63
сөздігін жасаушылар «тозу, ойрандалу» деп көрсетеді (Кирг.-русск.
сл. 1897), ал қазіргі күнде бүлік сөзі – «шырық бұзатын дау-жанжал,
өкімет билігіне қарсы құралды дүмпу» деген мағынаға ие сөз ((ҚТТС,
1976, II, 568).
Бүлу етістігінен жасалған бүлгін деген есім сөз де қолданылған,
мағынасы «ойран болған кезең, тозған шақ» (ел туралы). Мысалы,
Шернияз ақынның (ХІХ ғ. І жартысы) өлеңінде:
Төре кетіп, төбеде төбет қалып,
Туып тұр ел басына бүлгін деген, –
деген жолдар бар. «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ ақындарының
шығармалары» (Алматы, 1962) деген кітапта көрсетілген сөз бұл
күн деп мүлде қате басылған (128-бет) дұрысы – бүлгін болуы керек.
Бүлгін дегеннен туған бүлгіншілік, бүлгіндік деген мәндес қатарлары
да бар, бірақ «Түсіндірме сөздікте» берілген түсінік дәл емес.
Бүлгіншілік дегенді
бүліншілік дегеннің ауызекі тілдегі варианты деп
көрсетеді де, бүліншілік «1) ел тыныштығын кетірген дау-жанжал, лаң;
2) өкімет билігіне қарсы астыртын ұйымдасқан қарулы дүмпу» деп
түсіндірілген. Бүлгіншілік пен бүліншілік екеуі – екі басқа мағынадағы
сөздер. Бүліншіліктің анықтамасы біршама дұрыс, бірақ бүлгіншілік
– бүліншілік сөзінің варианты емес. Бүлгіншілік – «ойрандалу, тозып
ыдыраушылық» (ел-жұрт, халық туралы) дегеннің дерексіз (абстракт)
есімі. Бүлу етістігінің өлең-жырларда, мақал-мәтелдерде сақталған
мағынасын дұрыс түсініп, оны бүліну сөзімен шатастырмау керек.
Бұл күнде актив қолданылмайтын, мағынасы күңгірттене бастаған
сөз болғандықтан, бүлу дегеннің орнына бүліну, бөлу деп жазушылық
жиі кездеседі. Тіпті бүлу сөзін бүліну сөзінің өзгеше грамматикалық
тұлғада тұрған варианты деп ұғушылық та бар. Мысалы, «Бүлген
елден бүлдірге алма» деп айтылуға тиісті мәтелді кейбір кітаптарда
«Бүлінген елден бүлдірге алма» деп жазып жүр. Шындығында, бүліну
сөзі «тозу, ыдырау, ойрандалу» мәнінде келсе, оның бүлу сөзімен
түбірлес болуы даусыз болар еді. Ал бірақ ертеректегі қазақ тілінде
жоғарыдағы мағынада бүліну емес, бүлу сөзі қолданылған және оның
көбінесе он сан ноғай бүлгенде, он сан байтақ бүледі, ноғайлы елің
бүледі деген түрде келуі бұл тіркестің ноғайлы одағының ыдырауы,
тозуы тұсында туған немесе сол тұста активтенген образды (бейнелі)
сөзтіркес екенін аңғартады.
Бүлу сөзі қазақтың мақал-мәтелдерінде де сақталған: бүлген елден
бүлдірге алма. Озбыр олжа үшін өледі, күншіл күндеумен бүледі.
Бүліну етістігі «белгілі бір жүрттың (хандықтың, патшалықтың,
тайпалар одағының, үлкенді-кішілі ел ішінің) жаудан жеңіліп ойран-
далуы, ыдырауы» мағынасында қолданылуынан гөрі, «бір нәрсенің
64
бұзылуы, қирауы» деген мағынаны білдіруге бейімдеу. Бүліну сөзінің
бұдан да басқа: «1) әлекке түсіп, әбігерлену, 2) зақым келу, 3) ласта-
нып былғану, 4) өз-өзінен ашулану» сияқты мағыналарды білдіретіні
мәлім, ал бірақ бұл мағыналардың бірде-біреуін бүлу етістігі бермейді.
Сондықтан түбірлері бір болғанмен, бүлу сөзі – бүліну сөзінің көне
варианты, яғни тепе-тең баламасы деп санауға болмайды. Осы себеп-
тен де бүлу сөзін бүліну созімен ауыстыруға және болмайды.
Достарыңызбен бөлісу: