Мазмұны кіріспе 1 Қазақ Әдебиетіндегі постмодернистік ағымның дамуы


Дидар Амантай шығармаларының жаңашылдық бағыттары



бет6/8
Дата18.05.2023
өлшемі211,7 Kb.
#94490
1   2   3   4   5   6   7   8
2.2 Дидар Амантай шығармаларының жаңашылдық бағыттары

Қазақ оқырманынан лайықты бағасын алып, қазақ прозасының көкжиегін кеңейткен жазушының «Гүлдер мен кітаптар» атты кітабы ғалым Әбдуақап Қараның аудармасымен Түркияда жарық көрді. Стамбұлда шыққан кітапқа «Гүлдер мен кітаптар» романы мен «Төлеутай ақсақалдың немересі» әңгімесі енді. Француз тіліне де аударылған «Гүлдер мен кітаптар» романы жазылу мәнері жағынан қазақ әдебиеті түрлік ізденістің өзгеше бір қырын аңдататын қызықты хикаят. Басында «Тәңірдің кітабы» түрінде ойластырылып, роман концепциясын кейіпкері Әлішердің біржола басы байланған қаламгерлік қағидаты, мұң-зары, жазылып жатқан мәңгілік мұрасы (бәлкім екі дүниеге бірдей еншілес туындысы) төрелігімен ғана автор өз шығармасының атауынан бастап, бүкіл жаратылысын дәл түсіндіріп бере алған. Сыншы, мәдениеттанушы Ә.Бөпежанова осы туынды туралы «Гүлдер мен кітаптар» сынды шығарманы мен қазақ әдебиетінде бұрын-соңды алғаш оқуым» деген болатын.


Тілі көркем шұрайлы, оқиғалары шынайы, ойға қонымды, әрі тартымды «Күзгі рандеву» кітабына, «Мен сізді сағынып жүрмін», «Гүлдер мен кітаптар» шығармасы, «Ібіліспен сүйісу» повестері мен көптеген әңгімелері кіргізілген.
Еуропа оқырмандарын қазақ шығармаларымен қауыштырған Дидар Амантайдың "Қарқаралы басында" атты кітабы Париж, Анкара және Ұлан-батыр қалаларында түрік, француз, монғол тілдеріне аударылып басылған. «Гүлдер мен кітаптар» романын француз тіліне Айтқали Бақытов аударып, оған Альбер Фишлер есімді мәдениеттанушы сыни мақала жазған. Жазушының өзі осы туындысындағы өзгеше, тартымды стилі туралы «Мне интересно объединять стиль Эрнеста Хемингуэя со стилем Марселя Пруста и Габриэля Гарсиа Маркеса, добавляя туда интеллектуализм Милорада Павича и Хорхе Луиса Борхеса. И все это затем приправить особой эстетикой Альбера Камю и Алена Роб-Грийе и Ясунари Кавабаты. В моей поэтической прозе сюжет может существовать и не существовать. Я шел по направлению «рассказ – впечатление» деп түсіндіреді.
Еліміздегі әдеби ортаның өкілдері пікіріне құлақ асатын белгілі жазушы, әдебиет сыншысы Герольд Бельгер Дидардың жоғары әдеби талғамы туралы «Он - продукт культуры, продукт философии, непривычного восприятия мира. Я верю в его талант, ибо для меня всегда выше всего культура и знания. А у Дидара это есть» деген болатын. Француз мәдениеттанушысы Альбер Фишлер кітапты жоғары бағалап, өз мақаласында «казахская литература продолжает жить и существовать благодаря таким авторам, как Дидар Амантай. Он доказательство интеллектуальной жизнеспособности этой страны» деп түйіндеген. Отандық киноға, қазақ прозасына айтарлықтай үлес қосқан, қазақ мәдениетінің жүгін арқалап жүрген қаламгер жайлы Мұрат Әуезов «Дидар тарихпен, өткен заманмен және үлкен кеңістікпен тіл табыса алатын жазушылық қасиетін көрсетіп отыр. Өйткені ол мәңгілік құндылықтарды тудырушы. Оның өзіндік ерекше стилі бар» деп баға берген. «Дидардың романдары, хикаялары, әңгімелерінен автордың сюжеттік ситуация мен персонажды дәл бере алатындығын байқаймыз» дейді О.Сүлейменов.
Дидар Амантай бүгінгі таңда жарық көрген шығармалары постмодернистік бағытына мейлінше бой алдырған қаламгер ретінде танымал. Көптеген әдебиет сыншыларының пайымдаулары бойынша, автордың «Тоты құс түсті көбелек», «Шайтан мен шайыр», «Гүлдер мен кітаптар»деп аталатын шығармалары мен «Мен Сізді сағынып жүрмін» повесі, «Көзіңнен айналдым» сынды т.б. әңгімелерінде постмодернистік дүниетаным басқа жазушылармызға қарағанда барынша үндестік тапқанын көреміз. Қалмгердің романдарын алып қарасақ олар көлемі жағынан өте шағын болып келеді. «Гүлдер мен кітаптар» романы осы тұрғысынан түрлі ғалым, әдебиеттанушы, жазушы, және сыншылар арасында қарама-қайшы пікірлер тудырып жүргендігі белгілі. Белгілі жазушы Дулат Исабеков «…оны роман деп атар болсақ, бүкіл дүние онда романға деген көзқарасын өзгертуі тиіс… оны роман деп айтуға болмайды» деп өз пікірін төтесінен айтса, танымал жазушы Герольд Бельгер болса: «Дидардың жазғандары ешкімге ұқсамайды. Оның жазғандары дәстүрлі жазу үлгілеріне келмейді,өзгеше. Бұл ерекшелікті жастар жағы жақсы қабылдаса, ересектер түбірімен қарсы тұрады. – дейді.
Ал сыншы Ә.Бөпежанова Д.Амантайдың біздің прозамызға жаңаша сарында құрылымдық ерекше өзгерістер енгізуге құмар екендігін, сол себепті де оқырмандары авторды бірден қабылдай алмай жатқандығын айта келіп, «Дидар шығармашылығы көзге ұрмайтын философиялық құрылымы арқылы және жасампаз сұхбаттастық сипатымен ерекшеленеді», – деген пікір қалдырады.
Т.Әсемқұловтың «Қазіргі қазақ прозасының бағыт-бағдары» деп аталатын мақаласында «Әлемнің кез келген әдебиетінде экспериментке жол беріледі. Шынына келер болса, Дидарда классикалық стильге ешқашан қарсылық болған емес. Ол өз шығармашылығының таза эксперимент екенін мойындайды, және айтып отырады. Әлбетте, қазақ прозасының дәстүрлі көркемдік критерийі – тіл. Әдебиеттің шұрайы тіл екені қазақ әдебиетінде бекітілген қағида екендігі мәлім. Қазақтың сыншысы болсын, ақыны немесе прозашысы болсын, өзіне ұнаған шығарманы мақтағанда «тілі көркем екен», немесе «тілі шұрайлы екен» деп мақтайды. Қазақтың тіл туралы айтқаны – көркемдік туралы айтқаны. Алайда көркемдік жалғыз ғана тіл емес. Тіл тұрғысынан алғанда қазақтан әлдеқайда жұтаң елдер бар. Ол елдер ұлы әдебиет тудырды. Ойымша, сол себепті, біз де экспериментке белгілі дәрежеде жол беруіміз керек. Эксперименттің де көркемдік презумициясы бар екенін мойындауымыз керек», – дей келе, мынадай өте орынды пікір білдіреді: «Қазақ әдебиетіндегі консерваторлардың көңіліне келсе де айтайын, біздің тіліміз ескірген. Мен бұл жерде біздің күнделікті керегімізде жүрген сөйлеу тілін, қазақтың байырғы дархан тілін айтып отырған жоқпын. Ол тіл ешқашан ескірмейді. Жасырын, жаңғырып тұра береді. Мен қазақ өнерінің бейнелеу тілінің ескіргендігін айтып отырмын. Және бұл жалғыз Дидардың немесе менің ғана пікірім емес. Қазақтың алдыңғы қатарлы қаламгерлерінің көбі мұны сезеді, өзара етене әңгіме үстінде айтып та қалады. Алайда қазақ жазушыларының арасында әлдебір үнсіз келісім бар сияқты. Ешкім де бейнелеу тілдің ескіргенін ашық айтпайды. Жоғарыда, экспериментке жол беруіміз керек дегенде, мен осыған меңзеп едім», – деп өз пікірін білдіреді [6].
Дидар Амантайдың 1990 жылы жазылған «Ауылдың жаны – терең сай» атты әңгімесі бар. Көлемі жағынан шағын болғанымен айтары көп, терең сараптауды керек ететін шығармалардың бірі. Аталмыш әңгімеде жазушы бар қалыпты натурализмнің аса терең де көркем сұлбасын жасай, сомдай отырып, өз оқырманын қызықты сюжетпен баурап отырады. Әдебиет теориясының барлық дерлік талабына автор тілі, сөз жоқ, жағалауға асыққан «ағайынды» толқындар боп тізбектелген бірқалыпты динамиканың оқиға өрісі турасында орынды жауап береді. Автордың жеке қолданысында «ақындық проза» деген ұғым бар екендігін Д.Амантай шығармаларын бағалап жүрген көп әдебиеттанушы айтып өтеді. Аталмыш көркем шығарманың сөз орамы, оқиға өрісі мен композициялық сарынына, тікелей қатысын айта келіп, қаламгердің сол тұрғыдағы ерекше қуатының, өзіндік «мінезінің» бере алу-алмауына байланысты өзіне тән жаңалығын әдебиеттануға ұсынады.
«Ауылдың жаны – терең сай» әңгімесінің басты кейіпкері «жас жігіт» пен жезөкше қыз. Диалог барысы өте күрделі мотивті мұрат-мақсаттардың жиынтығы. Дәлірек айтсақ, өмірге асау құлқынмен қадам басқан жап-жас жігіттің балаң ойлары мен өмірге нала, жүректе жара, деміккен қараңғы сананы иектеген жезөкшенің бар ой-ауаны… Тебінген көңілмен ауыздыққа таласа арпалыса түспек жігіттің ойы қайтсе де өзінің нәзік те сыршыл сыры арқылы жарқын болашаққа үндеу айтуы іспеттес. Бетховеннің: «Қасірет келіп есігіңді қақса, аш та жағаласа түс, қайтсең де жеңіп шық» дегені бар. Оқырман ойына дәл осы контрастты конфликтінің келгеніне шүбә жоқ. Аламанның алғашқы айналымында тұяқ бастырмаған арманшыл бозбала да дәл солай айқасқа кіріп, қас жауымен алыса түспек ниетте болады. Қағілез мінез бен айтқанынан қайтпас қанағатсыз тілегі орындалса ғана тыным табар жігітті махаббат үшін күресті, қиқым қиғылықтардан ада деп түйсіндік… Қыз ше? Долбар мен бәсіреге түспейтін күйік сана мен берекесіз өмірді ғана таныған. Келешегінен кеміс ойлы сенім арқалаған, құлаған еңсе, жырым-жыртық көңіл, имансыз пайым… тағысын тағылар. Иә, расында жезөкшелік өмірдің құрбаны десек те, бұл кейіпкерді біздің оқырман-сана қайтсе де ақтап ала алмайды.
Әңгіменің барысы өте суыт жағдайда келеді. Жай қарапайым өмірден алынған кейбір хикаялар мен романдармен салыстырғанда көзіңе көрінетін «артықтау» нәрселерді таба алмайсыз.
Оқиғаның шарықтау шегі оқырман күтпеген оқиғалар арқылы белең алады. Қалшылдап, көздері қанталаған, әбден зікісі шыққан әкесі… Рас, тектілік пен пендеуи мұң-мұқтаж, олай деуміздің себебі де бар. Қай әке тексіздің тәлкегіне соңғы тұяғын жем қылмақ қазіргі заманда? Қай әке тексіз немере көргісі бар? Міне, жаңашыл қақтығыс, енді дәстүр мен жаңашылдықта. Бұл жерде ойға оралатын тағы бір мысал, әке мен бала теориясы. Ұрпағының майдалығына кейіген қарт пен ескілікке андағайлап қарсы шыққан кейінгі ұрпақ. Бұл өмірлік мәңгілік тақырып. Кімнің де сөзін дұрыс я бұрыс деп айтуға қимай, баласына болысып, аяп, көңілін көл етіп жыласа да, әкесінің дойылды дауылдай екпініне тізгін бола алар да емес анасы да бар. Осы жерде бір айта кетерлік сөйлемге назар аударайық: «Жаулығының ұшымен көзін уқалайды. Жас шықпаған жанарды да сүртеді екен» Расында да, тамаша сурет емес пе? Жан күйзелісін не бір дем ары да, не бір дем бері де ойыстырмай, көңілдегі көрікті ойды көз бен құлаққа көрігін айнытпай жеткізіп тұрғандай.
Автордың қаламы қарымды екендігі белгілі, бұл әңгіменің басты арқауы махаббат пен ғадауат жыры. Шиллердің, Шекспирдің махаббат тақырыбы қазақи болмысқа түсіп, ұлттың ғана емес, ғаламдық деңгеймен өлшенген пішімінің бір озық үлгісі деп білеміз. Әңгіменің эпилогына назар аударайық: «Ешкім ешкімді жақсы көрмеген. Ешқашан. Тек өзі ғана...» Автор махаббатқа аяусыз, құрсаулы күйде көмпіс құлқынмен ғана баға берген қазіргі қоғамды кінәлайды, шикісін әшкерелеп, артығын астыртын айтады. Зар-заман зілін арқалатып, тәубаңа келуіңді күтеді.
Бүгінгі біздің қоғамдағы қалыптасқан дертті көпе-көрнеу етіп көрсеткен жазушының бар айтар ойы тек осымен шектелмесі анық, себебі элегиялық элементтердің, мәселен, кейіпкер психологиясы, мінез бен көңіл-күйі, ойы, бәрі, бәрі дерлік оқырман көкейінде өзгеше бір жұмбақ әлемнің сұлбасын елестетіп, екінші бір бағытта насихат айтады.
Дидар Амантайдың тағы бір үлкен ерекшелігі – оның шығармаларындағы ерекше жұмбақтың орын алуында. Бұл әрине, әдеби көмескілікке жатпайды. Әңгіме барысы адам санасына қаншалықты белгісіз болса, соншалықты қызығушылық пен сан бағдарлы ой тудыруға түрткі болады. Міне, біздің нысандағы жазушының қай әңгімесін алып қарасаңыз да дәл осындай әсер берері сөзсіз.
Белең алған заман қасіретін бір ғана әңгіменің артқан жүгі деуге батыл бармайды. Автордың тілі ұғынықты, шама-шарқынша көркем әспеттелген. Планетарлық проблеманы көтере білген гуманистік көзқарастың соншалықты жеңіл тілмен беріле білуі жазушының білімдарлығы, шеберлігі, қаламының жүрдектігінен деп бағамдасақ қателеспегеніміз болар. Дидар Амантайды айтқанда, әсіресе оның ізденушілігін айту орынды шығар.
Алайда қазіргі заманның сыншы әдебиеттанушылары Дидар Амантайды болашақтың жазушысы дегенді айтып жүр. Қолға қалам алып, қаперсіз дүниені қаріпке салған, дәстүрден, ең бастысы ұлттықтан ауытқымай жазатын Дидар Амантайдың жаңашыл прозасын дәл осы күнгі, дәл осы заманғы қазақ прозасы деушілер қатары көбейіп келеді. Себебі Дидар болашақтың емес, бүгінгінің қаламгері!
Қазіргі қазақ әдебиетінде Д.Амантай – мықты модернист, әрі постмодернист ретінде өз бағасын алған, шығармалары әдеби сынды жандандырып жүрген ірі қаламгерлеріміздің бірі болып саналады. Бүгінгі таңда Д.Амантайдың шығармашылығы бір-біріне қарама-қайшы келетін, екі түрлі көзқарас қалыптасқан: біріншісі – автордың тілі қасаң, шығармаларының әдеби көркемдігі төмен, кірме сөздер мен эпизодтар көп, мағынасы ауыр, түсіну өте қиын деп жатса, екіншілері – шығармалары астарлы, алыстан арбап, терең философиялы, көп қырлы деп мақтап жатады.
Д.Амантай шығармашылында кездесетін постмодернизмдік үйлесім туралы З.Серікқалиев, Б.Майтанов, Г.Бельгер, Т.Әсемқұлов, Л.Сафронова, Ә.Бөпежанова, т.б. бірқатар сыншылар мен әдебиеттанушылар өз пікірлерін білдірді. Д.Амантайдың шығармаларын оқырманға жеткізудегі әдеби-көркемдік тәсіліне нақты сипаттама беру мақсатын діттемесе де көптеген зерттеу мақалаларында қаламгер шығармаларындағы модернизм және де постмодернизм поэтикасына қатысты тұстары ғана сарапқа түсіп жүр.
Бүгінгі әдебиет саласындағы жазушының, автордың орны туралы жеке көзқарастары Д.Амантайдың көптеген ой-толғау, эсселерінде көрініс тапқан. Д.Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар» романы шағын ғана әдеби туынды болғанымен, әдеби әлемде үлкен қарама-қайшылықтар мен пікірлердің себепшісі болып жүрген туындылардың шығармалардың бірі. Жазушы Д.Исабеков аталмыш шығарманы «роман емес» деп баға берген болатын-ды. Ал Г.Бельгер болса романды, жалпылай алғанда, «астар мен толғаныс, үзілген сөз, бір-бірімен қиысуы қиын әркелкі эпизодтарға, мозаикалық баяндауға» құрылған шығарма деп баға береді[3]. Бұл әрине, бір жағынан алып қарағанда туындыға құрылымдық өзгертулер енгізіп отыратын қаламгердің ізденістерімен, жаңашылдығымен сабақтасып жатыр.
Д.Амантай шығармашылығының «көзге ұрмайтын пәлсапалық құрылымымен» және де «жасампаз сұхбаттастық сипатымен» ерекшеленеді деп баға берген Ә. Бөпежанова қаламгер туындыларына сай осындай ерекшеліктердің әсем бейнесі – автордың жаңа заман талабы мен сұранысына арналған «Мен Сізді сағынып жүрмін» деген атпен белгілі повесі мен «Гүлдер мен кітаптар» атты романында айқын айшықталғанын атап өтеді. Көлемі шағын «Гүлдер мен кітаптар» романын - «конструкциясы өте дамыған – бірнеше идеяны қат-қабат алып жүретін шығарма» деп те бағалайды. [4, 12].
Бас кейіпкер - Әлішер есімді жазушы жігіт роман сюжетінде үлкен кітап жазу мақсатын алға қояды. Қос әлем қатар жатқан аталмыш шығармада - басты қаһарманға қатысты қазіргі күннің оқиғалары мен бағзы замандардағы көне түркі халықтарының өткен тарихы туралы кешегі күннің оқиғаларымен кезектесу арқылы дамиды, шығармада екі әлем сақ заманы өркениеті мен қазіргі мегақала болмысы иық тірескендей әсер береді. «Әлішер» деген атауға ие болған романның алғашқы бөлімі ХХІ ғасырда, демек қазіргі кезеңнің басты кейіпкерінің алдына кітап жазуды мақсат етіп қойып, оны аяқтауға бар құлшыныспен кіріскен әрекетінен басталады. Түсінде Әлішер: «Жорғалап келе жатып ол жердің иісін таныды, кітап иісі шығады. Кәдімгі шаң-топырақ басқан сарыала қағаздың таңсық иісі тап иегінің астынан аңқып тұр...» [5, 3].
Әлішердің өзбетінше Тәңіріні шарқ ұрып іздеп жүрген барлық ойы - қалайда басқа өлшемдегі «Тәңірі кітабын», сара жолға түскен еңбегін өз бетінше жазып бітіру. Әлішердің аталмыш кітапты жазу барысындағы барлық күнделікті өмірі сергелдең күйде болып, күдік пен күмән торланған, көңілі орта, жалғыздыққа бой алдырған, өмірден түңілеп жолы болмай, тіпті өмірден түңілетін, таныс тіпті кейде бөгде адамдармен шүйіркелесуі, кей кезде кездесуі, мына дүниенің шырғалаң да күйбің тіршілігімен тікелей байланысты. Бұл кітаптағы екінші әлемде басты тақырыбына арналған, автордың өз санасындағы өмір сүріп жатқан көне түркі халықтары жайындағы аңызды, жалпы түркілердің көне тарихы бөлек тақырып ретінде қозғалады.
Әңгімеге арқау болған жазушы жігіттің рухани талпыныстары мен ізденістері, негізгі өмірлік мұраты - өзінің шыққан түп тамырын зерттеуге арналған. Барлық күш-жігерін аталмыш кітабында кейіпкер өте ерте дәуірлерден бастау алған көне түркі халықтарының бүгінгі кезеңге дейінгі үзіліссіз де қызықты тарихы менсан замандарға ұласқан ұрпақтар жалғастығын бейнелеуге жұмсайды. Романның екінші бөлімінде де авттордың осы мұрат-мақсаты байланысқан тарихи аңыздар арқылы өрби түседі. «Мұхаммед», «Мұса», «Ғайса», «Заратуштра», деген атауларға ие т.б. тарауларында қаламгер қазақ тарихына келген, ғұрпында болған діндердің бұрынғы тарихына шолу жасай отырып, көне түркілер ішінде пайда болған рухани бағыттар негізінде жазылған аңыз әңгімелер арқылы баяндайды.
Д.Амантайдың шығармашылығын зерттеушілер оны модернистік және постмодернистік эстетикамен сабақтастырады. Ғалым әдебиеттанушы Б.Майтанов: «Автор баяндау барысын кілт үзіп, кенет күтпеген философиялық пайымдау сарынына түсе салады да, одан тағы оп-оңай шығып кетеді, әдеттегі өмір көріністерін үзілмелі кескінде бейнелеуге көшеді...
Д.Амантай шығармаларында интертекст, реминисценция аллюзия және «сана ағымының» автор еркіндігімен сабақтас түрі елеулі философиялық, эзотериялық, тұрмыстық, мәселелерді постмодернистік поэтика ауқымында қарастыруда зор стильтүзушілік роль атқарады» - дейді [6, 64-65].
Жазушының туындылары сан түрлі шығармалардан алынған жеке сюжеттен құрастырылғандай болып көрінеді. Автор шығармалары көлемі жағынан шағын болады. Үйреншікті дәстүрлі стильдегі сюжет белгілері кездеспейді. Дегенмен де аталмыш шығармада модернизм арқылы трансформацияланған романтикалық бағыт іздері де кездеседі. Осы тұрғысында кейіпкер тұтас дүниені, бүкіл әлемді руханиятпен ұштастырады. Бұл бүгінгі қоғамдағы кітап атаулының қадірі болмағанына, кітаптың құны жоқтығына іші күйеді, қынжылады. Кітапқа бас қойған не болмаса кітапты аса қадірлеген адамдар бүгінде оны «сатып кетті». Бүгінгі заманда кітаптың құнсыздануы Әлішер кейіпкеріміздің жеке трагедиясына өмірлік қайғысына айналады.
Постмодернизм бағытында ұстаздық тәлімді өмірлік идеалдарды теріске бас тартса, кейіпкеріміз үшін идеал - гүлер мен кітаптар. Гүлдер қашанда романтизм мен сұлулықтың, таза сезімнің символы ретінде белгілі. Әлішер кейіпкеріміз үшін гүлдер сұлулықтың символы ретінде саналса, ал кітаптар - өнердің символындай. Автордың оларды шығарма тақырыбына арқау етіп алуы да осы себептен.
Кейіпкеріміз өзін әлемде жалғыз сезінген кезде, өмірден түңіліп кеткенде оның сенімді серігі, досы көңіліне демеу етері - оның кітаптары мен гүлдері. «Жаратылыстың барлық түрі кітапқа ену үшін жаратылған, депті әсемдікке ғашық Малларме. Кез-келген кітаптың асқақ мұраты елге танылу болса, онда қалам жазған ойдың алдымызға сырғытып отырған тұжырымында адал ниет жоқ», «Асқақ кітап, ең алдымен, кісіліктің белгісі» [5, 42].
Әлішердің автор арқылы берілген гүл туралы толғаныстары «Гүлдер» атты тарауында да романтикалық ереше сарынды байқаймыз: «Ол гүл туралы толғанады. Көздің жасы сияқты домалап ұшар биіктен күннің шәрбәт нұры тамады, тамған нұрдан жаралып, періштеге айналған жарықтың бұла еркесі дүниеге құшағын айқара аша отырып, иіле, ұяң көзбен қарайды. Айнала жез қанат қырғауылдың әдемі күлкісінен ертегі еліндей шексіз құлпырады. Ертеде шайыр қыздың сұлулығын гүлге теңестіреді. Бүгінде ол ізгіліктің бейнесіне айналған. Бейнет көріп, қасірет шеккенде ақиқатты танып, бақытты кезіңізде сіздің жаныңыздан ылайым гүл табылады.
Қайғыңызбен ортақтасып, қуанышыңызды бөліседі, жалғыз кезде серік болады...
Құнарлы өлке ме, шөл дала ма, таулы қырат па перизат гүл аспанға алақанын жаяды. Сонау аспаннан құлдилап құлаған бір күндік сәуле молынан төгіліп, үлбіреген қауыздың ішіне толады. Үстірттен тапқан шақпақ алтындай, жарқырай келе шашақ себетіне көлденеңнен шағылысып, айналасына бұрқырап шашырап реңсіз, өңі қашқан топырағына киелі шапағатын тигізеді»[5, 52] деген жолдардағы ой-толғаныстың романтикалық сарынын қалайша жоққа шығара аламыз. «Гүл, бірінші кезекте, әуен. Өз орнын тапқан әсемпаз паң асқабы гүл кʏннің нұры құйылған нәс бөлмеде ғажайып үндестікті туғызады. Қас әдеміліктің өлшемі гүл» .
«Гүл–азаттық пен жалғыздықтың жалауы. Азаттықты іздеген жалғыздықтан жеңіледі. Гүлде сол бір жасырын мұң бар, сол бір жасырын мұң гүлге талмай қадалып ұзақ қараған соң, сізге көшеді, кейін қанша қуансаңыз да, сізден шыққан күлкі тереңдігі көрсіністі жасыра алмай, бетіңізде жүгірген ізінің әйтеуір бір жерінен алаң көңілді белгісін беріп тұрады». «Кітап ой ретінде жалғыздықтың аясында дүниеге келетін жұмбақ құбылыс, ал, гүлді жаны нәзік, серік іздеген адам өсіреді. «Гүл – сезімді ой тудырады, кітап – ойдың сезімін дамытады». Бас кейіпкер Әлішердің кітаптар мен гүлдерге деген көзқарасы мен олар туралы ой-тұжырымжарында жеке авторлық идеялармен жалғасады. Жалпылама алғанда «Гүлдер» атты кітаптың бұл тарауы өзінің көлемі тұрғысынан шағын болса да, бұнда романтикалық сарын ерекше көңіл-күй, көркемдік- публицистикалық ой-толғамдар, тіпті гүлді күтіп-бағуға қажетті флористикалық ақыл-кеңестер де кездесіп жатады.
Қаламгер гүлдің жақсы өсуіне керекті тыңайтқыштардың бірі ретінде супер фосфатты және калий тұзын пайдалану ережесін оны қандай мөлшерде және де қанша мөлшердегі сумен араластырып дайындау тәсілін ежіктеп баяндай келіп: «Нәзира деген гүлдің бейқам мамыражай қорғансыздығы сергек ұйықтаған жалғыз көзді жалмауызды оятады» [5, 52] дей келіп романтикалық сарынға қайта оралады.
«Кітаптар» деп аталатын тарауында автор сонымен қатар әлемдік әдебиетке белгілі жүзге жуық кітаптардың тізімін айтып береді. Ал «Қаламгер» деген тарауда әлемдік классик жазушыларды атап кетеді.
«Гүлдер»деп аталатын тарауда автор біз білетін де, білмейтін де сан түрлі гүлдердің аттарымен таныстырып шығады. Бұл шығарманың екінші тарауында түркі халықтарының ежелгі тарихы, түркілердің түп тамыры, аталмыш халықтардың тарихы жайында жиырма беске жуық жыр кірістірілген. Ойлары үтір арқылы бөлінген - бір жыр, яғни бір сөйлемнен тұрады» дейді қаламгер. Бұның бәрін постмодернистік ағымнан тамыр жайған автордың жеке рухани тәлімі деп те баға беруге болады. Жазушы жалпылама дәстүрлі жазу стилінен кей тұста саналы тұрғыдан бас тартқандай болып, түрлі әдеби жаңашыл эксперименттер жүргізеді.
Шығарманың басты қаһарманы болып отырған Әлішер образы әлеммен гармонияда болғысы келсе, екінші тұрғыдан ол «постмодернистік» кезеңдегі адамзат рухани азғындауы мен құлдырауына алаңдайды.
Осындай жағдайлардан кейін біз кейіпкердің жалғыздыққа душар болғандығын көреміз. Ә.Бөпежанова өз зерттеулерінде кейіпкеріміз Әлішердің мінез-құлық ерекшелігі туралы: «Ол – адам баласы санасының біртұтастығы жоғалған, «әлемнің кіндігі –адам» деген ұстанымның өз мағынасын жоя бастаған, жалпылама мәдениеттің «жеңіске жетіп», адамзаттың, қоғамның өмір сүру деңгейі, тіпті дүниетанымына дейін дамыған технологиялар көлеңкесінде қалыптасқан дәуірдің образы деп атауға болады; ал атақты философ - мәдениеттанушы А.Наурызбаева «постгуманистік кезең» деген анықтамаға сай кезеңнің адамы; дегенмен рухани тұрғыдан мықты, өн бойына сол заманның мәдени-рухани мұрат-мүддесін жинақтаған кейіпкер» деп сипаттады. «Роман ішінде жасампаздықтың рухы, әдемі жанды әлдилер бір мұң бар» деп сипаттама беруі зерттеушінің романның романтикалық болмысын байқаудан туындаған ойы ретінде қабылдаймыз.
Әлішер атты кейіпкеріміздің бойынан автордың жеке тұлғасы сомдалғандай болады. Қаламгердің жеке көзқарасы мен тұлғалық ерекшелігі айқын көрінеді. «Таңбалардың ойыны» деп аталатын мақаласында Д.Амантай қоғам және жеке тұлғаның өміріндегі модернизм не болмаса постмодернизм белгілерінің айқын байқалуы туралы былай деген болатын: «Қазір өзін фәлсафашы, ойшыл, жай ғана адам санаған тұлға постмодернистік нигилизм сырқатына ем іздеудің үстінде. Оны табамыз ба, жоқ па, белгісіз. Бірақ ізденістің нәтижесі қайткен кʏнде де адамзаттың тағдырына тікелей сер ететіні сөзсіз»- дейді. Автор өзінің әрбір шығармасында мәнін ешқашан жоймайтын проблемаларды сұрақтар астарына жасырын келтіріп, оларға жауап іздеп шарқ ұрады, кейіпкерлерімен бірге сергелдеңге түседі. Сонымен бірге өзінің рухани ізденістері мен философиялық толғамдарына оқырмандарын да тартып, ортақтастырады. Осындай тұстары арқылы біз автордың бейнелеу тәсіліндегі романтикалық ұшқындары сеземіз.
Қазақтың белгілі жаңашыл жазушысы, қара сөздің хас шебері, кинодраматург, сыншы Дидар Амантайдың кезінде Алматы қаласында жарыққа шыққан «Қарқаралы басында» атты кітабының түрік, қытай, француз, корей және монғол тілдеріне аударылған нұсқалары 2011-2012 жылдар аралығында Ұлан-Батор, Анкара және Париж қалаларында басылып шықты.
Франция астанасында шыққан кітабына «Гүлдер мен кітаптар» романы еніп, кітаптың алғысөзін ақын, кемеңгер ойшыл Олжас Сүлейменов жазып берген болатын. Аталмыш кітаптың Франция елінде жарық көріп, оқырман назарына ұсынылуына Олжас Сүлейменов ағамыз көп көмектесіп, үлкен қамқорлық жасаған-ды. Аталмыш кітапты қазақ тілінен французшаға аударма жасаған - Айтқали Бақытов болатын, кейіннен аталмыш кітапқа мәдениеттанушы, әдебиет сыншысы Альбер Фишлер сыни мақала жазып, кітап туралы өзінің ой-пікірін білдірген болатын.
Қаламгер кітаптарының көптеген тілдерге аударма жасалып жүргендігі белгілі, соның ішінде кітаптың түрік оқырмандары үшін түрікше аударма нұсқасы "Гүлдер мен кітаптар" романы және "Төлеутай ақсақалдың немересі» әңгімесімен біріктіріліп, атақты шоқайтанушы, қаламгер Әбдіуақап Қара аудармасымен жарық көрген болатын.
«Гүлдер мен кітаптар» шығармасымен қоса, монғол тілінен аудармасында бірнеше шағын әңгімелері топтастырылып шығарылған болатын, монғол тіліне аударма жасағандар - Жазгүл Жұмабай мен Нәпіл Базылхан.
"Қарқаралы басында" деп аталатын кітабы - Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, «Тарлан-Үміт» сыйлығының иегері Дидар Амантайдың бұл бес томдық шығармалар жинағының алғашқы томы болып табылады. Автор алдағы жылдары шығармаларын бір-бір томнан шығарып тұруды өзіне мақсат тұтып отыр. «Қарқаралы басында» атты шығармасы 2010 жылы оқырман назарына ұсынылған болса, бүгінгі таңда бұл кітаптың ағылшын, орыс, неміс, испан, парсы, кәріс және араб тілдеріне аударылғандығын үлкен мақтанышпен айта аламыз.
Қытайдың Үрімші қаласында орналасқан ҚХР Шынжаң өлкелік баспасы Дидар Амантайдың "Гүлдер мен кітаптар" романы, "Мен сізді сағынып жүрмін" повесі және де тағы отыз жеті әңгімесін бір кітапқа топтастырып, баспадан шығарылды.
Белгілі аудармашы Қайша Тәбәрікқызы бүгінгі күні Дидар Амантай шығармаларын қытай тіліне аударып, қытайлық оқырмандар назарына ұсына бастады. Қаламгердің алғашқы әңгімелері Қытайдың көптеген баспасөз беттеріне жарияланып жүр.
Дидар Амантайдың аталмыш үш кітабы кинематография мен проза және де көсемсөз жанрын қатар ұстанған, бір жағынан қаламгердің қазақ әдебиетін шетел оқырмандарына таныту арқылы оның жаһандық мәртебесін арттыру жолындағы сонымен қатар, отандық оқырмандары алдындағы берген есебі іспеттес болды десек артық айтпаған болар едік.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет