Бар халыққа көңіліңнен орын тауып, мейір бөл, Туу үшін ізгілік, ізгілік қып, пейіл бер.
Қайырым ет халыққа, кесіріңді тигізбе, Кеселден без алысқа, мойныңа азап кигізбе!- дейді [21,261б]. Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерінің түйіні: халыққа ізгілікті іс- әрекет жасау, ақылды, пейілді бол деумен қатар, адам өмірінің мәнін еліне, жеріне қайырымды, адал қызмет ету, халқына қайырымды болу. Мейірімсіз адам өзін-өзі бақылай алмайды, ол айналасына қауіп төндіреді дейді. Себебі, ақыл мен парасаттың кемдігінен қоғамда әр түрлі өкінішті жағдайлар орын алады. Адам баласының бүкіл ғұмырының мәнділігі ақыл мен парасатқа, ізгілікке байланысты. Бұл ойлар адам тәрбиесіндегі рухани құндылық болып табылады. Жүсіп Баласағұнның педагогикалық идеясының түп қазығы – ұрпақ тәрбиесі екенін көреміз. «Құтты білік» дастанының тәрбиелік мәні туралы ғалым Ж.Әбиев: «Бүгінгі педагогикалық тұрғыдан алғанда үлкен ұжым тәрбиелейтін, педагогиканың бала тәрбиесіндегі мақсаты мен міндетін айқындайтын әдіс, еңбек тәрбиесін ұйымдастырудың негізі десе де болады. Сондай- ақ, бұл еңбек пен тәрбиенің педагогикалық негізі, теориясы деуге толық болады»,− дейді [53,68б]. Педагогикалық үрдістегі рухани адамгершілік тәрбиенің бала өміріндегі қарама- қайшылықтарды, сұрақтарды, мәселелерді шешуде маңызы зор.
Шын мағынасында адам жеке тұлға болып тумайды, ол өзінің сана-сезімі, қоғамға қарым-қатынасы, іс-әрекеті, мінез-құлқы арқылы дамып жетіле келе жеке тұлғаға айналады. Ұлы ғұлама: "Егер бала тәртiпсiз болса, оған әкeci де кiнәлi" деп, бала тәрбиесiндегi ата-ана рөлi мен жауапкершiлiгiн де атап көрсетедi. Сонымен қатар жақсы адамға қарап, жаман адам бой түзейді. Адам мінезінің қалыптасуына өмір сүрген орта, отбасының мүшелері үстем болатынын айтады. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанының ұлттық тәрбиедегі негізгі рөлі − адам тәрбиесіндегі негізгі құндылық имандылық пен адам болашағы, адамның өз жүрегіне үңілуі мен оның қоғамдағы орнында ізгіліктің мәнін ерекше жырлауы. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда адам ізгі іспен айналысып, тек жақсылық нұрын себу–имандылық белгісі. Оған дәлел, ұят адамды тек жақсылыққа, ізгілікке бастайды дейді:
Барша арамнан сақтаса, ұят сақтайды, Игі іске бастаса, ұят бастайды.
Ұят − қасиет, нұр құяды ер өңіне, Сүйрейді ұят ізгіліктің төріне [21,249б].
ХХІ ғасырдың көкейкесті мәселелері тоғысқан кеңістігінде көне мұраларымыздағы адамның болашағын бағыттауға қажетті рухани күш, ізгі ілім, өшпес үлгідегі ақыл-кеңестердің ұлттық мәдениетіміз, тіліміз бен дініміздің бүгіні мен ертеңіне де негіз әрі тірек болары осыған дәлел. Жетпіс жылдан астам әкімшілдік пен әміршілдік өктемдікте тек жоғарыдан түсетін жоспарларға ғана бағыну болды. Бұл ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды ұмыту мен салт- дәстүрімізден қол үзуге әкелді. Егер де кез келген халық ұрпақ тәрбиесінде өзінің ұлттық психологиясы мен халықтық дәстүрден нәр алмаса, ол бірте-бірте бүкіл халықтың еріксіз азғындауына әкеліп соғады. Сондықтан, Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы еш уақытта өлмейтін құндылықтар ізгі сөз бен ізгі ниет туралы тәлім- тәрбиелік ой- пікірлерін қазіргі заманғы руханилық мәселесінде оқу- тәрбие үрдісінде пайдаланудың мәні зор болмақ. Қазақ дүниетанымынан өрбіген Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілікке туралы философиялық құнды ой ұлттық қасиетіміз арқылы ұрпақ тәрбиелеудегі мәңгілік мұра болып табылады. Бұл − Жүсіп Баласағұнның шығармасы тек поэзиямен ғана шектелмейтіндігі, оның философиялық, педагогикалық көзқарастарының зерттелуі заман үрдісінен туған қажеттілік екеніне дәлел.
Ұрпақ тәрбиесі қай қоғамның, қай заманның болмасын, көкейкесті мәселесі екені даусыз. Қазіргі жаһандану процесінде ел болашағын ойлайтын, жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдениеті мен ғылыми өресі озық азамат тәрбиелеу – қоғам алдындағы міндет. Еліміздің тәуелсіздік алуы ұлттық тәрбиеге кең өріс ашты.
Әрбір елдің, тұтастай алғанда, барлық әлемдік қауымдастықтың болашағы жастарға тікелей байланысты. Қай халықтың болмасын, өзге жұртқа ұқсамайтын бітім - болмысы, өзіндік тағдырын айқындайтын басты ерекшелігі болады. Қазақ халқындағы перзент тәлім-тәрбиесінің ана құрсағынан басталуы өзге халықтан ерекшелігімізді, тектілігімізді көрсетеді.
Халқымызда: «Тәрбие – тал бесіктен» деген ұлағатты сөз бар. Отбасындағы ізеттілік, қайырымдылық, имандылық – бәрі балаға тал бесіктен берілетін алғашқы тәрбие. Бұл – ұлттық тәрбиенің ең озық көріністері, яғни ұлттық тәрбие дегеніміздің өзі – адамды ізгілікке тәрбиелеу. Адамгершілік, ізгілік – халықтық тәрбиенің өзегі.
Айналадағы болып жатқан өзгеріс, сөз жоқ, адам санасына әсер етеді. Заман қанша құбылса да, адамның адамгершілігі, азаматтығы, адалдығы бәрінен асқақ болуы керек.
Қазіргі кезде жастарымыздың жан-дүниесі мен рухани әлемі өз халқының салт-дәстүрінен ажырап, шет ел мәдениетіне бой алдыруы- ойланарлық мәселе. Бұған тосқауыл болу керек.Ол үшін жалпыадамзаттық құндылықтар болып саналатын адамгершілік мұраларды, рухани ағартушылық қасиеттерді бүгінгі ұрпақтың меншігіне айналдыру−қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе. Адамгершілік қасиетімізді жетілдіру арқылы ізгілікке, инабаттылыққа, парасаттылыққа үйретуге баса көңіл аудару – басты парызымыз. Адамгершілік мінез-құлық пен ізгіліктен, кісіліктен, әдептіліктен абзал қасиет жоқ. Адамгершілігі мол адамдар қайырымды да мейірімді, иманды келеді, ол айналасымен, ел-жұртпен сыйластықта, ынтымақтастықта,бірлік пен татулықта өмір сүреді. Ізгілік салтанат құрған қоғамның абыройы жоғары, тіршілігі шуақты болмақ.
Ендеше, жастардың бойына адамгершілік, ізгілік қасиеттерді қалыптастыру, ұлттық тәлім-тәрбие негіздерінен қол үзбеу жас ұрпақтың рухани мәдениетін арттырып, көркемдік әлемін байытады.Ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңген имандылық қағидалары: адамдар арасындағы ізгілік, қайырымдылық, адалдық, әділдік қарым-қатынас негізінде жас ұрпақты тәрбиелеудің сыры тереңде жатыр.
Осы орайда, ХІ ғасырдың аса көрнекті ақыны, данышпан, ойшыл, қоғам қайраткері Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанының маңызы зор. Жүсіп Баласағұн өзінің құнды мұрасында адамгершілікті, адалдықты, адамды сүюді жырлайды. Әр түрлі адамдар арасындағы қоғамдық мінез-құлық ережелері, билеуші мен бағынушы арасындағы қарым-қатынас туралы баяндайды әрі ұрпақтан ұрпаққа мұра боп қалған бұл дастанда қоғам туралы, адам баласының асыл қасиеті ізгілік туралы жырланады. Бойынан адалдық, ізгілік қасиеттер табылмаған адамдар өтірікші, қатыгез, өзімшіл, енжар, тоғышар, өркөкірек болады дейді. Сонымен қатар ақын:
Жігітшілік өтер,өшер тірлігің,