне «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жариялаған публицистикалық мақалалары
болды. Бұл жəйт қазір баршамызға аян.
Талапты жас қаламгердің «Комсомольская правда» газетінің 1942—1943 жылғы
сандарында жарық көрген терең ойлы туындылары кезінде Мұхтар Омарханұлы Əуезовті де
толғантып, жүрегіне жылы ұялаған екен. Бұл жөнінде асыл ағамыз Асқар Тоқмағамбетов
былай дейді: «Отан соғысының отты жылдарында біз Алматыда Калинин көшесіндегі
бесінші үйде тұратынбыз. Мұнда Мұхтар Əуезов, Əбділда Тəжібаев та тұрды. Соғыста не
жаналық болып жатқанын бірімізден біріміз біліп отырамыз.
Бір күні Мұхаң маған телефон соғып:
- Асқар, сен оқыдың ба? — деді. — «Комсомольская правдада» Баубек Бұлқышевтың
«Мен өмір сүргім келеді » деген мақаласы шығыпты. Меніңше, өте жақсы жазылыпты. Ол
өзі сөйлемепті, жүрегін сөйлетіпті.
Оның өзі бір ете талантты жігіт екен. Шіркін, соғыстан аман қайтса, жазушы болайын
деп тұрған дарын екен. Сөз саптауы, ой өрісі ете терең жатыр... Маған қатты ұнады. Көзіме
жас алдым, көңілімді босатты».
Баубек Бұлқышев туған еліне соғыстан қайтып оралмады, 1944 жылы февраль айының 3
күні Украинаны жаудан азат ету үшін қиян-кескі бір шайқас кезінде ерлікпен қаза тапты.
Оқырмандарға ұсынылып отырған жаңа жинақта марқұмның барлық, дерлік
шығармаларына, хаттарына жеке-жеке анықтамалар берілгендіктен біз мұнда соларды
қайталап жатпай, ең алдымен оның бұрын-соңды жарық көрген жинақтары туралы айта
кетуді жөн көреміз.
Оның ең алғашқы «Заман біздікі» деген кітабы 1943 жылдың февралінде «Неміс
оккупанттарына өлім келсін! Қызыл əскер кітапханасы» деген айдармен жарық көрді. Оны
құрастырған жəне редакциялаған Ғабит Мүсірепов болатын. Бұған Баубектің «Өмір мен
өлім туралы», «Мен өмір сүргім келеді», «Заман, жастар, біздікі», «Шығыс ұлына хат»,
«Тыңда, Кавказ» атты публицистикалық мақалалары енген. (Көлемі 1,2 баспа табақ, тиражы
10 мың дана).
Алғашқы жинағымен аттас екінші кітабы 1948 жылы жарық керді. Қазақтың біріккен
мемлекет баспасы шығарған, көлемі 3 баспа табақ, тиражы 10 мың дана. Онда құрастырған
М. Иманжанов, қара сөздерін орысшадан аударған Ғ. Мүсірепов, редакторы Ғ. Мүсірепов
деп көрсетілген. Бүл кітапша екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Баубектің əр кезде
жазған 22 өлеңі, екінші бөлімге жоғарыда аталған прозалық шығармаларымен қатар жаңадан
«Жауыздық пен махаббат» атты публицистикалық очеркі жарияланған.
Баубек шығармаларының үшінші жинағы «Өшпес өмір» деп аталыпты. Оны 1965 жылы
«Жазушы» баспасы жарыққа шығарған. Құрастырған Дихан Əбілев, редакторы М. Сүндетов,
көлемі 5,91 баспа табақ, тиражы 12 мың дана. Мұнда автордың тек прозалық шығармалары
жарияланған. Жоғарыда аталған публицистикалық мақала очерктеріне қоса, алғаш рет
«Алматы — қалам менің» атты аяқталмай қалған романы басылған.
Ғабит ағамыз осы жинақтағы «Екі ауыз сез» атты шағын кіріспесінде былай деп жазды:
«Соғыс алдындағы соңғы жылдарда Баубектің өлеңдері көбінесе «Октябрь балалары»
журналында (газетінде С.А.) басылып жүргендіктен үлкендердің назарын тарта қоймаған
еді. Əр құралдың өткірлігін, əр күштің шама-шарқын аяусыз сынар кезеңде жас талант
серпіле сілтеп кетті. Ойлы жастың құнарлы сөзі бүкіл Совет елінің құлағына 25 жыл бірге
бір бағытта өсіп-өнген кеп ұлтты айнымас достығының үніндей естілді.
Баубек: «Заман біздікі», — дейді. Баубек майдандағы казак, жастарының атынан
сөйлейді. Тереңірек ойлансаңыз, мұның екеуі де үлкен жауаптылықпен айтылатын сөздер.
Ісіне де, күшіне де еркін сенетін жас жазушы бұл жауаптылықтан тайынған жоқ. Заман
жастардікі екені даусыз ғой. Бірақ, қандай жастардікі? Желбуаз; даурықпа жастардікі емес,
Баубек сияқты өнімді еңбек иесі деп танырлық өнерлі де, өнегелі жастардікі.
Баубектің осы кітапшада басылып отырған мақалаларының қайсысын алсақ та, өте бір
елеулі, ерекше бір мағыналы мəселелерді қозғайды. Оны қозғай алған жастың заман біздікі
деуге де, жалпы жастар атынан сөйлеуге де əбден қақысы бар...»
Баубек шығармаларының төртінші жинағы «Адамзатқа хат» деген атпен «Жалын»
баспасынан 1977 жылы жарық көрді. Оны құрастырғандар филология ғылымдарының
кандидаттары Рахметолла Ыдырысов пен Рəзия Рүстембекова Иманжанова, редакторы Д.
Исабеков, көлемі 11 баспа табақ, тиражы 35 мың дана. Мұнда жоғарыда аталған 1948 жылы
шыққан жинаққа енген өлеңдер жəне прозалық шығармалары, кезінде «Лениншіл жас»,
«Октябрь балалары», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жарияланған 11 өлеңі, бес
мақала - очеркі, екі аударма өлеңі, «Айсұлу» поэмасынан үзінді басылған.
Міне, Баубек шығармаларының жоғарыда аталған жинақтары бірден-бірге кітап жүзін
көрмеген туындыларымен толықтырылып, көлемі мен тиражы өсе түскен.
Рас, басты мəселе аталған жинақтардың көлемінде, тиражында емес, солардың мазмұны
мен шығарылу сапасында ғой. Бұл тарапта біз ең алдымен солардың дер кезінде жарық
көруі, Баубек Бұлқышевтың соңында қалған творчестволық мұрасын жас буындарға
жеткізуде, бұларды советтік патриотизм, интернационализм рухында тəрбиелеуде қосылған
келелі үлес болғанын ерекше атап өткіміз келеді.
1943 жылы шыққан алғашқы жинақтың барлық тиражы майданға, жаумен жағаласқан
жауынгерлерге
жіберілгендіктен,
тылдағы
оқырмандардың,
əдебиетшілер
мен
журналистердің көзіне ілінбей қалды. Міне, сондықтан да болар, тек 1948 жылы екінші
жинағы дүниеге келген соң ғана республикамыздың мерзімді баспасөздерінде өмірден ерте
кеткен жас таланттың творчестволық, еңбектеріне алғашқы терең саралаулар жасалған
мазмұнды рецензиялар жариялана бастады. Осыған орай Баубек Бұлқышев 1940 жылдың
Қызыл Армия қатарына шақырылғанға дейін онымен жақын араласқан сол кездегі
туындыларының қалайша жазылып, жарыққа шыққанын, творчестволық өсіп-өркендеуінің
тікелей куəсі болған республикамыздың белгілі əдеби сыншысы, байырғы журналисі
Сейділда Төлешов «Социалистік Қазақстан» газетінің 1949 жылдың 19 июліндегі санында
Баубектің жинағына ең бірінші рецензия жариялады. Сонан кейбір үзінділер келтіре
кеткеніміз жөн:
«Баубек бұл жинағын көре алмай кетті. Оның арманы өмір сүру, туған елінің адал ұлы
болу, еңбек ету, оның жемісін көру еді. Осындай тəтті қиялдың құшағында жүргенде, Ұлы
Отанымызды жаудан қорғау жорықтарында ерлік істер көрсетіп жүргенде жау оғынан қаза
тапты.
Ол мүлде аз өмір сүрді. Ол үнемі өмір сүру, еңбек ету жайын айтушы еді. Өмір берген
заманын қызыға жырлайтын еді... В. Г. Белинский: «Ақын тамаша, сүйкімді жанға ғашық
болғандай идеяға ғашық болады, соған жан-тəнімен құмартады», — деген. Нағыз ақындарда
болатын осы күш, құмарлық, қуат, идеяға ғашықтық Баубек өлеңдерінің, əсіресе қара
сөздерінің үзілмес желісі болып айқын сезіліп тұрады... «Жауыздық пен махаббат», «Өмір
мен өлім туралы», «Өмір сүргім келеді», «Заман, жастар, біздікі», «Шығыс ұлына хат»,
«Тыңда, Кавказ» сияқты өткір шығармаларында ақынның нағыз патриоттық көзқарасы,
совет жасының жігері мен қайраты, намысы, өмірді сүйе білген кіршіксіз таза ниеті терең
оймен көркей суреттелген...»
Енді, қазақтың Журналистер одағы құрылған шақта қаламгерлеріміздің съезі қарсаңында
«Казахстанская правда» газетінің 1959 жылғы 4 марттағы санында жарияланған, сол кезде
əдебиетімізде жаңа ғана көріне бастаған, қазір белгілі жазушымыз Əнуар Əлімжановтың
Баубектің өмірін жəне творчестволық жолын жете де дұрыс бағалауға ұтымды бағыт берген
«Жизнь принадлежит нам!» атты мақаласына тоқталайық:
«...Баубектің шығармалары тартымдылығын, идеялық жəне көркемдік күшін жойған жоқ.
Оның өлеңдері мен очерктері тамаша қазақ совет журналисі Саттар Ерубаевтың
шығармалары сияқты жалынды, темперамент терең ұшқырлық, құштарлық пен жастыққа,
өткір ой-пікірге толы. Саттар Ерубаев қайтыс болған соң, екі жылдан кейін қазақ
журналистикасына келген Баубек Бұлқышев оның журналистік қызметіндегі ең жақсы
жақтарын бойына сіңіріп, шеберлігін өзіне үлгі етті. Ол Саттар сияқты жаңа өмір үшін
белсенді күрескер, өткір публицист балды. Саттар да, Баубек те реалист журналистер...»
50-жылдардыц екінші жартысынан бастап 80-жыл- дарға дейін бұлардан басқа да, кейбір
кемшіліктеріне қарамастан, Баубек Бұлқышевтың өмір жолы мен творчествосын тереңірек
түсінуге, үлгі етуге, сондай-ақ жарық көрген жинақтарының мазмұнын, өрісін тани біле
түсуге мүмкіндік берген, оқырмандардың қалың бұқарасының, əдебиетшілер мен
тарихшылардың назарын ерекше аударған бірқатар рецензия, мақала, зерттеулер жарық
көрді. Солардың əсерінен республикамыздың жоғарғы оқу орындарын бітірген жүзден аса
түлектері талантты ағасының өмір жолы, творчествосы туралы дипломдық жұмыстар жазды,
қорғады. Кейіннен солардың бір тобы ізденіс жемістерін кандидаттық, докторлық ғылыми -
зерттеу еңбектеріне өзек етті. Осы арада Баубек шығармаларының алғашқы жинақтары
шетелдерде тұратын қазақ жастарына да жетіп, бұлардың да ойында, жүрегінде туған еліне
деген патриоттық сезім тудырғанын айта кеткен жөн. Бұл жөнінде Баубектің екінші жинағы
басылып шыққан уақытта Қытай Халық Республикасының Шыңжан аймағында тұрған, ал
қазір СССР Жазушылар одағының мүшесі Құрманбай Толыбаевтың бізге 1976 жылы жазып
берген естелігінен бірер сез:
«Жылтырлау ақ қағаз мұқабалы осы бір кішкентай кітапша менің қолыма осыдан 28 жыл
бұрын түсіп еді. Бұл 1948 жылдың соңғы айы, қақаған қыс болатын. Сол жылы Құлжа
қаласында шыға бастаған «Одақ» журналында істейтінмін...
Бұл Ленин Комсомолының 30 жылдық мерекесі қарсаңында шыққан Баубек
Бұлқышевтың кітапшасы еді. Өлеңдері мен мақалалары енген осы жинақты үйге келе
салысымен оқуға кірістім. Ə дегеннен қызыққаным — тілінің балдай тəтті шұрайлылығы.
Ой тереңдігі маған түпсіз мұхиттай боп көрінді. Тамсана берем... Тілдің шырыны, ойдың
терең мағыналылығы мені ғажайып бір сырлы дүниеге жетеледі де кетті...»
Баубек Бұлқышевтың Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң қолымызға тиіп, оқыған
осы екінші жинағы бəрімізді де толғандырды. Себебі мұнда бірсыпыра жинақталып,
жарияланған өлеңдері қиян-кескі ауыр күндерде оның жүрегінен туып, бүкіл совет халқына
жеткен жалынды сөздері баяғыдан қалыптасқан совет патриотының ар-ұжданы екенін
түсінуге мүмкіншілік берді.
Өкінішке орай, осының бəрі қазақ оқырмандарының ғана үлесіне тиді. Таң қаларлық
жайт—мақтанышымыз Баубектің бүгінгі күнге дейін бүкіл совет халқына ортақ орыс тілінде
бірде-бір жинағы жарық көрмегені қынжылтады. Бір-екі де болса туындысы астанамыз
Москвада 1946 жылы шыққан бір жинақта бүкіл совет оқырмандары қауымына
ұсынылды.Бірақ, бұл тиражы ете аз дүние болды да, көпшіліктің қолына тимей қалды.
Баубек шығармаларының жаңа жинағын құрастыру барысында, бұдан бұрынғы
жинақтарда ішінара қателіктер, олқылықтар жіберілгенін байқадық.
Мəселен, осыған дейінгі жинақтарда Баубек Бұлқышевтың өмірбаяны, осыған
байланысты шынайы творчествосы туралы анықтама берілмеген. Сондай - ақ, енді ғана
белгілі болғандай ата-анасынан ерте айрылып жетім қалса да, совет өкіметінің
қамқорлығына бөленгендігін, таптық, күресте өсіп-жетілгендігін, таптық күрестің не екенін
жақсы білгендігін айқын көрсеткен кейбір өлең прозалық жолдары сызылып қалған.
Қайсыбір журналист ақын-жазушы болмасын, өздерінің мақаласын, өлеңін, тағы басқа
көркем шығармаларын өмір сүрген күніне, айына, жылына, сол сəттегі тарихи оқиғаға,
болмысқа сай жазатыны, ал шығармалары солардың өмір жолының, творчествосының
айнасы екенін еске алсақ, Б. Бұлқышевтың ұсынылып отырған осы жинағына дейін жарық,
көрген шығармаларының басым көпшілігінің қай жерде жазылып, жарық көргені туралы
ауытқушылықтар бар.
Осы еңбекті жарыққа шығаруда бұрынғы кеткен кейбір олқылықтардың орнын толтыруға
тырыстық. Əлбетте, жаңа жинақта да кемшіліктер, олқылықтар болуы мүмкін. Құрастырушы
да, «Жалын» баспасы да оқырмандар қауымынан, сол жөнінде өз пікірлерін, ұсыныстарын
білдіруді өтінеді. Осыған орай, Отан үшін опат болған асыл ағамыз Баубек Бұлқышевтың
хаттарынан ең жақын жора-жолдастарының естеліктерінен белгілі болғандай «Алматыдан
ауылға», «Алтын сағат» атты жəне басқа бірқатар өте бағалы еңбектері бүгінгі күнге дейін
табылмай жатқандығын ескерте отырып, соларды іздестіре жүруге шақырамыз.
Баубек Бұлқышевтың жаңа жинағы «Жалын» баспасы қызметкерлерінің ойластыра,
ұйымдастыра білуінің жəне Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің нақты көмегі
нəтижесінде дүниеге келіп отырғанын айту парыз.
Сейілхан Асқаров,
СССР Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты
Достарыңызбен бөлісу: |