ҚОРЫТЫНДЫ Ұлттың азаматтық тарихымен егіз өрілген әдебиет тарихы – ел өміріндегі өзекті оқиғалардың көркем шежіресі, сезім-танымының санада сақталған таңбасы. Түркі халықтарының бір шаңырақ астында бірлікке ұйыған берекелі дәуренінде дүниеге келген ежелгі түркі әдеби жәдігерліктері аталған халықтардың дербес ұлт пен ұлысқа айналғаннан кейінгі сан ғасырлық әдебиетінің өн бойына өзек болып тартылып, алтын арқауға айналды. Ел басына күн туып, екіталай кез болған шақтарда да алтын арқау үзілген жоқ, әдеби жәдігерліктер халық жадынан өшкен жоқ. Мұның көрнекі мысалын төл әдебиетіміздің тарихынан көптеп кездестіруге болады.
Қожа Ахмет Йасауи шығармашылығы – түркі халықтарының әдебиет тарихындағы бірегей құбылыстардың бірі. Түркі сопылық поэзиясының тұңғыш толымды үлгісі «Диуани хикметті» дүниеге келтірген Йасауи дарынды ақын ғана емес, қоғамды рухани жұтаңдықтан құтқару жолын іздеген өз дәуірінің кемел ойлы, биік мүдделі перзенті. Түркі тілді сопылық тариқаттың негізін салуы ақынның өз рухын азат ету арқылы қоғамды құтқарар бағытты негіздеуі де еді. Бір-бірімен астаса өрілген қос рухани қызмет иесі Қожа Ахмет Йасауи мұрасы дүниежүзілік деңгейде әр алуан сипаттағы зерттеулерге арқау болды. Дегенмен ақынның кең мазмұнды, көп қабатты хикметтерінің игерілмей жатқан қырлары әлі де көп. Соның ішіндегі ең бастысы әдебиет тарихына ақын ретінде еніп отырған тұлғаның шығармаларын құрылымдық, мазмұндық жақтан қаралып, оның көркемдік-құрылымдық ерекшеліктерінің толық ашылмағандығы еді. Біз осы бағыттағы ізденістеріміз арқылы аталған мәселелерді мүмкіндігінше тереңдете зерделеп, зерттеу нәтижелерін ғылыми айналымға қосуға, көпшілік оқырман назарына ұсынуға тырыстық.
Сопы ақын дүниеге келген топырақта – Қазақстан жерінде жасалып жатқан йасауитану зерттеулері барлық бағыттарда белсенділік танытуымен ерекшеленеді. Біз өз зерттеу жұмысымызда ғалымдарымыздың зерттеулерін пайдалана отырып, «Диуани хикмет» шығармасының құрылымдық жағынан жаңаша таразылаулар жасауға тырыстық.
«Диуани хикметті» өзіне дейін дүниеге келген түркі жазба әдебиетіне тән туындылармен көркемдік ерекшеліктері, бейнелілік жүйесі, өлең құрылысы жөнінен салыстыра зерттеулердің де бүгінге дейін лайықты дәрежеде жүзеге асырылмай келгені белгілі. Дәстүршілдігі мен жаңашылдығы бірдей ақын туындысын аталған ерекшеліктер мәселесінде араб-парсы поэтикасымен де салғастыра қарау алдағы зерттеулердің міндетті нысаны болуға тиіс. Йасауи хикметтерінің бейнелеу құралдарын синхронды зерттеу әдісі арқылы қарастыру оның көркемдік әлемін ашып, ақындық тұлғасын айқын танытуға мүмкіндік берсе, хикметтердің жанрлық шығу төркінін зерттеп-зерделеу ақынның түркі әдебиетіне әкелген үлкен жаңалығын – жаңа жанр қалыптастырып, айтулы әдеби мектептің негізін салғанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуге жол ашпақ.
Йасауи поэзиясының бүкіл болмыс-бітімінен автордың өзі сусындап өскен байырғы түркі әдебиетінің дәстүрлерін жалғап, дамытып, жаңа сатыға көтергені айқын аңғарылады. Ақын туындыларының өн бойында ежелгі әдебиет мұралары – Орхон-Енисей жазбалары, «Оғыз-нама» эпосы, «Қорқыт ата кітабы», «Құтты білік» дастаны, «Түркі тілінің сөздігі» секілді туындылардың негізгі идеялық тіні, мазмұндық желісі, такырыптық сарындары, көркемдік-бейнелеуіш құралдары дамытылып, далалық дәстүр жалғасын тапқан. Саналы өмірін сопылық ілімнің қыр-сырын меңгеру жолындағы ізденістерге бағыттаған Йасауи ақын өз кезегінде араб-парсы сопылық поэзиясының үздік тәжірибесін қоса меңгеріп, шығармашылығында өңдеп пайдаланған. Поэтикалық біліктілігі ақынның түркілік поэзияға ғазал, мінәжат, мадх, қыта секілді бірқатар шығыс поэзиясына тән жанрларды енгізіп, түркі әдебиетінде бұрыннан бар жанрлық түрлермен синтездеп, күрделі де көп қырлы хикмет жанрын қалыптастыруына септігін тигізді. «Диуани хикмет» арқылы іргесі қаланған аталмыш жанр кейінірек түркі халықтары әдебиетінде бірқатар жаңа жанрлардың дербес түр ретінде бөлініп шығуына негіз болды.
Буындық өлшемге негізделген түркі өлең жүйесі туралы сөз етілгенде зерттеушілер тарапынан «хижа (һеже) уәзні» деген ұғым жиі қолданылады. Йасауи хикметтерінің басым бөлігі осы буындық өлшеммен жазылғаны белгілі. Ақын қолданған барлық өлшем түрлеріне ежелгі түркі поэзиясынан мол мысал табылады. Йасауи дәстүрлі түркілік қалыптарды өз шығармашылығында белсенді түрде дамытып, өз кезегінде ішінара жаңа үлгілер де туындатқан. Йасауиге дейінгі және одан кейінгі түркі әдебиетінің ғылымға белгілі авторлы туындылары бір немесе екі өлшемге ғана негізделген. Халық ауыз әдебиетіндегі өлең өлшемдерін кеңінен қамтып, түрлендіре қолдану, жазба әдебиетінде берік орнықтыру – Йасауи поэзиясы атқарған тарихи қызмет. «Ақын шығармашылығы ұлттық өлең жүйесі дамуының маңызды кезеңін бейнелейді» деген тұжырымға келуіміздің себебі осында.
«Диуани хикметте» метрикалық өлең жүйесіне тән аруз қалыптары да біршама қолданылған. Араб-парсы поэтикасына тән жанрларды синтездей білген Йасауи өлең құрылысы мәселесін де назардан тыс қалдырмаған. Түркі ақындарының аруз өлшемдерін қолдану ерекшеліктерін саралаған ғалымдар олардың буындық өлшемге анағұрлым сәйкес келетін метрикалық қалыптарды - рамал, хажаз, мутақариб, мудариғ үлгілерін таңдап алғанын айтады. Йасауидің арузбен жазылған хикметтері де осы ерекшелікке ие – оларда рамал және хажаз өлшемдері қолданылған. Зерттеулеріміздің барысында қос жүйенің әсерлесу құбылыстарының едәуір көріністері байқалды. Аруз өлшемінің әсерін біршама қабылдаған, бірақ буындық қалыбын сақтап қалған хикметтер де, жанрлық тұрғыдан араб-парсы поэтикасына тән ерекшеліктерге ие болып, құрылымдық жағынан буындық жүйеге негізделгендері де, жанр және өлшем тұрғысынан бірдей арузға сәйкес келетін хикметтер де кездеседі. Түркі арузының өзіндік бір тәжірибелік кезеңі Йасауи поэзиясында көрініс тапқан. Зерттеу жұмысында ішінара мәтіндік талдаулар да жасалып, «Диуани хикметтегі» өзге ақындар қолтаңбасын танытатын бірқатар туындылар мен жекелеген қолданыстар көрсетілді. Түбегейлі мәтіндік талдаулар да болашақтың еншісіне қалып отыр.
Йасауи ақын қолданған көркемдік құралдары оның болмысты бейнелі түрде қабылдап, жеткізудегі ерекшеліктерін танытып, «Диуани хикметтің» әдеби туынды ретіндегі мән-маңызын айқындайды. Көркемдік кұралдарды қолдануда да ақынның дәстүр мен жаңашылдықты тең ұстағаны аңғарылады. Хикметтерде кездесетін теңеу, айқындау, ауыстыру, ұлғайту, кішірейту, дамыту, тұспалдау, кейіптеу, астарлау, инверсия, қайталаулар, арнаулар мен шешендік сұраулар секілді бейнелеу құралдарының барлығы дерлік түркілік әдебиетте ежелден қолданыста болған. Ал ақынның араб-парсы сопылық поэзиясының әсерінен туындаған көркемдік қолданыстарынан түркілік менталитетке бейімделу құбылыстары байқалады. Сопылық таным-тәжірибені жалаң уағызбен жеткізуді емес, жүрекпен өткізе сезіндіруді мақсат еткен Йасауи сондай-ақ хикметтерінің мазмұндық ерекшелігіне сай эмоциялық қуаты күшті, экспрессивтік бояуы қалың сөздерді таңдап қолданған. Зерттеу жұмыстары барысында алынған нәтижелер бізге психологизмі айрықша терең, үнемі өз атынан баяндалатын хикметтері арқылы Йасауи ақын түркі поэзиясында тұңғыш рет толық мәніндегі автопсихологиялық лирикалық кейіпкерді сомдады деген тұжырымға келуімізге мүмкіндік беріп отыр.
Қорыта келгенде түркі халықтарының әдебиет тарихында айрықша шығармашылығымен өшпес із қалдырған Қожа Ахмет Йасауидің «Диуани хикмет» туындысы өзінің барлық көркемдік және құрылымдық ерекшеліктерімен сопылық әдебиеттің үздік үлгісі ретіндегі жоғары бағасын алуға лайықты деп тұжырымдаймыз.