Зерттеу тақырыбының өзектілігі Қожа Ахмет Йасауи жөнінде сөз қозғағанда сол ірі тұлғамен байланысты, оны қоса есептегенде төрт тарихи дүние қабаттаса еске түседі. Олар: кемеңгер бабаның өзі, атақты Түркістан қаласы, «Диуани хикмет» кітабы және Қожа Ахмет Йасауи кешені. Соған сәйкес бір жерден нұр шашқан осы төрт киені бір-бірінен бөлмей қатар зерттеу қажет.
Зерттеу нысаны:Х. А. Йассауидің «Диуани хикмет» шығармасының зерттелуі және тілі және Диуани хикметті зерттеудегі жаңаша тұжырымдар мен көзқарастар.
Зерттеу жұмысының мақсаттары мен міндеттері. Қожа Ахмет Йасауи хикметтерінің маңызы мен көркемдік ерекшеліктерін айқындау мақсатында төмендегідей міндеттерді алға қойдық:
Қожа Ахмет Йасауи өмір сүрген дәуір ерекшелігін, сол заманның оған ықпалын анықтау;
Қожа Ахмет Йасауи поэзиясының құрылымдық, жанрлық ерекшеліктерін талдап, жүйелеу;
Ақын хикметтерінін жанрлық бітім-болмысын, ерекшеліктерін талдап-таразылау, хикмет жанрының шығу төркінін айқындау,
Көне және ежелгі түркі әдебиеті мен Йасауи поэзиясының сабақтастықтарын, ортақ сипаттарын, хикмет дәстүрімен жырлаған ақындар шығармашылығындағы Йасауи поэзиясымен үндестіктерді анықтау;
Ақын шығармаларындағы әділдік пен зұлымдық көрінісін айқындау;
«Диуани хикметтегі» көркемдік-бейнелеу құралдарына талдау жасау;
Қожа Ахмет Иасауи жасаған ілімнің маңызын саралау.
Зерттеу жұмысының материалдары: Ғасырлар бойы Иасауи мәдениеті өзіндік сипатпен тарихымыздың әрбір белесінің қажеттілігі мен сұранысына қарай тұжырымдалып, түсіндіріліп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Кеңестік идеология Ахмет Иасауи сияқты тұлғалардың аты түгіл, оның атымен байланысты тариқатын да зерттеуге құлықты болмады. Кеңестік жүйе кезінде кейбір жалпылама этнографиялық зерттеулер болғанымен бұл дүниелер сол идеологияға қызмет ететін аналитикалық тар шеңберден әріге аса алмады. Кеңестік кезеңде А. Фитраттан, К. Тәжіковаға дейінгі уақыт ішінде Иасауи дүниетанымы сол дәуірдің идеологиясы шеңберінде қарастырыды.
Иасауи туралы ғылыми негіздегі алғашқы зерттеу түрік ғалымы Ф. Көпрүлү тарапынан жасалды. М.Ф.Көпрүлүнің «Түрік әдебиетіндегі алғашқы сопылар» атты еңбегі өз дәуірінде теңдесі жоқ зерттеу болғаны анық. Дегенмен бүгін бұл еңбектің методологиялық тұрғыдан ескіргендігін былай қойғанда, қолданған дереккөздері тұрғысынан да ескірді. Қазіргі уақытта ғылымға деген көзқарас та өзгерді. Жалпы бүгінге дейін Иасауиді жан-жақты зерттеулер жүргізу ісі О. Түрер, З.В. Тоған, А. Ожак, М. Қара, К. Ераслан сияқты түрік ғалымдарының еншісінде болып келді.
Түркілік мәдениет пен діл табиғатын игеру барысында Батыстық ғалымдар Т. Зарконье, А. Бодроглигетти, А.-М. Шиммел, А.Беннигсон, Дж.С. Тримингэм, А. Мец, Д. Де-Уис және т.б. тарапынан Иасауи іліміне деген қызығушылық айрықша болды.
А.Н.Самойлович Иасауидің ақындығын, Е.Э.Бертельс оның сопылық әдебиеттегі орнын, В.В.Бартольд, И.Гольдциер, С.Малов және т.б. орыс ориеталистері Иасауи мұрасы мен мәдениетін, А.И.Пылов әдебиеттегі орнын зерттеуге ат салысты. А.К.Боровков, Э.Наджип сияқты түркологтар «Диуани хикмет» мәтінінің тілінің мәнін зерттеді. Отандық ғалымдардан «Иасауитану және тіл мәселесі» бойынша зерттеулер Ә.Қайдаров, Р.Сыздықова, К.Х.Абдрахманованы сияқты тілші ғалымдарымыз арқылы өз жалғасын табуда.
Отандық абайтанушы-ғалым М. Мырзахметұлы, Х.Ж.Сүйіншәлиев, Ә.Қоңыратбаевтың, Н.Келімбетов, Р.Бердібаев, А.Қыраубаева, Ә.Дербісәлиев, М.Шафиғов, С.Дәуітов, А.Ахметбеков сияқты әдебиетшілер иасауитануға үлес қосып келеді.
Иасауитану және тарих мәселесі өзекті тақырып. Бұл тақырып туралы зерттеулердің қатары біршама молайып келеді. Н.Нұртазинаның да Иасауи мұрасының тарихи, танымдық мәнін төл категориялық ұғымдарын сақтай отырып, бүгінгі күн талабы тұрғысынан үйлестіру жолындағы ұсыныстары өзіндік құндылығымен ерекшеленеді.
«Диуани хикметтің» Алматы (2002) басылымдарындағы транскрипциялар, басылым бетінде жарық көрген зерттеу еңбектер негізге алынды.