Тыңда , кісі ізгілері не деді: «Жүрген – тынып, туған ақыр өледі!»
Жалғанға сан жаңылыс ер келді, көр, Біраз жүріп,ақырында өлді көр.
Бек пе, құл ма, мейлі, жақсы-жаман ба, Өзі өлді, қалды аты – ізі ғаламда. Тірі өлер, ақыры жер жастанар, Жақсы кісі өлсе, жақсы ат қалар. [21,98б]
Ел басқарудағы мәнсапқорлық, әділетсіздік, жағымпаздық елдің тозуына әкеп соғады. Ел басшысы болсаң, әділ бол, әділет ізгілікке жетелейтін басты қасиет екенін естен шығарма дейді. Ел билеуші адамның байлыққа мас болмай, халықтың жағдайын жасап, соңында ізгілікті іс қалдыруын айтады. Парасатты адамға тән қасиет – қайырымдылық, әділеттілік,кішіпейілділік шыншылдық. Адам тумысынан текті болса, ол өзінің ізгі қасиетімен қайырымды адам ретінде елдің есінде қалады. Ол ізгі жанның мінезі мен іс-әрекеті кейінгі ұрпаққа үлгі болады. Кім ізгі қасиетке ие болса, сол ел басшысы болуы керек дейді.
Ұлы ойшыл ізгілікті, қайырымдылықты, тектілікті бәрінен де жоғары қояды.
«Бек білімді, зерек болсын – қырағы, Тосын қырсық сонда ығып тұрады. Мың қасиет керек , қылық мәнді, ірі, Ізгі атың қалу үшін мәңгілік!» Асыл текті адам ұлы, парықта, Білікпен тек, болды сара, даңқты. Жақсы тектен туар жақсы адам да, Жақсы жандар төрге шығар әмәнда.
Шыншыл, сара болу керек ел бегі, Көңіл, тілі – түзу, дара, зерделі!
Жасай алар ізгілік пен ірілік, Заң, ұятты сақтай білер жүгініп! [21,245б] Жақсы мінез-құлық, ізгілік туралы айта келіп, ақын екі жүзділікті, жылпостықты, еріншектікті, имансыздықты сынайды. Адамды өркөкірек,ойсыз болудан сақтандырады. Кісілік, ізгілік үлкенге де, кішіге де керек қасиет деп біледі. Жүсіп Баласағұн адамның дамуы, өсуі – тәрбиенің жетістігі дей отырып, адам бойындағы ізгілік, ізеттілік, қайырымдылық – бәрі адамға тек тәрбие арқылы беріледі дегенді баса айтады.
Адамды сыйлау, оған құрметпен, кісілікпен қарау – дастанның басты қағидасы. Дастанда адам бақытқа құт-берекемен, ізгі қасиеті арқылы ғана жетуге болатынын айтады. «Құтты білік» дастанындағы кейіпкерлердің де ізгілікті, құт - береке, бақ сипатын танытатын бейнеде алынуы да бекер емес.
Зерттеуші ғалым А.Егеубай Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы ізгілік туралы былай дейді: «Тарих тәлімі... Парасат сабағы... Дастанның тәлімі бүгінгі замандасқа да тағлым. Ғасырлар бойына халықты кісілікке баулыған жазу шынын да несімен қымбат? Несімен қызықтырады? Тағы да сол адамгершілік, имандылық дәстүрімен! Ақиқатқа жығылған, әлеуметке адалдық дәстүрімен. Ежелгі дәуір ақынының әлеуметтік мұраттары қашан да әсерлі, ақиқаттың әз тіліндей ашық естіледі. Қоғамға, адамға зардап атаулыға ышқынған қарсылық, рухани жиреніштің күйінішті үні сол тілден төгіліп көкіректерге жасындай жетеді» [21,38б].
Ұлттық тәрбие құндылықтарын жас ұрпақ бойына сіңіруде Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны үлкен рөл атқарады. Өйткені, «Құтты білік» дастаны – түркі тілді халықтың қоғамдық ой-санасында орын алған рухани құбылысты тұтас қамтыған көркем туынды. «Құтты білік» дастанының мазмұны адамның жетілуінің шыңы – ізгілік екенін көреміз, яғни адам өзінің адами жетілуі мен кісілік кемелденуін, имандылығын өзгеге қайырым, жақсылық жасау арқылы ғана таныта алады.
Өз заманынан озық туған ұлы тұлғаның «Құтты білік» дастаны – тәлім-тәрбиелік құндылықтың қайнар көзі. Бұл дастан адам баласын ізгілікке, имандылыққа үндейді, рухани тазалыққа шақырады. Жүсіп Баласағұн еңбегі-бүгінгі ұрпақ тәрбиесі үшін теңдесі жоқ қазына. Жеке тұлғаның сапалық қасиеттері арқылы оның адамгершілік қасиеттері айқындалса, адамгершілік деңгейімен білімі сапасы , ол өмір сүріп отырған қоғамдағы орны көрінеді.
ХІ ғасырда есімі күллі Шығыс еліне мәшһүр болған данышпан Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасындағы ізгілкті басқарудың негіздері жеке тұлғаның қоғамдық көзқарасын қалыптастыруда белгілі мақсатқа жетудің тәсілі болып табылады.
Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы ел басшысының келбеті туралы бұл терең пайымдаулардың бүгінгі тәуелсіз еліміздің алға ілгерілеуі мен әлемнің ең озық елдерінің қатарына жетуіміз үшін мәні зор.
Қорыта айтқанда, біздің өркениеттік мақсатымыз─өз ұлтының мәдениетін, тарихын, дінін қастерлейтін және оны жалпы адамзаттық деңгейдегі рухани құндылықтармен ұштастыра білетін, ауызбірлігі мықты тұлға тәрбиелеу.Ұлт жанды тұлға тәрбиелей отырып, біздің алдымызда әлемнің ең озық елдерінің даму дәрежесімен терезе теңестіретін ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің ертеңгі ұлт тізгігін ұстайтын жастардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру міндеті тұр. «Құтты білік» дастаны жас ұрпақтың жаңаша ойлауына, олардың танымының қалыптасуына ықпал ететін,яғни қазақ халқының қоғамдағы өз орнын дұрыс табуы үшін зор роль атқарады.
Жастарымызды осындай абзал қасиеттерге тәрбиелеуде Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанының берері мол.
Тәуелсіз ел ертеңі болашақ ұрпақтың рухын шыңдап, адамға құрмет пен сенім білдіру ізгіліктің ең жоғарғы көрінісі екенін «Құтты білік» дастаны арқылы көреміз. Өз шығармасында адамзатты тура да әділ жолға сілтейді, иманды, өнегелі болуды үндейді. Осындай баға жетпес құнды туындылар халқымыздың асыл жауһары екені сөзсіз. Барлық күш- жігерін жұмысқа жұмылдырған басшы үнемі мәселенің дұрыс қойылуы мен еңбек өнімділігін арттыру жайлы ойлайды.Ал барлық күш- жігерін адамдарға бағыттаған басшы еңбек өнімділігінің өсуін тек адами қатынастарды жетілдіру жолдары арқылы ғана өз мақсаты етіп қояды.
Ол қандай да бір дәрежеде адами қатынастарды ынталандыруға, қарамағындағылардың қажеттілігін қанағаттандыруға мәжбүрлі. Дегенмен мемлекттік басқарудың демократиялық стилінің мақсатқа сай, нәтижелі және перспективалы екендігін тарихи тәжірибе көрсетіп отыр.Бұл стиль басқарушылық процестерді тұрақтандыруға және сол арқылы ұтымды әрі тиімді қоғамдық дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Қазақстан – 2030» тұжырымдамасында: «Біздің балаларымыз бен немерелеріміз ... бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып, қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады» −, деп көрсетілген [2,304].
Сондықтан қоғамды демократияландыру, құқықтық мемлекетті құру, басқарудың тиімділігін арттыру үрдісінде қазақ ұлтының ғана емес, түркі дүниетанымының ұлы ойшылы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанындағы мемлекетті басқарудағы озық көзқарасының бүгінгі дүбірлі дүниеге толы саяси өмірді қалыптастыру мен реттеуде маңызы зор болмақ. Олай дейтініміз, Жүсіп Баласағұнның педагогикалық мұрасында басқарудың мәні, билік етуші, ел басқарушы адамның қоғамдағы орны, адамдармен қарым-қатынас жасау әдебі ғана емес, тіпті ел басқарушы адамның мінез-құлқымен қатар, кескін-келбетінің де психологиялық терең таным тұрғысында талдануы.
Оның осындай ізгілік идеяларын саралай отырып, ұлы ойшылдың кемеңгерлігіне қайран қаласың. Сондықтан тәрбие мәселесінде адамның бойында ең әуелі ізгілік қасиеті қалыптасуы керек .Қорыта келгенде айтарымыз, Жүсіп Баласағұнның басқару туралы тәлім- тәрбиелік идеясы қазіргі ұрпаққа өз рухани даму жолын көрсетер аса бай мұра болып табылады.