ІІ тарау ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН ШЫҒАРМАЛАРЫН
ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ БЕРІЛЕТІН ТӘРБИЕ
2.1. Ыбырай Алтынсарин - ақын, жазушы, балалар
әдебиетінің атасы.
Ыбырай бір жағынан ақын болса, екінші жағынан халық ағарту майданында қызмет қылған. Ең бірінші рет қазақтың ана тілінде оқу құралын жазған және сол ана тілінде қазақ баласын оқытқан ең алғашқы тұңғыш оқытушысы болған. Қазақ әдебиетін Европа жолына, өнер жолына бұрып бастаған ең тұңғыш жаңашыл, суретші ақын.
Ыбырайдың шығармаларының мәні сол замандағы орыс елінің өнерге, өнеркәсіптеріне аяқ басуы арқасында орыс оқығандарынан шыққан, жаңашылдардың әсерімен және қазақ даласына сауда капиталының, отаршылдықтың мықтап шеңгел салуының әсерімен Ыбырай жастарды оқуға, өнерге шақырды. Енді одан басқа жолдың жоқ екенін біледі. Онан соң Ыбырай қазақ елінің білім майданында тез ілгерілеуіне үлкен бөгет болатын сол заманда – ақ білген, араб әрпіне қарсы болған. Сондықтан қазақтың ана тілінде жазған оқу құралын орыс әрпімен жазған. Бұл ретте Ыбырайды орыс миссионерлері пайдаланбақ болған, Ыбыраймен жақындасқан, Ыбырай олардан қашпай, оларды өзі пайдаланып жүрген, сондықтан қазақ ескішілдері оны «шоқынды» деп шығарған, талай өсектер таратқан.
Осы күнде кейбіреулер Ыбырайдың істерімен таныс болғандықтан, сол бұрынғы ескішілдердің таратқан өсектерінің қалдық – сарынымен Ыбырайдың заманында қазақ көпшілігіне кәдірсіз болған еді, - деген сияқты теріс сөздерге малданатын тәрізді. Расында, оқуға талпына бастаған қазақ жастарына Ыбырай айрықша болған адам. Жас буынға арнап шығарған Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылығын» жатқа білмеген оқушы болмаған.
Ыбырайдың өмірі мен ісіне көз жіберіп, оның жұмыс еткен жағдайын еске алсақ, таңқалмасқа болмайды. Ол іске кіріскенде, сонау Торғай,
21
Қостанай, Орынбор қолтықтарындағы қазақ далаларында қараңғылықтың қаймағы бұзылмай», мұрты кетілмей жатқан болатын. Татар молдалары арқылы тағы басқа да жолдармен ел ішінде уын жая бастаған ислам діні, оны таратушылардың «балаңды орысша оқуға берсең, шоқынып кетеді», - деп елді үркітуге барынша күш салды. Ыбырай, не Ыбырай тәрізділерді оқытып шығарғандағы миссионерлердің ойлаған ойы мен көздеген мақсаттары Ыбырайдың ойлаған мақсат, көздеген нысанасы мүлде басқаша болды. Олардың үстіне елдегі бай – феодалдармен тіпті өз туыстарымен де оның тілек – мүдделері қабыспады. Ыбырайды оқытқанда «әкесінің баласы болар», - деп олар үміт етуші еді. Ол армандары орындалмады. Оқып білім алып, өз тізгінін өз қолына алған күннен бастап – ақ Ыбырай туыстарынан іргесін бөлек салды. Олардың күткен үміттерін үзіп кетті. Осы айтылғандардың бәрі де Ыбырайдың жолында бүк түсіп жатқан үлкен – үлкен бөгеттер болатын. Өзімен білімі тең келген, көзқарасы бір серігі жоқ, ең қараңғылықтың жуан ортасында жалғыз өзі болса да, Ыбырай бар бөгетке қарсы барып, күрес майданына шықты. Сүйгені де,сүйенері де халық болды. Сол халықтың келешегі үшін басын бәйгеге тігіп, желіні ұзаққа тартып, белсеніп іске кірісті. Кезіндегі жағдаймен санаса отырып, Алтынсарин екі түрлі ірі мәселені алдына мақсат етіп, қойды: біріншісі – мектеп ашу, бала оқыту – жалпы халық ағарту жұмысы да , екіншісі халықтың ой – санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тәрбиелік істері. Оның барлық іс амалы мен бізге қалдырып кеткен мұраларына көз жүгіртсек амалсыз осы қорытындыға келеміз. Өзінің алғашқы адымында – ақ ол мектептің рөлін бірінші орынға қойды.
1871 жылы отыз бірінші август күні Н.И.Ильминскийге жазған хатында жастарға дін мектептерінің басын қатырған зияннан басқа ешбір пайда берметінін, халықтың ілгері дамуына бөгет жасайтындықтарын айта келіп:
«Қазақтардың білімге қолын жеткізетін ең басты құралы – мектеп. Бірақ
22
даладағы мектептер шашылыңқы, сондықтан әлі пайдалы бола алмай отыр, әйтсе де олардың үміт күтері – мектеп, тек қана мектеп және қазақ халқының болашағы да мектептермен байланысты», - деді.
Ол кезде мектеп, оқу, оқыту мәселесіне әркім әр түрлі қарады. Қазақ ішінде мектептің, оған бала оқытудың пайдасын тез ұққандар да, баласын орысша оқытатын мектептерге беруден тартыныңқырағандар да болды. Тіпті үстем тап өкілдері феодалдардың өздері де бірыңғай болған жоқ. Ислам дініне берушілер және ескілікті берік сақтағысы келгендер ескі оқуды қолдады. Кейбіреулері өздерінше жаңаға қарай бейімделіп, ел билеу үшін де орысша білу керек деп ұқты да, балаларын жаңа мектепке беруді мақұл көрді. Мұндайлар қазақтың әр губерния, әр үйездерінен де табылды. Бұлардың жерлері басқа болса да, аңсаған арман, көздеген мақсаттары бір болатын.
Ата – аналары: «оқу - өнеріңмен біз үшін қызмет ет» - десе, миссионерлер: «біліміңді патша үкіметінің ықпалын қазаққа молырақ таратуға күш сал» десе, Ыбырай тәрізді халықтың адал ұлдары алған білімдерін өз елін мәдениетке жетелеуге, оқу, ағарту ісін өркендетуге жұмсады. Ол кезде надандыққа белшесінен батып жатқан елді оқуға шақыру, мәдениеттілікке үндеу айтарлықтай тарихи іс еді. Сол бір тарихи кезеңде әлеуметтік мәні зор үлкен іс, ауыр жүкті арқалаған адамның бірі Ыбырай Алтынсарин болды.
Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық – білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндірді. Есті бала мен ессіз баланы қарама –қарсы қойып, жастарға кімнен үлгі алып, кімнен безу керектігін көрсетті.
Алтынсарин мейілінше қиын жағдайда жұмыс істеді, талай бөгеттерге кездесті. Өтірік арыз, «Жаптым жала, жақтым күйенің» неше түріне жолықты. Бірақ ол күрестен қажыған жоқ. Әсіресе, оның келешекке сенімі зор болды. Аңсаған армандарын өзі орындай алмаса, болашақ жастар
23
орындайды деп білді. Елді қараңғыдан жарыққа шығаратын жастар, тек қана жастар деген қорытындыға келді. Өзін қоршаған қараңғылық, надандықтарды шеней келіп:
«Біз надан боп өсірдік,
Иектегі сақалды,
«Өнер жігіт көркі» - деп,
Ескермедік мақалды.
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды» - деді.
Ыбырай қазақ жастарын оқуға үндеумен қатар адамгершілікке, махаббат, достыққа, еңбекке, жігерлілікке, тапқырлыққа, халқын сүюшілікке, қысқасын айтқанда, адам деген ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуға үндеді және жастарға бала кезінен бастап дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол жақсы ұғынды. Сондықтан Ыбырай өзінің оқытушылық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын осы мақсатқа бағындырды.
Балаға жастай дұрыс тәрбие беру бүкіл дүниежүзіндегі педагог – ғалымдардың ертеден бері үлкен көңіл аударып, айрықша көтерген мәселесінің бірі десек, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласынан оларға үн қосушы бірінші қазақ педагогі Ыбырай Алтынсарин.Бұл мәселе жөнінде ол көптеген педагогтердің, әсіресе орыстың алдыңғы саптағы ұлы педагог – ғалымдары К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой, Бунакаковтармен пікірлес болды.
Соңғы зерттеушілер (Ә.Дербісәлин) Алтынсариннің отыз бес аудармасының барлығын айқындатып және әңгімелерінің көпшілігі И.И.Паульсонның «Книга для чтения и практических упражнений в русском языке» хрестоматиясынан алынған да, басқалары К.Д.Ушинскийдің «Детский мир», «Родное слово», Л.Н.Толстойдың балаларға арналған кітаптарынан
24
алынғандығын анықтап отыр.
Бұлардың көпшілігі дәл аудармалар да, бір қатары ерікті аудармалар. Кейбіреулері орысшадан тек тақырып, сюжетін ғана алып, қазақтың өмірі мен тұрмыс – салтына жақындатып, өзінше жазған деуге болады.
Қалай болғанда да жастарға дұрыс тәрбие беру үшін олардың дүние танушылық көзқарасын кеңейту үшін «Қазақ хрестоматиясының» тек өз кезі ғана емес, қазірдің өзінде де мәні зор. Сондықтан да ол талай жылдар, талай рет басылып, мектеп оқушыларына ұсынылып келеді. Бұл кітапқа енгізілген әңгімелер: еңбек сүюшілік, оқу, өнерге ұмтылушылық, Отанын – елін сүюшілік, талаптылық, жігерлік, іздемпаздық, кішіпейілділік, махаббат, қайырымдылық, адамгершілік, жинақтылық, тағы басқа осылар тәрізді жақсы мінез – құлыққа тәрбиелеуге керекті мәселелерді қамтиды. Бұларға жалқаулықты, қиянатшылдықты, надандықты, сотқарлықты қарсы қойып, жастардың мұндай әдеттерден аулақ болуына жол көрсетті. Мысалы:
Хрестоматияға енгізілген өлең, әңгімелердің балалардың жасына, сана – сезімдеріне лайықтыланып, педагогика ғылымының міндетті түрде тәрбиешілерден талап ететін әдіс мәселесінің берік сақталуы өз алдына, сонымен қатар, жоғарыда аталып өткен: оқу, еңбек, талап, мейірімділік тағы басқа тақырыптарға арнаулы, қолға таяқ ұстатқандай әңгімелерді әдейі, саналы түрде таңдап алғандығын да көрмей кетуге болмайды.
Кітаптың беташары оқуға шақырудан басталып, оның әлеуметтік мәнін түсіндіру болса, сонымен қатар негізгі тақырыбының бірі – еңбек.
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде, ең кішкентай жәндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші ғұрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа», - дейді.
Кейде сәл нәрсені қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, «аз жұмысты қиынсынып» бойкүйездікке салынушылық өмірде көп кездеседі. Бұл жақсы әдеттің нышаны емес. Сондықтан балаларды жастайынан – ақ бойкүйездікке,
25
жалқаулыққа қарсы еңбекке тәрбиелеу мәселесіне Ыбырай ерекше көңіл бөлген. Жастарды еңбек етуге дағдыландыруды үгіттеген оның басқа да әңгімелері аз емес.
Жазушы «Атымтай жомарт» әңгімесінде еңбекті дәріптейді. Ешнәрсеге мұқтаждығы жоқ Атымтай еңбектен ұдайы қол үзбейді. Бұл ел аузында ертегі жыр болып кеткен, ежелгі араб жұртының әңгімесі болатын. Ыбырай осы ел аузындағы ертегіні балаларға арнап әңгіме етіп ұсынды. Әңгіменің идеясы да , кейінгілерге үлгі боларлық жағы да Атымтайдың сөзінен айқын көрінеді. Атымтай бір сөзінде: «Күн сайын өз бетімен тапқан пұлға нан сатып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған дәмнің тәттілігі өзгеше болады екен.» - дейді.
Алтынсариннің тәрбие жөніндегі негізгі тақырбының бірі – талап. Талап етіп талпынбаса, адам баласы ешбір алға баспаған болар еді. «Талапты ерге нұр жауар», - деген халық мақалы да өмір тәжірибесінен туған пікір. Жастық шақ жігер, қайраттың толы кезі. Бойдағы жасырын талант, өнерлерін жарыққа шығарып қалатын кез де осы. Ол үшін талап керек. Әр нәрсені де жігермен істе, өзіңнің не нәрсеге қабілетің, ыңғайың бар, қолыңнан не келеді, соны жақсы біл, қай өнердің соңына түссең, әрі өзіңе, әрі қоғамға пайда келтіре аласың, талаптан да таңдап ал дейді. Кейде талаптың, жігердің жоқтығынан жап – жақсы өнердің жарыққа шықпай кетуі де мүмкін. Сондықтан өз талабыңмен өрге шық дегенді айтады.
Ыбырай жас ұрпақтарға дұрыс тәрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлді. «Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қисығын түзе, адасса айқын жолға сал», - деді. Бұл жөнінде де елге үлгі боларлық әңгімелер жазды. Оның осы тақырыпқа жазған бір әңгімесінде:
«Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп – тік, ана біреуі неліктен қисық біткен?» - деп сұрады баласы. «Ата – ананың тілін алсаң ана ағаштай сен де түзу болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық
26
ағаштай болып бағусыз өсерсің. Мынау ағаш бағусыз өз қалпымен өскен», - деді атасы. «Олай болса бағу – қағуда көп мағына бар екен ғой»,- деді баласы. «Бағу – қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым, бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек. Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып, орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең сен де мына қисық біткен ағаштай қисық өсерсің», - деді.
Бұл әңгіменің оқушылар үшін де, оқытушылар үшін де үлкен тәрбиелік мәні бар. «Баланы жастан», - дегендей, оған жас күннен түзу тәрбие беру, оның болашақ өмірі үшін керек. Есейіп кеткен соң қисығын түзеу қиынға түседі. Кейде сол қисаюмен барып мерт болады. Ыбырайдың бұл әңгімесі қазіргі мектеп балаларын тәрбиелеу үшін де үлгі бола алады.
Махаббат, мейірімділік туралы, әсіресе, «Мейірбанды бала», «Шеше мен бала», «Аурудан – аяған күштірек» деген үш әңгімесін алуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |