Мазмұны I шағатай ұлысының ҚҰлауымен, орнына қҰрылған екі дербес мемлекеттің ҚҰрылуы



бет3/21
Дата07.01.2022
өлшемі413,8 Kb.
#19371
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Байланысты:
Жоба нақты

Мәселенің зерттелу деңгейі. Әмір Темір өзінің халқына және хандығына мемлекеттік билік пен заңдар жобасын жасап берді. Бірақ бұл оқиғалар халықты жаппай қыру және қиратумен қатар жүріп отырды. Бұл оқиғаларды талдап, баға беру үшін біз бірінші кезекте осы оқиғаларға деректік негіз бола алатын шығармаларға тоқталып өтейік.

Әмір Темірдің өміріне байланысты деректік материалдар жылнамалық және мемуарлық сипатта жазылған деп топтауымызға болады. Бұл кезеңге байланысты бай мәліметті сонымен қатар заттай деректерден, эпиграфикалық ескерткіштерден де байқауымызға болады. Бұл дәуірге байланысты көп деректің бізге жетуіне Әмір Темірдің жанында арнайы хат танитын сауатты жылнамашыларының болғандығы да септігін тигізді («дабиран-и хас» - жеке хатшы, «фадилан-м аср» - заманының білімді адамы). Осындай адамдарының бірі Омар деген ғалым адам болды. Ол Темірдің Үндістан сапарына қатысып, жанында болып, көрген білгендерін қазғазға түсірген. Осы сапардың негізінде «Үнді жорығының күнделігі» жазылды. (Гийасаддин Али, 1992).


Сондай-ақ осы сапар нәтижесінде жазылған Гиас ад-дин Алидің күнделіктері белгілі. Бұл шығарма В.В.Бартольдтың зерттеуі бойынша 1403 жылы жазылғандығы анықталды.

Низам ад-дан Шамидің «Зафар намесінде» де Темірге байланысты маңызды мәліметтер кездестіреміз (Низам ад-дин Шами, 1941). Әмір Темір оқуды және жазуды білмесе де, өз заманының білікті адамдарының бірі болғандығын айтады. Сонымен қатар, деректе бұл еңбек жазылғанға дейін де бізге жетпеген басқа деректердің болғандығы туралы мәлімет бар. Бұл еңбектің Гиас ад-дин Алидің еңбегінен ерекшелігі, еңбектің тілінің жеңілдігі және онда Темірдің бүкіл саяси қызметінің толық қамтылуы. Низам ад-дин Темірдің 1360 жылға дейінгі тарихына да тоқталған. Бұл еңбек 1405 жылға дейін жазылып аяқталған. Бұл еңбектің деректік маңызы зор. Сондықтан осы еңбекте келтірілген фактілер Әмір Темір дәуірінің тарихына байланысты кейінгі кездері жүргізіліген барлық зерттеулердің желісінің негізгі арқауы болды.

Әмір Темір мемлекетінің әскери жорықтарына қатысты әдебиеттер саны жағынан көп болып есептелінеді. ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы деректер ішінен мәселеге қатысты Шараф ад-дин Али Йездидің «Зафар-нама» атты еңбегіне ерекше тоқталуға болады. Ол Әмір Темірдің өмірінің соңғы жылдарында оның кеңсе бөлімін басқарып, билеушінің Кіші Азияға жасаған жорықтарына тікелей қатысқан адам болды. Йездидің сөзіне сүйенсек, ол бұл туындысын Әмір Темірдің ұлы Шахрухтың баласы,өзінің немересі сұлтан Ибрагимнің тапсырысымен жазған.

ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы Әмір Темірге байланысты деректерді екіге бөліп қарастыруымызға болады: біріншілерінде Темірдің жүргізген саясатын құптау, қолдау байқалады; екіншілерінде бұл әрекеттерге теріс баға беріледі. (Якубовский,1946). Бірақ, соған қарамай бұл екі топтағы деректердің қай-қайсысынан болмасын біздің мәселеге, сол оқиғаларға байланысты бай мәліметтер алуға мүмкіндік бар. Атап өтетін жай - әлі күнге дейін осындай бай материалдар толығымен жүйеленіп, бір ізге келтірілмегендігі байқалады. Бұл деректерде Орта Азия тарихы мен Әмір Темір мемлекеті дәуірі арасындағы тарихи сабақтастық толық орын алмаған. Орта Азия, Иран, және іргелес елдердің тарихын қазіргі уақыттағы зерттеушілер Темір мемлекетінің ықпалының әлі де толық зерттелмегендігін атап өтіп, деректерді іздестіруді жалғастыру керек деп есептейді.(Муминов, 1968).

Шараф ад-ин Али Йездидің «Зафар-намесына» тоқталайық. Автор еңбектің соңында шығарманы «Фатх-наме» деп атап өтеді де, оны хижра жыл санағы бойынша 840 жылы (1437 ж.) рамазан айында аяқтағанын баяндайды. Осы қолжазбаны зерттеген Өзбекстандық зерттеушілер еңбек 1419 жылы басталып, 1437 жылы аяқталған деген қорытынды жасады. Бұдан автордың осы еңбекті 18 жыл көлемінде жазғандығын байқаймыз. Бұл еңбектің ерекшелігі, автор өзінің еңбегінде тарихтың адамзат тарихында алатын жоғарғы орнын анықтай отырып, оның өткенді саралап, болашақты болжау, мемлекеттің гүлдену мүмкіндігін көрсете алу ерекшеліктерін атап өтеді. «Зафар-намеда» фактілік материалдардың көп болуы оның құндылығын арттырады. Бұл еңбектің жазылуына Темірдің өзінің қадағалауы және жағдай жасауы оның маңыздылығын арттыра түседі. Бұл дерек негізінен оның өлімінен кейін жазылғандықтан автор Темірді көрген, білген, оның жорықтарына қатысқан адамдардың мәліметтеріне сүйенген. Бұл еңбектің алғы сөзі Рашид ад-диннің еңбегінен алынған.

Белгісіз автордың «Ескендір Анонимі» атты шығармасы да Әмір Темір жорықтарына қатысты құнды дерек болып есептелінеді. Бұл еңбектің авторын өмірінің соңында В.Бартольд зерттеп, Муин ад-Дин Натанзи болуы мүмкіндігі туралы өзінің ойын айтып кеткен. (Бартольд, 1973). Бұл еңбекпен танысу барысында автор көптеген түркі, монғол терминдерін, атауларын қолданғандығын байқаймыз. Бұл еңбек 1413-1414 жылдары жазылған. Еңбекте өзге шығармаларда кездеспейтін көптеген фактілердің келтірілуі оның құндылығын арттырады.

Әмір Темір мемлекетінің тарихына қатысты құнды мәліметтер ХҮ ғасырдың тарихшылары Хафиз Абру, Абд ар-Разак Самаркандидің және Мирхондтың шығармаларында да кездеседі.

Осы деректерді тимуридтік тарихнама кезінде жазылған, бізге жеткен деректер тобына жатқызуымызға болады. Олар тікелей Темірдің өзінің немесе оның ұрпақтарының тапсырысы бойынша жазылды.

Ал енді келесі топтағы деректерге, Әмір Темірге байланысты өз ойларын ашық білдірген, оны ұнатпаған топ өкілдерінің мәліметтерін жатқызуымызға болады. Осындай топ өкілдеріне Ибн Арабшахты және оның «Аджип ал- макдур фи наваиб ал-Тимур» атты еңбегін қарастыруымызға болады. Жас кезінде Дамаскіде тұтқынға түсіп, Самарқандқа алып келінген ол, өле-өлгенше Темірге және оның қырып жою саясатына деген өзінің теріс көзқарасын ұстанды.

Ибн Арабшахтың «Темір өміріндегі көргемпаздық ғажайыптары» атты еңбегінде Темірге қатысты көптеген фактілер келтірілген. (Қазақ Совет энциклопедиясы,1974). Бұл еңбекте автор сол оқиғаларға қатысып қана қоймай, оны көрген-білгендердің мәліметтеріне сүйене отырып та жазған.

Темірге қатысты келесі деректің авторы Абд ар-Разак Самарканди атты тарихшы. Оның «Матла'ас-са' дайн ва маджма' ал-бахрайн» («Бақытты екі жұлдыздың қосылған және екі теңіздің түйіскен жері» атты еңбегі бізге жеткен. Еңбек 1467-1471 жылдары жазылған. Оның бірінші томында Темірдің өліміне дейінгі кезеңнің тарихы баяндалады. Еңбек Темір мен оның әулетінің тарихын зеттеу үшін құнды мәліметтер береді.

Әмір Темір мемлекетіне және оның жеке тұлғасына байланысты құнды мәліметті Руи Гонзалес де Клавихоның Самарқандтағы Темір сарайына жіберілген елшілігі кезінде көрген білгендерін жазған мәліметтері де бере алады.(Клавихо, 1990). Бұл елшілік 1403 жылы кастильдік король ІІІ Генрихтың бұйрығымен Самарқандқа аттандырылған болатын. 1404 жылы Клавихо Темірдің бірнеше қабылдауында болып, онымен сұқбаттасқан, мемлекеттің өзге де қалаларын аралаған. Өз көрген білгендерін күнделік түрінде қағазға түсіріп отырған. Бұл дерек те Темір мемлекеті және оның сыптқы саясатының тарихын зерттеуде көмегін тигізетін бағалы шығарма болып есептелінеді.

Әмір Темір мемлекетінің өзге елдермен жасаған қарым-қатынасына байланысты құнды мәліметтерді материалдық мәдениетің туындылары арқылы да байқауымызға мүмкіндік бар. Себебі осы кезеңде дүниеге келген мәдениет және өнер туындыларында осы ықпал анық аңғарылады. Олардың қатарына осы дәуірлерде тұрғызылған Самарқанд, Шахризабс, Түркістандағы мешіттер, мавзолейлер, сарайларды жатқызуымызға болады. Осы құрылыстарды салу үшін жаулап алынған елдердің барлығынан шеберлер, қолөнершілер жиналды. Олар көп жағдайда өздері тұрғызған ғимараттарға аттарын жазып отырды. Осындай қолөнер туындылары арқылы бұл мемлекеттің өзге де елдермен жасаған қарым-қатынасы, ықпалын байқауымызға болады.

Әмір Темір мемлекетінің тарихын зерттеу барысында негіз болатын қазіргі кезде белгілі деректер, жоғарыда аталған еңбектер.

Енді осы мемлекеттің тарихының зерттелу деңгейіне тоқталатын болсақ, бұл мәселеге байланысты ең алдымен В.В.Бартольдтың еңбектерін атап өтуіміз керек. Автордың зерттеулерінде аталған деректер негізінде осы мемлекеттің құрылу тарихы, жаулаушылық жорықтары, әмір Темірдің жүргізген саясаты талданған. Осы мемлекеттің Орта Азия халықтарының тарихындағы орнын анықтаудың маңызына көңіл бөлген.

Зерттеуші Л.В. Строеваның еңбектері және ізденістері, мақалалары осы тақырыпқа арналды.(Строева, 1952). Автор зерттеу мақалаларында Әмір Темір мемлекетінің құрылу алғышарттарына талдау жасай отырып, көрші мемлекеттердің тарихындағы орнына өзіндік бағасын беруге тырысады.

Әмір Темір мемлекетінің тарихын зерттеуде А.Ю.Якубовскийдің де қосқан үлесін атап өтуіміз керек. Ол өзінің зерттеулерінде Темір мемлекетінің тарихына қатысты құнды ойлар мен болжамдарын келтіреді.(Якубовский, 1932). Оның Б.Д.Грековпен бірлесіп жазған еңбегінде де осы мемлекеттің тарихы баяндалған. (Греков, Якубовский, 1950). 1960 жылдарға дейін бұл мемлекеттің тарихына қатысты көлемді зерттеулер болмады.

1960 жылдары Өзбекстанда атап өтілген Әлішер Науаидің туғанына 525 жыл толуы және Самарқанд қаласының 2500 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты жиындар мен конференциялар ұйымдастырылды. Осы оқиғаларға байланысты зерттушілердің Әмір Темір мен Темір ұрпақтары заманындағы Орта Азияның әлеуметтік, экономикалық, саяси және мәдени өмірінің мәселелеріне арналған зерттеулер жарық көрді. Абд ар-Разак Самаркандидің еңбегі өзбек тіліне аударылды. (Абдираимов, 1973). Біздің тақырыбымызға қатысты жарық көрген зерттеулердің ішінен И.И.Умняковтың, Г.Н.Набиевтің зерттеулерін де атап өтуіміз керек.

Темірдің Моғолстанға, Жетісу мен Тянь-Шаньға жасаға жорықтары К.А.Пищулинаның еңбегінде баяндалған.( Пищулина, 1977).

Соңғы жылдары Әмір Темір мемлекетінің тарихына және оның жеке тұлғасына арналған еңбектер, зерттеулер де жарық көріп жатыр. Олардың қатарына «Тамерлан: Эпоха. Личность. Деяние» атты жинаққа кірген зерттеулерді қосуымызға болады.

Қазақстан ғылымына тоқталатын болсақ, біз бұл салада ғалымдардың әлем тарихы бағытындағы ізденістеріне ерекше тоқталуымыз керек. Қазақстандағы қоғамдық ғылымдардың маңызды міндеті ретінде қазақстандық ғылымды қалыпты оқшаулану жағдайынан әлемдік кеңістікке шығару мәселесі болып отыр. Осы мәселеге байланысты Қ.Т.Жұмағұловтың айтқан ойлары біздің мәселені де зерттеуде теориялық негіз бола алады. Ол: «Тарих ғылымындағы идеологияландыру және бейсаясаттандыру жағдайлары, интеграциялық үрдістердің ғасырында маңызды теориялық және методологиялық мәселелерді жүйелеудің жаңа жолдарын іздестіруге талпыныстар жасау керек. Өйткені жалпы тарих мектептерде, гимназияларда, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында оқытылады» - деген пікірін білдірді. (Жумагулов, 2001). Бұл пікірдің Әмір Темір мемлекетінің жүргізген саясатына да объективті баға беруде маңызы зор деп ойлаймыз. Автордың әлем тарихына байланысты жалпы теориялық еңбектерінің де маңызы үлкен. Бұл ізденістегі теориялық, практикалық тұжырымдар Қазақстандық тарихнамада Еуропа мен Еуразияда жаңа идеологияның таралуына үлкен ықпал береді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет