Өсек өтірік, мақтаншақ, Еріншек бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым, ойлап қой – Бес асыл іс көнсеңіз.[106,37б] Ендеше, мұндағы айтылған ой тұтастығы адамға керек рухани дүние: -ізгілік жолы, ізгілік тағылымы.
Бұл туралы Х. Сүйіншәлиев былай дейді: «Орта ғасыр жазба әдебиетінің айқын көрінісі Жетісулық Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» атты кітабы. «Құтадғу біліктің» білім туралы түсініктері тамаша . Білім − адам баласының сарқылмас қазына - мүлкі. Білімді адам білгір, ақылды; жазу, оқу − білімділік белгісі; надандық деген сырқатты ешбір емші жаза алмас, оны тек білімділік қана айықтырар. Ақыл – түпсіз құзға бара жатқан адамды аман сақтап қалатын қыл арқан. Терең ой, зерек білімімізбен ғана біз алдағы арманымызға (тілегімізге) жетеміз , надан адам – соқыр әрі керең, білімді адам − соқырға көз, кереңге құлақ. Білместік – қараңғы түн, адасасың. Білім – жарық, өзіңе жол ашасың. Ақылың мен білімің ғана өмірде сый, өлгенде құрмет әпереді. Білімді адам ешкімге тәуелді болмай-ақ, өзіне тамақ пен киім табады. Білімге жетелейік, білімнің қадірін білейік, білімді болсақ, әркімге де қажет адам боламыз.
«Құтадғу біліктің» осы бір келтірілген жолдарын ағартушылық идеяның орта ғасырлық ең тамаша үлгілері демеске болмайды. Әсіресе, ХІХ ғасырдағы Ыбырай Алтынсарин мен Абай Құнанбаев сияқты қазақ ағартушыларының пікірлерін Жүсіп Баласағұнмен сабақтастыратын да осындай жолдар сияқты.
Баласағұн да заманында надандық пен тоғышарлыққа оқу, білім, өнерді қарсы қойған заманының ақылгөй ағартушысы, озық ойшылы. Бұл жағынан да ол – кейінгілерге ұстаз. Ақылды адамға жат мінез-құлықтарды атап көрсетіп, оны сынауы жағынан да Жүсіп дастаны заманындағы адамдарға, ел басы ұлықтарға ғана өнеге болып қоймай, кейінгі ақын ұрпақтарына да үлгі болған деуге болады. Жүсіп ақылға қарама-қарсы ашуды, зұлымдықты, өтірікшілік-жалғандықты, қызғаншақтық пен пейілсіздікті , арамдық пен мейірімсіздікті қояды. Ел үшін еңбек етер, ақыл иесі ер азамат бұл сияқты жұғымсыз мінездерден таза болса екен деген арманын білдіреді». [27,108б] Көркем сөз зергері білімнің пайдасы мен надандықтың кесірі, жомарттық пен сараңдық, ізгілік пен жақсы мінез-құлық туралы құнды пікірлер айтады. Білім мен ақылдың шапағатын ғұлама айта келіп, надандыққа, жауыздыққа қарсы білімді қояды. Білімнің пайдасы мен надандықтың зияны туралы былайша ой түйеді: Ақыл шырақ, қара түнді ашатын, Білім жарық, нұрын саған шашатын. Ақылды ұғар,білімділер біледі, Түгел болар білімді,есті тілегі! Білік мәнін біл,не дейді білген ер: Білім білсең, бәле жүрмес іргеден. Кел,ай,надан!Дертке дауа жасағын: Надан білім алса, құты тасады.
Күллі ісіңді ақылыңмен баптағын, Уақытыңды біліміңмен сақтағын. [21,91б]
Сонымен бірге ұлы ғұлама кісіні құрметті, абыройлы ететін де оның білімі дейді. Білім – наданның көзін ашады. Білім ─ әділет тірегі.Себебі, әділетті заң, әділетті ел басқарудың өзі тек білімді адамның ғана қолынан келеді дейді . Бұл тұрғыда, Абай өзінің Ғақылия қара сөздері мен көптеген өлеңдерінде, атап айтқанда, «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Әсемпаз болма әрнеге», «Адамның кейбір кездері» т. б. өлеңдерінде адам санасын дұрыс дамытып, парасатылықпен тәрбиелеуге, сапалы білім алуға зияндылары: салақтық, пайымсыздық, жалқаулық, ізденбеушілік, талапсыздық деп білді. Сондықтан адамның барлық күш-жігерін топтастыратын «білім сақтайтын сауыты» болуы керек, ол үшін өз еркін тәрбиелеуге тиіс. Тек еркі мықты, қайратты, жағымды мінезді адам ғана өзін саналы тәрбиелей алады, төзімді еңбекпен білімді болады деген қорытынды шығарады.
Ол жастардың еңбексіз жүріп, жаманшылыққа бой ұратынын былай көрсеткен: