Сағат саны: 1 Мақсаты: Жаңартылған бағдарламаның мақсаттарын, міндеттерін, құрылымын және мазмұнын түсіну Жоспары: Оқу бағдарламасы.
Жаңартылғын білім беру мазмұны.
Бағалау түрлері.
Оқу бағдарламасы – білім беру деңгейі бойынша пән тұжырымдамасын, сағат санын, бағалау жүйесін және т.б. сипаттайтын құжат.
Оқу бағдарламасы әдетте нормативті-құқықтық құжат ретінде бекітіледі. Оқу бағдарламасында кодтау арқылы оқу мақсаттары айқын көрсетіледі. Осы оқу бағдарламасының негізінде пәннің ұзақ мерзімді жоспары жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы “Білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы” №125 бұйрығына өзгеріс енгізу
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 6 маусымдағы №265 бұйрығы: “Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі қағидалары”
Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.
Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді талап етеді. Негізінен жаңартылған білім жүйесі құзыреттілікке және сапаға бағытталған бағдарлама. Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра отырып сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау, АҚТ –ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білу. Жаңа білім беру бағдарламасы сыни тұрғыдан ойлауға, шығармашылықты қолдана білуді және оны тиімді жүзеге асыру үшін қажетті тиімді оқыту әдіс-тәсілдерді (бірлескен оқу, модельдеу, бағалау жүйесі, бағалаудың тиімді стратегиялары) үйретеді. [1] Жаңартылған білім беру бағдарламасының ерекшелігі спиральді қағидатпен берілуі. [2] Оған оқу мақсаттарын зерделей отыра тапсырмаларды. ықшам сабақтарды құрастыру барысында көз жеткіздік.
Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріске ұшырап, критериялық бағалау жүйесіне өтеді.Критериалды бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Оқушылардың пән бойынша үлгерімі екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Бұл бағалау түрлері баланың жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Критериялық бағалау жүйесі Филиппин, Сингапур, Жапония, Франция, Финляндия сынды дамыған елдерде пайдаланылады. [3] Бұл бағалау жүйесінің артықшылығы, баланың ойлау қабілетін дамытып, ғылыммен айналысуына ықыласын туғызады. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді және балл не баға қоймастан оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасынның бөлімдерін (ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі. Қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау барлық пәндер бойынша қолданылады.
Кіріктірілген білім беру бағдарламасында математика пәнінің берілу жайы да өзгеше. Бағдарлама оқушының төрт тілдік дағдысын: тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым жетілдіруге бағытталған. Бұл төрт дағды оқу жоспарында «Шиыршық әдісімен» орналастырылған және бір –бірімен тығыз байланысты. Яғни, жыл бойына бірнеше рет қайталанып отырады және сынып өскен сайын тілдік мақсат та күрделене түседі.
Критериальды бағалау екіге бөлінеді: қалыптастырушы бағалау,жиынтық бағалау.
Қалыптастырушы бағалау – оқушы мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз ететін және оқу үдерісін дер кезінде түзетуге мүмкіндік беретін бағалаудың түрі болып табылады.
Қалыптастырушы бағалаудың ерекшеліктері:
қалыптастырушы бағалауда баға, балл қойылмайды;
оқушылардың оқу мақсаттарына жеткендігі бағалау критерийлеріне сәйкес жүзеге асады;
әр оқушының ілгерілеуі туралы кері байланыс беріледі.
Жиынтық бағалаудың өзі үш бөлімнен тұрады:бөлім бойынша жиынтық бағалау, тоқсан бойынша жиынтық бағалау,білім беру деңгейі бойынша қорытынды бағалау.
Бөлім бойынша жиынтық бағалау:
БЖБ саны оқу бағдарламасына сәйкес анықталады
БЖБ өткізу ұзақтығы 15-20 минуттан артық болмағаны ұсынылады. 15-20 минуттық шектеу – шартты болып келеді, бұл – сабақтың бір бөлігін қамтитын, шағын тапсырмалардан тұратын бағалау жұмыстарын қолдану қажет екендігін көрсетеді.
БЖБ-ды қандай түрде (бақылау, практикалық, шығармашылық жұмыс, проект, ауызша сұрау, эссе және т.б.) және қай сабақта өткізетінін мұғалім өз бетінше анықтайды
БЖБ тапсырмаларын құрастыру кезінде тек өтілген материалдарды ғана қамту керек
БЖБ үшін тапсырмалар мен дескрипторларды мұғалім өз бетінше құрастырады (әдістемелік нұсқаулықта берілген тапсырмаларды қолдануға рұқсат етіледі)
БЖБ өткізу тоқсан аяқталғанға дейін кемінде 1 апта бұрын жоспарланады.
Мұғалімге кез келген қолжетімді және қолайлы формада (электрондық күнделік арқылы ақпараттандыру қарастырылуда) БЖБ нәтижелері туралы оқушыны, ата-ананы ақпараттандыру қажет.
Тоқсан бойынша жиынтық бағалау:
Тоқсандық бағалау жұмыстарын және балдарды қою кестесін әзірлеу бір параллельдегі барлық сыныптар үшін біркелкі Тест спецификациясы негізінде жүзеге асырылады
Тоқсандық жиынтық жұмыстар әр түрлі болуы мүмкін (тест, сынақтар, бақылау жұмысы және т.б.)
Тоқсандық жиынтық бағалауды өткізу кестесі мектеп директорының бұйрығымен бекітіліп, тоқсан басында ата-аналар мен оқушылардың назарына жеткізіледі.
Тоқсандық жиынтық жұмыс бір параллель үшін бірдей жағдайда өткізіледі
Тоқсандық жиынтық бағалауды қайтадан орындауға (көшіруге) болмайды
Егер оқушы тоқсандық жиынтық бағалауға белгілі бір себептермен қатыса алмаған жағдайда (ауырып қалуы, конференцияға, олимпиадаға және басқа да ғылыми жарыстарға қатысқан жағдайда), пән бойынша орындай алмаған тоқсандық жиынтық жұмысын мектепке келгеннен кейінгі екі апта ішінде орындауы тиіс; бұл жағдайда тоқсандық жиынтық бағалау жұмысының қосымша нұсқасы қолданылады.
Модерация – бағалаудың анықтығы мен дәлдігін қамтамасыз ету үшін қойылған балдарды стандарттау мақсатында тоқсандық жиынтық бағалау бойынша білім алушылардың жұмыстарын талқылап қарастыратын үдеріс.
Әрбір мұғалім үшін модерацияға қатысу тиімді болып келеді.
Мүмкіндіктері:
балл қою кестесі ескерілмегендіктен дұрыс жауап қабылданбаған, балл қою кестесінде қате жіберілген, жалпы балл дұрыс есептелмеген,және т.б. жағдайларды анықтау;
әріптестердің бағалауды қалай жүргізгенін көру;
бағалаудағы өз тәжірибесімен бөлісу;
жиынтық бағалаудың дұрыс өтуін, білім алушылардың барлық жауаптарының есептелуін, мұғалімдер арасында бағалаудың айырмашылықтарын талқылау және түсіну;
балл қою кестесіне өзгертулер мен толықтырулардың енгізілуі және білім алушылардың алған балдарын қайта қарау туралы шешімдер қабылдау.
Бағдарламада оқыту мақсаттарын пайдалану ыңғайлылығы үшін кодтау енгізілді.
Кодта:
бірінші сан сыныпты,
екінші және үшінші сандар – бөлім мен бөлімшенің,
төртінші сан – оқыту мақсатының реттік санын білдіреді.
Мысалы, 7.2.1.4. кодында «7» - сынып, «2.1» - екінші бөлімнің бірінші бөлімшесі, «4» - оқыту мақсатының реттік саны.