Мaзмұны нормативтік сілтемелер



бет12/19
Дата02.06.2023
өлшемі166,76 Kb.
#98402
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19
Байланысты:
ходжамова н

Ұлғайту. Сезімдер палитрасы шексіз бай Йасауи ақынның хикметтерінде көркемдік-бейнелеуіш құралдардың молынан қолданылуы заңды. Жеке тәжірибе, сезімдік түйсіну арқылы қол жеткізілетін сопылық ілімді жырлаушы ақынның оқиғаны, сезімдерді, сырды жеріне жеткізе, тіпті әсірелей, ұлғайта суреттеуді, сол арқылы әсерлілігін арттырып қана қоймай, қайта сезіндіру арқылы экстаз күйіне жеткізуді немесе өз насихатына біржола мойынсұндыруды, қандай да бір дүняуи пиғылдан біржола бас тартқызуды мақсат тұтуы да қалыпты жайт. «Үч йүз алтмыш су гечтім, төрт йүз қырқ төрт тағ аштым», «Наданлардын йүз мың жафа көрдім мән-а», «Ошул уақтда мың бір зікрін қылдым тәмам», «Ғаріб жаным мың тасаддух даналардын», «Он секкіз мың қамуғ ғалам хайран болур» т.б. бірқатар йасауилік ұлғайтулар бірыңғай сандық көрсеткіштермен келеді. Сопылық ілімде бұл сандық тіркестердің әрбірінің символдық мәні бар, соған сәйкес белгілі бір қолданылу аясына ие. Ал әдеби талдаулар үшін аталған тіркестер көптік ұғымды немесе есепсіз көп қайталанған әрекетті білдіру мақсатында қолданылатын ұлғайту-гипербола болып табылады. Сонымен қатар Мансұр оқиғасындағы дарияның қыста тасуы, ендігі бір хикметтердегі ұшан-теңіз жұмақ нығметтерінің баяны секілді детальдар оқырман үшін ұлғайту іспетті көрінгенімен, сопы ақын үшін өзі таныған шындық болып табылатынын ескеру керек.
Ұлғайту қолданыстарының Йасауи тілінің негізгі стильдік ерекшеліктерінің бірі ретінде танылу себебі хикмет жанрының халық ауыз әдебиетімен тығыз байланыста қалыптасуымен, көптеген дәстүрлі үлгілерді дамытып, жалғастыра білуімен де байланысты. «Йаш орныға қаным төкіб, куаһ қылсам», «Көз йашымы ақузубан жале (нөсер) қылсам», «Хасратыда йүрәк-бағрым дағласам (жараласам) мән», «Көксіңдәгі чыққан аһың аршқа йетәр», «Тағ-у чөлләр күнәһымдын қылмас тақат», «Не қылғайсың күнәһларың тағдан ағыр» секілді қарапайым ұлғайту қолданыстары әрбір хикметте дерлік орын алған.
Кішірейту. «Диуани хикметке» кішірейту мәнді қолданыстар да жат емес. Йасауидің 2-хикметінің «Токуз ай, токуз күндә йергә түштім, Тоқұз сағат тұра алмадым, көккә ұчтым» қостармағындағы «Тоқұз сағат тұра алмадым» қолданысын салыстырмалы түрде кішірейту ретінде бағалауға болады. «Қылдан йіңічкә, қылычдан тиз сират көпрік», «Ол чырағдек бір дем йаныб өчәрміз-а», «Ғашықларның күйіб-өчкән күлі болсам», «Шәбнәм (шық) болыб йер астыға кірдім мән-а», «Пірмұған журғасыдын қатра (бір тамшы) таттым», «Фәж дәстәр пучук пұлга сатыб алдым», «Халатым йоқ, қаным йоқ, раңім зарды», «Талибмын деб айтурлар, көңлідә йоқ зәррә нур» сскілді қолданыстар да кішірейту үлгілеріне мысал болып табылады. Ал «Мың алтунлығ қымматымны бірге саттым», «Баһасыз гауһарым арзанға сатма» сияқты жолдарда фольклор үлгілеріндегі тәрізді ұлғайту мен кішірейту үлгілері қатар келеді. Сонымен қатар қиямет күнінің қорқынышты суреті үдете бейнеленіп, ақыр заман адамдарының азғындық бейнесі құлдырата сипатталатын хикметтерде де ұлғайту мен кішірейту көптеп қолданылған. Субъективтік тұрғыдан алғанда бұлар да ақын таныған шындықтың көркем көрінісі болып табылады.
Дамыту. А.Байтұрсыновтың ізімен көрнекті әдебиеттанушы Е.Ысмайыловтың дамытуды түйдектету және баяулату секілді түрлерге жіктегені белгілі. Йасауи хикметтерінен біз аталған екі түрдің де мысалын кезіктіре аламыз. Тыңдаушы санасына эмоциялық-экспрессивтік бояуы қалың сөздер арқылы әсер ете отырып, автор оқиғаны бірте-бірте өрбіту, өршіту және бәсеңдету, құлдырату әдістерін де ұтымды пайдаланған. «Халім хараб, бауырым кәбаб, көзім пыраб», «Мактаб барыб, қайнап, толыб, таштым мән-а» [2,13) тәрізді жолдардағы үдемелі үдерісті сипаттайтын дамыту қолданыстары синоним сөздерді камти отырып, бір мезгілде плеоназммен де, әсірелеумен де шектеседі. «Өртәндім мән, от болдым, күйдім, йандым, күл болдым», «Ахкар болыб, күйіб-йаныб, өчтім мән-а» [2, 17] сияқты жекелеген жолдарда даму мен бәсеңдеу қатар суреттеліп, түйдектету де, баяулату да бір ғана қатар шегінде көрініс тапқан.
Хикметтерде сондай-ақ тұспалдаудың, кейіптеудің элементтері кездеседі. «Нәфсім ічін көб йүгүрдім итдек кезіб», «Бийабанда йалғұз қаздек нале қылсам», «Азыб қалған боталардек бозласам мән» секілді қолданыстарда теңеулік сипат басым болғанымен, адамның көңіл күйі мен іс-қылығының жануарларға тән қимыл-әрекеттермен бейнеленуі оларға белгілі бір дәрежеде тұспалдау сипаттарын дарытады. Ал пара алушыны «Керкес құшдек болубан ол харамға батады» деп, арам жолмен жүрген адамдарды «Химардек (есектей) йүк астыда қалады» деп суреттеген жолдарда тұспалдау әдісі айқындала түскен. Айта кету керек, дүниеқор жандарды жемтік көрсе, шүйіле жөнелетін керкес құсқа теңеу Қашқари сөздігіндегі байырғы өлең жолдарында да кездеседі («Ұс /керкес/ ес көріп, йүксек қалың құды чоқар») [27, 18]. Тұспал мәнді қолданыстарды енгізуде де Йасауи ақынның өзіне дейінгі түркі әдебиетінде қалыптасқан қолданыстарды ескере, жаңғырта отырғаны осы тектес мысалдардан байқалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет