АЛДАР КӨСЕНІҢ ҚЫСҚЫ САПАРЫ
Қайсар ерте көктемнен бастап-ақ, қысқы маусымға әзірлене бастады. Құрғап қалған, көктемеген ағаштарды құлатты. Балтамен шапты. Майдалады. Пеш аузына лайықтап ұсақ бұталарды сындырды. Ала жаздай бір тынбады. Күзге салым тындырған ісі де қысқа отын әзірлеу ісімен жалғасты. Сол аралықта үй іргесіне қауын екті. Піскен қауынды рахаттана жеді. Артылғандарынан қауынқақ жасап, қыста азық болар деп едәуірін жинап алды.
Қаладағы Алдаркөсемен де үнемі хабарласып тұрды. Ұялы телефон деген жақсы болды. Кез-кезген уақытта сөйлесе береді. Сондағы Қайсардың байқағаны – Алдар қалада тұрып, әркез компьютермен ойнайды екен. Ағылшын курсына баруды әдетке айналдырыпты. Ыстық күндері ақысын төлеп, мұздай, мөп-мөлдір суға толтырылған ғажайып бассейнге шомылып, есі шыққанша жүзіп, көңілді жүруді әдет етіпті.
Қайсар ойланды. Алдар қысқа дайындалмайды ма деп. Жаз бойы сауық-сайран салған шегірткеше қыста дірдек қақпай ма деп.
Қыс та жетіп келді. Жер-дүниені боратып, әп-сәтте айналаны аппақ омбы қарға көмді. Қайсар Алдаркөсемен сөйлескісі келді. Сөйлесті де. Қайсар Алдаркөсенің қысқы демалыста Ресей еліне баратынын бір–ақ білді.
– Оу, мен ауылда жаз бойы терлеп-тепшіп отын жинадым. Қыста жаурамайын деп. Сен болсаң, жаз бойы өз жағдайыңды жасап, тіл сындырдың, шомылдың, қыдырдың. Енді қақаған қыс та саған шопақ құрлы емес. Құлақ үсіп, адам тірідей қататын қыстың қырық күн шілдесінде қардың Отаны – Ресей жеріне аяқ баспақсың. Ойпырмай, не еткен керемет!
– Бұның не кереметі бар? – деді Алдаркөсе Қайсардың таңырқай сөйлегеніне түсіне алмай.
– Кереметі сол, сені, Алдаркөсені жұрт қу, өтірікші, алдамшы дейді. Бұл бекер екен. Орыстың ұлы ақыны Иван Крыловқа айта бар. Ендігіде өтірік мысал өлеңдер жазбасын. «Инелік пен құмырсқа» атты әйгілі мысалын айтамын да. Ала жаздай сайрандаған инелік қыстыгүні құмырсқаға келіп, жылы үйге кіргізуін сұранбай ма? Сонда құмырсқа маңғазданып, «Ала жаздай ән салып, би билеп, сайрандай бер!» деп, жақтырмаған кейіппен сөйлемей ме?!
– Е-е, ол заман өткен Қайсар, – деді Алдар.
– Заманның өзгергеніне көз жетті деген осы да, – деді де Қайсар ұялы телефонын төс қалтасына сүңгіте салды.
Сөйтті де, пештің аузын ашып, үй ішін одан сайын жылыта түсу үшін, бір құшақ құрғақ отынды үсті-үстіне лақтыра берді. (311 сөз)
Мазмұндау жоспары:
Қайсардың қысқы маусымға әзірленуі
Қаладағы Алдардың өмірі
Қайсардың таңырқауы
Алдаркөсенің қысқы сапары
Инелік пен құмырсқа
Тірек сөздер: күзге салым, қауын қақ, компьютер, бассейн,
ұялы телефон.
Достарыңызбен бөлісу: |