Еліктің Өгдүлмішке сауалы
1815 Айтты Елік: — Дұрыс, сөзің сіңімді.
Қалай алған біліктілер білімді?
Даналықты кісі үйреніп, тани ма?
Əлде ана құрсағында дари ма?
Өгдүлміштің Елікке жауабы
Айтты Өгдүлміш, тілі тербеп көмейін:
«Бұған дағы жауап беріп көрейін.
Жаратса хақ ақыл-еспен əуелі —
Бастау болар бар білімге мəуелі.
Күнде толып, күнде үйреніп бағады,
Не тілесе, соны біліп алады.
(Не тілесе — соны түйіп, түсінер,
Білген сайын, іштен жиі күрсінер.)
1820 Ілім білген дана атанар ақыры,
Білім елге пайда берер, ашығы!
Жаралғаннан Алла ақыл-ой бермесе,
Еш тілекке жете алмайды, ендеше...
Бала білім жолын қусын десеңіз,
Бесігінде-ақ ілім шоғын көсеңіз...
(Бала миы дақ тимеген қағаз нақ,
Миға сөзін ұмытпасқа жазар бақ.)
Бала шақта ұл ілім қуып өтеді,
Ержеткенде тілегіне жетеді.
Өнер-білім, ізгі қылық, құлықты,
Үйренсе адам түзер тұлға ғұрыпты.
1825 Білікті ұстап, өнерді адам үйренер,
Ал ақыл-ес жаралғаннан бірге өнер.
(Өнер, білім үйренеді-ау, таң қалман,
Сіңсе ғой ол адамға ақыл, талғамнан).
Бұл жөнінде түркілерден тараған,
Мақалды оқып, өнегесін қарағын:
«Кісі үйренер, артар білім, қарасақ —
Қанша үйренсін, таппас ақыл, парасат!
Ақыл-зейін болмағы Алла əмірі,
Табиғаттан, бақсаң, белгі тəлімі!»
Ақыл-зейін хақтың берген еншісі,
Білім-кенге түскен мидың елшісі.
(Ақыл да, біл, бір Алланың рахымы,
Берсе ерге үлес, беретін сол ақылы.)
1830 Ақылды ер тұрар биік күллі елден:
Біліктіге береке мол білгеннен!
Санасызды адам деу де қиын-ақ,
Сендірмейді, айтқан сөзі сұйық-ақ.
Еліктің Өгдүлмішке сауалы
—
Ұқтым бəрін! — деді Елік, — түсіндім,
Мынадай бір сауалды ойға түсірдім:
Жақсы аштың жігін білім, ақылдың,
Парқы қандай ақыл — асыл затыңның?
Қайда оныңның мекен-жайы тұрағы?
Қайда өніп? Қайтсе, қалай шығады?
Достарыңызбен бөлісу: |