Оқушылардың ой өрісін кеңейтіп, есте сақтау қабілетін шыңдайтын, сонымен қатар шартараптан хабардар болуға, белсенділікке үйрететін «Интеллект – Клуб» ойыны теледидарда көп жылдар бойы үзілмей келе жатқан ел арасына танымал болған ойын. Бұл ойын «Не? Қайда? Қашан?» және «Брейн- ринг» ойындарының біріккен прототипі болып табылады. Алдын- ала дайындалған сұрақтар мен тапсырмалардың күрделілігіне байланысты бұл ойынды әр жастағы балалар ойнай алады.
Ойында бірнеше команданың арасында білім, өнер, тапқырлық сайысы өтуі мүмкін. Әр команданың құрамында кем дегенде бес адам болуы тиіс. Ойын алаңында екі ойын үстелі тұрады, оның біреуін қызыл, екіншісін жасыл үстел деп атайды. Сұрақты таңдау үшін, стол бетіндегі тең 20 секторға бөлінген және әр секторында сұрақтар орнатылған дөңгелекті пайдаланамыз. Жүргізуші дөңгелекті айналдырып, бағытты көрсеткіш қай секторға тоқтаса, сол сектордағы сұрақты ойыншыларға оқып, ойлануға 1 минут уақыт береді. Егер команданың біреуі берілген уақыттан ерте жауап бергісі келсе, ол жөнінде үстелдегі орнатылған кнопканы басып, ескерте алады (кнопканы басқан мезетте үстелдегі орнатылған электр қоңырауы мен боялған шам жанады). Егер жауап дұрыс болса, ол командаға бір ұпай қосылады. Ал егер осындай мезгілінен ерте берілген жауап дұрыс болмай қалса, онда екінші командаға сұрақты талқылауға тағы 1 минут уақыт беріледі. Егер команданың екеуі де сұраққа жауап бермесе немесе дұрыс жауап қайтара алмаса, онда келесі сұрақтың құны бір ұпайға өседі. (Егер бағытты көрсеткіш қойылған сұрақтың орнын көрсетсе, онда сұрақ дөңгелекті сағат тілінің бағытымен бірінші конвертке дейін жылжыту арқылы анықталады).
Осылай екі команда үш ұпай жинағанша жарысады, ұтылған команда ойыннан шығады, ал оның орнына басқа команда келеді. Ойын әрі қарай жоғарыдағы ережелерге сәйкес жалғасады.
Ең көп жеңіске жеткен команда жеңімпаз атанады. Егер бірнеше жеңімпаз командалар болса, онда ортаға осы командалардың капитандары шығып, қойылған сұраққа 1 минут уақыт ішінде жауап беруі тиіс. Осылай жеңімпаз анықталғанша бұл процесс үш мәрте қайталанады. Бұдан кейін де жеңімпаз анықталмаса, жеңімпаз жеребе тарту арқылы анықталады.
Мысалы, 8- сыныптар арасында төмендегідей «Интеллект – Клуб» ойынын жүргізу мүмкін:
Үшбұрыштың қабырғалары 13 см, 18см және 31см болса, оның ауданы неге тең.
(0)
2. Бір қариядан қанша балаңыз бар деп сұрағанда берген жауабы мынадай: «Ұл мен қыздарымның саны бірдей, әр ұлымның үш қарындасы бар». Бұл кісінің қанша баласы болған? (3 ұл, 3қыз).
3. Қайсы үлкен х әлде 2х ? (x>0 болса, x<2x; x<0 болса, х>2x; x=0 болса, х=2x).
4. Ерланның торында бес торғай бар еді. Бес торғайын бес досына таратқаннан кейін торда бір торғай қалған екен. Бұл қалай болды? (Соңғы торғайды тормен бірге берген).
5.Дәрігер ауру адамға 4 дәрі беріп: «әрқайсысын әрбір жарты сағатта ішіп отырыңыз,» – деп кетті. Дәрілерді ішіп бітіруге ауру адамның қанша уақыты кетеді? (1,5 сағат).
6. Дөңгелекке бір- бірімен беттеспейтін он радиус жүргізілген. Радиус арасындағы аралықтардың санын есепте. (10).
7. Үйректер ұшып келе жатыр: біреуі алдында, екеуі артында, біреуі артында, екеуі алдында, біреуі екеуінің арасында және үшеуі қаз- қатар. Қанша үйрек ұшып келе жатқанын есепте (3).
8.Алматыдағы әр бір тұрғын не қазақша, не орысша, не екі тілде де сөйлейді. Егер барлық тұрғынның 60% орысша, 70% қазақша сөйлейтін болса, екі тілдеде сөйлейтін тұрғындардың үлесі қандай? (30%)
9. «Кешегі ауың ауыр болдыма?», -деп бір балықшы көрші балықшыдан сұрапты. «Екі үлкен табан балық пен бір шортанды ауладым. Барлығының салмағы 15 кг. Шортаным керемет! Әр табан балықтан үш есе ауыр еді» Сонда шортанның салмағы қанша болғанын есептеңдер. (9кг).
10. 50-ді (1/ 2)-ге бөліп 3-ке қосыңдар, нәтижесінде қанша шығады? (103).
11. Жарты тонна тас ауыр ма, әлде 500 кг мақта ауыр ма ? (екеуі тең).
12. (Ежелгі грек есебі). Бірде патша Пифагорды шақырып алып: «Ұлы Пифагор, сенің мектебіңде қанша оқушы бар екенін айтшы»- деп сұрағанда, оған Пифагор: «Барлық оқушыларымның жартысы математиканы, төртен бірі музиканы үйреніп жүр, жетіден бірі үндемей отырады және бұдан басқа тағы үш әйел бар» – деп жауап берді. Пифагордың мектебінде қанша оқушы бар екенін есепте (28).
Ойын сұақтарын тек математикаға ғана емес, сонымен қатар ғылымның барлық салаларына, өнерге, музыкаға байланысты қоюға болады. Сондықтан «Интеллект – Клуб» ойынын әрі қарай кеңейтіп, сұақтарды өмірдің әр саласынан дайындап, жоғарғы сынып оқушылары немесе тіпті мұғалімдер арасында өткізсе, ойынның қызықтылығы, пайдасы ешбір кемімейді, ал ойын атының мән- мағынасы кеңейе түседі.
Ең үздік ойыншыларға «Интеллект – Клубтың» құрметті мүшесі атағын беріп, оқушылардың ғылымға, өнерге, музыкаға деген қызығушылығын арттыруға болады.
0>
Достарыңызбен бөлісу: |