ҚОЛҒАНАТ
Үй ішінде барометр ілулі тұр. Ол жауын-шашынның, жайма-шуақтың, боранның, қардың қашан болатынын, алдын ала болжайды. Бірақ Ерланның атасы оған сирек қарайды.
– Менің өз барометрім бар, – дейді ол аяғын уқалап. – Осы аяғым қақсаса, ауа райы өзгереді дей бер.
Ерланның атасының оң аяғы соғыста жараланған. Үлкен сандықта «Қызыл жұлдыз» ордені, медальдары сақтаулы. Мереке күндері кеудесіне жарқыратып салып алады.
Ерлан қалыңдау киініп, сыртқа шықты. Есік алдында аспанға қызыға қарап біраз тұрды. Қар жауа бастапты. Суық жел бетті қарып барады. Қойма ішінен балтаны тауып алды. Ағаштың біреуін алып, балтаны сілтеп қалды. Жарылмады. Балтаны ағаштан суырмақ боп біраз әуреге түсті. Бір-екі рет сол ағашты балталап көрді. Болмады. Оны тастады да, басқасын алды. Бұл жіңішке әрі жалпақтау екен. Балтаны ағаштың дәл ортасынан көздеп сілтеп қалды. Ағаш екіге бөлінді. Екіге бөлінгенді төртке бөлді. Сондағы байқағаны қисық ағаштан гөрі түзу ағаш оңай жарылады екен. Осылайша ағаш жаруға машықтанып қалды. Жарылған ағаштарын бір шетке жинады.
Атасы оң аяғы қақсаған соң жаюлы тұрған төсекке жата салған еді. Көзі ілініп кетіпті. Бір уақытта оянса, күн кешкіріп қалыпты. Үйде Ерлан да жоқ, отын да жоқ. Белін ұстап, орнынан тұрып, терезе алдына барып еді, қорадан тарсылдаған дыбыс шықты.
– Жаным-ау, мынау Ерланның өзі ғой. Азаматым-ай! – деп мейірлене де, мақтана да қарады.
Ерлан болса, жан-жағына қарамайды. Пальтосын шешкен. Қолында балта. Ағашты дөңке үстіне асықпай қояды. Төбесінен асыра балтаны төмен сілтейді. Жалпақ ағаш қа бөлінеді. Ерланның тағы да түзу ағашты таңдап іздестіріп жүргеніне атасы мырс етті.
– Пайымды болатын түрі бар, – деді іштей.
– Ата, – деді Ерлан терезеден қарап тұрған атасын байқап қалып, – Отын дайын.
Ол жарылған ағашты құшағына толтыра үйге кіргізді. Пеш алдына қойып:
– Жаға беріңіз, – деді терлеген маңдайын сүртіп. Аузынан будақ-будақ бу шығады.
Атасы пешке от жақты. Әп-сәтте үй іші жылына бастады. Пеш үстіне қойылған сүт те пісті.
– Ата, сүт ішемін, – деді сәлден соң Ерлан. Сүтке нан турап, тамсана ішті.
Қас қарая әкесі мен шешесі үйге келді. Жылы үй олардың көңілдерін көтерді.
–Отынды Ерлан жарды. Қолғанат болды деген осы, – деп атасы Ерланды жанына шақырып, тарамыс қолымен арқасынан қақты. Әкесі мен шешесі риза пейілмен қарады. (329 сөз)
Мазмұндау жоспары:
Ерланның атасының аяғы барометр
Отын жарудың әдісі
Атасының мейірлене қарауы
Қолғанат болды деген осы
Риза пейіл.
Тірек сөздер: барометр, орден, медаль, қолғанат.
Достарыңызбен бөлісу: |