Мазмұндамалар жинағЫ Құрастырған: Исмадиярова Гүлшахар Бердиярқызы Алматы 2012



бет37/39
Дата06.01.2022
өлшемі397,5 Kb.
#11903
түріМазмұндама
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   39
Байланысты:
Мазмұндамалар жинағы 5-9 сынып

ЕКІ БОЗТОРҒАЙ
Ерте, ерте, ертеде кең далада екі бозторғай балапаны жұмыртқаны жарып шығып, дүниеге келіпті. Сайын дала төсінде көктен себелеген күн нұры олардың бойына қуат беріп, тезірек өсуіне жәрдем етіпті. Қос бозторғай балапанының түр–түсі бірдей болғанымен, мінездері ұқсамапты. Екеуі бірге ойнап, бірге ән шырқап жүргенімен, жиі-жиі шекісіп қалады екен. Ұрыс-жанжалды үнемі бірінші бастағанына қарамай, енелері «пысық» деп, мінезі шадыр балапанын жақсы көріпті. Бір жаққа бармақ болса, қасына соны ертіп, момын балапанын ұяда қалдырып кетеді екен.

Көктем шығып, ағаштар жаңа-жаңа бүр жара бастағаннан-ақ, құс біткен алуан түрлі әнге басыпты. Айналадағы тіршілік иелері бұлбұлдың жүрек тебірентер әдемі әуеніне тәнті болыпты. Таудың биігіне ұя салып, жер бетін зеңгір көктен шолып, қалақтап жүретін бүркіттің саңқылдаған батыл даусынан бойларына күш жинапты. Айыр құйрық қарлығаштың тамылжыта салған әнін естіген құстардың бір-біріне деген мейірі арта түсіпті.

Бірде ән салу кезіндегі өз дегенінен қайтпайтын бозторғайға тиіпті. Ол әркімге бір еліктеп, бірде бұлбұлға, бірде қарлығаштың даусына ұқсас әуенге басты. Бұл ән әуені құстарды зеріктірді. Ұнамаған әнді тыңдауға дәті жетпеген соң олардың әрқайсысы жан-жаққа ұшып кетті. Бұлбұл саялы, шешек атқан бау-бақшаға, бүркіт басын аппақ қар басқан тау шыңына, қарлығаш елді мекендегі үйдің іргесіне салған ұясына қарай бет алды.

Осы мезетте кең далада шырылдай жөнелген дауыс естілді. Әсем бұлбұл да, қыран бүркіт те, аппақ төс қарлығаш та нәзік, мұңды, сағынышқа толы ән ырғағына елітіп, ұзаққа ұшпай, бетегелі дала топырағына қонбасқа лажы қалмапты.

– Апыр-ай, мынау не еткен ғажап ән! Даланың мөлдір шығы, жұпар иісті шөбі, таңғы саф ауасы тұнық әуенмен тербеліп, көкірегімді кеңітті-ау! – депті бұлбұл тамсана.

– Бұл момын бозторғай ғой. Әнеки, бір орында қалықтап шырылдауын қарашы! Шіркін, дауысының мың құбылуын! – депті бүркіт өткір көзін көкке қадай.

– Туған жерге, оның жасыл жусаны мен ақ селеуіне, қанат қаққан алқызыл көбелегі мен хош иісті гүліне үздіккен сағынышын әуелетіп салған әнінен байқап тұрмын, – депті ақ тамақ қарлығаш.

Әлдиге бөлеген ән де аяқталды. Бозторғай жерге түсті.

– Бозторғай, – деді бүркіт, – әуелетіп салған әнді қайдан үйренгенсің?

– Маған ән салуды туған далам, оның таңғы тыныс-тіршілігі, жұлдызды түндері мен сыбдыр қаққан құрығы үйретті. Осы алтын бесігімде ешкімге еліктемей өстім.

– Шынында да өз тілінде әдемі сайрағанға не жетсін! Еліктеуден туған әуен көмейден шыққанымен, өзге жүрекке жетпейді, – деп, бұлбұл сазды әуенмен үн қатты.

– Ол рас, – деді қарлығаш та. Міне, табиғатында адал, момын бозторғай туралы ертегі осындай. Ал бірбеткей бозторғай туралы білгілерің келсе, ол өзінің анаған да, мынаған да ұқсасам деген шәлкем-шалыс мінезіне әлі күнге дейін өкініп жүрген көрінеді. Өйткені ол бүркіт те, бұлбұл да, қарлығаш та бола алған жоқ. Бозторғайдың да ғажайып қасиетін жоғалтып алған-ды. (395 сөз)


Мазмұндау жоспары:

  1. Қос бозторғайдың өсуі

  2. Құстардың ән салуды үйренуі

  3. Бірбеткей бозторғайдың ән салуы

  4. Момын бозторғайдың әні

  5. Әнге берілген баға

Тірек сөздер: мінезі шадыр, саф ауа, шәлкем-шалыс.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   31   32   33   34   35   36   37   38   39




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет