Мазм ұ н ы кіріспе


Ноғай Ордасының мәдениеті



бет17/20
Дата02.12.2023
өлшемі314,5 Kb.
#132756
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20
Байланысты:
Дип.-Ноғай-Ордасы

Ноғай Ордасының мәдениеті туралы ортағасырлық дереккөздер өте тапшы. Тек кейбір саяхатшылар Ноғай Ордасы ыдырағаннан кейінгі кезеңде – ХҮІІ ғасырға тән өмір салты мен тұрмысы туралы мағлұматтар қалдырған. Ал оның алдындағы ғасырлардағы ноғай мәдениетімен тек олардың соғыс өнеріне қатысты деректер аз-кем жинақталған. Ноғайлардың астанасы Сарайшық туралы, олардың діни наным-сенімдері туралы деректер де тапшы. Ал олардың рухани өмірі туралы деректер мүлдем жоқтың қасы.
Ноғайлардың материалдық мәдениеті қазақ халқының сол кездегі материалдық мәдениетімен бірдей деп есептеуге болады. Бірақ қазақ халқында ол кезеңдегі мәдениет үзілмей сақталып бүгінгі күнге жеткізілгендіктен бізге оның мазмұны, сипаты жақсы таныс. Ноғайларда керісінше, олар Ресей қол астына өтуі, өздерінің ұлттық құрылымынан айырылуы, түрлі жағдайларға байланысты көшпеліліктен ертерек қол үзіп, отырықшыларға айналуы арқылы сөз етіп отырған кездегі мәдениетін тек жазба деректерден ғана іздеуге мәжбүр болып отыр.
“Ноғай Ордасының тарихы” деп аталатын үлкен ғылыми еңбек жазған В.В.Трепавловтың өзі ХІҮ–ХҮІІ ғғ. ноғайлардың материалдық мәдениеті туралы тек жазба деректерге ғана жүгінуге мәжбүр болған. Ол жазба деректердің бәрі де шетелдік, орыс жиһанкездері мен зерттеушілерінің еңбегі болуының өзі автордың бұл мәселені қаншалықты ұлттық мүдде тұрғысында игере алғандығын байқататындай. Мысалы, оның шетелдік авторлар дерегіне сүйеніп, киіз үйдің құрылысы, оның жасалуы, безендірілуі туралы жасаған тұжырымдары атүсті болып шыққан.
Біздің жасайтын тұжырымымыз – ол кезеңдегі ноғай және қазақ киіз үйлерінде елеулі айырмашылық болмаған. Олардың жасалу технологиясы, жасақталу әдісі, безендірілу түрлерінде ерекшеліктен ұқсастық басым еді. Ерекшелік тек ою-өрнек түрлерінде ғана ұшырасады. Әйтпесе олардың қолданылу мақсаты да бірдей болды. Бұл жердегі басты мәселе – осы материалдық мәлімет ескерткішінің қазіргі ноғай қауымында сақталмауы автордың жаңсақ, үстірт тұжырымдар жасауына негіз болған.
Алдағы мәселелерде де екі халықтың ортақ мәдени мұрасын тәптіштемей-ақ, олардың бір-бірінен ерекшелігіне тоқталып отырған орынды болар.
Ноғайлардың киімінің ерекшеліктері бірден көзге ұрады. Мысалы, қазақтардан өзге оларда теріден жасалған киімдер екі жақты – яғни жүнін ішіне қаратып немесе сыртқа қаратып киетін етіп тігілетін болған. Ол жыл маусымына байланысты ауыстырылатын. Ноғай бөріктері төбесі шошақ болуымен ерекшеленеді. Әйелдердің дөңгелек бас киіміне орыс бақыр тиындары әшекей ретінде ілінетін. Аяқ киімдер былғарыдан дайындалды. Былғары етіп деген сөздің өзі “Бұлғар елінде дайындалған етік” дегеннен пайда болған. Демек ноғайлар бұндай әдемі етіктерді сатып алумен бірге өздері де жасай алған болса керек.
Азық-түлік түрлері, оларды дайындау технологиясында да ұқсастықтар көп. Өзге көшпелілер сияқты ноғайлар да етті кептіру, сақтау және сүт өнімдерінен неше түрлі тағамдар дайындауға шебер болған.
Ноғайлардың қоғамындағы күнделікті ішкі ұйымдық құрылым туралы деректер де аз. Ол дәстүрлі әдет құны параларымен реттеліп отырған. Қанды кек ноғайлар арасында сақталып келген, әсіресе екінші және үшінші Бұлғақ кезінде барынша өршеленген сипат алды. Әйтсе де шетелдік кісі өлтірушілер үшін құн алу нормасы да енгізілшен. Өлім жазасы ерекше жағдайларда ғана қолданылды. Ұрылар өтем жасай алмаса құлдыққа сатылды.
Некелік қатынастар бойынша ортағасырлық және кейінгі ноғайларда да қалыңдық үшін қалың мал төлеу немесе “сүйек сату” дәстүрі ХІХ ғ. дейін сақталып келді. Осы ғасырда оның өлшемі 40 сиыр болған. Кедейлер қалың төлей алмағандықтан бойдақ болып жүре берген.
Соңғы кезге дейін бұл халықта левират және сорорат (әмеңгерлік және балдызына үйлену) институты сақталып келді. Жақын туыс ретінде үш буын өкілдері “бір қазан үлесіп шыққандар” яғни бір қазаннан ас ішкен туыстар болып есептелді. Ал одан былайғылар қандас туы (қардаш тұқым) деп айтылды. Оларда жеті ата емес, алты ата бойынша туысу орныққан. Ол туыстық, жақындық былай аталды: ұл, немере, немесе жиен, тебере (жиеншар), шөбере немесе тубансер, шепшек немесе туажат, тудын. Қазтуған Сүйінішұлының “Жембойлық” поэмасында “алты атасын сататын” деген тіркесті кездестіреміз. Шетелдік саяхатшылар ноғайларды “туған әпке, қарындасынан өзгеге” үйлене береді деп жазады. Әмеңгерлік соның бір мысалы. Әмеңгерлік жолмен өз туған жеңгесіне, келініне үйлену арқылы туысының шаңырағын сақтап қалу, жетімін қаңғыртпау, қайтара қалың мал төлеу сияқты мәселелерді оң шешетін көшпелілер үшін бұл дәстүрдің ешқандай айыбы жоқ. Ол көшпелі өмірдің өзінен туындаған дәстүр.
Некелік қатынаста алты аталық шекті қатаң сақтау жай халықтың ортасында кең тараған. Ал “Едіге ұрығы маңғыттар” оқшауланған ақсүйектік топ болғандықтан олардың арасында жақын туыстардың қыз алысуына рұқсат берілген. Мысалы, Ораз-Мұхаммед б.Дінахмет өзінің шөбере қарындасына үйленген. Бұндай мысалдарды көптеп кездестіруге болады. Оның себебі Едіге ұрпақтары өздерінің ата-тегін пайғамбарлардан бастап тарататын дәстүрмен түсіндіруге болады. Осыған сәйкес мысалдарды қазақ ортасындағы өздерін “пайғамбарлар ұрпағы” санайтын “қожалар және сунақтардың” некелік дәстүрінен кездестіреміз.
Ноғай Ордасындағы ислам діні Алтын Орданың ханы Өзбек тұсында қабылданған діннің нығайған кезіне сай келеді. Ноғай Ордасы қызметінде бұл дін орнығып, оның саяси қатынастарында оның мұсылмандық бағыт-бағдарын айқындады.
Орыс-ноғай дипломатиялық құжаттарында “біздің сенімен (Иван ІҮ патшаны айтады) құдайымыз бір, дініміз бөлек”, “Сен де, мен де құдайдың құлымыз, дініміз бөлек болса да” [29, д. 8, л 248] деген мазмұндағы деректер кездеседі.
Ноғайлар арасында ислам діні берік орныққанымен олардың исламға дейінгі наным-сенімдері де сақталып қалды. Отқа табыну, ошақты құрметтеу, жылқының басын бойтұмардай қастерлеу сияқты дәстүрлері сақталған. Олардан өзге арбау, көз байлау, жадылау, сиқыршылық, бақсылық сияқты тылсым әрекеттер де орын алды.
Ноғайлар ортасында исламның таралуына байланысты Қожа Ахмет Ясауидің ықпалы мықты болғандығы ауызша деректерде мол сақталған. Әйтсе де оның шыққан тегі бұқаралық деп аталады. Содан да болар Ясауи идеялары уағыз түрінде айтылады да оның сол уағыздарды өлең түрінде айтқан хикметтері ноғайлар арасында кездеспейді.
Ноғайлардың мырзаларға орыстармен қатынастарда жасалған өзара шартнамалардың орындалатындығына қолына Құран ұстап ант беретін болған. Бұл олардың арасында Құранның өте жоғары қастерленетіндігін танытады. Мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа барудың белгілі бағыты орныққан. Астраханнан шыққан зияратшылар Қазы ұлысы, одан әрі Қорымға барады. Ол жерден Дунай бойындағы Ақ-Кермен, Хан-Кермен, Измаил бекіністеріне жетіп, Стамбулға барған. Стабулдан әрі түйемен, жаяу жалпы Хиджазға, Мекке қаласына жететін болған. Қажылыққа көбіне ауқатты адамдар мен діндарлар барғаны белгілі.
Ал билер мен мырзалардың қажылыққа барып, ұзақ уақыт елде болмауы саяси толқуға негіз болар еді. Шалкиіз Темір бидің қажылық сапарға дайындалуын былай суреттейді:
Қара бас құспен шалдырып,
Көк теңіздің үстінде.
Көтеріп желкен аштырып,
Жүк тиедің кемеге.
Ниет еттің Тәңірдің үйі кебеге,
Жүк тиесең – кетерсің,
Ниет етсең – жетерсің.
Жетсең тәуап етерсің.
Одан әрі Шалкиіздің Темір – жұрт тірегі, елдің берекесі, ол алыс сапар – қажыдан оралғанша “артында қалған көп халқы” тозғындап кетпек: “Жұртқа лайық ие жоқ”. Сондықтан да жырау қажыға бару парыз еместігін еске салып, құдайдың шын парызы – қарауындағы халыққа рахымды, әділетті әмір жүргізу екендігіне Темірдің көзін жеткізбек болады
Жығылғанды тұрғызсаң,
Жылағанды уатсаң,
Қисайғанды түзетсең,
Тәңірінің үйі бәйтолла,
Сұлтан ием, қарсы алдыңда жасапты [Марғұлан, 50, 51].
Ноғайлардың жерлеу рәсімі мұсылмандық сипатта болды. Тек олардың қайтыс болғаннан кейінгі жүз күндік, жылдық асын өткізуде құлшылық етуі, ас, сыйлық, ақша таратуы исламға дейінгі дәстүрлерден хабар береді.
Қабір басына тас үю де осындай сарқыншақ болуы мүмкін. Ноғайлар мекендеген территорияларда күйген кірпіштен немесе қашалған тастан қаланған кесене-мазарлар аздап болса да кездеседі. Әйтсе де бұндай мәдениет ескерткіштері көп сақталмаған және олардың көркемдік деңгейі де жоғары деп айта алмаймыз.
Ноғай Ордасы мұсылмандарының діни қызметкерлерінің мынадай дәрежелері анықталған. Олар: мүфти, шейх, қадий, суфи, әпенді молда, сол сияқты діни топтардан сейдтер, қожалар, садрлар, шайхтар, абыздар [40, 82].
Дін иелері өздерінің сауаттылығы арқасында мемлекеттік істерді жүргізуге елшіліктердің құрамына тартылған. Содан да діндарлар Ноғай Ордасы билеуші әулетінің идеологиясын жасауға тартылды. Оның мысалын Едіге әулетінен шыққан тегін пайғамбарларға апарып қосу әрекетінен көреміз.
Әдебиет ісі ноғайларда негізінен ауызша дәстүрде дамыды. Түрік халықтарының арасындағы аса ірі дастан “Қырымның қырық батыры” осы ноғай халқының эпикалық дәстүрінен туындады. Бұл дастан ХІҮ ғ. қалыптаса бастады. Ноғайлардың бүкіл Дешті-Қыпшақ бойынша көшіп-қонды. Қазіргі кезде бұл дастанның толық нұсқасы қазақ халқында ғана сақталып, мүмкіндігінше жарыққа шығарылуы ол туралы барынша кең әңгімелеуге мүмкіндік береді. Әйтсе де тақырыптан ауытқымау үшін Ноғай Ордасында осындай эпикалық дәстүрдің пайда болуының негізі – көшпелілердің көне заманнан бастау алған жыршылық дәстүрі екендігін айтуымыз керек.
Қазіргі заманғы зерттеушілерге ноғайлы дәуіріндегі мынадай өнерпаздардың есімі белгілі. Олар: Шез-Баян Балашықұлы, Кет Бұғы Найманұлы, Сыбра Шопбаслы, Парыздақа Шабенұлы, Құба Қыпшақ, Қара-Бойса Қаңлы, Ұзын-Айдар Қоңырат, Сұлу Мәмбет Шырын, Мөңке Маңғыт. Бұларды кейбір зерттеушілер бірде ноғайға, бірде қазаққа телиді. Әйтсе де ХІҮ ғ. қазақ та, ноғай да жоқ, тек олардың арғы тегі болып саналатын Жошы Ұлысының қыпшақтары бар еді. Демек, оларды қазақ, ноғай, башқұрт, қарақалпақтардың ортақ мұрасы ретінде қарастырған жөн болар.
Ауызша дәстүрмен қатар ноғайларда жазба мәдениеті де қалыптаса бастаған еді. Орданың билеушілері көрші ел басшыларымен араб әліпбиі негізінде жазба құжаттар алмасқан. Ноғай мырзалары Мәскеу үкіметінен өздеріне жіберілетін құжаттардың “татар жазуымен” жазылуын өтінетін [29, д 2, л 21].
Әдетте бұл құжаттарда сол кездегі кеңсе тілі болып есептелген ортаазиялық түрік тілінде, яғни шағатай тілінде жазылды.
Ноғайлардың әскери өнері де көрші мемлекеттерді қызықтырған мәселе болғанымен олардың қару-жарағы, жасақшылардың ұйымдық құрылымы, стратегиялық әдіс-айлалары туралы деректері барынша аз кездеседі. Осы саланың белгілі маманы М.В.Горелик осы кездегі Еуразия көшпелілердің әскери ісінің дамуы алтыншы кезеңді бастан өткерді деп, оны былай сипаттайды: бұл кезең көшпелілердің әскери істегі біртұтастығының ыдырауы, отырықшы-егіншілік орталықтары қаруының, әсіресе, Түркия мен Ресейдің қырымдықтар мен ноғайларға ықпалының артуымен ерекшеленеді [10, 23] деп жазды.
Қорыта айтқанда, Ноғай Ордасының үш ғасырлық тарихында материалдық және рухани мәдениет ескерткіштері дамудың жаңа сатысына көтерілген еді. Қоғамдық қатынастардың, материалдық өндірістің дамуы отырықшы елдерге қарағанда баяу жүргенімен алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда едәуір ілгерілеушілік байқалады. Әйтсе де Ресей мемлекетінің саяси, экономикалық қуатының артуына орай олардың отарлық саясатының күшейе түсуі – Ноғай Ордасының өз ішіндегі саяси бытыраңқылық ықпалымен ыдырауына ұласып, этникалық мәдениеттің ұлттық мәдениет болып қалыптасу процесін орта жолдан үзіп тастады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет