6. СТРК ИСО 690-2-2007. Ақпараттар мен құжаттар. Библиографиялық сілтемелер. Электрондық құжаттар және олардың бөлімдері.
7. СТРК ИСО 5127-2007. Ақпараттар мен құжаттар. Сөздік.
АНЫҚТАМАЛАР
ХИКМЕТ- адамдық құндылықтардың ең жоғарғысы. Бұл тек теория немесе логика жолымен ғана емес, сонымен қатар өзінің көңіл көзін ашудың, өзін-өзі табудың нәтижесінде жүзеге асатын жүйелі интуициялық ақиқатқа негізделген ілім
ФИЛОСОФИЯ- жалпы және фундаменталды сауалдар туралы зерттеу болып, ол болмыс, болу, білім, құндылық, ақыл, зерде және тіл секілді өзекті проблемаларға бағытталады.[
СӨЗ БАЙЛЫҒЫ – оның ғасырлар бойы басынан кешірген өмірінің, іс-әрекетінің, ақыл-ой жұмыстарының, рухани-мәдени қазынасының тілдегі көрінісі.
СӨЗ ЛОГИКАЛЫЛЫҒЫ – ойдың қайшылыққа ұрынбауын айтамыз.
СӨЗ ҚИСЫНДЫЛЫҒЫ – жеке сөздің, сөз тіркесінің грамматикалық тұлғалардың өз орнында қолданылуын айтамыз.
ТІЛДІК ЖҮЙЕ – тілде бар үлгілердің, қолданыс типтерінің (түрлерінің) белгілі бір тәртіппен келуі.
ТІЛДІК ҚҰРЫЛЫМ – осы жүйенің іске асқан (көрінген) материалдық мүмкіндіктері.
ТІЛДІК НОРМА – тілдегі бірізділік, тіл материалдарын нормалау деген сөз, белгілі бір тәртіп, заңдылыққа бағындыру.
ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ – айтайын деген ойымызды еркін жеткізу, сөйлегенде бөгде тілдік элементтерді – диалектілерді, варваризмдерді араластырмай сөйлеу халқымыздың асыл сөз қазыналарын тиімді пайдаланып, жатық, анық сөйлеу, әдеби тілде сөйлеу.
ДАСТАН - әдебиет жанры. Фольклордың саласына жатады. Таяу Шығыс, Орта Азия, қазақ халықтары арасында кең тараған. Тақырыбына қарай қазақ дастандары батырлар жыры («Алпамыс»), тарихи жырлар («Бекболат»), ғашықтық жырлар («Қыз Жібек»), қиссалар («Тотының тоқсан тарауы») болып бөлінеді.
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Зерттеу жұмысында Қожа Ахмет Йасауи және оның «Диуани хикмет» атты еңбегі еліміз егемендік алғаннан кейін ғана сөз етуге мүмкіндік туғаны, бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар, проблемалық мәселелер қоса қарастырылады, оған дәлел мынау: Кеңес өкіметі тұсында жалпы дінге, оны насихаттағандарға аяусыз соққы берілді. Мәселен, Қазақ Кеңес Энциклопедиясында А.Йасауи жөнінде: «Діншіл, рухани ғұлама – ислам дініне жетік, кертартпалығы үстем ой-пікірдегі адам, діни медреседегі рухани мансап иесі. Олар ертеден-ақ ғылым негіздерін бұрмалап, «Диуани хикмет» тәрізді санаға қонымсыз шығармалар жазып, уағыз-насихат жүргізумен шұғылданды», – деп жазылған. Сондықтан бұл тақырыпқа қатысты мәселелер тұтастай зерттелінеді.
Дүниежүзілік әдебиет тарихының қазына қорын молайтқан таңдаулы туындылардың елеулі бөлігі сопылық әдебиет өкілдерінің қаламына тиесілі. Сопылық таным белгілері адамзат қоғамының алғашқы дәуірінен бастап байқалып, бірқатар өркениеттер тарихында өзіндік із қалдырған. Бұл құбылыстың ішкі-сыртқы ерекшеліктері айқындалып, бірегей жүйелі үлгісі қалыптасқан кезеңі б.д. VIII-IX ғасырларына сәйкес келеді. Сопылық ілім теориялық тұрғыдан толық қалыптасқанға дейін-ақ оның мән-мазмұны ауызша және жазбаша әдеби шығармаларда көрініс тауып отырды. Бертінде бұл үрдіс барынша жетілдіріліп, сопылық әдебиеттің өзіне тән заңдылықтары қалыптасты. Болмысты қабылдау мен түсінудің иррационалдық жолын ұстанған сопылар тудырған әдебиеттің өзіндік идеялық бағыты, дара көркемдік әлемі, қалыптасқан бейнелілік жүйесі, талғаулы эстетикалық құндылықтары болды. Аталмыш әдебиет тарихындағы бірегей ақындық мектептер араб-парсы және түркі сопылығына тән. Ал түркі сопылық поэзиясының көшбасшысы «Түркістан пірі», «Әулиелердің сұлтаны» деген аттармен мәшһүр болған Қожа Ахмет Йасауи болатын.
Ақынның дүниеге келген мерзімі туралы нақты дерек жоқ. Ортағасырлық жазбаларда Қ.А.Йасауидің хижраның 562 жылы (б.ж.с. бойынша 1166 жылмен сәйкес) дүниеден өткені айтылады. Осы дерекке және хикметтердегі мәліметтерге сүйене отырып, ақынды 63 жыл өмір сүрген деп санайтын зерттеушілер оның туған жылын 1103 жылмен шендестірсе, 73 жыл жасаған деп есептейтіндер бұл мерзімді 1093-94 жылдармен белгілейді. Сопы ақын 125 жыл өмір сүрген деген болжамға ден қойған ғалымдар оны 1040 жылдары туылған деп есептейді. Ежелгі Сайрам (Исииджаб) қаласында дүниеге келген Йасауи рухани тәрбиенің алғашқы сабақтарын өз әкесі Ибрахим шайхтан алады. Әкесі дүниеден өткен соң, Арыстан бабтан аманат-ілімді қабылдаған болашақ Түркістан пірі біршама уакыт Йасы (Түркістан) қаласын мекен етеді. Есейе келе ілім іздеп, өз хикметтерінде айтылғандай, «Хорасан, Шам, Ираққа сапар шеккен».
Йасауидің өмір жолын бірқатар деректер Бұхаралық атақты сопы Жүсіп Хамаданимен байланыстырады. Өз дәуірінің көрнекті ғұламаларымен, мәшһүр сопыларымен сұхбаттас болған, сопылық тәжірибесін жетілдіріп, рухани кемелдену сатыларын өткерген ақын толысқан шақта Йасыға оралады. Сонда тұрақтап, тариқат ілімін таратады, өзінің ғибратты хикметтерімен мәшһүр болады. Өмірін Алла жолына арнаған, сансыз көп шәкірт тәрбиелеп, рухани кемелдікке жсткізген Йасауи 63 жасқа келгенде «Мұстафаға матам /аза/ тұтып» жер астындағы құлшылық мекеніне – қылуетке түседі. Сопы ақын өмірінің неше жылға созылғаны бәймәлім, бұл жайында тек аңыздарда келтірілегін Йасауидің өзі айтты делінген: «Жер бетінде неше жыл өмір сүрсем, жер астында да сонша жыл өмір сүремін» деген сөзі мен «Жүз жиырма беске кірдім, біле алмадым» деген хикмет жолдары ғана сақталған.
Ұлт әдебиетіне «Диуани хикмет» сынды өміршең мұра қалдырған Йасауи өз есімімен аталған түркі сопылық тариқатының (йасауийа) негізін салуымен де танымал. Сопылық ілімді насихаттап, Жаратушыға деген махаббатты арқау еткен ақын хикметтері өз кезегінде көркем әдебиет туындысына қойылатын негізгі талаптарға сай көлемді де кең өрісті поэзиялық шығарма болып табылады. «Диуани хикмет» арқылы автор түркі әдебиетіндегі көп өлшемді, күрделі симбиоз жанр – хикмет жанрының іргетасын қалады. Ғасырлар бойы жалғасын тапқан аталмыш жанрда көптеген әдеби туындылар дүниеге келді. Йасауидің поэтикалық мектебінен нәр алған ақындар негізінен хикмет дәстүрін жалғасгырып, осы жанрда жырлаған. Орта Азиядағы кеңінен танымал әдеби мектеп – Қожа Ахмет Йасауидің ақындық мектебі болды.
Түркі топырағындағы бай әдеби дәстүрден бастау алған Йасауидің «Диуани хикметінде» алғашқы кезекте төл поэзиямыздың көркемдік және құрылымдық ерекшеліктері дамытылды. Рухани ізденіс барысында араб және парсы сопылығының көрнекті өкілдерімен сұхбаттас болған ақын аталмыш халықтардағы сопылық поэзияны да терең игерген. Дарынды әрі білікті шайыр хикметтерінде ол таныс болған әрбір шығармашылық құбылыс сана сүзгісінен өткізіліп, кемелдендірілген түрде көрініс тауып отырды. Осындай кең қарымдылыққа ие Йасауи поэзиясы түркі халықтары әдебиетіндегі көптеген үдерістерге негіз болған. Танымдық, тәрбиелік, көркемдік эстетикалық және идеологиялық рол атқаратын Йасауидің заманалармен замандас хикметтері – өз кезеңі үшін де, кейінгі дәуір аудиториясы үшін де тағылымдық мәні зор туынды. Имандылықты, рухани құндылықтарды ұстын еткен түркі дүниесіне ортақ шайырлар мен қазақ ақын-жыраулары поэзиясының көркемдік-құрылымдық бітімінен Йасауи туындыларының айқын әсері байқалады. Шортанбай ақын жырларындағы діни сарындар мен ақырзаман тақырыбы туралы айта келіп, жазушы, әдебиет зертгеушісі М.Әуезов: «Осының Орта Азия мен жалпы Россия мұсылмандары арасындағы түп-тегі Қожа Ахмет Яссауидің «Диуани хикмәтіне» барады... Яссави, Шортанбайлардың түн сарыны кейде сол «тәркі дүние» нанымына ауысады. Осы жағдайларды көп таратпаса да аша сөйлеу керек» деп, сопы ақын туындысының мән-маңызын, оны зерттеудің өзектілігін атап көрсеткен болатын.
Заман ауысқан сайын әдеби мұраларға деген бағалау жүйесі өзгеріп, зерттеу әдістемесі жетілдіріліп отыратыны белгілі. Кеңестік кезеңде біржақты бағаланған сопылық әдебиет тақырыбын зерттеп-зерделеуде тәуелсіздіктен кейінгі кезеңде біршама ілгерілеулер бар. Дегенмен Кожа Ахмет Йасауидің поэзиялық мұрасы негізінен діни-философиялық мазмұны тұрғысынан ғана қарастырылып, оның әдебиет туындысы ретіндегі ерекшеліктеріне жеткілікті назар аударылмай келеді. Йасауи шығармашылығына қатысты бүгінге дейін жасалған басты зерттеулерді талдау барысында автордың ақындық әлемінің тұтастықта қаралмағандығы, хикметтердің бейнелілік жүйесі, көркемдік-құрылымдық ерекшеліктері, хикмет жанрының секілді келелі мәселелердің толыққанды зерттеу нысанына айналдырылмағандығы, зерттеу әдістерінің жүйеленбегендігі, әлем әдебиетіндегі йасауитануға қатысты ізденістер тәжірибесінен отандық авторлардың мәліметі аздығы аңғарылады. Мұның барлығы Йасауи поэзиясын жүйелі түрде зерттеудің әлі де өзекті болып отырғанын айғақтайды. Әдеби тұрғыдан лайықты бағасын ала қоймаған Йасауидің ақындық мұрасы төл әдебиеттануымыздың қазіргі даму деңгейіне сай талаптармен тереңдете карастыруды қажет етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |